Сотталып кеткен мердiгер немесе үлескерлер үмiтiн кiм жалғайды

Берiк СӘДУАҚАС

Бұрнағы күнi Демократия үйiнде 2004 жылы басталып, құрылысы күнi бүгiнге дейiн аяқталмаған «Тристар» тұрғын үй кешенiнiң үлескерлерi бұқаралық ақпарат құралдарын жинап, қалыптасқан түйiндi мәселенiң мән-жайын жария еттi және бұл тығырыққа тiрелген проблемаға қала Әкiмдiгiнiң жедел араласуын сұрады. «Тристар» тұрғын үй құрылысы кешенi» қоғамдық қозғалысының жетекшiсi Марина Погодаеваның мәлiм еткенiндей, 2004 жылы басталған кешен құрылысына 100 үлескер 1 шаршы метрге 1,5 мың доллардан 18 млн. доллар қаржы мөлшерiн бас мердiгер «Трансстрой» компаниясына тапсырған. Бiр жыл өткеннен кейiн құрылыс нысанын «Қазтранском Сервис» серiктестiгi сатып алған. Екi арадағы келiсiм-шартқа сәйкес тұрғын үй кешенi 2006 жылы қазан айында пайдалануға берiлмек болатын. Алайда, 2005 жылы «Қазтранском Сервис» мердiгер компаниясының бас директоры Сергей Цой алаяқтығы үшiн 14 жылға сотталып кете барған. Нәтижесiнде, құрылыс жұмыстары мүлде тоқтап қалған. – 20 қабаттық 4 зәулiм тұрғын үйдiң қазiргi жағдайы 5-6 қабаттың ғана деңгейiнде. Сергей Цой сотталар алдында кешен құрылысын кепiлге қойып, «БанкЦентрКредит» қаржы институтынан 13 млн. доллар несие алыпты. Оның үстiне жер телiмiнiң табан астынан табылған қазiргi қожайыны жер үшiн 2-5 млн. доллар тағы талап етiп отыр. Бiз өзiмiз мердiгер компания тауып едiк, бiрақ құрылыс нысанын кепiлге алып отырған «БанкЦентрКредит» басшылығы құжаттарды 1,5 жылдан берi созғылап, құрылысты жалғастыруға мүмкiндiк бермей отыр. 2009 жылы жарық көрген «тоқтап қалған құрылысты мемлекетке өткiзу туралы» Үкiметтiң арнайы қаулысы бар. Бiздiң, мемлекет басшысынан, қала Әкiмiнен өтiнерiмiз, осы мәселеге араласып, iркiлiп қалған құрылыс нысанын қала билiгi өз қанатына алса, құба-құп болар едi, – дейдi үлескерлер сенген сенiмдi өкiл. Үлескерлер брифингiнде «Самал-2» ықшамауданында орналасқан «Тристар» құрылыс кешенiнде әу баста құрылысы аяқталмаған балабақша нысаны болғандығы айтылды. Тоқтап қалған құрылыс нысанын жер телiмiмен бiрге 1999 жылы Амангелдi Ермегияев жетекшiлiк ететiн «Алматы құрылыс» компаниясы сатып алған. Аз уақыттан соң бұл нысан «Алматы құрылыс» холдингi құрамындағы «Трансстрой» серiктестiгiне өткен. Ал бұл құрылыс компаниясы жұрттан 18 млн. доллар валютаны жинап алып, басталған құрылыс кешенiн «Қазтранском Сервиске» аудара салған. 2006 жылы компания банкрот болып, оның басшысы 14 жылға сотталып кете барады да, ендi құрылыс нысанына емес, тек жер телiмiне «Трансстрой» ие болып шыға келедi. Шыны керек, геометрия заңдылығына түзелген құрылыс құйтырқысының шытырман шимайын құзырлы құқықтық органдар тарқатпаса, анау-мынау қарапайым азаматтың әл-дәрменi жетпейтiнi әбден белгiлi. Марина Погодаева қаңғып кеткен 100 үлескердiң айқай мәселесiне Үкiмет, қала билiгi араласпаса, жаппай аштық жариялайтындарын да ашық айтты. – Талап бiреу, ол – дауға айналған құрылыс алаңы мемлекет қарауына өтуi тиiс. Сонда ғана үлескерлер мәселесi шешiмiн табады. Жетi жылдан берi әуре-сарсаңға түскен үлескерлердiң тiлегi осындай.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *