Тілендие­ваның – Тілен­диев, Сейфул­линаның – Сейфул­лин аталатын кезі қашан болар екен?!

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

 

 

Күзетшінің қатесі қынжылтты

 

Таңертеңгі уақыт. Кабинетте шырылдаған телефонның даусын естіп, ішке сырттан асығып кірдім. Шалынған қоңырауды үзбей, тұтқаны алып үлгердім.

«Сәлеметсің бе, айналайын!» деген апайдың даусы маған өте жағымды естілді. Сөздің шыны, бүгінде бейтаныс адам түгілі, жақыныңның өзінен жылы сөз ести бермейтін заман болды ғой бұл. Сондықтан болар, қоңырау шалған кісінің аузын ашып айтқан бір ауыз сөзінің өзі мені елітіп әкетті.

Бүгінде жасы 75-тен асқан Гүлжамал апайдың негізгі маман­дығы – ағылшын тілінің мұғалімі екен. Өмір бойы сол салада жұмыс істеп, зейнетке шыққан кейуана тілдің нағыз жанашыры. Газет-жур­­налдың, телеарналар мен ра­дио­ның тілінен бастап, көше­лердегі жарнамалардың, автобус­тағы жұртшылықтың тіліне дейін көңіл бөліп жүретін апай қазақ тілінің бойына қате жолатқысы келмей­тінін, әсіресе өз елімізде ұлттық тілі­міздің дұрыс қолда­нылмай жүргеніне қарны ашаты­нын жет­кізді.

– Өткенде Абай мен Алтын­сарин даңғы­лының қиылысында орналасқан «Москва» сауда орталығына жолым түсіп, үйге азық-түлік алып қайтпақ болдым. Керек-жарақтың бәрін алыппын, қолымдағы сөмкем әжептеуір ауырлапты. Содан Абай даңғылы­ның Тұрғыт Озал көшесі жағына қарай шықпақ болып, орталықтың күзетінен сұрадым. Сөйтсем, күзетші жігіт маған: «Апа, Абай деген көше жоқ, Абая десеңізші» деп, менің сөзімді түзетті. Абайды білмей тұрған қазақ жігіттің сөзі ашуыма тиді әрі намысымды қозғады. Бірақ, оған Абайдың кім екенін, оның қалай айтылып, қалай жазылатынын түсіндіріп тұруға қолымдағы ауыр сөмкелер мүмкін­дік бермеді. Оның үстіне, күзетші жігіттің де менің сөзімді тыңдап тұр­майтынын түсіндім. Абай даң­ғылын «Абая» деп жүрген жұрттың шынында Абайдың кім екенін білмейді деп ойламаппын, – деген таңқалысын жасырмады.

 

Аялдамалар жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу керек

 

Алматыда туып-өсіп, өмір бойы осы қалада тұрған Гүлжамал апайға шаһардың тасына дейін таныс. Көшелерді, ондағы ғимараттарды жатқа білетін ол, қаладағы аялда­маларды жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көліктерге емес, жеке көлігі барларға қызмет ететіндей дейді. Үнемі қоғамдық көлікпен жүретінін айтқан қала тұрғыны әсіресе, азық-түлік алып, дүкен­дерден қайтқанда автобус аялда­маларының алшақтығы әуреге салатынын жасырмады.

– Қаладағы аялдамалардың арасы бір-бірінен өте қашық. Оны жеке көлігімен жүретін адамдар байқамайтын да болар, бірақ егер жаяу жүретін болсаңыз, қолыңызда жүгіңіз болса, оны міндетті түрде сезінесіз. Қоғамдық көліктер де барлық көшелердің қиылысына тоқтай бермейді. Кейде 2-3 көше тастап барып, тоқтайды. Себебін сұрасаң, онда аялдама жоқ дейді. Сосын жүріп өткен жолыңмен кері қарай қайта жаяу жүруге тура келеді. Сосын әл-Фараби даңғы­лының бойында жаяу жүргін­шілердің жүріп-тұруы тіпті қиын. Бірақ ол көлігі барларға жақсы. Жолды кесіп өтетін жаяу жүргін­шілер жолы болмағандықтан олар тоқтамай, зырылдап жүріп оты­рады. Ал жаяу жүргіншілер үшін ол қиын. Жолдың арғы бетіне өту үшін бірталай жолды жүріп оты­рып, жаяу жүргіншілерге арнал­ған жол мен өткелді іздейсіз. Мен тіл маманы болған­дықтан кезінде шет елдерге көп шыққан­мын. Олардың көбісінде жерасты өткелдерінің  өзінде  эскалаторлар қойылған, 3 қабатты үйлерінің өзінде лифті бар. Аял­дамалардың арасы жақын. Сол уақыттың өзінде жаяу жүргінші­лерге арналған жолдар ерекше жабдықталған болатын. Қаламыз­дағы аялдамалар жаяу жүргінші­лердің емес, көлік­тердің ыңғайына қарай қойылған ба деп ойлай­тынын алға тартты.

 

Жүз адамды қаратқан ауыздан дұрыс сөз шықса екен

 

Ұзақ әңгіме барысында Гүл­жамал апайдың қоғамдық көлік­тердегі көрсетілетін қызмет пен кондукторлардың, жүргізушілердің сөйле­генінен қала қонақтары үшін қысылатынын түсіндім. Әуезовті «Ауезова», Жұбановты «Жубанова» деп жүргендерді талай естіп, көріп-біліп, жазып та, айтып та жүрміз. Десе де, одан шығатын нәтиженің байқалмайтындығы қынжылтады. Тиісті басқармаларға хабарласып, мән-жайды айта бастасаң болды, олардың жеке екенін айтып, құты­лады. Абайдың «Абая» болғанына бүгінде көпшілік те үйреніп кеткен. «Кім тыңдайды?» дей ме, әлде «басым бәлеге қалар» дей ме, қоғамдық көліктерде қазіргі күні жұртшылық Мұқановты «Мұқа­нова» қылып жатқанын естісе де, үндемейді.

– Көшелердің қате айтылға­нына намысым келіп, талай рет қателерін түзеп, айттым. Бірақ олар «өз жолыңызбен жүріңіз» дегендей, менің сөзімді елемеді де. Бұл мәсе­лені шешпесе болмайды. Көреті­німіз, еститініміз, оқитыны­мыз бәрі қате болса, түбінде бәріміз соған үйреніп кетеміз де, бір күні шынымен Абайды «Абая» деп жүрмесімізге кім кепіл?! Меніңше, қоғамдық көліктердегі осындай жағдайларды, орын алатын түрлі мәдениетсіздіктерді жоғарыда­ғылар білмейді. Олар автобусқа мініп, қаланы аралайтын болса, оларға автобустар да, жүргізушілер де арнайы дайындалады емес пе? Тіпті, жүргізушілер мен кондук­торлар аялда­маларды хабарлауды қойған ғой. Сұрасаңыз, «Жаныңыз­дағылардан сұрап алыңыз» деп жауап береді. Негізі, кондуктор дегендер қоғамдық көліктерден алынып тасталды емес пе?! Мейлі ғой, нанын тапсын, жұмысын істесін. Бірақ жүз адамды қаратқан аузынан дұрыс сөз айтылса екен. Өйткені, біздің айғайлап айтқан сөзіміз жетпеген жерге, қоғамдық көліктерде олардың сыбырлап айтқан сөзі естіліп жатады ғой, – деді де, қала ішінде жүрген облыс­тың авто­бустарына жол жүру билеттерінің жарамсыз екенін, олардағы жол жүру құнының қол­ма-қол төленетінін тілге тиек етті.

Рас. Кейде естіп тұрып, ұяла­сың. Қоғамдық көліктерде қазақ тілді жігіттер мен қыздар тілдерін бұрап, қате-қате етіп, орысша сөйлеп жатады. Оны естіп, тіпті орыс тілділердің өзі күледі. «Қазақ­ша айта бермей ме?!» дейді. Өйт­кені, бүгінде көп ұлтты елімізді мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің көпшілігі қазақ тілін біледі, түсін­еді, сөйлейді. «Абая» деп жатқанша, «Абай даңғылы» деп аялдамаларды хабарлап жатса, қандай ғажап десеңізші. Тілендие­ваның – Тілен­диев, Сейфул­линаның – Сейфул­лин болатын кезі қашан болар екен?!

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *