СЫРЫ МЕН СИҚЫРЫ КӨП ТЕАТРДЫҢ …

875Кино мен театр өнерінің көрнекті өкілдері Нұрмұхан Жантөрин, Серке Қожамқұлов, Қалкен Әділшінов және сахнананың елеусіз саңлағы Күлзипа Сыздықова жайында

1-әңгіме

 Қарас ағаның қатал тәртібін сағынамын

Театр  – өнер ордасы, си­қырлы мекеме. Әр түрлі дең­гейдегі таланттардың тоғысқан жері. Әуезов атындағы қазақ драма театры ғимараты, сыр­тынан қарасаңыз, ғажап. Алатауды беттеп, теңізде жүзіп келе жатқан алпауыт ақ кеме дерсің. Ішіне кірсеңіз, тынымсыз дүние әлемі, сан алуан тағдырлы адамдардың әрбір қойылымдар үшін еңбек ететін қызмет орны.

Әртістер қауымы алпыс жеті, қалған жеті цехтағы мамандарымен қосқанда, үш жүздің деңгейіне жетеді. Айналып келгенде, айтыс-тартыс, бейне жасау сахнада шыңдалады. Алғашқы үстел басында оқу мен тоқу сәтті десек те, қозғалысқа келгенде режиссердің еркіне бағы­насың. Режиссердің даналы­ғы осы жерде көрінеді. Cахна қозға­лысының табиғи болу шарт­тары көп қайталап, тал­май еңбек етуді керек етеді. Ең бастысы, автордың айтатын ойын, алдына қойған мақсатын жете түсініп, көрерменге жеткізу, сөздерінің астарын айқындап, өз сөзіңе айналдыру, міне, табиғилықтың басты шартының бірі осы.

Біздер оқып жүргеннің өзінде, екінші күрстан бастап, міндетті түрде бетімізге грим салып, сақал-мұрт жапсырып, көпшілік сахнасына қатыстық. Әртістердің жетекшісі Қарас Ахметұлы Кәрімов деген кісі еді.  Мәскеуде білім алған, тәртіпті берік ұстайтын, қарамағындағы әртістерге сақал-мұртты өсіріп, шашты еркіне жіберуге, театр ішінде темекі тартуға жол берген емес. Қазіргідей дарақы күлкі, орынсыз айқайлап сөйлеу атымен болмайтын. Болған күннің өзінде айтатын сөзі: «Әй, шырағым, «Жем жеген есек ақырғанын қоймайды» деген. Сен адам емессің бе?» Болды, сөз тәмәм. Ал әртістер киноға түсетін болса, келісім-шартқа отыру алдын­да Қарас ағаның келісімін алатын. Спектакльдерде кімдерді жіберу, не жібермеу мәселесі осы кісіден басталатын. Ол кезде киноға түскен әртістер үшін киностудия театрға ақша төлейтін. Сол арада өзі де кішігірім эпизодтарға түскенін мақтан етіп, «он жеті кинода бармын» деуші еді.

Яго-Нұрмұхан мен Отелло-Шәкеннің дауыстары әлі құлағымда…

Кейде залда отырып, күңгірт тартқан, алакө­леңкеленіп, бірде қызыл-жасыл болып көрінген сиқырлы сахнаға қарасаң, көңіліңді  бұлдыр сағым мазалайды. Көз алдыңда сахнадағы сағымның ішінен  қозғалып… міне, ағылшынның ұлы драма­тургы әрі ақыны, әлемнің ең әйгілі драматург­тарының бірі Уильям Шекспирдің  «Отеллосы» … Яго   (Нұрмұхан)… Күркіреген  даусы­мен Дездемо­наның әкесіне түн ішінде айқайлап «Сайтан алғыр! Таландыңыз! Болдыңыз шын масқара! Жүрегіңізді қақ жарып, суырды ғой жартысын! Киініңіз тезірек! Тап осы сәт кәрі қошқар қап-қара ақ қозыңызды үлпілдеген аямай басып жатыр…Қамданыз тезірек, тез болыңыз, әйтпесе қара сайтан иектеп, қарадан немерелі боласыз!..».

Осы «Отелло» қойылымын арнайы алып барған 1964 жылғы Мәскеу сапарында Ягоны ойнаған Нұрмұхан Жантөрин ерекше мақталды…

Сахнада Яго… жүріп келіп  тоқтай қалды. «Ақымақтар әманда, менің қазынам…Маврға мен өлердей өшпін! Ақ некелі төсегімде мен істейтін жұмысты атқарады ол неге? Сезікпенен іс етем. Уақыт өтсін, үндеме. Отеллоға сыбырлап «Кассио әйеліңмен ашына ғой» деу керек… Дәл солай… Ашынаны естігенде Кассио мен Оттеллоның ішіне ойран етер от түсті… Жалбарынған Дездемона: «Есіркей гөр, тәңірім». Отелло: «О, опасыз! Ант етейін саған берген орамалды көзім көрді қолынан.  Дездемона: «Ендеше тауып алған». Отелло: «Ол айтарын айтты». Дездемона: «Не айтты?». Отелло: «Жақын бопты сенімен». Дездемона: «Қалайша, күнәһарлық жолменен бе?». Отелло: «Ия». Дездемона: «Опасыздықпен өлтірілді ол!»  Отелло: «О, сайқал, менен ешбір қымсынбастан  жыла­уын…».  Дездемона: «О, қуыңыз мені, өлтірмеңіз бірақ та». Отелло: «Сайқалға өлім!». Дездемона: «Ертең өлтіріңіз, түндік өмір беріңіз! Тым болмаса жарты сағат…».  «Жоқ! Кеш, енді тым кеш қалдың (Буындырып өлтіреді)…

Қақпа қағып келгендерден ақиқатын есітіп, оңбай қателескен Отелло (Шәкен ағаның даусы құлағымызда) Дездемонаны өлтіріп алып, жан даусымен еңірегенде жүрегіңнен қан ағады. Отеллоның барар жері, басар тауы жоқ. «Бақытсыз, бақсыз, сорлым-ай! Көйлегіңдей аппақсың. Машһар күні кездесерміз. Сонда алармын жазамды… Әзәзілдің тырнағына ілігіп…

Сұп-суықсың, бөбегім! Пәк қалпыңда жатырсың. Лағнет атсын мен төбетті! Шырқыратып қуыңдар құйындай ғып ұшырып, өртеңдер түпсіз отқа шыжылдатып!

О, Дездемона! Дездемона жоқ енді! О-о!..».

 «Қарабайдікі  дегенге қызықпайтыны болсайшы бұл жұрттың!..»

Ой, дүние-ай. Тағы бірде сахнадан Серке ағаның Қарабайы елестейді көзіме. «Жау, жау қап­тап келеді бір пәле!! Қарабайдікі  дегенге қызық­пайтыны болсайшы бұл жұрттың!.. Қайдасың? Жал­ғыз сенерім, Жанты­ғым!..Құтқара гөр мына пәледен!…Беріп қайт!… Алып қайт… Өз тұяғым өзіме ем! Айттым бітті, кестім үзілді! Қара емен майыс­паса, Қарабай қайыспас! Тараңдар түге! Саңқылдаған даусы қандай?»               

Баянның анасы Күнікей (Күл­зипа Сыздықова) қайыспас Қара­байға  табан тіреп,  «Қара тас! Жал­ғыз қызың алдыңа келгенде маң­дайынан бір иіскесең нетеді?… Мейі­рімсіз қара тас, сендерге жалғызым­ды жұтқыз­бас­пын!» – деп қатты ренжіп кететін жерінде, Қарабай «Ой, қан­жауғыр! Құдайдан қашан қыз сұрап едім? (Әйелі Күнікейдің соңынан қарап тұрып): «Өзін бір сүйіп көрмегенімді  ұмытқан-ау сабазың!…

Сахнада Баянға ғашық Қодар (Нұрмұхан Жантөрин) не істерін білмей мең-зең боп тұрғанда Жантық келіп (Камал Қармысов): «Әкесі қосқан Баянның сен көлең­кесіне күрсініп жүргенде, Қозы көрпеш құшағында жүрген көрінеді ғой. Күрсінгенің-ақ құрысын сенің!» Қодар: «Жаппа жалаңды Баянға!». Жантық: «Аржағыңа қара!»… Баян мен Қозының құшақтасқанын көрген Қодар: «У жайылып кетті ғой бойыма, бұл мазағың қай мазақ! Жарып тастайын ба!». Жантық Қодарды ұстап қалып: «Кешегі күн кеше өтті, бүгінгі күн қиын­даған мырза!». Қодар: «Не демексің?». Жантық: «Ақыл-айла керек! Қозы көрпеш оңай жау емес. Әдісін табу керек!».

Естен кетпесті еске түсіріп көрген сайын, сан алуан құбылыстар көз алдыңа, бірінен соң бірі келе береді, еш ұмыта алмайсың. Керемет десең, керемет! Қаншама тұлғалар театрдың абыройын асқақта­тып,  өнердің заңғар шыңына көтерді. Солармен қызметтес болып, сапарда жүргенде жүктерін көтеруге таласушы едік. Шежіре әңгімелерін тыңдау біздер үшін зор бақыт болатын. Олар жөнінде кітаптар жазылды, деректі  фильмдер түсірілді. Дегенмен насихаттау, кейінгі ұрпақтарға жеткізу жағы кемшіндеу…

 «Алдар Көседегі» Меңсұлу бейнесін жасаған кім?!

Сонымен осы жолы айтсам, өнерге шынайы беріліп, халыққа қызмет еткен апаларымыздың бірі – Күлзипа Сыздықова еді. Театрдағы атқарған рөлдерімен қатар, мен білгелі, жылда жаз бойы елді мекендерге үзбей шығатын. Ол кездегі сапар екі ай, керек десеңіз, үш айға созылатын. Елді аралап, өнер көрсету бағдарламаның негізі болатын.

Спектакльден кейін өзі ойнайтын гармонына қосылып, театрымыздың талантты актрисасы Күләш Сексенбаева екеуі қазақтың халық әндерін шырқайтын. Өзі 1914 жылы қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы елді мекенінде дүниеге келген. Алматыда арнайы студияда білім алып, Әуезов атындағы театрға 1936 жылы қабылданады. Алғаш­қы рөлдері Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарынында» Топай, бұдан  бергісі Ш. Құсайыновтың «Алдар Көсесіндегі» Меңсұлуды тамаша орындаған екен.

«Актриса ретінде комедия жанрымен қатар әр қилы, өткір мінезді рөлдерді  орындауы ғажап еді» дегенді замандастарынан көп естіп едік. Бір жолы апайлар  жайлы кішігірім әңгімеге куәгер болдым. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі әрі режиссер Оразхан Кенебаев:

– Сәбит аға, осы Күлзипа апа керемет актриса бола тұра жолы болмаған дейді, осы жайында не білгеніңіз бар? – деді…

Бұны естіген Қазақстанның халық әртісі Нүкетай Мышбаева менен бұрын сөзге араласып:

– Ой айтары жоқ, қалай десем екен, апамыз көңілді, ақжарқын, отырған жерінде әзіл әңгімесі­мен жұртты күлдіріп, мәз қылатын. Талай рет сапарда бірге жүрдік. Бірақ, бірдеңеге көңілі толмаса, шарт-пұрт болып ашуланатын-ды. Мінез ғой. Көбімізге байсалдылық жетіспейді. «Анадан артық болмасам, кем емеспін» деген кеуде бәрімізде бар. Бірақ, олай емес боп шығады, – деді.

Сәбит ОРАЗБАЙ, Қазақстанның халық әртісі

Өнер қайраткері қазақ театры мен кино тарландарының

сахна сыртындағы әзіл-оспағын, театрдан тыс тіршілігін,

өнер мен ұлттық дәстүріміз туралы ой-толғамын

әңгімесіне арқау етеді.

(Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *