…ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА, ТӨБЕДЕГІ КЕЛЕДІ

234немесе қазақ 4 санын неге қастерлеген?

Жуырда  ғаламторда елді елең еткізген ерек­ше бір хабар пайда болды. Онда: «Сіз білесіз бе, осы жылдың ақпан айындағы күнтізбеде 4 дүйсенбі, 4 сейсенбі, 4 сәрсенбі, 4 бейсен­бі, 4 жұма, 4 сенбі, 4 жексенбі бар. Бұндай жағ­дай 732 жылда бір рет қана кездеседі екен» деп жазылыпты.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Бұл шынында да назар ауда­рарлық маңызды жаңалық. Қазақ сандарға  барынша мән беріп, олар­мен сырласа білген халық қой. Тек 7 және 5 санына ғана емес, сонымен қатар, 4 санына да ерекше  көңіл бөліп, қастер тұтқан.

«Бірінші бала – үй баласы,

Екінші бала – ауыл баласы,

Үшінші бала – аймақ баласы,

Төртінші бала – ел баласы», – деп айтқанда бабаларымыз 4 санына  сенім артып, одан жақсылық күтсе керек-ті. Халқымыздың 4 санына қатысты айтқан төмендегі жорамал­дарына назар салып көрейік. Осы­дан-ақ бабалардың бұл санды қан­шалықты қастер тұтқанын аңғаруға болады.

Төрт тұлға:

От. Су. Жел. Жер.

Төрт құбыла:

Шығыс. Оңтүстік. Батыс. Солтүстік.

Төрт маусым :

Көктем. Жаз. Күз. Қыс.

Төрт тоқсан:

1. Қыс тоқсан.

2. Жаз тоқсан.

3. Шілде тоқсан.

4. Күз тоқсан.

Төрт бұрыш:

Шығыс елі дүниенің төрт бұрышы деп Шын-Машын

(Үндістан), Мысыр, Рұм (Рим), Еуропа елдерін айтқан.

Төрт түлік:

Түйе, пірі – Ойсыл қара.

Жылқы, пірі – Қамбар ата.

Сиыр, пірі – Зеңгі баба.

Қой,(ешкі), пірі– Шопан ата, Шекшек ата.

Төрт мұрат:

Дау мұраты – біту.

Жол мұраты – жету.

Қыз мұраты – кету.

Саудагер мұраты – ұту.

Төрт мүлік:

Бас – саңдық. Тіл – кілт. Қол – мүлік. Аяқ – азамат.

Төрт қорлық:

Шақырылмаған жерге бару.

Бейбастақ сөйлеу.

Дұшпаннан жәрдем күту.

Сараңнан қажет сұрау.

Төрт періште:

Аллаға жақын төрт періште бар.

Олар: Жебірейіл, Әзірейіл, Мекайіл, Исрафил.

Төрт қылыш:

Хәмхам. Сәмсам. Зұлпыхар. Зұлқажа.

Төрт кітап:

Тәурат – Мұсаның кітабы.

Зәбүр – Дәуіттің кітабы.

Інжіл – Исаның кітабы.

Құран – Мұхамбеттің кітабы.

Төрт пір:

Жарлының пірі – қалтаң ата.

Ұрының пірі – жалтаң ата.

Шебердің пірі – тепшем ата.

Кәрінің пірі – кекшіл ата (Досбол шешен).

Төрт халифа: Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли.

Төрт күнә:

Аллаға күмән келтіру, нақақтан қан төгу, ата-анаға тіл тигізу, өтірік куә болу.

«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген ертеден келе жатқан тәмсіл бар. Сол атақты Майқы би бабамыз:

Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, – деген екен. Төрт саны толу, бірігу толысу дегенді білдірсе керек. Төрт құбыла тең болса, бақыт та, бақ та, береке де болады деген сөз.

Төртеу түгел болсын, ағайын!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *