Шукшинді не үшін өлтіруі мүмкін?..

немесе қаламгердің құпия қазасы туралы

Осыдан 45 жыл өтсе де жазушының табынушыларын оның жұмбақ өлімі әлі де ойландыратын көрінеді.

1974 жыл, 2 қазан. Белгілі режиссер, актер, қаламгер өмірден озды. Ресми дерек бойынша, жүрегі тоқтап қалған. Алайда, күні бүгінге дейін оған әдейі қастандық жасалды деген әңгіме тоқтар емес. Бұл күдіктің қаншалықты негізі бар.

1974 жылы ресжиссер Сергей Бондарчук Донда «Отан үшін от кешкендер» фильмін түсірді. Фильмге В.Тихонов, Бондарчуктің өзі, Ю.Никулин, Н.Губенко, И.Смоктуновский, А.Ростоцкий, Е.Самойлов, И.Лапиков, Г.Бурков, Н.Мордю­кова, И.Скобцева және басқалар түсті. Шукшин басты рөлдердің бірі жауынгер  Лопахиннің бейнесін сомдады. Артистер Клетск стансасының жанындағы «Дунай» теплоходында тұрды. Фильм біткенімен, бірнеше эпизодтар қалған. 4 қазанда Шукшин Мәскеуге қайтуы керек еді.

2 қазан күні таңғы сағат төртте Бурковтың сөзімен айт­қанда, дәлізге шыққан. Шукшиннің жүрегін ұстап тұрғанын көреді. «Валидол көмектесетін түрі жоқ. Басқа ащылау ештеңе жоқ па?» дейді ол. Сол күні фельдшер де болмаған. Бурков біреуден бір тамшы бірдеңе тапқан болады. Шукшин соны ішеді де ұйықтауға кетеді. Таңертең оны соңғы түсірілімде күтеді. Келмейді. Сағат 11.00-де каютадан өлі күйінде табады. Арқасымен, қозғаусыз жатыр.

Сүйегін Волгоградқа алып келіп, дәрігер ашып қарайды. «Жүрегі тоқтап қалған» деген диагноз қойылады. Волгоградтан табыт салынған ұшақ Мәскеуге жөнелтіледі. Достары оны қанша тексертуге ұмтылғанымен, өлімі жөнінде қорытынды жасалып қойғаннан кейін, қайта келісім болмады.

Нонна Мордюковамен бірге ойнауға тиісті екі көрініске Ю.Соловьев түседі, дыбыстаушы И.Ефимов болды. Демек, фильмде Василий Макарович басқа дауыста сөйлейді. СССР-дің кинотеатрында аталмыш фильмді 40 млн. көрермен көрді.

– Шукшинді қолдан өлтірді дегенді мен бірінші рет қайта құру кезеңінде естідім, – дейді Е.Черных. («За что могли убить Шукшина?» мақаласының авторы. «КП» – 2-9.10.2019. Бұл деректер сол мақаладан алынып, аударылып отыр). – Мұны маған оның ең жақын досы, оператор Анатолий Заболоцкий айтты. Оның Мәскеудегі пәтеріне «ауыл» жазушылары В.Астафьев, В.Белов, В.Распутиндер тоқтаған. Бірде Астафьев пен Анатолий бар Шукшин жөнінде сөз болды. Анатолий күтпеген жерден оны улап өлтірді деді. Шынымды айтайын, мен есеңгіреп қалдым. Әлгі «ауылдықтар» да оны қолдады.

1996 жылы Волгоградта Шукшин күндері өтті. Бір оңтайы келгенде мен Заболоцкийдің күдігінен Лидия Федосеева-Шукшинаны хабардар еттім. Ал оның маған қайтарған жауабы тіпті таңқалдырды. «Мен бұл сөзіңе сенемін. Сол түні оны өлтіріп кеткен. Васяның өзін кейінгі кезде сондай үрей билеп алған еді. Ол маған зорлықпен өлтірілген туыстарының тізімін көрсететін. Әкесі, жеті ағасы, екі немере ағасы. Мен де солардың тағдырын кешем бе деп қорқатын. Оның соны сезгені, сол күнді күткені анық. «Тезірек оралса екен, ештеңе болмаса екен» деп ойлаумен болдым. Ол жүректен кетті деп жатыр ғой. Оның жүрегі ауырмайтын. Менің шешем «Вася сен сондай әдемісің!» дейтін. Сонда Вася «Бұл жусан ғой. Мен сондай мықты, денсаулығы зор даланың жусанымын ғой» дейтін. Ол Бондарчук түсірген қырғын соғыс түсіріліміне қарамастан өзін өте жақсы сезінді. Тіпті, Бондарчук оны фильміне түсірер алдында Орталық Комитеттің ауруханасында арнайы тексеруден өткізген болатын. Дәрігерлер жүректе ешқандай ақау жоғын айтқан. Мен де әлі күнге дейін кардио­граммасы сақталған. Бір таңқалатыным: С.Бондарчук, Г.Бур­ков, Н.Губенко, Ю.Никулин, В.Тихонов қайсысы болсын менімен кейінірек кездеспеді де және сол түн туралы тіс жармады. Мен олардан сол түні не болғанын айтады ғой деп көп үміттеніп едім. Бурков бізге әйелімен, баласымен, күйеу- баласымен келеді. С.Бондарчукпен сол фильмді бірнеше фестивальге апарып, кездесіп жүрдік. Бәрі менімен кездесуден қашқақтайтын тәрізді. Неден қорқады, білмеймін», – дейді актердің жары.

Сол 1996 жылы Волгоградта өткен Шукшин күндерінде Лидия Николаевна мені Шукшин орталығының директоры Н.Дранниковпен таныстырды. Ол маған сонда не айтты десеңші. «Фильмді біздің стансада түсірді ғой. Тұрғындардың көбісі жалпы көрініске түсті. Оның өлімі бәрімізді есімізден тандырды. Мұнда әлі күнге дейін түрлі әңгімелер желдей есіп жүр. Ол негізсіз де емес. Евгения Яковлевна Платонованы куәгер ретінде алып кетті. Ол кісінің айтуынша, «Дунайға» келгенде каютада шашылып жатқан жүктерді көрген. Біреу бірдеңе іздеген сияқты. Ал Шукшин болса үн-түнсіз жатыр. Осы сәт криминалистердің суретіне ілінбей қалған.

Тағы бір күдіктенетінім, біздің етіктеріміз таза болды. Оны жуып керегі не еді? Таңертең қайтадан түсірілімге кетеді? Осында да бір күмән бар», – дейді ол.

– Мен Платоновамен кездесе алмадым, жолымыз түйіс­педі, – дейді Е.Черных. – Васяның жақын досы Алексей Ваниннің сөзінің де жаны бар. Ол да осы фильмде шағын кейіпкерді ойнады. Бірақ ол Мәскеуге ертерек кетіп қалған. Егер сонда болғанымда, мұндай жағдай болмас еді деп өкінеді. Ол да Шукшинді қолдан өлтірді деп ойлайды.

Шукшиннің жесірінің айтуынша, Васяның кардиограм­масы жақсы болған. Оны оператор А.Заболоцкий де растайды. Алайда, «Өлім себебі» анықтамасында «жүректе ақау болған» деп қаламмен жазылған. Оның алдында дәрігер: «Жүрегің жақсы. Әзірге кофеңді іше бер, ал темекіні таста» деп ескерту жасаған. Василий Макарович темекіні бірінен соң бірін үздіксіз тартқан. Алайда, ол асқазан жарасымен көп қиналған. Сөйткен Шукшиннің ішін жарғанда тағы да «жүрегінде ақау болған, асқазаны сап-сау» деген диагноз қоюы күдік туғызбай қоймайды.

Шукшин арақты көп ішті, сол түні оның түбіне жеткен ішімдік еді деген өсек те гулеп тұрды.

– Сандырақ, – Вася сегіз жыл бойы бір тамшы ішкен емес, – дейді Лидия Николаевна.

А.Заболоцкийдің айтуынша, ол 1969 жылдан бастап арақты аузына алмаған. Тіпті, өзінің туған күндерінде достарына бір тамшы қалдырмай құйып, өзі ішпеген. Тіпті, Чехословакияда болғанда атақты чех сырасын да ауызға алмағанына таңқалады. Ол бірде Анатолийға: «Мен Есенинді емдеген дәрігердің әңгімесін тыңдаған соң арақты бірден тастадым. Содан бері өз денемді және тілімді күтуді қолға алдым. Өшімді жұмыстан аламын» депті. Оның шынында да кофе мен темекіні тастауға жігері жетпепті.

Мына бір сөзі тіпті елең еткізеді. – Мен 75 жасқа келемін, – депті ол. 73-ке келгенде ептеп самогон, арақ ішуді бастаймын, бірақ шампанский емес. Чехов өлерінің алдында неге шампанский сұраған.

Шукшинмен соңғы рет каютада бірге болған актер Георгий Бурков болатын. Бірақ ол оның жесірімен кездесуге үнемі бір сылтау тауып, қашқақтап жүрді.

– Шукшиннің өлімінде бәрібір құпия көп. Бұл жөнінде Бурков көп білетін еді. Бірақ ол бар жұмбақты өзімен бірге алып кетті. Біз оны жиырма мәрте шақырған шығармыз. Ол талай рет келісіп, келмей қалды, – дейді А.Ванин.

Бурков Шукшин туралы сұрай бастасақ дызалақтап, қызарақтап кететін көрінеді. Әр нәрсені айтады. Бірде түнде каютаға келсем бір кесе кофе тұр. Шукшин оған тапсырыс бермеген десе, таңертең сол кесе ізім-ғайым жоқ боп кетті дейді. Ақыры Бурковтың өзі 57 жасында «жүрегінде ақау болған» деген диагнозбен өмірден озды. Қысқасы, ол өлтірген адамды көрген. Өйткені, көрші каютада болған. Ал өлтірген адам бұны қатты қорқытқан тәрізді.

Шығармашылық адамының ойламайтыны болсайшы. Шукшин туралы: «ЖЗЛ» сериясымен арнайы кітап жазған жазушы Алексей Варламов қызықты мәлімет келтіреді. Оның арманы Степан Разин туралы фильм түсіру болды. Осы фильмде ол бар шындықты жайып салғысы келген. Содан ба екен, жаулары да көбейген. Әсіресе, Ресей қоғамы туралы көп айтқысы келген. Бұл фильмді түсіріп, мақсатына жетсе, одан әрі өмір сүрмесем де болады деп ойлайтын көрінеді. Ол өз өмірінің аңызға айналғанын ұнатқан. Оған оны біреудің өлтіріп кеткені де ұнаған көрінеді.

Қысқасы, оны өлтірген кім? Конспирологтар түрлі болжам айтады. Билік, русофобтар, бәсекелестер, көреалмаушылар… Алайда, оның өлімінің себебін Степан Разин туралы фильмді түсіруге келісім алуымен көп байланыстырады. Фильмнің сценарийінде Ресей билігі, тарихы туралы ауыр сөздер көп болған.

– Ол неге «Степан Разинді» түсіруге сонша құштар болды? Бұл фильм елдегі былықтар туралы болмақшы еді. Еліміздегі болып жатқан әділетсіздіктерге оның жаны шыдай бермейтін. Сондықтан оған бұл фильмді түсіруге ұзақ уақыт рұқсат бер­меді. Ал рұқсат берілгеннен соң көп ұзамай оны өлтіріп кетті. Фильмді 1970 жылы аяқтау жоспарланған еді, – дейді А.Ванин.

1970 жылы көркемдік кеңес Горький киностудиясының фильмге байланысты дайындық жұмыстарын тоқтатып тастады. Сценарийдегі кейбір зорлық-зомбылықтар ұнамаған. Бірақ Шукшин алған бетінен қайтпайды. Саяси Бюро мүшесі, РСФСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Г.Вороновпен кез­десуден соң Мемлекеттік кино оның сценарийін қабылдайды.

Алайда, 1968 жылғы Париждегі дүрбелеңнен кейін бүлікшіл туралы фильм түсіру билік үшін аса қауіпті саналады. Дейтұрғанмен, Васяны тоқтату мүмкін емес еді. Ол күні-түні осы фильммен ауырды. Бұл кезде оны «Отан үшін от кешкендер» фильміне түсуге жіберді. Алайда, ол «Мен ол фильмге түсе алмаймын, мен Разинге кірісуім керек» деп қасарысты. «Фильмге түсіп біткен соң, бұл фильмді қолға аласың» деп Мемлекеттік кино төрағасы Ермаш алдап соқты.

Оны өміріндегі басты фильмді түсіру үшін тоқтататын бір-ақ нәрсе өлім еді. Ол тоқтатты. Бәлкім, тоқтаттырды.

 

P.S. Тағы да кездейсоқтық па, не дейсіз, өзіңіз білесіз. Шукшиннің санасында өлім туралы ойлау жиі болған. Оператор А.Заболоцкийдің мына әңгімесіне қараңызшы.

– 1974 жылы екеуміз Новодевичье монастырының тұсынан өтіп, «Мосфильмге» келе жаттық. Ол көңілді еді. «Разинге» рұқсат берілген. «Сыйақы, орден дегеннің түкке керегі жоқ. Егер «Разинді» түсірсек, жеңісіміз сол болады, «Новодевичьеге де бара беруге болады» деді.

Новодевичье – СССР-дағы ең атақты зират еді. Бір ай өтпестен біз оны сонда жерледік. Мұндай мистикалық ойлау сол сәтте ғана айтылған жоқ. «Отан үшін от кешкендер» фильмінде Шукшиннің әйеліне жесірдің рөлі ұсынылды. Лидия Николаевна бірден бас тартты. Оған ол «сен жесірді емес, әйелді ойна» деді. Фильмнен соң ол онсыз да жесір болып қалды.

Өлерінен бір күн бұрын Василий Макарович бояну бөлмесінде отырды, – деп еске алады Юрий Никулин. – Ол темекі қорабының сыртына бірдеңелерді сала бас­тады. Бурков оған «не салып отырсың?» деп еді, «көр­мейсің бе, тау, аспан, жаңбыр, қысқасы, жерлеу… «Тұ­манды өлім» картинасы.

Бурков оған қатты жекіп, қорапты жыртып қалтасына салып алды.

Сол күні соңғы кеште Бурков пен Шукшин станса­дағы бір танысының моншасына барады. Қайтар жолда жүргізуші мысықты басып кетеді. Жақсы ырым емес. Шукшин қатты толқиды. Таңертеңгісін ол көз жұмды.

Д.ҚОНЫС.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *