Тағы бір ғылыми кітап сөреден орын алды

Жақында Қазақ жол ғылыми-зерттеу институтында «Vіscoelastіc Propertіes of Asphalts Based on Penetratіon and Softenіng Poіnt» («Битумның тұтқыр серпімді сипаттамалары және оларды стандартты көрсеткіштер бойынша бағалау») кітабының тұсауы кесілді. Авторлары – Б.С.Радовский мен Б.Б.Телтаев.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Кітап – жолға қатысты тың мәселелерді арқау еткен ғылыми еңбек. С.Радовский мен Б.Телтаев біршама жыл көлемінде жол төсемелері беріктігін есептеу, оларды құры­лымдау және сынау жұмыстары бойынша мақсатты түрде талмай еңбек еткен. Бұл ізденістерінде олар көп уақыт аралығында орын алатын жылжымалы жүктемелер мен үдерістерді талдауға ұмтылған, сондықтан да жол-құрылыс материалдарының тұтқыр серпімді қасиеттеріне қызығушылық таныт­қан. Кітапқа арқау болған асфальт-бетон жол-құрылыс материалдарының арасын­дағы «ең тұтқырлы» материал болып табылады.

Бұл ғылыми еңбекте түрлі сынақ жұ­мыстары, атап айтқанда, тұрақты кернеуде, тұрақты деформацияда немесе циклдік жүктемеде сынау арқылы анықталатын жол битумдарының түрлі тұтқыр серпімді сипаттамалары арасындағы байланысты көрсететін танымал тәуелділіктер қарас­тырылып, жаңасы ұсынылады. Битумның ең қарапайым стандартты көрсеткіш­терінен деформациялану режимдері кезін­дегі оның модульдерінің мәнін бағалауға мүмкіндік беретін жақындатылған формулалар алынған дейді ғалымдар.

Шетелдік «Sprіnger Nature» баспасында жарық көрген кітапты көпшілікке таныс­тырған «Қазжол ҒЗИ» АҚ президенті Б.Телтаев бұл ғылыми еңбектің ғалымдар арасында үлкен сұраныс пен қолданысқа ие болып үлгергендігін де атап өтті. Баспа мәліметтеріне сүйенсек, биылғы сәуір айына дейін оның 600-ге жуық данасы сатылған.

Осы орайда айта кетейік, «Sprіnger Nature» – әлемдегі жетекші, әрі ірі баспа­лардың бірі. Онда бүкіл әлемнің танымал ғалымдарының ғылыми еңбектері жария­ланады. Баспа журналдары ашық және гибридтік тұрғыда қолжетімді. Айтпақшы, Б.С.Радовский мен Б.Б.Телтаевтың кітабын 105 жылдық тарихы бар Берлин техни­калық университетінің өкілдері өздерінің оқу бағдарламаларына енгізу жөнінде ұсы­ныс білдіріпті. Міне, рецензиясын Ресей, Украина ғалымдары жазып, бағалаған еңбекті шет елдіктер де өз кәдесіне жарата бастады.

Қазақстанның ғана емес, әлем ғылы­мына да елеулі үлес қоса бастаған бұл кітап автомобиль жолдарын жобалау, салу және пайдалану, сондай-ақ, мұнай өңдеу сала­ла­рының ғылыми қызметкерлері мен мамандарына арналған. Көлік және құры­лыс саласындағы оқытушылардың, аспи­ранттардың, докторанттардың, магистрант­тардың және студенттердің де қолдануына болады.

Аталмыш кітаптың тұсаукесеріне ҚР ҰҒА және ҚР ҰИА академигі, ҚР ҰИА бірінші вице-президенті  Н.Надиров,  «Жану пробле­ма­лары инсти­туты» РМК бас дирек­торының кеңесшісі З.Мансұров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Б.Мұртазин, академик Ө.Жол­дас­беков атындағы Механика және маши­натану институтының бас директоры А.Тө­лешов, «Жану проблемалары инсти­туты» РМК директорының орынбасары  Д.Бо­ды­қов және басқа да көрнекті ғалымдар қа­тысты. Олар жаңа кітап туралы пікір­лерімен бөлісті.

Тұсаукесерден соң ғалымдар 60 жыл­дық бай тарихы бар «Қазжол ҒЗИ» АҚ-ның зертханаларын аралап көріп, жыл­жымалы жол зертханасымен және зама­науи зерттеулер жүргізе алатын соны үлгідегі жаңа аппараттармен танысты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *