САҒЫНЫШ САЗЫ

(жан досымның рухымен сырласу)

Бұл өмірге кім келіп, кім кетпеген, тәйірі? Пешенеге жазғанын көріп, бірте-бірте арамыз селдіреп бара жатқа­ны еріксіз қобалжытады, иманыңды тәубеге әкеледі. Қайран мейірімсіз, тәкаппар дүние-ай!

Қатар жүрген хирургтар мен басқа да дәрігер­лер, бәріміз «Өмір­хан Сады­құлынан айырылып қалдық» деген суық хабарды естігенде, үстімізге жай түскен­дей болдық. Өмір­ханнан қапыда айыры­лып қалғанымызға нала болдық. Қай­ран, дүние, Өмірхан досымыз 66 жа­сында жасындай ағып өтті де кетті…

1969 жылы орта мектепті тәмамдап, қолымызға кәмелеттік  аттестат тиісі­мен әркім арман қуып, сан тарапқа жол тартқанбыз. Жүрегіміз лүпілдеп, қиялға қанат бітіріп, бір тобымыз сол кездегі астанамыз Алматыға жеттік.  Дәрігер  болам деген үмітпен медицина институ­тына құжат тапсыр­дым.  Жолым болып барлық сабақты сәтті тапсырып, студент атандым.

Кыркүйек айының басында бірінші курс студенттерін дәстүрлі ауылша­руашылық жұмысқа  – Шелек ауданы­ның «Балтабай»  темекі совхозына жіберді. Сол жерде жұмыс барысында еліміздің әр түкпірінен келген студент-жастармен танысып, біразымен достасып кеттік. Әркім әдетте досты өзінің мінезіне, жан-дүниесіне, ой-түйсігіне қарап таң­дайды емес пе?  Өмірханмен сол жерде танысып, мінезіміз жарасып, жақын тартып, сыйласып кеттік.

Өзі туып-өскен Қы­зыл­орда облысының  Қазалы өңіріндегі Қазалы қой совхозында, ондағы мектепте өткен сәттерінен, бала­лық шағының ауыр жылдарынан сирек­теу болса да мұңға беріле суыртпақтап әңгіме айтушы еді. Әкеден жастай қалса да, анасының ерлікке пара-пар ерен еңбегін, алыста қалған қиындығы көп күндерін күрсіне  еске алатын. Инсти­тут­та сабақ  оқу да оған жеңіл болмады. Барлық сабақ таза орыс тілінде өтетін, ана тіліміздің жетім­дікке ұшырап, озбырлықпен  тапталып, «абыройы» кеткен сұрқай заман ғой. Өмірхан болса қазақы ортада өсіп, ауыл мектебін қазақ тілінде тәмамдаған. Орыс тіліне шорқақ. «Мен орыс деген халықты Алматыға келіп көрдім ғой. Шынымды айтайын, Алматыға алғаш келген күндері тамақ ішпек болып асханаға барғаны­мызда «Вам что, молодой человек?» деп сұра­ған аспазшыға не айтарымызды білмей қысылып, «повторить!» деп, алдымызда кезекте тұрған адамның алған тамағын біз де алып, жеп-ішіп жүрдік.   Өйткені, қай тағамның қалай аталаты­нынан  хаба­рымыз жоқ. Кейін келе-келе биф­штекстің не екенін, котлеттің не екенін білдік,  рагу мен азуды бірінен-бірін ажырата бастадық», – деп күлдіретін бізді  ақкөңіл, аңғал Өмірхан ағынан жарылып.

Бес жыл  бойы жатақханада бір бөлмеде  мен, Ғабит, Шынарбай, Бақыт, Өмірхан бесеуіміз бес нояндай бірге тұрдық. Сырымыз да, жырымыз да бір болды. Киноға да, концертке де, театрларға да жұп жазбай бірге барамыз, бірге қыз­дармен серуендейміз. Сөйтіп жүріп сүйгендерімізге ғашық болып, өмірлік серіктерімізді таптық, үйлену тойла­рымызда  бір бірімізге асаба болып, той­дың  қызықты өтуіне барымызша қыз­мет еттік. Қайран қызығы мен қиындығы мол жастық шақ! Сәуірдің төгіп-төгіп өткен жылы  нөсер жауы­нын­дай  көз алдымызда сырғып өте шығыпты-ау…

Сынаптай зулаған уақыт дегеніне көндіріп, қызыққа, арманға толы қимас студенттік жылдар бір күндей зырлап өткендей. Қолымызға  диплом тигеннен кейін жастығымыздың уыз шағы өткен, өмірімізге үлкен естелік қалдырған Алма­ты шаһарымен қимай-қимай қош­та­сып, өмірдің үлкен жолына түсіп, дәрігерлік қызметімізді әркім әр өңірде 1975 жылы бастап кеттік. Мен Тараз қаласындағы облыстық ауруханаға, Өмірхан Алматы облысының Ұйғыр аудандық орталық ауруханасына хирург болып орналастық. Телефон шалысып, мән-жайымызды білісіп, сирек болса да хабарласып тұрдық. Өзінің ізгілігімен, қарапайым адами қасиетімен төңірегіне әрқашан нұрын шашып жүретін  азамат  Өмірхан сол Ұйғыр ауданының  ел-жұр­тына жағымды мінезімен, елгезекті­гімен, кәсіби шеберлігі мен біліктілігі­нің арқасында тез сіңіп кетті.  Күн мен түнді біріне-бірін ұрып, уақытпен санаспай аудан көлемінде хирургиялық көмекті жетілдіріп, диагностикалық және емдік жаңа тәсілдер  енгізіп, ола­рынан  жақсы нәтижелер алып,  елдің ортасында «жеңіл қолды оташы» ата­нып, көпшіліктің сый-құрметіне бөлен­ді, беделі жылдам өсті, сыйласатын достар тапты. Ардақты жары дәрігер-педиатр Ақсүлік екеуі Айгүл, Алмас, Әсем, Аделина атты ұл-қыздарын өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздары жетіліп, алдыңғылары мектеп бітіре бастады. Балапандарына  тиянақты, жоғары білім беру үшін бауыр басып қалған Шонжасымен қоштасуына тура келді. Сөйтіп, Алматыға қоныс ауда­рып, облыстық ауруханаға эндоскопист, хирург болып орналасты. Тағы да сол қанға сіңген әдет: аурулар үшін жан-тәнін аямай, уақытпен есептеспей, күн-түн демей пациенттерге қажетті меди­циналық көмек көрсету, эндоско­пия­лық зерттеу жүргізу, бір отадан шыға салып, екінші отаға кірісу…

Алматыда конференциялар мен жиындарда кездескен сайын өткен-кеткенді еске алып, ой-пікірлерімізбен алмасып, сырымызды айтып, мерейіміз бір тасып қалатын. Өмірханды бір көрген адам бір басымен осыншама ауыртпалықты көте­ріп жүрген азамат екенін аңғармай­тын. Басына түскен ауыртпалықты бөгде біреуге айтып күйреп, күйінбейтін. Онысын өзгелерге сездірмейтін. Қашан да жайдары, жайсаң мінезімен маңын­дағы үлкен-кішімен қалжыңдасып, «қа­рағым» деп сөз бастап, әзілдесіп жүре­тін. Оның қарапайым әзіл-қал­жың­да­рында орны­на, уақытына орай дөп басу тапқырлығы мен шешен­діктің ізі бола­тын. Оның сол сөздерінде көп­сөзділік емес, шынайы шындық жата­­тын.

Талпынып, алға ұмты­лып, талмай ізденудің арқа­сында бірер жылда про­фессор Қалыбек Дүрменов­тің жетекші­лігімен «Сары фосформен созылмалы улан­ғанда болатын тоқ ішектің мор­фо­функционалды өзге­рістері» атты тақы­рыпта кан­­дидаттық диссертация қорғап, медицина уни­вер­ситетінің студенттеріне дә­ріс оқып,  көп уақыт өтпей, доцент деген ғылыми атаққа ие болды.  Ғылыми ізде­ніс­терін жалғастырып, мақала­лары бірінен соң бірі басы­лымдарда жария­ланып, біраз шәкірттер дайындады. 2013 жылы профессор атағына ие болды.

Ұйғыр ауданын ол «Ме­нің екінші кіші Отаным» деп мақтанышпен атайтын, көп­теген азаматтармен сыйласа­тын. Оның сол зор, ерен еңбе­гін бағалап, Өмірханның 60 жасқа толуы қарса­ңын­да аудан мәслихатының шеші­мімен «Ұй­ғыр ауданының Құрметті азаматы» деген атақ беріліп, құрметтеп, сый-сияпат жасады.

Жүрегіміз де, тілегіміз де бір Өмір­хан дүниеден озды дегенде, мына дүние төңкеріліп түскендей болып, ауыр қайғының ащы запыраны лықсып кеңір­дегіме шейін келді. Бірге өткізген өміріміздің бүкіл ащы-тұщысы өксік болып өрекпіп, бүкіл кеудемді кернеп, жанарымнан жас боп төгілді. Пейіліңе қарай сені соңғы ақтық сапарға шыға­рып салуға жолдас-жора, ағайын-жек­жат алыс-жақыннан тайлы-таяғы қалмай келді. Соңғы сапарына шығарып  салуға келген қарақұрым халықтан  көз тұнғандай болды. Соны көріп  сенің сыйлы, абыройлы, қадірлі екеніңді ұғып, «пейіліңе әлем сыйғандай екен-ау» деген ойға қалдық. Сен туралы жү­рек тебірентер  небір  естеліктер айтыл­ды, іштей егілдік, көз жасымызға ерік бердік, жанымыз ауырды. Кең әлем бір мезетте тарылғандай, күн тұтылғандай сезілді сол сәтте. Мына бес күндік дүние­нің шолақ екенін ұқтырғандай болдың, досым. Жазмыштың жазғаны ғой деп өзімізді жұбатып бақтық. Әттең, біраз армандарыңа жете алмай  о дүниеге мезгілсіз аттанып кеттің-ау, достым. Өміріңнің шорт кесілетінін кім білген? Алматыға барғанда достықтың қадірін, адамның парқын білетін, жаман­дыққа жаны қас, әркез арса­лаңдап, бар көңіліңмен ашық-жарқын қарсы алатын, жүрегіңде жиналып қалған сан түрлі сырлы әңгімелеріңді, ой-пікіріңді төгілтіп, таңды таңға ұрып бір сейіліп қалатын, жолға мені қимай шығарып салатын сен жоқсың енді, сәби жүрек жан досым менің.

Жаралы жүрек Алматыға барған сайын сені іздейді, сапырылысып жатқан үлкен қала кейде мен үшін тым көңілсіз, сиықсыз болып кеткендей болады…

Сені Кеңсайдағы мәңгілік мекеніңе – қара жер құшағына тапсырып тұрып та көз жасым еріксіз көл боп ақты. Сен енді сүйікті Алматыңа биіктен қарап, шексіз аспан әлемінде елдің тыныс-тір­шілігін көктен біліп, о дүниелік болған аяулы анаңмен, туыстарыңмен, доста­рың­мен сонда тілдесерсің. Жатқан же­рің жұмсақ, жаның жұмақтың төрінде болсын, бауырым!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина  ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *