ТАНАКӨЗ ЖҮЗІМДЕР МЕН «ПЛАСТМАССА» ПОМИДОРЛАР

Тілші талдауы

 

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

Не жеп жүрміз?

hzanakБүгінде базарларға, жеміс-жидек сататын дү­кен­дерге, дүңгіршектерге барсаңыз, көре­тініңіз  – бір жерінде құрты жоқ, не болмаса бір жерін шірік шалмаған, сырты жып-жылтыр, өзі қап-қатты жеміс-жидек­тер. Одан көбірек  алу­ға да қорықпайсыз. Өйт­кені, олар қанша сақта­саңыз да, пішінін, көркін жоғалт­пайды. Тіпті, алма­ларды айлап сақ­тауға да болады. Ал, қып-қызыл, топ-томпақ қыза­нақ­тар табиғатына салсақ, бір-екі күнге әзер шыдауы керек, бірақ, бүгінде оларды ұзақ сақтауға болады.

 Бұрындары азық-түлік сатып алуға барғанда, қызанақ, жүзім ала қалсақ, оларды қызғыштай қорып, бөлек қалтаға салғызып, басқа заттардан бөлектеп алып жүруші едік қой. Көлікке мінсек, сөмкелердің ең үстіне қоямыз, тіпті, кейде жол бойы қолымызға ұстап езіліп қалады деп қауіптене­тінбіз. Ал бүгінгі қызанақ, жүзім дегендеріңіз ондай қорып, қорғауды қажет етпейді. Көппен бірге тұрса да, пішінін жоғалтпайды. Мұның сыры неде? Неге бүгін біз білетін нәзік қызанақ пен жүзімнің «міне­зі»  өзгеріп кетті?  Көп­шілік біле бермейтін «ГМО» (гендік модификация­ланған организмдер) деген не? Оның адам ағзасына қандай әсері бар?

Гендік жағынан өзгеріске ұшыраған өнімдердің әлемге тез таралуына, деректерге сүйенсек, ішерге ас таба алмай, аштықтан қырылып жатқан халық себеп болған көрінеді. Өнімнің бір ғана генін өзгертіп, оны тез арада көбейту мүм­кін екенін анықтаған ғалымдар, ашаршылықтың алдын алуға тек гені модификацияланған ағзалар ғана көмектесе алатынын білген. Алғашында, мұндай өнімдер тек ашаршылық жайлаған елдерге ғана жөнелтіліп отырыпты. Өндіруші елдердің өзінде оны пайдалануға тыйым салған. Себебі неде? Өйткені, ғалымдар ол кезде оның адам ағза­сына деген кері, не оң әсерін зерттеп үлгермеген екен. Бүгін­де араға қаншама жыл салып, аталған өнімдер ғаламды жайлап алды. Тіпті, оны өндіруші елдердің өзінде де пайда­ланып жүр. Соңғы жылдары өзгертілген өнімдер өзге елдерден біздің елге де ағылып келіп жатыр. Жаз демей, қысдемей әкелінетін мұндай өнімдерді пайдаланушылар да жоқ емес. Сырттан вагондап келетін гені өзгеріске ұшы­раған өнімдерге көрсетілген қолдау да, қойылған шектеу де жоқ. Ғалымдар мен зерттеу орталықтары болса, бұл ретте әртүрлі пікірде. Бір топ ғалым ГМО-ның зиян­дығын айтса, тағы бір тобы оған қарсы пікірде. Бұл елімізде аталған өнім­дердің әлі күнге толық зерттеліп, соған қатыс­ты бір пікір қалыптаспағанын көрсетеді. Ал, халық болса, табиғаты тың, сыры беймәлім өнімдерді күнделікті пайдаланып жүр. 

Гендік модификацияланған организмдер дегеннің өзі – бір организмнің генін басқа бір өсімдіктің немесе жануар­дың ДНК-сына енгізіп, трансгенизация жасау арқылы алынатын өнім. Ол ағзаның кейбір табиғи қасиет­терін өзгертеді. Ғаламторда жарияланған деректерге сүйен­сек, шетелдік ғалымдардың жүргізген зерттеу нәтижесі ГМО-ның аллергия, белсіздік, бедеулік сынды тағы бірнеше аурулар туғызатынын және солардың кең өріс алуына орта туғызатынын дәлелдепті. Дегенмен, ол өзгелер тарапынан қолдау таппай, мақұлданбай отырған көрінеді. Оның себебі, ГМО-дан түсетін табыс көзі болып отырса керек. Мәселен, дамыған елдердің бірқатарында жүргізілген сарап­тама нәтижесі есек пен атты будандастырып алынған жануардан ұрпақ өрбімейтіндігін, гені өзгеріске ұшыраған картопты жеген егеуқұйрықтың да, жүгеріні жеген тышқан­ның да көбеймейтіндігін көрсеткен. Сондай-ақ, картоп геніне сарышаян генін қосу арқылы ешқандай жәндік жемейтін картоп түрінің, қызанаққа солтүстік камбала­сының генін қосудан аязға төзімді, үсімейтін қызанақ түрі­нің қасиеттері анықталған. Тек осындай өзгертілген өнімдермен қоректенген жануарлардың да төлі түгелімен өлі туыпты. Дәрігерлер жағы, мұндай өнімдердің асқазан­ның сілекейлі қабатының құрылымын бұзып, зат алмасуды нашарлатып, иммунитетті төмендететінін айтады. Тағы бірқатар ғалымдар болса, ГМО-ның адам ағзасына кері әсерінің болуы мүмкін емес деген пікірде.

«Шірігі жоқ алмаға емес, шірігі барына ұмтыл!». Осыны естіп, ойланып қалдым. Расында, құрт-құмырсқа тәтті, шыры­ны көп жеміс-жидекке үйір болады емес пе?! Бала күнімізде де жеген жемістердің ішінен міндетті түрде құрт тауып алатынбыз. Сол жемістердің дәмін айтсаңызшы! Оның дәмі әлі күнге аузымыздан кеткен емес. Бәлкім, ол ауыз қуысы арқылы санаға жол тартып, сонда сақталып қалатын да шығар? Әйтеуір, сол тәтті дәм әлі күнге дейін бізді тамсантып қойып жүреді…

 Керек дерек

• Гендік модификацияланған дақылдар 1980 жылдары АҚШ-тан бастау алған. Мұндай өнімдер бүгінде әлемнің 29 елінде өсіріледі. Олардың қатарындағы АҚШ, Аргентина, Канада, Қытай мемлекеттері сояның 60 пайызын, жүгері, картоп, қызанақ, қиярдың 21 пайызын осы әдіс арқылы алады.

ДЕРБЕС САРАПШЫЛАРДЫҢ ПІКІРЛЕРІ: 

• Өсімдіктің құрамындағы бір ғана генін өзгерту арқы­лы өсімдіктің қоршаған ортаға төзімділігін арттыруға болады. Уақытты тиімді пайдалана отырып, жаңа бір сортты ойлап табу мүмкіндігі де бар. Сонымен қатар, бүгін­де осындай өнімдер арқылы түрлі ауруларды емдеу мүмкіндігі де қарастырылған. Ең бас­тысы, әлемде ашар­шы­лыққа ұшырап жатқан адамдарды ажалдан араша­лауда да мұндай гені өзгертілген өнімдердің рөлі басым.

 • Мұнда өсімдіктің бір ғана гені өзгереді. Мәселен, бір өсімдікте жүз мыңдаған ген бол­са, соның біреуі ғана өзгереді. Сол мыңның ара­сындағы біреудің өзгергені ағзаға айтар­лықтай кері әсер етеді деп ойламаймын. Ал, ұзақ сақталатын жеміс-жидектерге келсек, мәселен, алма, қызанақ – оларға канцеро­ген­дерді қосады. Ол жеміс-жидектерді құрт түсуден, шіруден сақтайды.

 • Мәселе мұнда геннің өзінде емес, содан алынған зат­тарда дер едім. Ол адам ағзасына түскеннен кейін ағзадан арнайы белоктар бөлінеді. Сол ақуыздар ағзада жүріп аллергия, бедеулік секілді ауруларға әкеледі.

 • 2004 жылдан бастап Германия, Греция, Италия, Люксембург, Австрия, Франция елдері ГМО-ны пайда­лануға тыйым салған. Олардың қатарында Швеция да бар.

• ГМО-ны көп пайдаланатын АҚШ-та халықтың 70 пайызы аллергиямен ауырады. Ал, оны пайдалануға шектеу қойылған Австрияда халықтың 7 пайызында ғана аллергия ауруы бар. 

 

Мамандар не дейді?

 Серік Сәдуақасов, ауыл шаруашылығы

ғылымдарының докторы, профессор: 

– Мемлекеттік сорт сынау комиссиясының және өзде­рінің жасаған биохимия талдауына сүйенсек, олардың құрамында аса қауіпті өзгерістер жоқ. Шет елден әкелін­ген көкөніс, жеміс-жидектерде қауіпті өзгерістер көп. Дерек көздеріне сүйенсек, қызанақты тастай қып шығару үшін акуланың азу тісінің гендері пайдаланылады екен. Әдісте­месін білсе, үш түрлі ағзаны бірге әрекет­тестіріп, жаңа бір өнім алуға болады (өсімдік, жануар, микроағза (бактерия)). Оны бактерия гені тасымалдайды. Ішек таяқшасы деген бак­терия өте бейімделгіш және гендердің бір бөлігін тасы­малдайды. Яғни, клеткалық, гендік инженерия бойынша акуланың азу тісінің бір генін алып, қызанақ жасушасы­ның ішіндегі ДНК-ның бір бөлігімен алмастырып жібереді. Ал жүгеріге зиянкес жән­діктер залалын тигізбеуі мақса­тын­да жыланның уынан алынған белсенді генді енгізеді. Міне, сондықтан үш түрлі ағзаның адамға қандай әсері бар екендігін зерттеу керек. Ең алдымен, жәндіктерге сынақ жасап барып, адамдарға пайдалануға ұсынған жөн деп есептеймін.

Қазір кәсіпкерлер шет ел өнімдерін вагондап таситын болды. Сол өнімдерге сараптама жасалмай отыр. Тиісті сауда орындарына қандай өнімдер түсіп жатқанын білуге болады. Өзіміз Ташкенттің жеміс-жидегі таза болар деп соны аламыз, бірақ кім біледі, олар да қытайдың тұқымын алып өсіретін шығар. Трансгенді өнімдердің бәрі кері әсер ете бермеуі мүмкін. Ағзаның өзіне болмаса да, келешек ұрпағына әсер етіп, күрделі өзгеріске ұшыратуы мүмкін.

(«Заман Қазақстан», 18 наурыз, 2010 ж.).

 Жандос БАСЫҒАРАЕВ, биология

ғылымдарының кандидаты:

– Бірінші генетикалық өзгеріске ұшыраған өсімдік  АҚШ-та «Monsanta» ком­па­ния­сының бір топ ғалым­дарының қатысуымен жүзеге асырылды. ГМО 1994 жылдан бастап өнеркәсіптік өндіріске ендіріліп, тарала бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассоциация­сының бағалауы бойынша азық-түліктегі ГМО-ны пайдалану мөлшері әлемдік сауда­дағы ауылшаруашы­лығы өнімдерінің жалпы көлемінің 55-60%-на жеткен. АҚШ-та қазіргі уақыт­та ГМО өсімдік­те­рінің 100-денастам  линиясына, Еуропа елдерінде 60-тан астам линиясына рұқ­сат етілген. Әлемдегі ең танымал генетикалық өзгеріске ұшыраған сорт­­­­тар — соя, жүгері, рапс, мақта. Енді генети­калық өзге­ріс­ке ұшыраған ағза дегенімізге тоқталсақ, бұлай деп жа­санды жолмен генетикалық инженерияның әдістері арқылы генотипі өзгертілген ағзаларды айтамыз. Бұл анықтама жануарлар мен өсімдіктерге, микроағ­за­ларға да қолда­нылады. Генетикалық өзгер­гіш­тікті ғылыми және ауыл­ шаруа­шылығы мақсатында да жүргізеді. Қазіргі ауыл ша­руа­шылығындағы негізгі мәселе –  дақылдарды өсіруде пестицидтерді қолданып, өнімділікті арттыру жол­дары жүзеге асырылуда, бұл дегеніміз, қалай дегенде де, химиялық қосындыларға тәуелділігіміздің артуы. Осындай химиялық қосындылардың әсерінен  құтылудың бірден-бір жолы – ГМО. Барлық сұрақ осы ауыл шаруа­шылығы дақыл­дарын генетикалық өзгеріске неге, немен ұшыратады деген сұрақтардан туындайды.  ГМО-дан қорқудың қажет­і жоқ. Себебі, табиғаттың өзі де сұрыптайды. Мысалы, бидай­ды алатын болсақ, әр жылдары табиғат құбылысына қарай өнімділігін алып отырамыз, құрғақшылық болған кезде, құрғақшылыққа төзімділері ғана өз өнімділігін бере алады.  Бұдан көретініміз, ыстық пен суыққа төзімді ген­дерінің қалыптасқанына көз жет­кізуге болады. Ал, генетикалық өзгергіштік ол генетикалық инженерияның көмегі арқылы өсім­діктердің төзімділігі мен өнімділігін арттыруға бейім­делген жаңа сорттарды шығару болып табылады. Әрине, биологиялық заңдылықтарды анықтап, бұзуға болмайды. Дегенмен де, қазіргі ғылымның дамыған уақытында өзіміздің ауыл шаруашылығында да гендік инженерияның жетістіктерін қолдануға болады. Егер де өсімдіктің генін өсімдіктің өзіне енгізсе, ешқандай ғаламдық өзгеріске алып келмейді, ол өз кезегінде кішкене ғана өзгерістің себепкері ғана болады. Қазіргі уақытта қызанақтың және жүзімнің қоршаған орта жағдайларына төзімді сорттары алынуда, олардан қорқып, үркудің қажет­тілігі шамалы.  Ал егерде,  өсімдікке қандай да бір балықтың немесе шаянның генін енгізсе, оның болашағын болжау мүмкін емес. Сол себептен де, әрбір жүргізілген ғылыми тәжірибелерде өте мұқият болған абзал. Бұдан шығаратын қорытынды –  генетикалық инженерияның жетістіктерін өсімдіктерге қолданып, өнім алудан қорқудың қажеттілігі жоқ.  Мысалы, генетикалық өзгеріске ұшыраған өнім арқылы ашаршылық қаупі туындаған елдердегі азық-түліктің жетіспеушілігінен құтылуға болады және табиғаттың тосын мінездерінен туындайтын құбылыс­тар – құрғақшылыққа, суыққа төзімді өсімдіктерді алуға болады және медицинаға қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде де бұл – бүгінгі күннің басты талаптары­ның бірі. Негізінен, ГМО мен тағамдық  қос­паларды көбіне ша­тас­тырып жата­ды. Әрине, тағам­дық қоспа­лар­дың мөлшері шама­дан тыс бола­тын болса, ол өз кезегінде адам ағза­сындағы  аллергиялық ауру­лардың себепкері болады. Сондық­тан да, «ГМО» деп, ат-тонды ала қашып қорқудың қажеттілігі шама­лы деп ойлаймын, бұл менің жеке пікірім.

 

 Қала тұрғындары не дейді?

 Алматы қаласы Сани­тар­­­лық-эпидемиологиялық департаментінің қызметкері Анель Мұсаева аталған өнім­дерге жыл сайын са­раптамалық зерттеулер жүр­гізіліп тұратынын айтады. Дегенмен, әлі күнге қолда­ныстағы өнімдердің арасы­нан адам ағзасына зияны табылмаған. Өндірушілер немесе оны тасымал­даушы­лар тауарлардың сыртына өнімнің құрамы туралы жазу керек. Ал, тұтыну­шылар өнімді сатып аларда оның сыртындағы нұсқау­лығымен танысуы қажет. Бұл – мамандардың пікірі. Ал, бұл ретте қала тұр­ғындары не дейді?

 Абылай, студент:

 –     Базарлардан сырты жыл­тыраған, өзі тастай қатты көкөністерді үнемі көремін. Жеп те көрдім. Дәмінде өзгеріс бар, әрине. Бірақ, оны біз мезгілдік өзгеріс деп жүрміз ғой. ГМО туралы естіп жүрмін. Сөздің шыны керек, оны ары қарай зерттеп, қызығушылық танытып көрмеппін. Бәрібір, қайда қарасақ та, Қытайдың заттары ғой.

 Дина, дәрігер:

 –     Біз көкөніс, жеміс-жидектерді көбірек жеу керек­тігін емделушілерге үнемі айтып отырамыз. Ағзасын дәру­мендермен байытсын дейміз. Дегенмен, бүгінгі жеміс-жидек­терде дәруменді айтпағанда, дәм де жоқ. Баяғыда кішкентай кезімізде жеміс-жидек жегеннен соң, бетіміз бен қолымызды жумасақ, теріміз бөртіп кететін. Ол жемістің шырынынан деп білемін. Ал, қазірде ондай жоқ. Бәрінің құрамы, дәмі өзгерген. Расында, олардың көпшілігінің геніөзгерген-ау. Негізі, қиярдың исі деген оны кескен кезде бүкіл үйге жайылып, алып кетуі керек қой. Қазірде қияр мен қызанақты қосып салат істесең де, исі шықпайды. Соған сай дәмі де болмайды. Бірақ, сыртқы пішіні мен келбеті, сөз жоқ, әдемі.

 Раушан, сатушы:

 – Жеміс-жидектердің бәрін орынның қожайыны әкеліп береді. Мен тек пайызға жұмыс істеймін. Өз­деріңіз көріп тұрғандай, қы­занақ та, жүзім де қап-қат­ты. Сыртын сүртіп жылты­ратып қоямыз ғой, өтсін деп. Көбінесе, шіріп, жарамай қалу немесе құрт түсу деген өзімізде өсірілетін өнімдерде көптеп болады. Мысалы, мынау кішкентай алмалар көпке шыдамайды. Үсіп кететін де осылар. Тұтыну­шыларға өз басым, қайсысының қайдан келгенін жасыр­май айтамын. Мәселен, мынау жүзім Қытайдан әкелінген. Бір келісі – 450 теңге тұрады. ГМО туралы естімеппін.

 Айдарбек, қала тұрғыны:

 – ГМО туралы білемін. Бір зат сатып алатын болсам, бірден сыртындағы нұсқаулықпен танысамын. Шындықты айту керек, көпшілігінде оны көрсетпейді. Жеміс-жидек­терде ол мүлдем жоқ. Ең маңыздысы сол емес пе?! Сату­шылар тауарын өткізу үшін бәрін «местный» деп шығады. Ашып айтпайды. Көкөніс жеуге қорқасың. Кейді, тіпті, жеміс жеп отырып, ойға батасың. Ешкім ешнәрсені ашық айтпайды. Түсінбеймін, оны не үшін жасырады. Тиісті әрі жауапты орындар бәрін ашып айтса да, оның тұтынушысы тоқырап қалмайды ғой. Бәрі тағы сол тауар айналымы мен ақша үшін.

 Керек кеңес

 • Тауарды сатып алғанда оның қора­бының сыртындағы немесе ішіндегі қа­ғазда жазылған құрамымен танысу қажет. Онда ГМО-ның бар немесе жоқ екені көрсетілуі тиіс. Ғалымдар ГМО мөл­шерін 0,9 пайыз деп бекіткен.

• Франция ғалымдары генетикалық модифика­цияланған тағамды үнемі пайдаланатын адамдардың генетикасы өзгеріп, үшінші немесе төртінші ұрпағының өмірге жарымжан болып келу қаупі басым екенін дәлелдеген. Сондай-ақ, олардың ісік ауруын қоздырып, рак дертіне шалдықтыратыны, ерлерді белсіздікке ұрын­дыратын қаупі де ғалымдар тарапынан расталған көрінеді. Мұны Ресей ғалымдары да қолдап отыр. 

 • Жекелеген тұтынушылар көңіліне күдік ұялатқан өнімдерді Мемлекеттік санитарлық-эпидемио­логиялық қадағалау комитетінің «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығында» белгіленген қаржыны төлеу арқылы тексерістен өткізе алады.

 • Бір өнімді тексеріп, құрамын анықтауға екі күн кетеді. 

• Мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі есеп бойынша 1 млрд. 200 млн. адам аштыққа ұшыраған. Бес жыл бұрын ғалымдар ашыққандардың қатары 800 миллионға жеткенін хабарлаған.

 • Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» За­ңын­да ГМО-ның не екені жөнінде мынадай түсінік бе­рілген: «Генетикалық модификацияланған объекті деге­німіз – гендік-инженерия биотехнологиясы көмегімен алынған өсімдіктер, мал және микроорганизмдерді гене­тика­лық түрлендірілген, ал олардан өңделген өнімдер – трансгендік тағамдық өнімдер немесе генетикалық моди­фицирленген (ГМК) көздер деп аталады».  

 • 2010 жылы 4 мамырда «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» ҚР Заңы күшіне енді. Онда өндірушілер өнімдерін, егер өнім құрамында ГМО 0,9 пайыз және одан да жоғары пайыз болатын болса, маркілеуді міндеттейді. Маркілік таңбаның жоқтығы үшін 100 АЕК (1АЕК=Т1512) мөлшеріндегі айыппұл салынып, лицен­зиясынан айыру немесе жеткізуші жұмысымен айналысуға 3 жылға дейін тыйым салынады. 

• Бүгінгі күні гені модификацияланған дақылдар 29 елде өсіріледі, оның ішінде АҚШ, Аргентина, Бразилия, Канада елдері алда келеді. Өсіріп отырған дақылдар түрлерінің ішіндегі 61% – гені модификацияланған соя, 21% – жүгері, картоп, қызанақ, кәді және басқалары – 11%-ды,  5% -ын рапс құрайды.

• 1998 жылы 1 қыркүйекте Еуропа одағында арнайы құжат қабылданған, онда ГМО қолданып дайындалған өнімдерге таңба қойылуы керек деген, яғни тұтыну­шылар үшін құрамында ГМО бары туралы ақпарат жазылуы керек. ГМО-ның 0,9% деңгейі бекітілген. Құрамында 0,9%-дан төмен ГМО болса, таңба қою қажет емес, ал егер 0,9%-дан көп болса, этикеткада ол туралы мәлімет болуы міндетті. Өнім барлық тиісті процедуралардан өткен­нен кейін ғана сатуға жіберіледі. Дегенмен, таңба бар­лық азық-түлік өнімдеріне қойыл­майды. Мысалға, АҚШ пен Канадада таңба қою – ерікті түрде болса, Корея­да, Норвегияда, Швейцарияда және Қазақстан Республикасында – міндетті.

• Ең алғашқы трансген қызанақ 1994 жылы АҚШ-та жасалыпты. Оның ДНК-сына солтүстік­америкалық камбаланың гені енгізілген.

• Омар Хаям «Кез-келген нәрсемен қоректенгенше, аш жүрген абзал» деген екен.   

• Лао-Цзы «Не жесең, соған тартасың» депті. 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *