Сағына білу де – жүректің тазалығы

«Ақшамның» 30 жылының 29 жылын еншілеген корректор туралы мөлтек сыр

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Алматыдай сұлу шаһардың жаршысы, қоғамдағы сан салаға үн қосып жүрген, шығармашылық әлеуеті бекем «Алматы ақшамы» газетінің шыққанына биыл – 30 жыл. 1-нөмірі 1988 жылы 1 шілдеде жарық көрген болатын. Сол жылдың қыркүйегінде газетке корректор болып орналасқан Гүлбаршын Ахметова бұл басылымда бақандай 29 жыл еңбек етіпті! Аз уақыт емес. Бүгінгі 30 жылдың 1 жылы ғана кем.

Гүлбаршын Әбішқызы газеттің төрт басшысымен де (олар: Максим Сәрсенов, Исламғали Бейсебаев, Ерғали Сағат және қазіргі директор-Бас редактор Қали Сәрсенбай) әріптес-қызметтес болған күндерін әлі күнге үлкен мәртебе, абырой санайды.

 Гүлбаршын Ахметова 1981 жылы Қыздар педагогикалық институтының филология факультетін бітірді. Тұрмысқа шығып, тұңғышын сүйді. Алматыда ол кезде қазақ мектептері тым аз еді, мұғалімдік орын табыла қоймаған соң, балабақшаға тәрбиеші болып орналасты. Екінші баласы өмірге келді. Енді өз мамандығы бойынша жұмыс іздеуге талпынып көрді.

Сөйтіп жүргенде «Социалистік Қазақстан» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетіне корректор болып кірді. Қателерге қырғидай тиетін корректордың жұмысы оңай емес. Асқан сауаттылық, қырағылық керек. Әсіресе, газет шығып жатқан күні, нағыз шаршайтын қарбалас шақта қате деген ұры көзіңді байлап тастауы мүмкін. Корректорларды, бір жағынан, газеттің, нөмірдің сақшысы десек те қателеспейміз.

Сауаттылықты жаны сүйетін Гүлбаршын апай жұмысын өте жақсы көрді. Ал жаныңызбен жақсы көріп істеген істен береке табатыныңыз анық.

***

Көп уақыт өтпей «Алматы ақшамынан» дәм-тұз бұйырды. Елдің «Социалистік Қазақстандай» бас басылымында біраз тәжірибе жинақтап келгендіктен, сауатты қызметкерді ешкім жатырқай қойған жоқ, үлкен-кіші тегіс жылы қарсы алды.

Алғашқы күннен-ақ корректорлар бюросындағы өзінен бұрындау келген Баян Тәңірбергенова, Орынкүл Алдамжарова (марқұм), Үснижамал Махмұтова және Гүлзия апайлармен  тез тіл табысып кетті.

Ішіндегі ең жасы өзі болғандықтан, үлкендердің сөздерін екі етпей, құлдыраңдап жүгіріп кететін. Одан жаман болған жоқ. Алдыңғы толқын әпкелерден көп нәрсе үйренді. Кейін, ең қызығы сол, өзімен бір ауылдан түлеп ұшқан Толқын Молдажановаман 1992 жылдан зейнетке шыққанша бірге істеді. Толқын одан оншақты жасқа кіші болса да, екеуі бір-біріне бауыр басып, тең құрбыдай сөйлесіп, бірге тату-тәтті қызмет атқарды.

 ***

Апай үшін «Алматы ақшамының» орны өте ерекше. Себебі, жастық шақтағы және одан кейінгі саналы өміріндегі қызық-қуаныштарының бәрі осы газетте өтті. Балалары мектепке барды, аяқтанып, жоғары оқу орындарын бітіріп, ұлы үйленді, қыздары тұрмыс құрды. Сол қуанышты күндерін «Ақшам» өзімен риясыз бөлісе білді.

Жанболат отағасының да әлі күнге «Ақшамның» бір нөмірін жібермей оқитынын бұл отбасының төл газетке деген адалдығы деп таныған жөн шығар.

…Кіші қызы екі жаста болатын. Балабақшадағы кезегі келмей, баланы қалдыратын адам жоқ, жұмысқа ертіп келетін. Журналист Раушан Имашеваның сүйкімді бүлдіршінге (өзінде екі ұл бар) ерекше ықыласы ауып, мейірленіп отыратын. Кезекшілік кезінде Гүлбаршынның қызына арнайылап тәттілерін әкеліп, корректорлар бет оқып болғанша алдандырып, көңілін аулаудан жалықпайтын. Бір күні Раушан сөмкесінен бар бояуын шығарып, қалақтай қызды бояндырып қойған ғой. Бейне қуыршақ дерсіз. Әдемілікті  сезіне білген жұдырықтай бала да бетіндегі бояуды өшірткізбей, сол күні күні бойы дәлізде анасы екеуі қол ұстасып жүрген де қойған. Сонда бәрі күліп мәз болғаны бар.

***

«Алматы ақшамында» жүріп оның отаншылдық сезімі қалыптасты. Газеттегі мақалалардың қатесін, үтір-нүктесіне дейін тексере отырып, онда жазылған барлық тақырыпты, көтерілеген мәселені ой елегінен өткізе отырып, елінің, ұлтының  құндылықтарын  терең түсіне бастады. Оның жақсылығына сүйінді, «әттегенайларына» күйінді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Алматы ақшамына» жаңа серпін берді. Газет ұлттың жоғын жоқтап, барын түгендеуге атсалыса бастады. Қазақ тілінің мүшкіл халі, еліміздің шекарасы мен сырттағы қазақ ағайындардың түйінді мәселелері, ұрпақ тәрбиесі дейсіз бе, бәрі-бәрі газет бетінен түскен жоқ. Республика сарайында өткен ақындар айтысының толық мәтінін де ең алғашқы болып «Алматы ақшамы» жариялап отырды.

***

Газет шығатын күні беттер дайын бола қоймай жатса, жүгіріп барып хатшы қыз Қуаныштан (Хабаева) басқа газеттердің тігінділерін әкеліп қарайтын әдеті бар болыпты. Бір күні сол әдетпен газет тігіндісін ақтарып отырып, оның ішіндегі қызықты дүниелерге кіріп кеткені соншалық, Айша (терімші қыз) әкеліп қойып кеткен материалдар жөніне қалған, оқуды мүлдем ұмытып кеткен. Бірге отыратын Толқын әріптесі  еңбек демалысында жүрген-тін. Сағат тілі кешкі төртті көрсеткенде бет қаттаушы Ақмөр келмей ме, «апай, беттер қайда?» деп. Тікелей міндеті корректорлық екені сонда есіне түскен Гүлбаршын апай ләм-мим дей алмай, алдындағы ұмыт қалған беттеріне шұқшия кеткені бар.

Иә, ол көп оқиды. Оқу – хоббиі деуге де болады. Кітап болсын, газет-журнал болсын, қолы қалт етсе отыра қалып оқу – бала кезден келе жатқан әдеті. Оқушы күнінде кітапханадан кітап әкеле жатып, онысын үйіне жеткенше жолай оқып келетін. Талай рет алдында тұрған бағанды байқамай шекесін жарып алған кездерін қалай ұмытар.

***

– Үтір-нүктесіне дейін қатесіз жазатын журналистер?..

– Марқұм Марат Тұрапов ағамыздың, Кәдірбек Құныпияұлының, Шарафаддин Әмірдің (біразының атын ұмыттым) материалдарында ешбір қате болмайтын, олардың құнды материалдарын оқыған сайын бітіп қалмаса екен деп ынтыға оқи түсетінбіз. Одан кейін Қали Сәрсенбайдың жазған көлемді материалдары мен оймақтай ойларында, Әнуарбек Әуелбектің, Құттыбек Аймаханның мақалаларында ешбір қате болмайтын.

– «Ақшамға» не бердіңіз, «Ақшам» сізге  не берді?

– «Ақшамға»  мен жастығымды, жігерімді, білімімді, ықыласымды бердім. Жатсам да, тұрсам да «Ақшамның» тілеуін тіледім. Мен «Ақшам» арқылы рухани дамыдым. Біліктілігіме біліктілік қостым. Ол өзіме деген сенімімді арттырды. Ал «Ақшам» маған баспана берді! Ел алдында талай бағалы сыйлықтар мен марапаттарға ие болдым. Сондықтан да әлі күнге оның әр жетістігіне тілекшімін.

***

Біздің «Ақшамда» қаламы қарымды журналистер көп. Олар қала өміріндегі түйткілді мәселелерге белсене араласып, нәтижесінде небір өзекті тақырыптар көтеріліп, көптеген мәселенің түйіні тарқатылып, шешімін тауып жатады. Сондай істерде аса белсенді болған Нұржамал Байсақал, Ермек Зәңгіров сынды замандастарын, «Гүл-әпше» деп ылғи мерейін асырып жүретін Нұрлан Сүйіновты, Рая Ескендірді, сондай-ақ, Мәншүк Бекбосын, Әсел Дағжан, Айкерім Райысқызы секілді ибалы жас журналистерді сағынып отыратыны бар.

Айтпақшы, марқұм Сарқыт Ысқақова мен Шолпан Жұмаділова сынды замандастарының, сондай-ақ, бүгінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан журналист Құралай Иманбекованың осы газеттегі еңбек жолдары корректорлықтан басталған.

Иә, «Ақшамдағы» сол бір шақтарын, аяулы жандарды бүгінде қатты сағынатыны рас. Өйткені, ол күндер – жастығының, бақытты сәттерінің куәсі. Сағына білу де – жүректің тазалығы.

Гүлбаршын апай бүгінде зейнеткерлік демалыста. Корректор-зейнеткердің әр таңы жұбайына, балаларына, немерелеріне  арнап құймақ дайындап, ыстық шайын құйып беріп, сосын бірін жұмысына, екіншілерін оқуларына, түрлі үйірмелеріне шығарып салудан басталады. Бүгінгі бақытты сәттері де осындай таңдармен еселене түседі.

Мерекеңізбен, Гүл-апай!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *