Энергия жүйелеріндегі апаттың себебі белгілі болды

Энергия жүйелеріндегі апаттың себебі белгілі болды
Сурет: Inform.kz

«Энергия» үйлестіру диспетчерлік орталығының арнайы комиссиясы 2022 жылғы 25 қаңтарда бол­ған апатқа қатысты тергеу-тексеру жұ­мыс­тарын аяқтады.

KEGOC АҚ хабарлауынша, оның құрамына Орта­лық Азияның, атап айтқанда, Қазақстан, Өзбек­стан­, Қырғызстанның энергия жүйелері жүйелік операторларының өкілдері кірген.

Комиссия апаттың себебін Өзбекстанның энергия жүйесінде болған ажыратылудан туындағанын анықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Осы күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 11:59-да Сырдария ЖЭС-і мен 500 кВ «Ташкент» ҚС-ны (Өзбекстан) қосатын 500 кВ жоғары вольтті әуе электр жеткізу желісінің желілік ажыратқышында қысқа тұйықталу орын алды. 500 кВ шиналардың 1-ші және 2-ші жүйелерінің дифференциалды қорғаныстарының шамадан тыс жұмыс істеуі Сырдария ЖЭС-інде генерацияның айтарлықтай төмендеуіне, электр стансасына іргелес электр желісіндегі ажыратылуларға және Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) 500 кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзитіне ­2 100 МВт мөлшеріндегі қуат жүктемеден тыс түсірілуіне (белгіленген нормадан 7 есе жоғары) әкелді.

Жүйелі апаттар кезінде KEGOC АҚ электр желі­лері мен Қазақстанның оңтүстігіндегі электр стан­са­ла­рының аварияға қарсы автоматикасы энергия жүйесін бөлу жөніндегі талаптарды ескере отырып, штаттық режімде іске қосылды. Осы арқылы еліміздің оңтүстік тұтынушыларының шамамен 60%-ын электр­мен жабдықтауды сақтай отырып, Қазақстанның оңтүстік аймағы тұтынушыларының толық ажыратылуына жол берілмеді. Бұл ретте Өзбекстан мен Қырғызстанның энергия жүйелері толығымен тоқтан ажыратылды.

KEGOC компаниясына апатты жоюға және Қа­зақ­стандағы барлық тұтынушыларға қойылған шек­теулерді алып тастауға 4 сағат қажет болғанын, сон­дай-ақ бұған Қазақстан БЭЖ-і Жүйелік операторы персоналының жоғары кәсіби шеберлігінің нәтижесінде қол жеткізгенін атап өткен жөн. Ал Қырғызстан ҰЭТ-те схема мен режім бір тәуліктен астам уақыттан кейін қалпына келтірілсе, Өзбекстан ҰЭТ-те тұтынушыларды энергия­мен жабдықтауды қалпына келтіру төрт күнге созылды.