ТАЭКВОНДО ТІЗГІНІ СЕНІМДІ ҚОЛДА

Алматы облыстық федерация президенті сайланды

Таэквондо – шығыс жекпе-жек өнерінің Қазақстанда даму тарихы біртуар тұлға  Мұстафа Өзтүрік есімімен тікелей байланысты. Кезінде қазақтың арда ұлы тарихи Отанына оралып, осынау спорттың негізін қалаған болатын. Асыл ер өзі мектептер ашып, алғашқы буын спортшыларды шет елдерге алып шыққан еді. Кезінде Мұстафаның ізіне марқұм Бексейіт Түлкиев, Исатай Қабеков, Қайрат Қырғызбаев, Сұлтанмахмұт Шоқбытов, т.б. бүгінде осы спорттың ардагер-мамандары ерген болатын. «Мен қазақ баласының әлемдік додаларда жасындай жарқылдап, жеңіске жеткенін көргім келеді…» деген Мұстафа арманы бүгінде жүзеге асқан. Қазақстаннан Азия, әлем чемпиондары, олимпиада жүлдегерлері шығып отыр. Өзтүрік өзі негізін қалаған Таэквондо Федерациясы тізгіні де сенімді қолдарда.

Биылғы 26 маусымда Алматы облыстық Таэквондо (WT) федера­циясының құрылтай жиналысы болып, президенттігіне бір ауыздан белгілі өнер қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров сайланды.

– Біздің мақсатымыз — Алматы облысында таэквондо спортының дең­гейін көтеру, соған сәйкес біз рухани ортада өзіндік орны бар әрі менед­жерлік қабілетімен танылған Асхат Максимұлынан спортшыларымызға рухани қолдау және Мұстафа Өзтүрік ағамызға тән айбынды басшылықты күтеміз, – деді осы орайда республикаға белгілі таэквондо шебері, Мұстафа Өз­түріктің төл шәкірті Исатай Қабеков.

Облыстық федерацияның вице-президенті, таэквондодан спорт шебері, Өзтүріктің және бір шәкірті Қайыр Қажидың айтуынша, жалпы респуб­ликалық таэквондо (WT) федерациясы бойынша Алматы облысының таэквон­дошылары алдыңғы үштіктің қатарына кіреді. Бұл күнде облыстық федера­цияның құрамындағы 60 бапкер 4 мың­дай спортшыны баулып жүр. Феде­рация жаттықтырушылары негізінен өз ұлтын сүйген ержүрек, республикалық таэквондо федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүріктің бел шәкірттері қатарынан саналады. Ендігі мақсат – жоғары биіктерді бағындыру. Асхат Маемировтей беделді азаматқа, шебер ұйымдастырушыға артылып отырған ең негізгі міндет те сол.   Биылғы 23 шілдеде Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ғимаратында ректор Асхат Маемировтің бір топ таэквондо шеберлерімен кездесуінде осы мәселе­нің жай-жапсары талқыланды. Кезде­суде шығып сөйлеушілердің ортақ пікірі спортшылардың бойына мықты рухты,  жоғары мақсатты, патриотизмді сіңіру деген­ге келіп саяды. Себебі, өмір тәжі­рибесі көрсетіп отырғанындай, жеңіс қомақты қаражатпен ғана келмейді, көбінесе спортшыларға барынша жағдай жасалған күннің өзінде де олар бойда рухтың, ұлттық намыстың жетіс­пеуінен жеңіліс тауып жатады. Шүкір, таэквондо спортының қазіргі аға буын өкілдерінің бойынан Мұстафа қал­дыр­ған рух әлі кете қойған жоқ, Мұстафа жаныған жігер әлі де қайнап тұрған жайы бар. Ендігі міндет – сол рухты, сол жігерді қаулап өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақтың бойына дарыту.

Өз кезегімізде Алматы облыстық таэквондо спортшыларына алдағы дүбірлі додаларда топ жарып, ел абыройын асқақтатуларына сәттілік тілейміз!

 

Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ,

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА баспасөз қызметінің жетекшісі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *