Сексені қатысып, сегізі чемпион болған…

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Футболдан ХХІ әлем чемпионатының басталуына бір айға жетер-жетпес қана уақыт қалды. «Алматы ақшамы» сол жарыс жалауын көтерер күнге дейін дүбірлі доданың арғы-бері тарихына статистикалық деректер арқылы шолу жасап отырады.

Осыған дейінгі 20 әлем чемпионатының финалдық турниріне 80 елдің құрамасы қатысқан (биыл бұлардың қатарына Панама мен Исландия қосылып отыр). Оның 35-і – Еуропадан, 13-і – Африкадан, 11-і – Азиядан, 10-ы – Солтүстік және Орталық Америкадан, 9-ы – Оңтүстік Америкадан, 2-уі – Аралдар аймағынан (Океаниядан).

Айтпақшы, футбол статистикасымен айналысушылар арасында КСРО (1958-1990 аралығы) мен Ресей (1994 жылдан бері қарай) құрамаларын жеке-жеке қарастыру үрдісі қалыптасқан. Өйткені, кеңес дәуіріндегі құрамада украин, грузин, армян, беларусь, т.б. ұлт футболшылары­ның қосқан үлесі қомақты еді. Сондықтан біз де бұл екі команданың көрсеткіштерін өз алдына бөлек жіктейміз. Баяғы Чехослова­кия құрамасының нәтижелері де солай, 1990 жылға дейінгі қалыпта қалды­рылған: кейінгі Чехия және Словакия командала­рының нәтижелері бөлек-бөлек есептеледі. Югославия құрамасының көрсеткіштері де 1998 жылғы нәтижелермен бірге тоқтады: ХХІ ғасырдағы Сербия командасы жеке ұжым ретінде қарасты­рылады. Хорватия, Словения, Босния – онсыз да дербес ұжымдар.

80 құраманың ішінде осы күнге дейін финалдық турнирлерде ең көп ойын өткізгені – Германия (106), ең көп жеңіске жеткені – Бразилия (70), ең жиі тең ойнағаны – Италия (21), ең көп жеңіліске ұшырағаны – Мексика (25), ең көп гол соққандары – Германия (224) мен Бразилия (221), мүлде доп соға алмағандары – Индонезия, Канада, Заир, Қытай, Тринидад және Тобаго (0).

Жиырма әлем чемпионатын біріктіре есептегенде жинаған ұпай саны жағынан үздік ондық былай орналасты (баяғы ескі жүйе бойынша: жеңіске – 2 ұпай, тең ойынға – 1 ұпай):

 

Биылға дейін осы 80 құраманың 8-і алтыннан алқа таққан. Оның ішінде Бразилия – 5 рет, Германия мен Италия – 4 реттен, Уругвай мен Аргентина – 2 реттен, Англия, Франция және Испания – 1 реттен чемпион атанған. Бәрі ұғынықты болу үшін кестеге назар салайық:

 

 

Финалға шығу жағынан Германияға жетер команда жоқ. Немістер өздері қатыс­қан 8 финалдың төртеуінде жеңіп, қалған жартысында ұтылған. Финалға үш рет қата­рынан шыққан да – солар. Кейін бұл рекорд­ты Бразилия да қайталады, атақты қорғаушы Кафу сол үш финалға да қатыс­ты. Пеле мен Кафу отанының еншісінде 7 финал (5 жеңіс), Италияда 6 финал (4 алтын) бар. Ал Уругвай өзі қатысқан екі финал­да да жеңіске жеткен. Англия мен Испания да өздерінің жалғыз (әзірге) мүм­кіндігін мүлт жібермеген. Чехословакия мен Венгрия қос финалда да ұтылған. Маң­дайының соры бес елі Голландияға кім-кім­нің де жаны ашитыны анық: олар өліп-та­лып жеткен үш финалда да жеңіліс тапқан…

Халықаралық футбол федерациясының шешіміне байланысты чемпионға – алтын, финалистке – күміс, үшінші орын алған ұжымға – қола медаль табысталып, төртін­ші орында қалған командаға арнайы есте­лік-сыйлық беріледі. Тек 1930 жылы ғана қола медаль сарапқа салынған жоқ: оны жартылай финалда ұтылған қос команда да иеленді. Ал 1966—1994 жылдар аралы­ғындаФИФА әлем чемпионына – алтын медаль, 2-орын алған командаға – алтын­датыл­ған медаль, 3-орын алған командаға – күміс медаль, ал 4-орын алған командаға – қола медаль тапсырып келді. Бірақ 1998 жылдан бастап, қайтадан бұрынғы жүйеге көшті.

Өздеріңіз көріп отырғандай, ең көп көрермен жиналғаны – 1950 жылғы финал. «Әйгілі «Мараканаға» 200 мың жанкүйер жиналыпты», «Жоқ, 220 мың екен» дескен мәліметтер де аз кездеспейді, алайда, солар­дың дені жай дақпырт, даңғаза шу болуы да мүмкін. Әйтеуір ФИФА-ның ресми хаттамасында «стадионға 172 722 көрермен жиналды» делінген. Біз соған сүйенеміз. Осының өзі – рекорд. Одан кейінгі орын­дарда – Мексика астанасын­дағы қос финал (1970, 1986). Енді бұл көр­сеткіш­терден асып түспек түгілі, қайта­лаудың өзі мүмкін емес секілді. Өйткені, қазір қауіп­сіздік шараларына көбірек бас қатыратын ФИФА стадион сыйымдылы­ғын 90 мыңнан асырмауды қадағалап отыр.

Ең көп (7) гол соғылғаны – 1958 жылғы шешуші кездесу. Бұ күнде финалда жеті түгілі, үш гол соғудың өзі арманға айналып бара жатыр. Қақпа торы бір рет те бүлк етпестен, алтын жүлденің тағдырын пеналь­ти сериясы шешетін шетін жағдайлар да кездесіп қалады.

Биыл қалай болар екен – көрейік…

 

Барлық финалдар:

 

 

Ескерту: қ.у. – қосымша уақытта; пен.пенальти сериясы бойынша.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *