Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды

Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік тұғырын бекіткеннен кейін қазақ зиялыларының халық таныған абзал ұлдарының есімі халықпен қайта қауышып, олардың рухани мұралары халықтың игілігіне айналуда.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жар­лы­­ғымен 1997 жылы 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып ресми түрде бекітілді. Бұл аталған шара еліміздің ертеңін ойла­ған, халқымыздың беткеұстар біртуар зиялы азаматтарының есімін халық­тың жүрегінде және Қазақстан тари­хында мәңгілік қалдыруға арналған игі бастама болғанын уақыт дәлелдеп отыр.

Саяси қуғын-сүргін құрбаны, Алаштың біртуар азаматы Жанайдар Сәдуақасовтың туылғанына биыл 120 жыл. Жанайдар Сәдуақасовтың саяси көзқарасы, ұлтты сақтап қалу жолын­дағы толағай еңбектері әлі де зерттеуді қажет ететін тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі. Бұл тақырып аясында отандық тарихшылардан академик Х.Әбжанов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, тарих ғылымының докторы С.Смағұлова сынды ғалым­дардың қатары белгілі. Академик Хангелді Махмұтұлы «Жанайдар есімі жұрт жадында жаңғыруы тиіс» атты мақаласында: «Туған өлкесі Қара­ғанды өңірі, еңбегін сіңіріп, терін төккен Астана және Алматы қала­лары, қала берді күллі қазақ жұрты мерейлі мезетті тұғырлы тұлғасының осы тойын лайықты атап өтсе, есімін елдің есінде қалдырып, болашақта көшелерге, мәдени және оқу-ағарту мекемелеріне (мектеп, орта-жоғары оқу орындары, кітапхана, мәдениет үйлері және т.б.) атын берсе, еңселі ескерткішін орнатса, күні кеше ғана өздері осы ұрпақтың бақыты үшін қаны мен жанын аямаған ата-бабаның аруағы оң жамбасына бір аунап түсер еді» деп тарихи тұлғаның рухына тағзым етуді жөн санайды.

Осыған орай, 2018 жылғы 24 мамыр күні Оңтүстік Қазақстан облыс­тық «Отырар» кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың ұлы есімін жаңғырту бағытында «Тәуелсіздік жаршысы» атты шара өтті. Тарихтың алдында ешбір кінәсі жоқ, саяси қылмыс құрбандары болған Ж.Садуа­қасов сынды мыңдаған азаматтарды жиі еске алып, ұлтқа сіңірген өнегелі істерінен тағылым алу бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Шара барысында Ж.Сәдуақа­совтың ұлт болашағы жолында сіңір­ген еңбек жолы тарихшылар тарапы­нан жүйелі зерттеуді қажет етеді деп сөзін бастаған тарих ғылымының магистрі, республикалық жас тарих­шы ғалымдар қауымдастығының мүшесі А.Оралова ұлт жанашыры Жанай­дар Сәдуақасовтың 1932-1933 жылдары аштық нәубеті жайлап, халық аштық пен жұқпалы аурулар­дан қырыла бастаған тұста еліне көмекке ұмтылған республика бас­шы­ларының бірі екендігін айта келе, Сәдуақасовтың өмір жолының алғаш­қы кезеңі С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» тарихи романыңда суреттелгені жайында жан-жақты тарқата баяндады.

Экономика ғылымының канди­даты, доцент Б.Әлімбеков, кітапха­на­ның ғылыми хатшысы З.Жантасова ұлттың бойында сан ғасырлар жинақ­талған рух пен мұраттың ұлы бұлқы­нысы болған Алаш қозғалысы мәсе­лесіне тоқталды.

Ж.Сәдуақасовтың қазақ халқы­ның мүддесі үшін атқарған қызметін жалпы оқырман қауым мен жастар арасында насихаттауға арналған шараны ұйымдастырушысы «Көрме­лік-бұқаралық сектор» жұмыста­ры­ның басшысы А.Арыстанова модера­тор міндетін атқарды.

Жанайдар Сәдуақасовтың қазақ тілін ресми іс жүргізу үрдісіне енгізуге сіңірген еңбегі,  ұлттық баспасөзді дамытудың басында тұрған тұлға­лардың бірі ретінде баспа жұмысын жолға қою және қазақ басылым­дары­ның санын арттыруда елеулі жұмыс­тар атқарғандығын тарих беттері растайды.

Саяси қылмыс құрбандары болған Ж.Садуақасов сынды мыңдаған аза­маттарды жиі еске алып, ұлтқа сіңір­ген өнегелі істерінен тағылым алу – бүгінгі ұрпақтың міндеті.

 

Ақнұр ОРАЛОВА,

тарих ғылымының магистрі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *