ШОҚАН ЖАЗҒАН ШАҺАР

Алматы Шоқан Уәлиханов мұраларында

14Биыл мың жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткелі отырған Алматының тарихында Шоқан Уәлиханов еңбектерінің де өзіндік орны бар.

Қазақтың көрнекті ағартушысы, этнограф, фоль­клорист, Шығыс Түркістан мен Қазақстан, Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуші Шоқан Уәлиханов – Шыңғысханның тікелей ұрпағы.

Омбыдағы кадет корпусын 1853 жылы сәтті аяқтаған 18 жасар Шоқан жастығына қарамастан, әдеби және қоғамдық қызметке бірден белсене араласып кетеді. Оның тарихи құнын әлі күнге дейін жоғалтпаған еңбектерінің бірқатарын Жетісуға қатысты жазбалар құрайды. Әсіресе, Алматы және оның төңірегінің табиғатын, сол табиғи ортаны жайлаған тұрғындардың өзі көрген замандағы әлеуметтік-экономикалық және тарихи-мәдени өмірін сипаттаған «Іле өлкесінің географиялық очеркі», «Ұлы жүз туралы», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Ұлы жүз қазақтарының шежіресі мен аңыздары» және тағы басқа еңбектері бүгінгі зерттеушілерге берер аса бағалы мәліметтерімен ерекшеленеді.

Талабы зор, таланты мол Шоқанның Жетісу жеріне келуінің өзі оның әскери қызметіне байланысты болса да ол  ел мен жер жайын жақсы білетін қазақтың білімдар ұлы екенін айқын көрсетеді. Шоқан Уәлиханов 1854 жылы алғаш К.Гутковский экспедициясы құрамында Қапалға келеді. Осы сапарында алғаш рет Ұлы жүз қазақтары туралы жазбаларын қағазға түсіреді. Ал Алматының дәл өзінде Шоқан Батыс-Сібір генерал-губернаторы Г.Гас­фордты алып жүрушілер құрамында 1855 жылы болады. Осы сапарда жас офицер губернатормен бірге Омбыдан Семейге, одан Аягөз бен Қапалға, одан әрі Іле Алатауы мен Алматыға келіп жетеді. Алматының төңірегін еркін аралап, мұндағы қазақтар өмірімен жете танысуға мүмкіндік алады. Осы тұста Алатаудың бөктерінде, көне Алматының төңірегінде патша өкіметінің әскерилері Верный бекінісінің іргетасын қалап жатқан-ды. Шоқанның алғырлығына риза болған генерал Г.Гасфорд та оның еңбектерін «орыс әскери қызметінде 2 жыл болғанына қарамастан, қазақтар жөнінде мәлімет беруде үлкен пайда әкелді» деп жоғары бағалап, 1856 жылы әскери лауазымын жоғарылатып, поручик шеніне ұсынады. Жалпы, Шоқан Уәлиханов замандас­тарын білімпаздығымен, байқағыш­тығы және ғылыми тұжырым жасай алатын қабілетімен таңқалдырып отырған.

Сол тұста Шоқан Уәлихановтың қызмет бабында жазған жазбалары патша шенеуніктері үшін кәдеге жараса, бүгінгі күні оның еңбектері қазақ зерттеушілері үшін таптырмас ғылыми олжаға айналып отырғаны анық. Дәлірек айтқанда, Алматы және оның төңірегі жөніндегі мағлұматтары байсалды да бұлжытпас дәлдігімен ерекше­ленеді. Шоқан ел жайын қашанда жер жайымен байланыс­тырып қарастырады. Алматының сол тұстағы жер жайын ол былайша сипаттап жазады: «Ең құнарлы да берекелі жер Алматы өзендерінің басталар жері болып табылады. Осы шатқалдардың екі жағында да орманның әрқилылығы соншама, қазақтар арасында бұл жерлер Шұбарағаш (шұбарлы орман) яғни, әртүрлі ағаштар деп аталады. Мұнда таңқурай да, қарақат та, жабайы раушан, қара жидек те бар. Алма мен өріктен жоғары қарай тікен жапырақты ағаштар орманы басталады. …Кейде осы жотаның едәуір биік жерінде таудан сарқырап түскен өзендерге су беріп тұрған әжептеуір көлдер жатады. Мысалы, Есіктің басталар жерінде Жасылкөл көлі бар… мұндағы табиғат гүлдерге әлдеқайда бай… тауда марал, таутеке және қазақтар аққұйрық деп атап кеткен тау ешкілер жайылып жүреді. Ну ішінде, терең шатқалдарда аю, жолбарыс (тек жазда ғана), борсық, қызыл түлкі және басқалары жүреді; қасқыр қисапсыз көп, тіптен, қара түлкі де кездеседі. Өзендерде кәмшат, ал қамыс арасында бұл елде мия өсімдігі тамырының көптігінен аса семіз болатын қабандар мекендейді. Аңғарда қоян, сусар, түлкі, кірпі, жабайы мысық, тасбақа және басқалары болады… Құстардың көптігіне сан жетпейді… Қамыс арасының дымқыл болуына байланысты жазда сона, маса, шіркей көп; оған улы жәндіктер: қарақұрт, бүйі мен бұзаубас қосылады. Шығысқа қарай барған сайын жер құнарлы бола түсетіні сияқты, қазақтардың өздері шығыс жақтағы жерлерді мақтайды».

Құнарлы топырақ еккен өнімнің мол шығуына да аз септігін тигізбейтінін байқаған Шоқан Уәлиханов «Егіншілік туралы» деген еңбегінде: «Қазақтар ташкент­тіктердің ықпалында бола тұрып, олардан бейбіт тіршілігіне қажетті егіншілік пен өнеркәсіп үлгісін қабылдамауы мүмкін емес еді. Қазақтардың егіншілік құрал-жабдықтары талапқа сай болмағанымен, Ұлы жүздің топырағы құнарлы жері диқандардың еңбегін ақтап, үнемі ғажап өнім береді», – деп атап өтеді. Ұлы жүзде егіншілік Ш.Уәлихановтың жазбаларына қарағанда, XVІІ ғасырда өмір сүрген Дулат руының Жаныс тармағынан шыққан Байғабыл деген кісінің кезінен шындап қолға алына бастаған. Байғабыл бастаған жаныстар өз туыстарынан қашып келген бір қалмақтың жәрдемімен алғаш диқаншылыққа бет бұрады, сондықтан жаныстар өздерін кәсіпқой егіншілер санатында мақтан тұтқан. Ал бидай себу кәсібі қырғыздар арқылы Қашқар жұртынан XVІІ ғасырдың басында әкелінеді. Ұлы жүз қазақтары диірмен жасау өнерінде, сондай-ақ, бау-бақша өсіруде ташкенттіктерден де, құлжалықтар мен қашқар­лықтардан да біраз тәжірибелер қабылдап алады. Жалпы алғанда, егіншіліктің Іле аңғарында, соның ішінде Алматы өңірінде сонау орта ғасырларда-ақ кең таралғанын Ш.Уәли­ханов өзінің келесі бір еңбегінде – «Жоңғария очерктерінде» баяндап өтеді.

Қазақтардың табиғат байлықтарынан қандай пайда тауып отырғанын да Шоқан естен шығармайды. Мысалы, Іле бойындағы ну қамыс арасынан жолбарыс пен сілеусін, қабылан сияқты жабайы аңдарды атып алып, мұндағы қазақтар терісін орыстарға күміс ақшамен 20 сомға сататынын көрсетеді. Ал ас дәмін келтірер тұзды мұндағы қазақтардың Іленің төменгі жағындағы тұзды көлдерден өндіретініне, ал қыста тұз жоқ кезде, оны сортаң жерлердегі топырақты қайнатып алатынына, оны «шылама» деп атайтынына, тамаққа жарамдылығы шамалы мұндай тұзға Боралдай төбелерінің маңы өте бай екеніне де назар аудартады.

Алматы мен оның төңірегінің ауа-райын Шоқан Уәлиханов, жалпы, жанға жайлы деп бағалайды. Дегенмен, патша әскерлерінің Алматы маңындағы 1853 жылы өткізген алғашқы қысы өте қатал болып, оның үстіне Қапалдың іргесі қаланған жылы да қар қалың түсіп, мұндағы ақсақалдар «орыстар қайда барса да қатал қысты ерте жүреді екен» деп ойлауына себепші болды деп ескерте кетеді.

Алматы және оның төңірегін қазақтар Үшалматы деп атаған, тіпті, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін қазақтар Үшалматы деген атауды ұмытпаған. Мысалы, 1915 жылы Сібірге жер аударылған, Жетісуға танымал әнші, сазгер Бейсебай Қаратаев «Үшалматы» деген ән де шығарған. Алыс-жақын көршілер да осылай атағаны сол заманда жазылған еңбектерден белгілі. Қытай деректерінде, қалмақтардың осы алмалы өңірді «Гурбан Алимату», яғни, Үшалматы шатқалы (дәлірек аударғанда, Үшалматы шатқал) деп атағаны айтылады. Ал Ш.Уәлиханов бұл атаудың Алматы арқылы ағып өтетін үш өзеннің: Үлкен Алматы, Орта Алматы, Кіші Алматы атына байланысты шыққанына көңіл бөледі және өз жазбаларында Үшалматы өзені деп топтап көрсетеді. Үшалматы өзенінің Қаскелең өзенінің тармақтары екенін және олардың Ілеге Күнгей Алатау жағынан құятынын баяндап, қарындашпен сызбасын жасайды.

Ұлы жүз қазақтарының күшті қарсылығына қарамастан, 1854 жылы Алматы бекінісі салына бастайды. «Орыстар Жетісуға келгенде Ұлы жүздің дулат руының егін егетін жерінің ортасынан Верный бекінісінің негізін қалады. Бекініс жергілікті халық «қамал» деп атаған ескі Алматы қаласының орнына салынды», – деп жазады кеңестік дәуірдегі белгілі ғалым А.Бернштам. «Сондықтан да қазақтар мен орыстардың басым бөлігі бұл бекіністі «Алматы» деп атаған», – деп нақтылай түседі енді бір орыс әскери шенеунігі Л.Костенко. Ал Ш.Уәлиханов Верный бекінісінің үлкен керуен жолының бойында Қытайға сапар шеккен генуялық көпестер мен елшілер тоқтап өтетін орын ретінде қызмет еткен, сауда-саттығы өркендеп, барынша дамыған ортағасырлық Алматы қаласының ескі жұртында салынғанын жазып, Іле өзені бойындағы көне қала жұртының сызбасын салып көрсетеді және Алматының тұрған орны Шұбарағаш (сол кезде қазақтар бұл жерді осылай деп те атаған) жөнінде: «Шұбарағаш – шаруа­шылық жағынан алғанда, даланың бүкіл оңтүстік-шығысындағы ең бір жанатты жер»  деп бағалайды.

Алматы өзені бойын қоныс еткен қазақтардың рулық құрамын зерттей отырып, Ш.Уәлиханов олардың орналас­қан жері мен көші-қон жолына, тұрақтарына және егіншілік орындарын нақтылап сипаттайды. Сонымен бірге қазақтардың рулық құрамын көршілес қырғыздармен салыстырып отырады.  «Іле алқабын Ұлы жүздің албан, дулат атты екі негізгі рулары және қоныстары өзеннің сол жағымен ғана шектелетін шапырашты руының біраз бөлігі мекендейді. …Дулат қазақтары Ұлы жүздің басқа руларына қарағанда, саны жағынан да, жаугершілігі мен байлығы жағынан да ең қуаттысы. Олар албандардан бес есе, жалайырлардан үш есе көп, қалған кішігірім Ұлы жүз руларын атамағанда… Дулат, албан руларының кейбір аталары мен шапырашты руларының басым бөлігі Іленің оң жағалауында көшіп-қонып жүреді», –  деп жазады.

Алматы маңында болған оқиғаларды да Ш.Уәлиханов назарынан тыс қалдырмайды. Сондай оқиғаның бірін Ш.Уәлиханов «Ұлы жүз қазақтары туралы» атты еңбегінде былай деп баяндайды: «Ташкенттің атақты да, ақылды әміршісі Кұсбек кезінде Ұлы жүз бен қырғыздарға үлкен қолмен барған. Ол бірнеше бекіністер де салғызды, алайда, оған дейін де Қаскелең өзенінің жағасында 1774 жылы Ташкент мыңбасысы салдырған бекініс-қорған бар еді, бірақ, осы өңірдегі белгілі баукеспе Рүстем сұлтан деген бекіністегі барлық әскерді сатқындықпен бауыздап, қорғанды бұздырды. Іле өңіріндегі сол қорған-бекіністің қалдығы әлі күнге дейін бар».

Ш. Уәлиханов қысқаша әңгіме еткен осы бір оқиғаны мұрағаттық және тағы басқа да деректермен салыстыра отырып, түйінін тарқатып көрсетуге болады. Рүстем сұлтан туралы да бірқатар мәліметтер бүгіндері айқындалып отыр. Ол Ұлы жүздің дулаттың жаныс руына, соның ішінде көбіне қасқарау тармағына төрелік еткен. Оның тегі деректік материалдарда Тентекханов, Әбіл­пейісов, Асфендияров деген түрлі атпен беріледі. Рүстем сұлтан 1821 жылы қоқан­дықтарға карсы көтерілісті бастап шығып, жеңілген соң, Жетісуға келеді. Жетісуға келген соң да Алматы маңындағы Құсбек (Күшбек) салдырған бекіністі талқаңдап, Ш.Уәлиханов көрсеткеніндей, ондағы әскерді қырып салып, Қытайға қарай қашып кетеді. Ш.Уәлиханов Алматы маңында өткен бұл қанды оқиға қай жылы болғанын көрсетпейді. Алайда, мұрағаттық құжаттардың мәліметтері оқиғаның уақытын топшылауға мүмкіндік береді. Мұрағат деректеріне қарағанда, Алматы маңындағы бекіністе қоқандық 200-дей әскер болған және оқиға 1832 жылы орын алған.

Құсбек Рүстем төренің қолға түспей, қашып кетуін Саржан сұлтан Қасымұлынан көреді. Рүстем сұлтанмен жасырын байланыста болды, жазалаушы әскердің келе жатқанын жеткізіп қойды деген күдікпен Құсбек 1836 жылы Саржан сұлтанды және оның 2 бауыры мен 2 баласын зұлымдықпен өлтіртеді. Құсбек Саржан сұлтанның әкесі Қасым сұлтанды да жазала­мақшы болып, қуғыншы жібергенімен, ол сәйгүлігінің жүйріктігі арқасында қолға түспей, құтылып кетеді. Саржан сұлтанның тағы 2 бауыры Кенесары мен Көшек сұлтандар да Түркістан қаласында тұтқынға алынады. Сонымен бірге Құсбек Саржан сұлтанның 6 әйелі мен мал-мүлкін де иелігіне алып қояды. Рүстем сұлтан болса, Құсбектің үлкен қолмен Жетісуға өзін жазалауға келе жатқанын естіп, Саржанның және тағы басқа да төрелердің малын қоса айдап, Қытай асып кетеді. Кейіндері Рүстем төре Жетісуға қайта оралып, Кенесары ханға үзеңгілес болады және 1850 жылғы Ұлы жүз қазақтарының патша әскерлеріне қарсы күресі кезінде оның шұбар туы көтерілісшілердің қолбасшысы Тойшыбек бидің туымен қатар Үшалматы бойында көтеріледі.

Ұлы жүз қазақтарының ішінде өздерінің қаражатына қоқандық үлгідегі бекініс қамалдар салып алып, арлы-берлі жүрген керуендерден салық жинап, ауыл-аймағын асырап баққан ауқатты кісілер де аз болмаған. Жоғарыда аталған Рүстем төре салдырған бекіністің орнын 1856 жылы өз көзімен көрген Ш.Уәлиханов «кезінде өте берік бекініс болса керек, әлі күнге екі кіреберіс есігі сақталып қалған» деп жазған болатын. Рүстем бекінісі Түрген өзені бойында салынған.

Құлжадан Қоқанға баратын керуен жолының бойында орналасқан Рүстем бекінісінің биіктігі 3 метр, қабыр­ғаларының қалыңдығы 1,5 метр болған. Төртбұ­рышты болып қаланған қабырғаларының әрқайсысының ұзындығы 32 метрге жеткен. Бекініс кейін патша әскерлері талқандауына ұшырайды. Шоқан Уәлиханов Рүстем бекінісін осы талқандаудан кейін көрген.

Алматы маңындағы тағы бір бекініс жөнінде Ш.Уәли­ханов: «Кейіннен тек Тойшыбек бекінісі ғана қалды. Зекет жинаушылар жаңа заманда қалпына келтірген сол Тойшыбек бекінісі арқылы істерін жүзеге асыратын-ды, бірақ, ол қорған да 1851 жылы казак-орыс полковнигі Карбышев басшылық еткен орыс әскерлерінің күшімен талқандалады», – деп баяндайды. Бұл бекініс туралы, оны салдырған кісі туралы кеңестік дәуірде мүлдем беймәлім болып келді. Ш.Уәлиханов бекініс иесі Тойшыбектің кім екенін ашып айтпайды. Бірақ, оның замандастарының бірі, поляк революционері А.Януш­кевич «Ұлы жүз қазақтарының ең атақтысы» деп көрсетіп кеткен Тойшыбек бидің саяси келбеті қазіргі таңдағы қазақ зерттеушілерінің тынымсыз ізденістерінің арқасында көпшілікке кеңінен танымал болды. Ол 1783–1860 жылдар аралығында өмір сүріп, Алматы маңында (қазіргі Алматы облысы, Іле ауданы, Междуреченск селосы маңы) үлкен бекініс салдырған. Ұлы жүздің дулат руының ботбай аталығынан тарайтын Тойшыбек би патшалық Ресейдің жаулаушылық саясатына қарсы Үшалматы бойында 1850 жылы қол бастап шығып, жеңіске жетеді. Бүгіндері Тойшыбек бекінісі түбіндегі шайқастың картасы Ресейдің мұрағаттарының бірінен табылып отыр. Орыс қаруының беделіне нұсқан келтірген мұндай оқиғаларды патша әскери шенеуніктері ұзақ уақыт бұрмалап, жеңіліс Ұлы жүз қазақтарының сатқындығынан болды деп бұра тартқысы келгенімен, Ш.Уәлихановтың оны кейінгі ұрпаққа жұқалап болса да шет жағасын жеткізуден бас тартпағаны таңдандырады. 1851 жылы Ш.Уәлиханов нақты көрсет­кеніндей, патша өкіметі Карбышев бастаған қуатты әскери экспедицияның күшімен бос қалған Тойшыбек бекінісінің талқанын шығарады. Бекіністің бос қалу себебі қуатты әскери күштің келе жатқанын естіген Тойшыбек би бастаған Ұлы жүз қазақтарының біраз бөлігі Шудан ары қарай өтіп кеткендігінен болатын. Белгілі жағдайларға байланысты Тойшыбек бекінісі түбіндегі шайқастың тарихын кеңінен ашып көрсетпегенімен, Ш.Уәлиханов Ұлы жүз қазақтарының саяси өмірінде, жалпы, қазақ халқының жаулаушылық саясатқа қарсы күресі тарихында маңызды орын алатын осы бір тарихи оқиғаны кейінгі зерттеушілердің назарына салып кетуді жөн санағаны байқалмай қалмайды.

Алматы мен оның төңірегіндегі қазақтардың құрылыс өнеріндегі өзгешеліктерді сипаттауындағы Шоқанның байқампаздығы «Қазақ молалары мен жалпы көне ескерткіштері жөнінде» атты еңбегінде көрініс табады. Атап айтқанда, Ұлы жүз қазақтары Шу өзенінің ар жағында да көшіп-қонып жүргендіктен, Ташкентпен күшті бай­ланыста болатынын, сондықтан бейіттер Ташкент үлгісімен салынатынын, оны салатын шеберлер де алғашында Ташкенттен алдырыл­ғанын сөзге тиек етеді. Осы еңбекте көрсетіл­геніндей, Алматы маңындағы ең биік бейіт Абылай ханның немересі Құлан сұлтандікі болған.

Ұлы жүз қазақтарының шежіресі мен аңыздарына және мақал-мәтелдеріне де жете көңіл бөлген Ш.Уәли­ханов Алматы мен оның төңірегіне қоныстанған жұрттың рухани мәдениетінің жоғары деңгейін көрсетуді мақсат тұтқан. Шоқан Уәлиханов жазып алған Ұлы жүз қазақтарының ХІХ ғасырдағы мақал-мәтелдері көне дәуірден қалған бір шеті жәдігерлер болса, екінші шеті сол кездегі  мақал-мәтелдердің  қазіргі қазақ тілінде қолданыс аясынан шыға қойма­ғанын аңдауға мүмкіндік  береді. «Өлген арыстаннан тірі тышқан артық», «Өткір пышақ қынға қас, өтірік сөз жанға қас», «Сақтанғанды құдай сақтайды», «Жауда қалған бұлбұлдан, елге қайтқан ит озды», «Ана көрген тон пішер, ата көрген оқ жонар», «Патша болсам, май жер едім», «Тоймасқа берме, толмасқа құйма», «Жасың қырық­­қа келген соң, аяғыңа шідер түсер» деген сияқты мақал-мәтелдердің көбін Ш.Уәлиханов, өзі атап көрсет­кеніндей, сол кездегі әскери отрядтың аудармашысы И.Бардашевтен алған. Ыстықкөл сапарында бірге болған олардың арасында шығарма­шылық байланыс та орнаған. Ш.Уәлиханов Ұлы жүз қазақтарының мақал-мәтелдерінің қазақша нұсқасының аудармасын орысша нақты бере білген.

Қызмет бабымен Жетісу жерін жиі аралаған Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың соңында бүгіндері таптырмас ғылыми жәдігерліктерге айналып үлгерген өшпес мұралар қалды. Ұрпақтардан ұрпақтарға жеткен оның еңбек­терінде келтірілген Алматы мен оның төңірегі жөніндегі мәлімет­тердің де ғылыми маңыз­дылығы күн өткен сайын арта түспек.

 

Айткүл МАХАЕВА,

тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Әлем тарихы кафедрасының меңгерушісі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *