ТҰЛПАРЛАР ТҰЯҒЫНДАҒЫ ТЕРАПИЯ

Балнұр АХМЕТ

 Иппотерапия – атпен серуендеу арқылы жасалатын емдеу әдісі. Дүние жүзінде ауруға шалдыққан адамның денесіндегі дертін атпен серуендеу арқылы емдеу тәсілі кеңінен қолданылады. «Иппотерапия» термині грек тілінен аударғанда «hіppos» – ат, атпен немесе аттың көмегімен емдеу деген мағынаны білдіреді. Бүгінгі таңда бұл медицина ғылымының бір тармағы жаһан жүзінде кеңінен қанат жайып келеді. Тарихта «медицинаның атасы» атанған ежелгі грек дәрігері Гиппократтың еңбектерінде иппотерапияның адамның денсаулығына пайдалы екендігі көрсетілген. Әлем елдерінде сұранысқа ие болып келе жатқан иппотерапия емі тірек-қимыл аппараттарының, сөйлеу жүйесінің бұзылуы, психиканың баяу дамуы, бас сүйек жарақаты, Даун синдромы, аутизм, остео­хондроз, простатит, склероз, артроз, атеросклероз, полимиелит, простатит, жүрек-қантамыр ауруларында кеңінен қолданылады. Ежелден дала даныш­пандарына айналған бабаларымыз ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кеше жүріп, жылқы түлігінің адам ағзасына пайдасын, денсау­лыққа маңызын білгені анық. Мінсе – көлік, ішсе – қымыз, жесе – ет болған жылқы жануары ата-бабаларымыз ежелден ерекше бағалаған төрт түліктің бірі. Мамандардың  айтуынша, иппотерапия адамның денсаулығының жақсаруына әрі көңіл күйінің көтерілуіне ерекше әсер ететін көрінеді. Арғымақ аттармен серуен­деу кезінде санасы сергіп, адамның ағзасындағы барлық бұлшық еті қимыл-қозға­лысқа түсіп, қан айналымы жақсарып, бойы балқып, жүйке жүйесі тынышталады екен.

Қазақ мемлекеттік циркінің жанындағы ашық алаңда «Nomad» каскадерлар тобының мүшелері 5-6 жылдан бері қайырымдылық көмек ретінде ауруға шал­дыққан балалардың иппотерапия әдісімен ем алуына мүмкіндік жасап, ата-аналардың алғысын алып келеді. Осы орайда, тұлпарлар терапиясының маңызы мен пайдасы туралы маманмен және ата-аналармен әңгімелескен едік.  

Әр түрлі ауруларға ем

Қанат ҚҰДИЯРОВ, «Nomad» тобының каскадері:

– Иппотерапия емін көктемде күн жылыған кезден бастап өткіземіз. Көктем мен жаз мезгілінде балалардың атқа мініп, ем алуына қолымыздан келгенше көмек­тесеміз. Балалар тоңып, ауырып қалмау үшін күзгі қара суық басталғанға дейін жалғастырамыз. Иппотерапия апта сайын дүйсенбі мен бейсенбі күндері түскі сағат 1-ден бастап, 4-5-ке дейін болады. Бала­лардың игілігі үшін 5-6 жылдан бері тегін түрде өткізіледі. Балалар үшін жаса­ған еңбегімізге ешкімнен ешқандай ақы алмай­мыз. Келген балалардың барлығы атқа мініп кетпегенше иппотерапия кешке дейін жалғаса береді. Балалардың әрқай­сысы 20 минуттан атқа отырып, маманмен бірге алаңда серуендейді. Қазіргі уақытта 5 жастан 15 жасқа дейінгі балалар ата-ана­ларымен келіп ем алып жүр. Иппотера­пияға көбінесе церебральді сал ауруы (ДЦП) диагнозы бар балалар көп келеді. Ем алушылардың арасында жүйке жүйесі зақымданғандар мен көлік апатының салдарынан сырқатқа шалдыққандар да бар. Жарықтық, жылқы жануарының адам­ның денсаулығына пайдасы өте зор ғой. Атқа отырған кезде адамның барлық дене мүшесі қимылдап, қозғалысқа түседі, адам­ның барлық бұлшық еті жұмыс жасайды. Перзентінің денсаулығында оң өзгерістер байқаған ата-аналар ризашы­лық­тарын білдіріп кетеді. «Атқа отырған­ның емі болып жатыр, көмегі тиіп жатыр. Қазір балам бұрынғыдан өзін жақсы сезініп қалды», — дейді ата-аналар. Балалар атқа мініп болған соң, көбінесе иппотерапия алаңындағы тұлпарларды тамашалап тұрғанды ұнатады. Қолындағы алмасын беріп, жылқыларды жалынан сипап жан­уарлардың жанында жүреді. Иппотерапия алаңына жиналған бүлдіршіндер келген сайын осылайша ойнап күліп, қуанып, көңілдерін көтеріп кетеді.

Бұл жерге адамдар көбінесе бір-бірінен естіп, бір-бірін ертіп келіп жатады. Иппо­терапия емін алып жүрген адамдардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Негізі, әрине, олардың аз болғаны жақсы ғой. Өйткені, өмірде ешбір бала ауырмасын дейміз. Алла оларға шипасын берсін. Құдай қаласа, барлық балаларға ем болсын. Дүниедегі әрбір ата-ана өзінің қаны мен жанынан жаралған перзентінің аман-есен болғанын армандайды. Пер­зентінің қамы үшін ештеңеден аянбайды. Атқа көп отырған сайын, оның емдік пайдасы жақсы болады. 1-2 отырғаннан ешқандай ем болмауы мүмкін,  үздіксіз келіп, атқа мініп жүрсе ғана біраз ем бола­ды деп ойлаймын. Жалпы, иппотерапия емін алуға адамдар Алматыдан ғана келмейді. Мысалы, өткен жылы адамдар Астанадан, Шымкенттен келіп, ем алып кетті. Емдік қасиеті бар бұл аттар арнайы үйре­тілген, жуас, ақылды, балаларға пайда­сы болмаса, ешқандай зияны жоқ жануар­лар десек те болады.

Иппотерапия емін жүргізетін «Nomad» тобының жігіттері бұл ізгі іске әрқашан өте үлкен жауапкершілікпен қарайды. Өздерінің барлық жұмыстарын қалдырып, атқа мінгісі келген балақайларға асығады. Себебі, балалардың денсаулығы – барлығы­нан да маңызды. Бұл – біздің қайырым­дылық көмегіміз. Балдырғандардың көңі­ліндегі қуанышын көрудің өзі бір ғанибет! Балалардың денсаулығын жақсартуға қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз.  Бастысы, балалар ауырмасын!

Атпен серуендеудің бала денсаулығына пайдасы мол

Аида ЖАНАЛИЕВА, ата-ана:

– Қазақ мемлекеттік циркінің жанын­дағы алаңқайда өткізілетін иппотерапия еміне Дильдана есімді қызымды аптасына 2 рет ертіп келемін. 6 жастағы оған дәрігерлер церебральді сал ауруы (ДЦП) диагнозын қойған. Бұл жерге қызымның аяғын емдету үшін әкеліп жүрмін. Ол қазір аяғының ұшымен ғана жүре алады. Өз бетінше өздігінен орнында тұра алмайды. Әрқашан оның қасында жүріп қолынан ұстап тұру қажет. Ауланың алдында ойнауға шыққанда да қолынан ұстап жүру керек. Далаға ойнауға, табиғат аясында таза ауада тынығуға, саябаққа серуендеуге шыққанда қызымның қасында әрдайым қолынан ұстап жүремін. Бұған дейін қызым әр түрлі массаждар, емдік дене шынық­тыру жаттығулары мен ине арқылы ем алды. Құдайға шүкір, қызымның ақыл-ойы өзінің қатарластарымен бірдей дамыған. Дильдана сөйлей алады, санай алады, оқи алады және жаза алады. Бұйырса, иппотерапия қызымның толық аяққа тұруына көмегін тигізеді деген үміттемін. Перзентіне ем алу ниетімен қаламыздың әр шетінен көптеген ата-ана иппотерапияға балаларын әкеледі.

Қазір қызым Түрксіб аудандық психоневрологиялық ауытқулары бар мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 күндіз болу бөлімшесінде тіркеуде тұрады. Алтын Иманбаева жетекшілік ететін бұл бөлімшеде 60  бала тіркелген. Біздің бөлімшеміздің бала­лары жан-жануарларды өте жақсы көреді. Алтын жүректі Алтын апайымыздың арқа­сында аталған бөлімшеден иппотерапияға 34 бала, ал дельфинотерапияға 20 бала барып, ем алып жүр. Иппотерапияға келіп, атқа мініп жүрген қызымның көңілі қуанышқа толы. Көздері күлімдеген, жүзі жадыраған қызыма қарап мен қуанып қаламын. Таза ауада атқа мініп біраз серуендеу бала­лардың санасын сергітеді, кіршіксіз көңілдерін көгершіндей көкке өрлетеді. Бүлдіршіндер аттарды тамашалап, сипа­лайды, жануарларды өз қолдарымен қоректендіруге құлшынады. Негізі, иппо­терапияға неғұрлым көп келген сайын, баланың денсаулығының жақсаруына соғұрлым пайдасы мол болатын көрінеді. Сондықтан қазір жазда ауа-райы жылы болып тұрғанда қызыма иппотерапия арқылы ем алуды үздіксіз жалғастырғымыз келеді. Күзгі суық келгенше иппотерапия курсына қатысамыз. Балалар Алматы циркіндегі көңілді қойылымдарды тамаша­лауға да, иппотерапия еміне де ерекше құлшыныспен қуана келеді. Иппотерапия емін жүргізетін мұндағы мамандарға алғысымыз асқар таудай. Себебі, балалар сүйіспеншілікті сезеді. Сондықтан олардың әрбір балаға ерекше сүйіспеншілікпен әрі мейіріммен қарайтыны көңілі кіршіксіз балдырғандардың күндей күлімсіреген көздерінен көрініп тұрады.

Баламның жан-жануарларға қызығушылығы оянды

Айжан ОСПАНОВА, ата-ана:

– Иппотерапияға апта сайын Альнар есімді баламды әкеліп жүрмін. Оның диаг­нозы – аутизм. Балам иппотерапияға осы­мен оныншы рет қатысты. Атқа мінгеннің пайдасы анық сезіліп келеді. Бірінші күні келген кезде ол өте қатты қобалжып, ашуланған еді. Ал қазір кәдімгідей басылып, тынышталып қалды. Негізі, бұрын ол ашуланшақ еді. Өз-өзінің басын ұратын-тұғын. Иппотерапия баламның жан-жануарларға қызығушылығын оятты. Бұрын мүлде жан-жануарларға жоламай­тын, жақтырмайтын. Олардан қорқатын еді. Ал қазір байқап қарасам, балам иттер мен мысықтарға қызыға қарап, тіпті, басынан сипайтын болыпты. Бұрын ол мүлде оларға жақындамайтын еді. Иппотерапияға келгелі оның мінезінде міне, осындай оң өзгерістерді байқадым. Біз бұл жерге қоғамдық көлікпен келеміз. Аялдамада авто­бустан түскеннен балам цирктің жанындағы иппотерапия өтетін алаңға қарай асығып, бірден жүгіре жөнеледі. Коляскадағы кішкентай қызыммен бірге баламның артынан біз де жетеміз. Бұрын бассейнге барғанда балам жанында жылап тұратын, жүрмейтін. Қазір балам аттарға баруға өзі асығады, бұл жерге оның жүгіріп келетіні бізді қатты қуантады.

Айтпақшы, бірінші күні балам атқа отырмаймын деп жылаған еді. Сол кезде мен біраз уақыт бойы оның қасында қолы­нан ұстап жүрдім. Балам жылап қоймаған соң бір кезде мұндағы иппотерапия маманына оны аттан түсіре салайықшы деп айттым. «Жоқ, жоқ, бала атқа үйрену керек, оны аттан түсірмейміз. Уайымдамаңыз, балаңыз атқа үйреніп кетеді ғой әлі» деп мұндағы маман баламды аттан түсіргісі келмеді. Шынымды айтсам, жылаған балам­ды жұбатып, оның тілін табуға тырысқан маманның бұл игі ісіне мен әлі күнге дейін ризамын. Ең бірінші рет иппотерапияға қатысқан сол күні атқа мінген баламның қолынан ұстап біраз уақыт жүрдім. Кейін қасында жай ғана қарап жүрдім. Сосын мен шетке шығып, маманмен бірге алаңда атқа мініп серуен­деп жүрген баламды ұзақ тамашалап тұрдым. Ойлап қарасаңыз, «бала көнбей, жылап жатыр ғой, аттан түсіре салыңыз» дей салатын адамдар ғой. Жоқ, олар өйтпеді. Жарайсыздар! Қарбалас жұмыс­тарына қарамастан, сырқаттанған балдыр­ғандардың сауығып кетуіне көмек көрсетіп жүрген мұндағы иппотерапия маманда­рына ата-аналардың алғысы шексіз! Алматы циркіне жақын жерде тұратындық­тан, иппотерапияның бір күнін де жіберіп алмауға тырысамыз. Себебі, атпен серуен­деу арқылы емдеу түрінің денсаулыққа шипасы бар екені байқалып келеді. Бала­мыздың мінезі тыныш болып қалғанына үй ішімізбен қуанып жатырмыз. Жалпы, иппотерапия басқа жерлерде 40 минуты 4000 теңге тұрады екен деп естідік. Ал бұл жердегі иппотерапия балалардың  денсау­лығына шипа дарыту үшін 20 минут тегін, ақысыз түрде өткізіледі. Бұл біз үшін өте үлкен-үлкен көмек. Мейірімді мамандарға мың рахмет!

Перзентіме ем іздеп келдік

Гүлмира ЖҰМАХАНОВА, ата-ана:

– Бұл жерге балама ем алу ниетімен шипа іздеп келдік. Иппотерапияға алғаш келуіміз. Негізі, иппотерапияның маңызы туралы бұрыннан талай естіген едік.  Бұл жерге перзентін ертіп әкелген барлық ата-ананың тілегі бір ғой. 7 жастағы Әлішер есімді балам Түрксіб аудандық психонев­ро­логиялық ауытқулары бар мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 күндіз болу бөлімшесінде екі жылдан бер тіркеуде тұрады. Оның диагнозы – церебральді сал ауруы (ДЦП). Бөлімше жетекшісінің қамқорлығымен дельфинотерапияға да біраз уақыт бардық. Аталған бөлімшеге алғаш барған кезде ол жүре алмайтын еді. Құдайға шүкір, сол жерге барғаннан бері ол өзі жүретін болды. Аяққа тұрып, өзімен өзі жүргеніне, қазір міне, екінші жыл болды. Енді биыл ғана жаңадан сөйлеп келе жатыр. Бірақ әлі толық жүре алмайды, кішкене қисалаңдап кетеді. Интеллектісі, ақыл-ойы қалыптасқан бала ғой, өзі сөйлейді, өзі тамақ ішеді, өзі дәретханаға барады, бөлімшеде өзіне-өзі қызмет көрсете алады. Осы күнге дейін оның емделуімен шұғылданғандықтан, енді ғана қолына қалам ұстап келеді. Бұрынғыға қарағанда қазір баламның денсаулығы жақсарып келе жатыр. Алланың арқасында балам аяққа тұрды. Баламды емдетуге қысы-жазы біраз жерлерге апардым. Түрксіб аудандық психоневрологиялық ауытқулары бар мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 күндіз болу бөлімшесінде балама мамандар массаж бен емдік дене шынық­тыру жаттығуларын жасады. Баланың тілін дамытуға, тілін шығаруға логопед маман­дары жұмыс істеді. Бөлімшеде деффек­тологпен, психологпен, еңбек нұсқаушы­сымен бірге ұзақ уақыт бойы үздіксіз шұғылданғанын атап өткен абзал. Бірінші мәрте атқа мінген балам оларға қатты қызығып қарап жатыр. Балам емдік қасиеті бар жылқы жануарынан жатырқап, қор­қып тұрған жоқ. Бұйырса, иппотерапия емі баламның денсаулығының жақсаруына игі ықпалын тигізеді деген үміттемін. Бұйырса, жақсы нәтижеге қол жеткізгенше иппоте­рапия емін жалғастырғымыз келеді.

Балам аттардың қасынан кеткісі келмейді

Гүлнар МАҚАЖАНОВА, ата-ана:

– Әнуар есімді 13 жастағы баламның диагнозы – аутизм. 1 жастан кейін осы ауруға душар болды. Бұл жерге баламмен бірге бірінші рет келдік. Атқа мініп, алғаш рет алаңды айналып шыққанда балам кішкене қорқақтап еді, 2-3 рет айналғаннан кейін оған атқа мінген ұнап қалды. Бір қызығы, «түспеймін» деп, тіпті, аттан түспей қойды. Аттарға қайта барамын деп тұр. Енді аттардың қасынан кеткісі келмей тұр. Балам бұрын атқа мінбеген. Оларды Хайуанаттар бағында ғана көретін. Енді бұйырса, ем алу үшін бұл жерге үздіксіз келіп тұратын боламыз. Балам айтқанға көнетін, ақ көңіл өте сезімтал. Қолында­ғысының бәрін алып қойса да, үндемей отыра береді. Балам негізі тыныш. Егер бірдеме айтқанын түсінбей қойсаңыз, онда ол ашуланады. Сөйлей алмайды, 1-2 сөз ғана айтады. Бірақ бәрін түсіндіреді. Анда-санда сөздерді бөліп-бөліп айтады. Бір тақпақ біледі. Бірақ оның жаттаған тақпа­ғын тек мен ғана түсінемін. Өзінің аты-жөнін айтуды үйреткем. Буынға бөліп айтады, бірақ айтқанды үнемі қайталап отыру керек. Мұғалім аптасына 2 рет үйге келіп, баламды оқытады. Сондай-ақ, қазір деффектолог, логопед, еңбек нұсқаушысы баламмен көп жұмыс жасап жүр. Ол қазір айналадағы ортаға үйреніп келе жатыр. Қоғамдық көлікте өзін жақсы ұстайды, тыныш  отырады. Ал бұрын көлік болмай, автобуспен жүргенімізде ашуланып кететін еді. Қазір олай емес, қоршаған қоғамға, көпшілікке үйреніп келеді. Бастысы, балама иппотерапия ұнады. Мұндағы иппотерапия мамандары балалардың әрқайсысына ыстық ықыласпен қарап, оларға ерекше назар аударады екен. Оларға рахмет! Бірінші күннен бастап қорықпай атқа отыр­ғанына қуанып тұрмын. Енді бұл жер­ден мүлде кеткісі келмей, аттарға қызығып қарап тұр. Жалпы, иппотерапия жүйке жүйе­сіне жақсы көмектеседі, жүйке жүйе­сін қалпына келтіреді, бала сөйлей бас­тайды деп естіген едім. Бұл жерге баламды осы үмітпен әкелдім.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *