ТҰЛҒАЛАРДЫ ТҮГЕНДЕП, ЖОҚШЫ БОЛЫП ЖҮРЕТІН БАСЫЛЫМ

1 шілдеде «Алматы ақша­­­мы­ның» жарық көр­ге­ніне 30 жыл толды. Көзі­қарақ­ты, зер­делі оқырман бұл басы­лым­ның күні кеше қалай, қандай жағ­дайда шыққа­нынан жақсы хабардар.

Осыған орай әріптес­тері­міз, қалалық, респуб­ли­калық құры­лымдар, бел­­гілі тұлға­лар, жал­пы оқыр­ман­дарымыз тара­пынан келіп жатқан құттықтау, ілтипат, лебіз­дерді жариялап отыру­ды да міндетіміз санап, зор риза көңі­лімізді білдіреміз.

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты:

–       Біздің кезімізде ел көлемінде басылымдар санаулы еді. Әрі кеткенде облысты айтпағанда, оншақты респуб­ликалық газет-журнал болатын. Бүгінде газет-журналыңыз нөпір. Саны көп, сапалысы аз. Таңдап, талғап оқисың. Сондай басылымның бірі — «Алматы ақшамы». Себебі, оның өз ерекшелігі, өз қолтаңбасы бар. Газеттің негізгі бөлігін күнделікті ақпараттар ағыны құрайтыны белгілі. Ол ақпараттарды газетке шық­қанша әлеуметтік желілерден оқып аласыз. Мұндай жағдайда әр басылым өзінің соқпағын табуы керек қой. «Алматы ақшамы» осы тығырықтан жол тапқан басылым.

Ол үшін көп ойланудың керегі жоқ. Айдарларының өзі айқайлап айтып тұр, еріксіз оқисың. Мәселен, «Тұлғатану», «Тұлға-тағдыр», «Өнер-өмір», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Бұрынғының адамдары-ай!», «Алматылықтардың алданышы», «Алматының айымдары», «Алаштың айымдары», «Зиялының сөзі», «Айтпағым…», т.б. осылай кете береді.

Осы басылымда менің ұзақ жылдар бойы күнделіктерім жарияланды. Менен бұрын Ә.Сығайдың ұсынысымен Қапан Бадыровтың күнделіктері жарық көрген еді. Одан соң Сәбиттің, Есмұханның әңгімелері де жыл бойы жалғасып, жеке-жеке кітап болып шықты. Мұның сыртында зиялы қауымның белді, беделді өкілдерінің ой-толғаныстары, сұхбаттары тоқтаусыз жарияланып, үлкен пікір туғызып жатады. Айтайын дегенім не? Мақсатты жұмыс істеу деген осы. Белгілі, белгісіз тақырыптарды көтеріп, содан нәтиже шығарады.

Қазір бұрын өткен, аты бар адамдар­дың да ұмытылып жататыны рас. Олар­дың артында қалған ұрпақтарының да тағдыры әр қилы. Жоқтаушысы болса іздейді. Ал жоқшысы болмаса ше? Міне, «Алматы ақшамы» сол жоқшының рөлінде жүрген басылым. «Тұлғатану» айдары арқылы айтулы іс тындырып отыр. Есте жоқ, ұмыт қалған есімдерді есімізге салып, жаңғыртып отыр. Мұның бәрі іргелі ізденістің, бардың бағасын, жоқтың қадірін білгеннің, кішілік пен кісіліктің арқасында мүмкін болатын нәрсе. Сондықтан да басылымның интеллектуалдық деңгейі биік, элиталық үлгіде шығып жатыр. Оның ерекшелігі дегенде айтарым осы.

«Ақшамның» шығармашылық ұжы­мына тек табыстар тілеймін!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *