ТАРИХЫ ТЕРЕҢ АЛМАТЫ

konferensiya-13-09-2016

Жақында ҚР Ұлттық кітапханасында «Алматының мыңжылдық тарихы: археология және жазба деректері» атты Халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция өтті. Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған бұл жиында археологтар К.Байпақов, У.Шәлекенов, М.Нұрпейісов, А.Нұржанов, шығыстанушы М.Әбусейітова, өңдеуші Қ.Алтынбеков, өлкетанушы Г.Билялова, түркітанушы Н. Базылхан және т.б. ғалымдар баяндама жасады

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы Алматы қаласының 1000 жылдығын 2016 жылғы мерейтойлық күндер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдағаны белгілі. Осы шешім қабылданғаннан кейін, тарихшылар арасында Алматының тарихы туралы түрлі пікірлер болды. Бірі мың жыл десе, енді бірі одан да ұзақ десіп жатты. Сол себепті конференцияға қала тарихын зерттеумен айналысып жүрген тарихшылардың барлы­ғы шақырылды. Алматының тарихы мен мәдениеті жөніндегі көптеген мағұлматтар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Иран секілді елдердің ғылыми орталықтары мен қолжазбалар қоймаларында сақтаулы жат­қаны белгілі. Сол жазбалар мен ескі баспа кітаптардың көшірмелерін әкелуге «Мәдени мұра» бағдарламасының септігі тиді.

XІІ ғасырда Алматы бастапқыда қидандар, кейіннен найман мемлекетінің ірі сауда орталығы және астанасы болды. «Моңғолдың құпия шежіресі» бойынша Шыңғыс ханның Алматыны жаулап алуға жасаған екі әрекеті сәтсіз болып, найман­дармен он жыл бойы соғысқанда ештеңе өндіре алмаған. Үшінші әрекетінде ғана қаланы алып, Отырарға қарай осыдан кейін ғана  жылжыған. Шыңғыс ханның батысқа жорығы кезінде онымен бірге болған Елюй Чуцайдың айтуынша Алма­лыққа басқа 8-9 қала бағынышты болған. Сол саяхатшының айтуынша, Іле жазы­ғында «астықтың бес түрінің бәрі өсірілген». Бұл егіншілік мәдениетінің дамығандығын көрсетеді.

Осы ретте тарихшы, профессор Уахит Шәлекеновтың «Алматының негізі антика­лық заманда қаланған» тақыры­бымен жасаған баяндамасынан үзінді келтірейік. Алматы қаласының жасын белгілеуде ғылыми жетістіктерге сүйенуіміз қажет. Орталық Азияда тарихи мәнге ие архео­логиялық, архитектуралық ескерткіштер өте көп. Олар біртіндеп ЮНЕСКО тізіміне енгізіліп жатыр. Таяуда осы әлемдік ұйымның  қарарына Алматы қаласы да кірді. Енді Алматы қаласының жасын белгілеп, оны салтанатты мерекелеу үшін көп жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жағдайда тарихқа үстірт қарайтын еуро­центристік көзқарастан арылмай жүрген кейбір ғалымдар, 1979 жылы Алматы шекара училищесінің орнынан табылған XІІІ ғасырда соғылған  екі күміс тиын (монета) негізіне сүйеніп, Алматы шаһарының жасы мың жыл деп белгіледі. Монеталардың соғылған жылы қаланың пайда болған жылы деп болжаудың өзі ақылға сыймайды. Оған дейін бұл қала қанша ғасыр өмір сүріп, оның өсіп-өркендеген, саяси экономикалық және мәдени орталыққа айналған, кейін өз ақшасын шығарған болуы тиіс. Алма­тының жасы 1000 жылдан асады.  Алма­тының антика заманында негізі салынған көне қала екенін дәлел­дейтін артефак­тілерге тоқталайық.

Жер жәннәті Жетісу өңірінде орналасқан антикалық қала осы күнгі Алматыдан археологтар 24 ескерткіш ашты. Олардан 10-ға жуық тұрақты қоныстың орны, 14 шақты оба ашылды. Осы ашылған және зерттелген ескерткіштер орнынан әртүрлі тарихи кезеңдерде тұрмыс-тіршілікте қолданылатын жәдігерлер табылды. Атап айтқанда, б.з.б. ІІІ-ІІ мың жылдықтарына жататын тас құралдар, қола бұйымдар, қоладан жасалған шот, балта, балғалар, б.з.б. ІХ – VІІІ ғғ. Тереңқара, Боралдай қоныстарынан табылған жәдігерлер, ІV-ІІІ ғғ. тиесілі алтын, қола бұйымдар және т.б. жеткілікті мөлшерде табылды. Белгілі түркітанушы, т.ғ.к. Нәпіл Базылханның «Алматы қаласы тарихы мен атауына қатысты кейбір шығыс жазба деректері» баяндамасында Алматы атауына қатысты келесі жайларға назар аударды. Манжұр-цин династиясы дәуірінің көне манжұр тілді архив құжаттарында Гурван Аламату, Гуэрбан Алимату (Үш Алматы) топонимі аталады. Ойратша хатталынған Gurban Гурван Алимату (Үш Алматы) мен манжұрша жазылған Гурван Аламату (Үш Алматы) бір атау, бір топоним. Бұл қазіргі Алматыны атағаны. Алайда не себептен Үш Алматы дегеніне назар аударсақ,  ол Алатаудың үш көлі ( қазіргі атауы – Үлкен Алматы, Есік, Көлсай) немесе Алматы аумағынан ағып өтетін үш өзенге (Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Есентай) байла­нысты аталғанын аңғаруға болады. Сосын, «Алматы» атауының этимологиясына келсек, ол орта ғасырлық түрік тілінің Alma+tu> «Алма» (қызыл домалақ жеміс) + тұ (жеміс+ті) деген туынды сөзден, қазіргі қазақ тілінде «Алма+лы» деген ұғым мағы­налы тұлғасынан қалыптасқан. Сонымен қатар Шағатай ұлысы дәуірінде Шығыс Түркістан аумағында  Алмалық деген көне қала болған. Бұл қазіргі Алматы емес.

Конференция барысында  Ұлттық кітапхананың директоры Ж.Сейдуманов, ғалымдардан К.Байпақов және М.Әбусейі­товалар  жинақтың тұсауын кесті. Сондай-ақ, қолөнер шеберлерінің көрмесі мен Алматы қаласы туралы жәдігерлер келуші­лер назарына ұсынылды.

Қалай десек те биылғы жылы Алматы­ның 1000 жылдығын тойлау үстіндеміз. Ал оның тарихын ұзарту болашақтың еншісіне қала бермек.

Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің студенті.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close