Тайқазанды қайтаруға көп еңбек сіңірді

Балнұр АХМЕТ

 

М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуни­кациялар академиясында  аталған білім ордасының Экономи­калық пәндер кафедрасының профес­соры Нұридін Балқияұлының 75 жыл­дық мерей­тойына арналған іс-шара өтті. Жиынға бірқатар қоғам қайрат­керлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ізгі шарада еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан тұлғаның өнегелі өмірі мен ерен еңбегі туралы бір үзік сыр шертетін деректі фильм жұртшы­лық назарына ұсынылды. Жиынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Сыдықов жүргізді.  

Ғибратты ғұмыр жолында бірқатар лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, ізгі ісімен өскелең ұрпаққа үлгі болып жүрген Нұридін Балқияұлы – Санкт-Петер­бургтегі «Психология, кәсіпкерлік және менедж­мент» ака­демиясы мен Ресей Халықаралық психологиялық ғылым академиясының толық мүшесі. Ірі де іргелі істерінің арқасында оның тікелей араласуымен 1989 жылы 18 қарашада ұлттық жәдігеріміз болып табылатын Тайқазан Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитаждан киелі Түркі­станға қайтарылған­дығын айрықша айта кеткен абзал. Сондай-ақ, білімді де білікті азаматтың атсалысуымен 1991 жылы 6 маусымда Елбасының Жарлығымен еліміздің рухани астанасына айналған Түркістан қаласында А.Яссауи атындағы мемлекеттік университет ашылып, кейіннен ол халықаралық Қазақ-Түрік университеті болды.

Ақ тілектерге толы мерейтойлық шарада М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академия­сының президент-ректоры Бақытжан Қуанышев Нұридін Балқияұлын қуанышымен құттықтап, мерейтой иесіне «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Қанат Алпысбаевтың Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, ол Нұридін Балқияұлының еңбегі ескеріліп, Астанадағы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының  орталық мекемесіндегі «Ұлттық мамандар» атты құрмет тақтасынан өзіне лайықты орын алғанын мақтаныш­пен атап өтті.

Жиында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов ұзақ жылдар бойы лауазымды қызметтер атқарған мерейтой иесінің қара­пайымдылығынан, азаматтығынан айнымаған адамгершілік асыл қасиеттерін тілге тиек етті. Жүректегі жылы лебіздерін жеткізген жазушы қазақтың игі дәстүрі бойынша Нұридін Балқияұлының иығына шапан жапты.

Жиында сөз алған ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов Нұридін Балқияұлын акаде­мияның құрмет грамотасымен марапаттап, егемен еліміздің дамуындағы оның сіңірген еңбегін атап өтті.

«Президент және халық» газетінің Бас редакторы Марат Тоқашбаев қасиетті қазынамыз Тайқазанның елі­мізге қайтарылуына зор еңбек сіңірген Нұридін Балқияұлы күллі қазақ халқының арманын ақиқатқа айналдырғанын айтты. Сондай-ақ, ол қазақ мемлекеттігін нығайтуға қосқан үлесі үшін мерейтой иесін «Ұлт қайраткері» құрметті атағымен марапаттап, төсбелгісін тақты.

Жиында Алмалы аудандық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Мадина Ибраева Алмалы аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Әмірхановтың  құттықтау хатын оқып берді. «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай ағалықтың, ақсақалдықтың үлгісін көрсетіп жүрген Нұридін Балқияұлы адамгершілік ізгі қасиеттерімен айналасындағы адамдардың құрметіне бөленгендігін атап өтті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *