Тіршіліктің уайымы басса, ауыз бекітіңіз

Әсел ДАҒЖАН

 

Кеше қаладағы кітап дүкенінің біріне кірдім. Сөрелерді жағалап жүріп ағылшын тілінен аударылған кітапқа көзім түсіп, қолыма алдым.

Кітапта «осыдан 20–30 жыл бұрынғы біздің өміріміз қандай еді?» деген сұраққа автор өзі былай жауап беріпті. Таңмен таласып жұмысқа кететін әке-шешемізді ешбір хабарсыз, кешке бір-ақ көретінбіз. Бағдар­шамның түбінде тұрған адам аспанға қарап, бір кездері оқыған кітабын есіне түсіріп, жақын маңда ағып жатқан өзен болса, оның әдемілігіне сүйсініп, құстарға қарап, асықпай аяңдап үйіне жететін. Ал қазір ше? Адамдардың есі ауысып кеткен сияқты дейді автор. Екі минут сайын телефон­дарын ақтарады, әлеуметтік желіде кім, не істеп жүр дегенге алаңдайды, банктен алған несиесін ойлайды, төлемі күтіп тұрған пәтерақысы, жұмыстағы пробле­малар. Рахаттанып өмір сүріп жүрген жайдары адамды көруден қалдық. Күні-түні жанымыздан таста­майтын телефон жүйкемізді жұқартып, ұйқымызды қашы­рып, тыныштығымызды алды. Айтылған­ның бәрі алматылықтарға да тән секілді.  Өзімізді, айналадағы әдемілікті көр­мейміз, екі өкпемізді толтыра ауа жұтып, рахаттана өмір сүруді ұмытып барамыз. Ол рас. Ойлап қарасам, үлкен мега­полистегі тіршілік «дөңгелекті айнал­дыра жүгіріп жүрген, бірақ сол бір орында тұрған тиіннің» тірлігі сияқты. Осы тірлік­тің қарқынын сәл де болса ораза басқан­дай.

Оразаның арқасында өзімізге, жан-дүниемізге, айналамызға көңіл бөле баста­ған сияқтымыз. Алматылықтар бір мезет имандылыққа, рухани білімге бет бұрып, жиырма шақты күннен бері ора­заға көшкелі өзіміз де, миымыз да, жүре­гіміз де сабырға түсіп, жан тыныштала бастаған­дай. Бұл оразада жүрген адам­дардан менің байқағанымның бір парасы ғана. Себебі, оразаның жүрекке сыйлай­тын ерекше күш-қуаты мен тыныштығын, оның қадір-қасиетін ауыз бекіткен жан ғана сезініп жүр.

Дөңгеленген дүниенің, қым-қуыт тіршіліктің уайымы еңсеңізді басып жүр ме, ауыз бекітпеген жан болсаңыз, ораза ұстап көріңіз. Ораза жан-дүниеңізді ғана емес, санаңызды да тазалайды. Бәлкім, бір мәселеңіздің шешіміне жол табасыз. Өйткені, аузы берік адамның тілеген дұғасы бос қайтарылмайды.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *