«Тоғызыншы нота» туралы аңсар-элегия

До-ре-ми-фа-соль-ля-си-до…

«9-шы симфонияны» тыңдап отырмын. Басқа әлем, басқа дүние ауқымына түсiп қалғандаймын. Аяқ астынан есiмiзге қазақ ортасы үшiн мүлдем кереғар бағыттағы құбылыс – сығандар қоғамының түскенi. Ойды ой қозғайды, көңiл түкпiрiнде «Шәмшi сығандар ортасына неге барды екен?» деген күтпеген сауалдың қылаң бергенi және рас. Расында да ұлы Шәмшi сығандар ортасынан не iздедi екен? Исраил Сапарбай баянына жүгiнсек, онда махаббат оқиғасының әсерi бар сияқты. Қаншалықты рас екенi бiр құдайға ғана аян, әлбетте, адам әлдененi iздеген, әлдененi қажет еткен жерiне ғана бармақ.

Өз басым сыған әндерiн жақсы көрем. Сентизаторсыз, фонограммасыз көшпелi халықтың табиғи әнi қашанда жүрекке жақын, тебiренiстi. Сол халықтың өзi де ерекше. Тiптi Мысыр, тылсымды Сфинкс, Тутанхамон дәуiрiмен қарастырсақ, сығандар ежелгi тарихтың уақыт дәргейiнен бөлiнiп қалып… бiздiң дәуiрге жеткен бiр бөлшегi сынды ма-ау?

Қалай дегенмен де Шәмшiнiң сол қауымның ортасынан әлдебiр тылсымды, ерекше бiр нәрсенi iздегенi анық деп болжауға да болатындай. Мүмкiн ол адамзаттың ой-санасы мен дарынының әзiрге құдiрет-шамасы жетпей келе жатқан «Тоғызыншы нотаны», яғни өнер әлемiне Гагариннiң ғарышқа ұшуымен бiрдей дәрежеде әсер етпек жаңалықты iздеп барған шығар…

Әлдебiр ғаламаттың әсерiмен осындай бiр қияли ойларға берiлiп кеткен кезiмiз де болған…

Сығандар әлемi…

Әлбетте ол – бөтен орта, бөтен қоғам. Өзiндiк көзқарасы, ешкiмге ұқсамайтын өзiндiк тәртiбi, қағидалары бар. Қазiргi адамзаттың ортақ ұран қып көтерiп отырған демократиясына қайшы анархизмi де көп болса керек деп топшылаймыз. Ал ақиқатында, бiздiң бiр байқағанымыз – адамгершiлiк қағидалары көп бұзылатын жерлерде сол адамгершiлiк қағидаларының  бiраз тәртiбi барынша көбiрек қадағаланады. Мысалға түрмедегi «ұрылардың әдiл заңын» алайық. Ондағы кейбiр әдiлдiктi әлемдiк юриспруденция әлдеқашан мойындап та қойған. Бiз Шәмшi туралы жоғарыдағы ғажайып сауал төңiрегiне де осы биiктен қараймыз.

Сығандар арасындағы ұлы Шәмшi…

Онда салауатты сананы сан-саққа жүгiртiп, елiтетiн бiр тылсым бар тәрiздi көрiнедi кейде…

***

Моцарт қиялы мен қабiлетi сегiз нотадан аса алмады. Қиял мен таным еркiне берiлсек, кейде… дәстүрлi қазақ музыкасы 8,5 нотадан тұратындай да бiр әсерге бөленесiң. Оған себеп – қазақ әнi мен әуенiнiң құдiретiн арттырып тұрған кәдiмгi ән өнерiндегi «қазақша иiрiм». Алайда, сол ерекше этникалық иiрiмдердi толықтай нота тiлiне түсiрiлдi деп бiржақты кесiп айту да қиын. Демек, ерекше тәуекелге бел буып, шартты түрде «ИКС-нота» деп аталатын абстракциялы құдiреттi әлi де  ашылмаған жағдайда, бiрақ сөзсiз ашылады деп бiр қоялық.

Икс-нота…

Әлбетте, мұндай теорияның танымдық құлқы зор әр адамды ойландыруы да заңды. Дегенмен бұл мәселе төңiрегiнде ойланып, бас қатырып жатқан маман да тапшы. Басқа ғылымдардың бәрi адам танымастай дәрежеде өсiп жетiлдiрiлiп жатқан кезде дүниауи ән мен музыка өнерi Бах пен Бетховен заманынан әрi аттай алмай тұрғаны да ойланарлық жағдай.

Қазақ жағдайымен қарастырғанда, тарихты қолдан жасап үйренген халықпыз.  Бүгiнгi қазаққа «әннiң историзмi» деген ұғым да жат сияқты. Өзiмiзге ұнаған (ғашық болған) әндi өз руымызға тели қоямыз. Ол оп-оңай, және. Себебi сол ән – халық әнi, яғни авторы жоқ. Ақан, Бiржандiкi, Мұхиттiкi болса бiр сәрi. «Анау айтыпты-мыс» деген қазақша аргумент – болашақтың соры болып отыр. Болашақтың ғана емес, бүкiл этнобрендке айналған ән өнерiнiң соры ол!

Басымызда – ақ қалпақ, бет-аузымыз – жап-жалпақ, өтiрiктi – шындай, шынды – құдай ұрғанадай етiп айта беретiндей дәрежеге жеттiк бүгiнде. Бiзге тарих архив берген жоқ, фольклор бердi. Фольклорымыз – дерексiз материя. Оны жымысқылықпен пайдалануға болмайды. Жазбасыз, архивсiз, аргументсiз қолтума деректердi түпнұсқа есебiнде ыңғайластыра, өтiрiк қисындау әрекеттерiн тарих та, аруақ та кешiрмейдi. Бұл орайда қазақтың өзiн-өзi шаршатып жүрген, өзiн-өзi жеп жатқан халық екенi белгiлi болып қалды. Биология тiлiнде оны «кальмаризм» деп атайды. Кальмар деген жануардың өз денесiн өзi жұлып жейтiнiн де бiлемiз…

Музыкада «нотаны нота тудырады» деген ұғым бар. Яғни алдыңғы нота – өзiнен соңғы нотаның жетекшi күшi. Демек, адамзат әнiнiң, музыкасының мүмкiндiгi бүгiнгi танымға мәшһүр 7-8 нотамен шектелiп қалуға тиiс емес, деген болжамның қылаң беруi де заңды. Әрi ондай шектелу диалектика iлiмiне де жат. Ендеше сығандар арасына барған Шәмшiнiң «Тоғызыншы нотаны» қолына шырақ ұстап iздегенiне неге күмән болуға тиiс?!..

***

Ұлы Шәмшi ән мен музыка өнерiндегi ұлы құбылыс болды. Ешкiмде жоқ ән мен әуен иiрiмдерiн жасады. Алайда, бiздiң баянға сәйкес қисындасақ, iздеген «Тоғызыншы нотасын» таба алмай кеттi, деуге де болатындай.

Қазақ әнiнiң табиғаты о бастан қарапайым қойшыға емес, кәсiби сахна мен талғамы үлкен тыңдарманға лайықталған, бейiмделген. Дәл осы орайда қисындасақ «керi полюс» есебiнде бағамдайтын тағы да бiр құбылыс бар. Ол – өнердiң жалпы адамзатқа ортақтығы.

Дәстүрлi «Шәмшi әндерi кештерiнiң» бiрiнде жұрт байқаса – байқады, байқамауы тағы кәмiл бiр жағдайды аңғарғанбыз. Сол кешке басқа ұлт өкiлдерi де көп келген. Көбi Мұса пайғамбар заманынан берi этнос есебiнде тарих бiлетiн, дарынды ұлттың өкiлдерi тәрiздi… Қазақты бiрде мойындап, бiрде мойындағысы келмейтiндерге сол қазақтың ән өнерiн мойындатқан Шәмшiнiң әлемдiк деңгейдегi дарыны да дәл сол тұста бiр байқалған.

Итальян әнiнде классика бар. Оның үстiне еуропалықтарға тән конкретика басым. Абстракция тапшы. Олардың әнi – құлаққа естiлiп, ұзаса көзге ғана көрiнедi. Яғни, нақты материя.  Ал қазақ әнiнде көзге көрiнбейтiн, құлақ қана естiп, көңiлге ғана сезiлетiн құдiрет бар. Бiзге алдымен соны түсiне бiлу керек тәрiздi.

Шәмшi төңiрегiнен қарастырсақ, «өнерлi адамның кризисi» деген термин бар. Мысалға атақты массон Бенжамин Франклиндi ғашық еткен дыбысты алайық. Бен Франклин сол әуендi алдымен қиялында естiген. Оны ұзақ уақыт iздеген. Таба алмаған. Ақыры ұлы массон қарапайым хрусталь бокал ернеуiмен абайсызда саусағын дөңгелете жүгiрту арқылы аңсаулы дыбысына қол жеткiзедi. Күнi бүгiн осыдан бiр жарым ғасыр бұрын Франклин бастаған сол үрдiс әлемдiк рокн-ролға ұласып отыр. Атақты «Битлз» кереметi арқылы «биг-биг» тәсiлi келдi. Оған түрткi болған Джон Леннонды  қарапайым пенделер есi ауысқан адам санады. Әрi қазақ қоғамына ондай көзқарас Ақан серi бейнесi арқылы таныс. Демек, болашақта кезiнде есi дұрыс емес құбылыс есебiнде бағамдалып, соңынан нағыз кереметке айналған жаңалықтар үрдiсi жалғаса да беруге тиiс.

***

Менделеев периодтық кестенi ойлап тапқан кезде ондағы химиялық элементтер саны жүзге де  толмайтын. Өз заманында дүниедегi химиялық элементтер саны осымен тәмамдалады, деген пiкiрлер де айтылған. Алайда ХХ ғасырдың орта тұсына қарай олардың саны 104-ке жеттi. «До-ре-ми-фа-соль-ля-си-до», осы сегiз нотамен планетаны мекендеп отырған 6 млрд адамның әуездi әуен иiрiмiнiң шектеле қаларына менiң бiртүрлi сенгiм келмейдi. Ал жоғарыдағы тарихи этнос сығандарға келсек, дүниедегi ән мен музыкадағы «ноталық шектеудi» бiлмейтiн бiрден бiр ұлт та – солар. Оларда тiптi ән мен әншi деген ұғым да жоқ. Себебi, әр сығанның өзi – ән, өзi – әншi! Өз заманында тылсымды бiр әсерiмен ұлы композитор Шәмшiнi өз ортасына қол бұлғап шақырған… сыған қоғамы кейде бiзге сол «Тоғызыншы нотаның» бұғып жатқан құпиялы мекенi сияқты болып та көрiнедi.

Шәмшi шынында да сол құдiреттi iздедi ме екен?

***

ХIХ ғасырда Бен Франклин қазiргi компьютерлi синтизаторлардың арғы бабасы дерлiк ғажайып музыка құралын ойлап табады. Ол кезде әлiмсақтан берi қалыптасқан ән мен музыка өнерiнiң  табиғи үрдiсiнен ажырай қоймаған елдiң мұны көрiп есi ауып қала жаздағаны да рас деседi. Себебi, сол аспаптан кейiн  музыканы, әуендi қолдан жасауға болатын. Небiр әуездi иiрiмдер ойластырып табуға болатын. Тiптi кейбiр музыка мамандары дәстүрлi ән өнерiн сақтап қалу үшiн жоғарыда айтқан аспапты құрту керек деген ұсыныс та айтады.

Ал бүгiнгi компьютерге негiзделген музыкалық iзденiс әбден дамыды. Компьютерлi музыканың көмегiмен де ән шығарып, әуез тудыруға болады. Алайда, бiз қисындап отырған мифтiк «Тоғызыншы нотаны» табу оның да қолынан келер емес.  Адам Ата ұрпағына тән құдiрет те сонда!

Танымдық санада «дүниеде жаңадан ашылған ештеме жоқ» деген ұғым бар. Мәселен, осыдан екi мың жыл бұрын ұлы дәрiгер  Гилеем алғашқы хирург пышағын ойлап тапты. Адамзат күнi бүгiнге дейiн ем барысында дәл сол пышақты пайдаланып келедi. Жалпы медицинада да бәлендей өзгерiстер жоқ деген тұжырымдар айтылуда. Демек, жаңалықтар ашылмайды, керiсiнше қайталанады деген сөз. Бiз қол жеткен, жүзеге асқан нәрселерге шектелуге мәжбүрмiз қалайда. Архимедтi бiлемiз, бiрақ оның ұстазы болған ұлы Ктисибидi бiлмеймiз. Неге? Себебi – бiз бұрынғы (ежелгi) дүние құбылыстарын қайталаушы ғанамыз. Яғни, қайталанған құбылыстардың соңғысы ғана есте қалады. Рас, Эйнштейн туды, атомды бөлшектей алдық, ғарышты игерiп жатырмыз. Себебi адамзат жаратылысынан амбициялы. Ал адамзат амбициясы – үлкен құбылыс. Әлде, бiздiң бүгiнгi қиял-ғажайып, арманды, сондай-ақ дәмелi… баянымызға сәйкес, тылсымды дүниелер әлемiнен «Тоғызыншы нотаны» iздесек пе екен? Сәтiн салса… қазақ ән өнерiнiң Ақан мен Шәмшiден кейiнгi бiр ұлы мақтанышы да сол болуы кәдiк қой…

P.S. Өнерге деген ұлы махаббаттан, ұлылары аз заманда ұлылар мен олардың мәңгi өлмес жаңалықтарын сағынғандықтан арманды бiр қиялымызды айтып қалдық. Кiм бiледi, мүмкiн онда негiз де бар шығар…

Өмiрзақ МҰҚАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *