ТИТАН ТҰЛҒА

белгілі қоғам қайраткері Темірхан Досмұхамбетов туралы бір үзік сыр

Рахман АЛШАНОВ, Тұран университетінің  ректоры, э.ғ.д., профессор

Біздің дәйектеме: Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов – «Байсерке Агро» өндіріс­тік кешенінің басшысы. Педагогика ғылы­мының кандидаты. Профессор. КСРО-ның, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттық­тырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, Ресей Феде­рациясының Халықтар достығы орденімен марапатталған.

 

Шымырлар алыптардан басым түскен күн

1974 жылдың жазында  маған, ол кезде  С.М.Киров атындағы  Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – автор) комсомол комитетінің  хатшысы едім,  оқу орнымыздағы  спорт клубының жетекшісі  Темірхан Досмұхамбетов келді. Ол спорт­тың күрес түрінен біздің жастарымыздың  Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург – автор)  орман шаруашылығы техникалық институты  спортшыларымен жолдастық кездесу өткізетінін, ереже бойынша универ­ситетіміздің командасына жетекші қажет­тігін айтып, маған қолқа салды.  Ұйым­дастыру жұмыстарынан, қағазбастылық  пен есеп беруден бас көтере алмайтын заман еді ол бір. Темірханның табандылы­ғының арқасында барлық жұмысты тастап, вымпелдерімізді алып, спортшыларымызды бастап жолға шығуға тура келді.

Ленинградқа келіп орналасқаннан кейін келесі күні институттың спортзалына бас сұқсақ, қарсыластарымыз қызу дайын­дық үстінде екен. Өңшең бойшаң, ірі, бұл­шық еттері ойнаған кесек тұлғалы спорт­шыларды көріп, біздің жастарымыз үшін қатты уайымдадым. Жерлестеріміз шеттері­нен шымыр болғанмен бой жағынан да, күш жағынан да  ленинградтықтарға есе жіберіп алады-ау деген қауіп қылаң берді санамда. «Бәлкім, қол қысысып, вымпел­дерімізбен, Алғыс хаттарымызбен  алмасып, жұртқа көз қылу үшін бір-екі кездесу ғана өткізіп, қайта берген жөн шығар» дедім Темірханға, өзімді алаңдатқан қауіпімді айтып.  Оның қайсарлығы сүйсінтті: «Келген екенбіз, күресеміз, соңына дейін барамыз!». Темірханның нық сеніммен айтқан бұл сөзі күдігіме үміт сыйлағандай болды. Ол білген екен.  Біздің шымыр жігіттер бар шеберліктерін салды, шалт қимылдап, қарсыластарын бірінен соң бірін  ойсырата жеңіп шықты. Бойшаңдығы мен қара күштеріне сенген алаң иелері  осылайша апыр-топыр ұтылды. Жеңіс біздікі, ленинградтықтарға рахметі­мізді айтып, енді қайтайық десек, Темірха­ным: «енді  бұл кездесудің абсолютті чем­пионы атағы үшін таласқа түсіп кө­рейік» деп қарап тұр. Сөйтіп, алаң иелерінің алы­бы мен  қонақтардың шымыры  қайта бел­дес­пей ме.  Тағы да жігіттеріміз қамшы салдыр­май,  таза жеңіске жетті. Жергілікті жанкүйерлер  күңіренген, қазақстандықтар атойлаған кеш болды бұл. Әсіресе, кезде­судің нәтижесіне қатты алаңдаған менің қуанышымда шек болмады!  Осыдан кейін университет қабырғасынан әріге  шығып көрмеген спортклубтың, Темірхан бастаған   жас спортшыларымыздың  додалы  жолы, даңқты жолы  басталды десек те болар.

 

«Спортшы мінезді болмаса жеңіске жете алмайды»

Темкеңнің спортқа деген құштарлы­ғына, намысшылдығына, қайсарлығы мен батылдығына сол сапардан тәнтімін. Өзі Алматы маңындағы Қарасу ауылындағы  балалардың басын біріктіріп, спортқа баулы­ды. Жастарға сенім арту да,  туған елден жырақта өтетін  үлкен жарыс жолына алып шығу да  зор жауапкершілікті, батыл­дықты қажет етеді. Ал енді сол тұңғыш халық­аралық жарыста қарсыласқа қай­мық­пай қарсы тұратын, абсолютті  жеңім­паз атанатын  спортшылар  даярлау   үшін қаншама күш-жігер керек десеңізші! «Мен жастарды спортклубқа іріктегенде олардың көзіне тік қараймын. Жүрегінің түгі барларды, қайсар мінезділерді  жанарлары­на қарап бірден байқаймын. Жүректілерді ғана күресуге және жеңіске жетуге үйретуге болады. Спортшы мінезді болмаса  шебер­лікті үйренгенмен, ешқашан жеңіске жете алмайды», – дейді  ол.

Университетімізде өткен  комсомолдың кезекті есеп беру-сайлау конференция­сында  мен  Темірханды аудандық деңгей­дегі  комсомол комитетінің құрамына алу­ды ұсынып, оған спорт секторын басқаруды  тапсырған жөн дедім. Менің ұсынысымды әріптестер бірауыздан қолдады. Спорт клубын басқару тәжірибесі аз болғанымен, осы аз уақыттың ішінде-ақ ол  студент­тердің «өз адамына» айналған еді. Сол кездері  талантты ұйымдастырушы әрі  білік­ті басшы  Өмірбек Арсыланұлы Жол­дасбеков   басқаратын С.М.Киров атында­ғы Қазақ  мемлекеттік университеті  еліміз­дің  жоғарғы мектебінің флагманына ай­налған еді. Өмекең ректор ретінде  жастар­ды жұмылдыра, ұйыстыра, ұйымдастыра  алатын  көшбасшы тұлғаларды қадағалап, іздеп отырушы еді.  Темірханның жетек­шілігіндегі спорт клубтарының табысын білгендіктен де ол кісі  біздің таңдауымызға қолдау білдірді. Өйткені, өзі де М.Ло­мо­носов атындағы  Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінде оқып жүріп, күрестен Мәскеу қаласының чемпионы атанған. Ректорлық лауазымға келгенде де баскетболды, күрес­ті,  спорттың барлық түрлерін тасада қал­дырмай, әрқайсысын дамытуға жіті көңіл бөліп отырды. Ө.Жолдасбековтың тұсында   университеттің  спорттық командаларының көрсеткіші тіпті  дене тәрбиесі жөніндегі  институт спортшыларының нәтижесінен басым түсіп жататын. Бұл  бағытта, әрине, Темірханның еңбегі де, орны да зор еді. Спорт дегенде ішкен асын жерге қоятын, болашақ спортшыларды алыстан тани білетін, ұйымдастырушылық  қадір-қасиеті мен қабілеті де ерекше-тұғын. Соның нәти­жесі болар, жоғары оқу орындары аясын­дағы тамаша  спорттық көрсеткіштерімен университетімізді абыройға бөледі. Бір өзі А.Шаңғараев, М.Калиекова, В.Погодина, В.Мукамелова сияқты республика, ел, әлем деңгейіндегі чемпиондар  шоғырын  тәрбие­леп шығарды. Темірханның дене тәрбиесі кафедрасындағы беделі күн сайын артып, ол университеттегі тұлғалы азаматқа ай­нал­ды.

 

Текетірес  пен  дипломатиялық  жеңіс

Бәлкім, осындай танымалдылығы болар,  кафедраның  меңгерушісін кезекті жоспарлы сайлау кезінде университетте мүдделер қақтығысы орын алды. Кафед­раны ұзақ жылдар Семен Лазаревич Либер­ман басқарып келген еді. Ол кісіні ректор­дың өзі де қатты қолдайтын. Сондықтан келесі мерзімге  тағы сайланатынына ешкім шек келтірмейтін. Алайда,  ұжымда  басқа да ойлар  айтылып қалатын,  егер  баламалы негізде сайлау өткізілсе, әркім­нің  лайықты  үміткерін атайтын өз пікірі, бір атары бар екені де шындық еді.  Ол үміткер, әрине, Темірхан Досмұхамбетов! КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Мен  уни­верситеттің партком хатшысының орынба­сарымын, кафедраның ұстаздары жиі келіп, кафедра басшылығының сайлауы өткізілсе көпшілігі Темкеңе дауыс беретін­дерін алға тартады.  Тіпті, бәрі қолқалап, Темірханды  меңгерушілікке өз кандидату­расын ұсынуға үгіттепті. Кафедрадағы жағ­дай осылайша ушыға бастады. Алғашында Семен Лазаревич  бұған онша мән бермесе керек, бірақ бірте-бірте текетірестің  өршіп, жағдайдың  ушығып  бара жатқанын  түсінсе керек. Ұжымда сенімнен айырыл­ған ол Темірханға қысым жасай бастады.  Бәлкім, адами-азаматтық ұстанымы, адамгершілік қасиеті болар, әлде  карьера қууға ынтасыздығы болар, кафедрадағы әріптестерінің  қолқалауына қарамастан Темкең  сол жолы  кафедра меңгерушісі лауазымына ұсынылған өз кандидатурасын алып тастауға шешім қабылдады. Тіпті, университеттен  шығуға да өтініш берді.

Кафедра мүшелерінің  парткомға жүгінуіне сәйкес, біз  комиссия құрдық. Оған  партком мүшесі, матфак кафедрасы­ның меңгерушісі  Роза Васильевна Куда­кова басшылық етті. Роза Васильевна адал, ақиқатшыл, шыншыл, принципшіл әйел еді. Өзі ғалым, ұлағатты ұстаз. Комиссия жұмысын қорытындылаған  партком оты­рысында   Темірхан Досмұхамбетовті қол­да­ған  кафедра мұғалімдерінің  көзқарасы­мен келісетіндігін  төтесінен қойды.  Ол кісіні  парткомның тағы бір  мүшесі, про­фессор Сұлтан Сартайұлы Сартаев  та қолдады. Темірханды қолдаған пікірлер басым болғандықтан, парткомға оның өзін шақырттым. Оған өзіне дауыс берушілердің көптігін, әріптестерінің сенімін ақтау қа­жеттігін айтып, сайлауға түскені дұрысты­ғын алға тарттық. Ол болса өз шешімінің дұрыстығын дәлелдеп әлек. Жағдай ушы­ғатындай принципті мәселе болғандықтан, көзінше  жұмыстан босату жөніндегі арызы  қабылданбайтынын ескертіп, жыртып тастадым.

Күткендегіміздей әңгіме  Өмірбек Арсыланұлы Жолдасбековке де жетіпті.  Ол кісінің неге бірден бұл мәселеге аралас­пағанын түсінбедім, бәлкім  сапарда жүрді ме, әлде  Семен Лазаревичтің өз-өзіне сенім­ділігі тоқтатты ма, білмедім. Анығы сол, партком шешімінен кейін Семен Лазаревич бірден ректорға жүгіріп кетті де, артынша  Өмекең мені шақыртты. Басшыға бүкіл жағдайды  тәптіштеп түсіндіруге тура келді. Ол «егер Либерман кафедра аясында  қолдау ала алмаса да, университет деңге­йінде оған бәрібір  сенім мен қолдау білдірі­летінін» мәлімдеді. Әңгімеміз  тым ұзаққа созылды. Мен бұл мәселеде демократиялық үрдіс қажеттігін, ұжым мүшелерінің тала­бын ескеру керектігін, тіпті үміткер Темір­хан Досмұхамбетовты де, оның нәтижелі жұмысын да жақсы білетінімді   алға тарттым. Карьерист болса  жұмыстан шығу жөнінде арыз бермеген болар еді деп қойып қалдым. Осы тұжырымнан соң бір  сәт ол да, мен  де үнсіз қалдық. Ректор бір жағы өзі жүргізіп отырған кадр саясатына күдік келтіргісі келмеді, екінші жағынан   парт­ком  пікірімен санаспай болмайтынын түсінді білем, шешімді кейінге қалдырды.

Әлі есімде, шахмат тілімен айтсақ, паттық жағдайдың нүктесін Темірханның өзі қойып, текетіреске түскен екі жақты саба­сына түсірердей жол тауып кетті. Ұжым мүшелерінің сенімдеріне зор алғы­сын білдіріп, кафедра меңгерушілігіне өзінің кандидатурасын ұсынбауды өтінді, парткомнан да осыны талап етті, жағдай осылай шешілсе спорт клубының меңгеру­шісі болып қала беретінін мәлімдеді. Сөйтіп, ұжымда  өршіген шиеленісті жағдай  Тем­кеңнің дипломатиялық жеңісімен аяқта­лып, ол әріптестерінің ризашылығына бөленді. Өмірдің заңдылығы ма деймін,  осы­дан кейін  Семен Лазаревичтің   Темір­ханның адамгершілігіне, әріптестік адалды­ғына, мансапқорлық ұстанымы жоқ екеніне көзі жетіп, оған деген  өзара достық құрметі артты. Темірхан Мыңайдарұлының канди­датурасы  Қазақ КСР Жоғарғы Ке­ңесінің депутат­тығына ұсынылғанда  С.Л.Либерман оның ең жанашыр  насихат­шысы болды. Кейіннен  Семен Лазаревич  Израильге қоныс аударғанда да  екеуінің арасындағы достық байланыс үзілген жоқ. Тіпті,  ол кісі  сырқат­танып, ем алу үшін  материалдық көмек керек болғанда Темкең оған қомақты қаржы жіберіп, шын ниетімен  көмек  көрсетті.

 

ЫстықкӨлдегі  «ыстық»  күндер

Кейіпкеріміздің  өмірбаянына үңілсеңіз, оның тағдыр жолындағы, жоғарыда біз айтып өткендей қайсарлығына, ерік-жігеріне, батыл­дығына сүйсінесіз. Қандай қиындық кезіксе де жеңе білген. Ауырт­палыққа толы сынақ­тарға төзе білген. Бас­қа­лар, бәлкім, ол жүріп өткен өткелдерден өте алмай, жолда қалып немесе қиындық­тардан қорқып, қашып, айна­лып өтер жол іздеп кетер ме еді. Темірхан кез-келген сынаққа төтеп бере алатын жігер­лілігімен, қайбір қиын жағдай­лардан бұлтарт­пас дұрыс  шешім тауып, жеңіс­пен шығатын қадір-қасиетімен, айналасын­дағы­ларды ортақ іске ұйыстыра, ұйымдастыра білетін ұтқырлығымен талай көзге түскен азамат.

Бірде  университетіміздің  Ыстықкөлдегі  спорттық-сауықтыру  лагеріне  жетекші шақ келмей, басшы тағайындау  да, лагерь­дің жұмысын жандандыру да, қауіп­сіздікті қамтамасыз ету  де «созылмалы дертке» айнал­ғаны бар. Ректорымыз «ұзақ­қа созылған   былықты бір шешсе, Темірхан шешеді деп»,  Темкеңді көрші елге жіберді. Сол жылдан бастап-ақ  университет ұстаз­дары мен сту­денттерінің демалыс айма­ғында  тәртіп орнап, көзіміз ашылды: жаңа басшы күн демей, түн демей, кірпік қақпай жұмыс істегенін білемін. Демалыс аймағымыз абаттанып, көркейе түсті, университет ұжымы да студенттеріміз де маусым сайын сол жаққа демалуға ұмты­ла­тын болды. Ең бастысы, бұған дейін жұртты шулатқан, жергілікті бұзақы­лардың  лагерьге толассыз шабуылына тұсау салын­ды, қауіп­сіздік қамтамасыз етілді. Темір­хан  жергілікті  билік органдарымен қарым-қатынас орнату­дағы тамаша дипло­матия­лық қабілетінің арқасында Ыстықкөл демалыс аймақтары кеңесінің төрағалы­ғына бірауыздан  сайлан­ды. Қырғыз доста­рының қоше­меті мен құр­метіне бөленді. Соның нәтижесі болар,  көр­шілердегі қазақ­стандық демалыс аймақтарын оңтай­ландыру барысын­да бастапқы құрылым­дық негізін сақтап қалған екі-үш демалыс аймақ­тарының бірі – біздің университе­тіміздің  спорттық лагері еді.

 

«Байсерке-Агроның» таңғажайыптары

немесе  «бірінші болмасаң додаға түскеніңнің мәнісі болмайды»

Біздің дәйектеме: Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов басқаратын «Байсерке-Агро» өндірістік холдингі  еліміздегі жан-жақты, бірден-бір жетекші  кешен. Ұжым арпа, жүгері, соядан рекордтық өнімге қол жеткізсе, көкөніс, жеміс-жидек  өсіруде де алдыңғы қатарда.  «Байсерке-Агро» жүгері­нің әр гектарынан 120–140 тонна өнім алады. Жүгерінің биіктігі төрт метрден асады. Бұл озық деген Алматы облысындағы шаруашылықтардың өнімінен үш-төрт есе жоғары нәтиже. Көршілес аспан асты елі сояның әр гектарынан 4 – 4,5 тонна өнім жинаса, холдингтің  арнайы күтімдегі 30 гектар жерінің  әр гектарынан 6,6 тонна өнім игерілген. Ал «Байсерке-Агроның»  тәжірибе шаруашылығындағы бидайдың әр гектарынан 116 центнер өнім алынған. Бұл – рекордтық көрсеткіштер.

Сондай-ақ, байсеркеліктердің мал бордақылау ісіндегі ғылыми ізденістері де өз жемісін бере бастады. Жаңа туған бұзаулар 15-16 айда 380–400 келі тартады. Хол­динг­тің жеке балық шаруашылығы бар. 

Табиғи таза, химикат қосылмаған суды 110–120 метр тереңдіктен, артезиан құбырлары арқылы алатын  холдинг егісті суару­дың жаңа  әдісіне көшкен. Италиядан әкелінген бұрғылау техникаларының көмегі­мен мұнда 24 ұңғы жасалған. Су дәнді дақыл­дың тамырына қырық сантиметр тереңдік­те жіберілсе, тамыры жиырма сантиметрге жететін арамшөп судың тапшылығынан өз-өзінен қурап қалады. Осы  әдіс  арқылы  су да барынша үнем­деледі. 300 гектар алқапты бір оператор суара­ды. 440 гектар жер там­шылату әдісімен суарылады.

Қазақта  «сегіз қырлы бір сырлы», «жігіт­ке жеті өнер де аз»  деген  марапатты тұрпат­тағы ұғымдар бар. Жігіттің сұлтанын бейнелей сипаттайтын бұл ұғымдар  Темір­ханға қарата айтылса, сөз төркіні ерекше  тағылымды мазмұн-мағынамен толыға түсер еді деп ойлаймын. Ол министр де, Жоғарғы Кеңес пен Парламент депутаты да, Астана қаласы­ның әкімі де, Прези­денттің іс басқарушысы да болды. Лауазы­мы да, қызметіне сай беделі де мығым мемлекет және қоғам қайраткерлерінің сапында еді. Осы ортада еліне лайықты қызмет  етті. Алайда, қалыптасқан ортасы мен қолдаушыларының  қанша мәрте үгіт­теуіне қарамастан бір-ақ күнде  мемлекеттік қызмет­тен өз еркімен бас тартып, жеке шаруашылық жұмысты бастауды жөн көреді.

Алапат дауылдай шаруашылық қыз­метте ол өзінің біліктілігімен, іскерлігімен қалыптасып кеткен  ескіше ойлау стерео­типтерін, бірізділік шаблондарын күл-талқан етті. Сөйтіп, «Бай­серке-Агро» атты  уникум ғылыми-өндірістік хол­динг құрды.  Құрып қана қоймай, спорт­тағы тағдырлық принципі – әрқашан бірінші болу бағдарын бұл салада да  ұстанды. Өзінің өмірлік кредосы да сол:   «бірінші болмасаң додаға түскеніңнің мәнісі болмайды».

Ол бұл жолы да мақсатына жетті – осы саладағы нағыз титан тұлғаға айналды!  Қысқа мерзім ішінде  тамаша табыстарға қол жеткізді. Оның шаруашылығы  адам­ның түсіне де кірмейтін ұлттық, әлемдік  рекордтарды жаңалауда. Еңбектері жылдар бойы  ғылыми мекемелердің сөрелерінде шаң басып жатқан ғалымдар (Р.А.Ораза­линов, А.О.Сағитов, Н.П.Иванов, Т.С.Садықұлов) өздерінің батыл идеяларын жүзеге асыруға тамаша мүмкіндік алды. Ол-ол ма, бүгінде Темірхан  оларды  жаңа идеялар туындап жатқан  әлемнің түкпір-түкпіріне  жібереді, сол идеялар   елімізге тың жаңалық боп, қолданысқа енгізіліп жатады. Нәтижесі қандай дейсіз ғой? Эмбриондарды  трансплантациялаудың  ерекше әдістерін игерген американдықтар  «Байсерке-Агрода»  өздерінің лаборатория­сын ашты! Онымен қоймай,  Қостанай облы­сында  ірі қара малда­рының  төлін өсірудің жаңа әдістерін  бірлесе жүзеге асырды. Мұның нәтижелері де керемет, экономикалық жағынан тиімділігі де орасан зор. Күні ертең  бұл жаңа әдіс ел аумағында  қолданысқа енгізілсе  бүкіл мал шаруашылығы әлемін дүр сілкіндірері сөзсіз.

Холдингте инновациялық жаңалық­тарды енгізу  үрдісі де таңқаларлық.   Әдет­те,  қайбір жаңалық болмасын «болға­нынан боладысы»  көпке созылып, айтылған жерде қалып қалу­шы еді. Нәтижесі жоқ құр сөз  көпті жалық­тырып, «әдемі сөзсап­таулар» тоғысы шарша­татын. Темірхан  бұл  «қауіпті дертке» айналған  «дәстүрлі сенімсіздіктің» түбіріне де балта шапты. Әлемдік жетістіктер тіркелген  жерлерге өзі барып, аграрийлермен, ғалымдармен, мамандармен жолығып, үнемі түрлі тәжі­рибе алмасулар, семинарлар мен кездесулер ұйымдастырып, үздіксіз ізденісте жүреді.

Бірде  Бақытжан Жұмағұлов екеуіміз Темкең өткізген  ғылыми-тәжірибелік кон­ференцияға  қатысқан едік. Көршілес жайғас­қан шетелдіктердің «біз бұларды үйретеміз деп келсек, олардан үйренеріміз көп екен-ау, біз үйренер қаншама жұмыс­тар атқарылыпты» деген сыбырларын естіп қалдық. Бұл шындық!

Қазақ үшін  мал шаруашылығы  жақын деген  тұрақты ұғым қалыптасқаны рас. Шыны керек, біздің қатаң табиғи-климат­тық жағда­йымызда өсімдік шаруашылы­ғымен айналы­суымыз қиын да еді. Содан да болар, біздің жерімізде қазақ үшін мал шаруашылығынан артық  кәсіп  керек емес деген  пікірдің қалып­тасқаны.  Атакәсіптің жөні бөлек, әрине, бірақ бүгінгі заман басқа. Және  етекке жабысқан  ескіше көзқарастан арылатын уақыт жетті, санаға  серпіліс керек. Міне, осы серпілістің бас­тауында Темірхан тұр.  Ол қазақ менталь­дылығын түбегейлі өзгертіп, халқымыз аграр­лық сектормен айналысып қана  қой­май, зама­науи инновацияларды қолдана отырып, тамаша жетістіктерге де жете алатынын  дәлелдеді.

Бүгінде  егістікте, фермаларда, кең байтақ даламызда  еліміздің, әлемнің  элиталық  білім ордаларының түлектері – жаңалыққа жаны құмар жас ғалымдарды, жанарларында оты бар өрендерді  көргенде Темірхан бастап отырған  тірлік  жалпыұлттық сипат алып бара жатқа­нын бағамдаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев «Байсерке-Агроның» жетістік­терін зерделеп, ол туралы талай мінбер­лерден айтып, халықты сенімсіздіктен арылып,  Темірхан Досмұхамбетовтен  үйренуге, үлгі алуға шақырғанын да бәріміз жақсы білеміз.

 

Достыққа  дақ  түсірмеген дарабоз

Темірхан достықты ерекше қадірлейтін парасаты биік азамат.  Біздің достығы­мызға 45 жыл болыпты.  Осы жылдар ішінде  оған деген сенімім ешқашан  алда­мапты. Естеліктер көп, олардың барлығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін де емес.  Ең бастысы, жүрек жылуы, дос көңілі  қашан да қымбат.  Қазір  сонау 70–80 жылдары  Ыстықкөлге  барудан  Дубай мен Анталья­ға сапарлау  оңай. Ыстықкөлде орын болмайтын, конкурс та қатал еді. Жүздеген қоңыраулар мен  наразылықтар, қауіптер алаңдататын. Кәсіподақ комитетінің төрағасы Алтай Мәмбетов  үнемі  жан-жақты қысым­нан, қуатты прессингтен шаршап, мазасыз күйде жүретін. «Алтай демалушыларға  лагерь­­дің сыйымдылығы­нан екі есе көп жолдама береді» дейтін  Темірхан.   Соның өзінде ол өзінің сенімді көмекшісі Рашид Сәр­сенов екеуі  дұрыс шешім қабылдай білетін. Әлі есте, досыма өтініш жасағанда,  уақыты  қанша тығыз болса да, орын тапшылығы болса да Алида екеуімізді балаларымызбен бірге көршілес пансионаттарға апарып орналас­тырып, лайықты орындарға жайғас­тырушы еді. Бұл да достық сыйласымды­лықтың бір көрінісі.

Арамызда  қызықты, күлкілі жағдаят­тар да болып тұратын.   Бірде комсомол комитетінің кезекті отырысында  Темір­ханнан  отбасында қуанышты  жаңалық күтіп отырғанын естіп қалғанымыз бар. Сәуленің айы-күні жақын отыр екен. Осыған орай,  болашақ сәбиге ат қоюдан конкурс ұйымдастырып, жеңімпазға шампан сыйға тартылатыны  туралы шешім қабылдадық.  Темірханның спорттық мүсін-тұлғасы көз алдымызда тұрғандық­тан ба, бәріміз  конвертке жапатармағай  ер балаға тән  есімдерді тізіп шығыппыз, сөйтіп  қатты алданғанымыз бар: өйткені, дүниеге  қыз бала келді. Бәріміз мәре-сәре болдық. Есесіне  Темірхан мен Сәуле сәбиге лайықты  есім іздеп біраз еңбек­тенді. Сол сүйкімді Әлия­мыз­ға  балалық шағында бірге өскен біздің ұлда­рымыз Данияр мен Айдардың ғашық болған­дары да  өз алдына бір езу тартқызар әңгіме.

Темірхан достыққа дақ түсірмеген дара тұлға, қандай  шешімі жоқ  қиын сәтте де  көмекке келетін  азамат. 1992 жылы біз Алма­тыда   еліміз бойынша ең алғашқы жекелік  жоғары оқу орнын аштық. Алғаш­қылардың қатарында  Туризм мамандығын енгіздік. Сол кездегі  Қазақстанның жоға­ры білім  министрі  Шайсұлтан Шаяхме­товке ЖОО ашуға рұқсат алу үшін  бірне­ше рет барсам да, сапарым нәтижесіз бола берді. Бір жолы ол: «жан-жағыңа қарасаң­шы, қайта құру кезеңі ғой, тыйым салын­бағанның бәріне рұқсат бар, бюрократтық өтініштермен басыңды қатырма, қимылдап қал», – деді. Алайда, ол кісі кеткеннен кейін мемлекеттік білім стандарт­тары бекітіліп, лицензиялар беріле басталды, аттестациялаулар жүргізілді. Дегенмен, Туризм мамандығынан  басқа барлық  мәсе­лелер шешімін  тапты. Сөйтсек, Қазақ­станды айтпағанда, КСРО-ның өзінде  классифика­торда мұндай маман­дық болмапты. Министр­лікте  рұқсатты ешкім бермеді, ал біз  құжат қабылдауды бастап қойдық.  «Не істесеңдер де өздерің біліңдер, сендерге ешкім ондай рұқсат бере алмай­ды», – деп шығарып салды ми­нистр­лік­тегілер. Сала бойынша соңғы инстан­­ция ретінде сол жылдардағы туризм және спорт министрі Темірхан Мыңайдарұлы Досмұ­хам­бетовке баруға бел байладық. Темірхан­ның  батылдығы мен іскерлігіне, креатив­тілігі мен жаңашылдығына сол жолы тағы бір көз жеткіздім: оқу жоспарымызды мұқият зерделеп шықты да, рұқсат шешімге қол қойып бергенде иығымыздан ауыр салмақты жүк түскендей сезіндік. Өкініш­ке орай қуанышымыз көпке созылмады. Туризм мамандығының алғашқы түлектері  оқу бітіргенде министрліктегілер тағы да бастарын ала қашты. Тағы да  Темірханға «Қазақстан­ның тарихында тұңғыш Туризм мамандығы бойынша  түлектердің  мемле­кеттік сынақ  комиссиясына төрағалық ету жөнінде» өтініш айтып, қолқа салдық. Бағымызға орай бұл жолы да Темкең  бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алып, тұңғыш Туризм түлектері үлкен өмірге жолдама алды.

Мен талай рет  Темкеңнің адамдарға, доста­рына  жақсылық жасап,  көмек берге­нінің куәсі болдым. Солардың көбісі  шешімі қиын, күрмеуі көп  жағдайлар еді. Әсіресе, достарына деген сенімі, адалдығы ерекше болатын. Алданып қалған, әлдекім­дердің арбауымен, азғыруымен қасақана тұзаққа түсіп қалған    жандарға демеу болып, олармен бірге жоғарғы инстанция­ларға дейін  барып, шындық үшін шырыл­дап жүрген Темкең әрдайым  әділ  әрі дұрыс  шешімге қол жеткізетін.  Ол туралы аңыз көп. Аңыз Адам дейді оны. Біреулер  Темірханның   ар-ожданға келгенде кесімді ойлары мен болаттай берік принциптерін жыр қылып айтады.

Темкеңнің оптимизмі, өмірге деген құш­тарлығы да   сүйсінтеді. Кез-келген томаға-тұйық отырысқа жан бітіріп, көңілді кешке  айналдырып жіберетін ерекше қасиеті бар: рухани болмысы күлкілі жағдайлар мен  түрлі әзілдерге, әсем әуенді әндер әлеміне бай. Біз осындай  уникум тұлғалы, ғажайып тағдырлы, жомарт та мейірімді, өмірбаяны абзалдық өнегесіне толы, іскер ұйымдастырушы, қабі­лет-қарымы жоғары, талантты, білікті бас­шы, сенімді, адал жүректі досымызды мақтан тұтамыз әрі мақтанамыз. Темірхан  өз ортасы  үшін расында да Аңыз Адам. Алды­мызда жоғары мәртебелі адам баласы игерер әлі талай заңғар биіктіктер бар. Сол биіктіктер шыңында біздің  талантты досымыз Темір­хан­ның  жұлдызы әрдайым  жан-жағына сәу­лесі мен  шуағын шашып, жарқырап тұрады деп сенеміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *