САҒЫМДЫ САҒЫНАТЫН СУРЕТШІ Алпысбай Қазығұловтың шеберлігі елімізде ғана емес, әлемде лайықты бағаланып отыр

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма

 

Қайнар ОЛЖАЙ

Қазақстанның сурет өнері өте жақсы дамыған. Бұған бұрынғы Әбілхан Қастеев, Қанапия Телжанов, Сахи Романовтардың дәуірін айтпағанда, тәуелсіздіктен беріде Ерболат Төлепбаев, Жұмақын Қайрамбаев бастаған буын елеулі серпін беріп, соңынан тұтас толқынды бастап келеді. Ерболаттың шет елдердегі ең белгілі музей мен галереяларда көрме өткізуі, Жұмақынның ұлттық тарихты тереңнен тербейтін панорамалық туындылары ізінен ергендер үшін ерекше мектеп еді. Қазақ ұлтының бұрынғы болғаны мен қазіргі барын жарқырата көрсетуде көркемсурет мамандары театр, кино, әдебиеттегі тұлғалардан артық болмаса, кем еңбек етіп жатқан жоқ.

Осылайша қазақтың бейнелеу өнері жер жүзінде мойындалды. Аты аталған екі май­талман ғана емес, бірнеше ондаған сурет­шінің картиналары жоғары бағаланып, үлкен көрмелерге қойылды. Жеке коллекцияларға өтті. Аузы дуалы мамандардың жоғары баға­сына ие болды. Осы топта Алпысбай На­ғыметұлы Қазығұловтың жөні бөлек. Өзі де алпыстың асқарынан асқан қылқалам шебері нағыз бабына келген, шыңдалған шағында. Қырық жасқа жетпей-ақ басқаны қойып, біртуар қаламгер Шыңғыс Айтматовтың жоғары бағасын алғаны мәлім. Бұл – Еуропа Одағының астанасы саналатын Брюссель қаласында болған оқиға. Сондағы көрмеде басқа емес, заманның заңғар қаламгері, беріде әлемдік деңгейдегі саясаткер қазақ қылқалам шеберінің туындылары алдында жіпсіз байланғандай ұзақ тұрыпты. Бәлкім, ол кісі де бала кезінен жанына жақын са­ғымды салқар даланы сағынып жүрді ме екен?! Алыстан қарауытатын балбал тас, көз ұшында кеткен түйелі көш, сұлулығы дала гүлімен бірдей арулар, кимешегі қарқарадай биік, әрі сол қарқараның басындағы қардай әппақ әжелер көзіне оттай басылса керек. Көрерменнің пікіріне арналған қалың дәп­терде айтулы Айтматовтан айшықты қол­таңба қалуының себебін осыдан іздеу керек.

«Қазіргі заманның көрінісін дөп басқан картиналардан қазақтың дархан даласына, туған еліне, Жер-Анаға деген сүйіс­пен­шілік сезілетін Алпысбайдың картиналары мені бірден баурап алды. Сол күні автордың жеке көрмесінде онымен танысудың да сәті түсті. Суретшінің қылқаламынан туған дүниелерде жалғандық жоқ. Шығармалары бүгінгі заманның тілімен үн қатса да, баба дәстүрінен алыстап кетпеген. Қылқаламына тәуелді туындылар «модернистік» формада бол­ғанымен, тақырыбы бойынша әлем шешімін таппаған мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді: Біз не үшін өмір сүреміз? Сүйіспен­шілікті қалай түсінеміз? Адам табиғаттан жаралған ба, әлде жаратқан ба? Жан бар ма, әлде бұл жалған ба?.. Адамзат баласының ақылын алаңдатқан сауалдар. Тек өнер осын­дай таусылмайтын мәңгілік тақырыптарға терең бойлай алады. Алайда, шынайы шабыттан туған үлкен өнер ғана осы тектес сауалдарға жауап таба алады!».

Айтматовтың бағасын алған адамда арман бар ма?! Оның үстіне әдебиет әле­мін­дегі емес, басқа саладағы өнер өкілі болса! Ұлы жазушы, дарқан дипломаттың өз шығармаларына жоғары баға бергені Алпысбайды қанаттандырды. Бірақ осымен болдым, толдым деген жоқ. Шыңғыс Төре­құлұлы дәл көре білген «модернистік», яғни жаңашылдық бағытты жалғастырды.

Сурет өнерінің есігін қаққан кезінде өз ағасы Шархан Қазығұловтың портретін сал­ғаны бар. Сонда оның бет-келбетін дәл бей­не­леуге ғана емес, сол бейнеге асқақ роман­тика беруге ұмтылған. Алғашқы туын­ды­ларының бірі болған картинасы сонысымен ыстық, қадірлі. Содан кейін кескінді айнытпай беретін портрет салуды емес, арманды айшықтайтын романтиканы еселеуге ден қойды. Кәдімгі қаламдағы Оралхан Бөкейдің қылқаламдағы сапарласы, бағыттасы іспетті.

Бұл үшін қолайлы бағыт абстракционизм және сюрреализм еді. Бірақ ол нүкте мен сызық қуатын мағынасыз стильге жоламады. Әр туындысынан ұлттық рух сезіліп тұратын өз бағытын тапты. Басқаға ұқсамас бояуын байқатты. Бұл ізденіс ондаған емес, жүздеген картина арқылы алға жылжыды. Сондықтан кейде бұрынғы салынған жұмысының ізін жалғастырып, әрі қарай тереңдетіп, қоюлан­дырып, қайта оралатыны бар. Бұл – қазақ суретшілерінде кездесе бермейтін сирек қасиет. Өнердің басқа саласындағы атасы Әбдіжәмил Нұрпейісовтің әдісі. «Қан мен тер» немесе бұрынғы «Сең» романына ерін­бей айналып соғып, әрбір жолы беттерінің емес, сөздерінің салмағын ауырлатып келе жатқан қаламгер тәлімін баласы іспетті Алпысбай қылқалам әлемінде қайталап отыр. Ғажап өнеге осы ғой!

Әбекең де, Алпысбай да – Арал өңірінің тумасы. Суретшінің жас кезінде, Арал сарқыла бастағанда балықшы әкесі басқа әріптестерімен бірге Қапшағайға көшіпті. Сондықтан оның буыны бекімеген шағынан көргені – анда да, мында да су мен құм.

Реті келгенде айта кетсек, қазақтың ұлы суретшілерінің түгелге жуығы балалық ша­ғын құмды өлкеде өткізген. Мұның өзі – бір тылсымның бастауы сияқты. Ұлттық көр­кемсурет өнерінің атасы саналатын Қастеев құмды жерде туды. Мана ауызға оралған Ерболат та қаз басқаннан құмды кезді. Та­биғаты жұмбақ болып кеткен Сәкен Ғұмаров, сол сияқты тағы ондаған суретшінің бала кезде көргені құм еді. Құмды далада жылдың төрт мезгілін айтпағанда, кешегі көрген өрнегің бүгінге ұқсамайды. Кешкі аспанның бояуы да сондай. Тіпті, тәулік емес, сағат санап өзгеріп отырады. Сөйтіп, бұларды алғаш сурет салуға теңдессіз ұстаз – Табиғат өзі баулыды.

Оның үстіне сулы айдын мен құмды алқап шексіздіктің белгісіндей емес пе! Шексіздіктің арғы жағы жұмбақ. Не барын ешкім білмейді, бірақ білуге құмартып-ақ тұрады. Қазығұловтың әрбір картинасы осы жұмбаққа жетелейді. Қара, ынтық, сөйт те түйіні қайда жатқанын ізде. Оның картина­ларын көрген жанның «е-е, анау екен, мынау екен» деп қана өте алмайтындығы сондықтан. Жұмбақтың шешуін тапқысы келгендей байланып қалады.

Құм мен су үстінде не болатын еді? Са­ғым. Иә, Алпысбайдың сағымдай мұнартқан суреттерінің ар жағында не тұрғаны баршаға қызық. Сонысымен тартады, баурайды. Түйенің қомы ма, жоқ әлде әженің қарқарасы ма; арудың айнасы ма, жоқ әлде аспандағы Айдың жүзі ме; бітпейтін белесті кезген жол ма, жоқ әлде жел тербеген қос бұрым ба, соның бәрін аңғаруды суретші көрерменнің өзіне қалдырады.

Әрбіріндегі бадыраймай, баттимай емеуірінмен келетін далалықтарға тән ұлттық бедерлер, нақыштар, оюлар, көшпенді әлемінің кестелері бұл туынды басқа емес, қазақ суретшісінің қылқаламынан шыққанын білдіріп тұрады. Оның бірнеше картинасы киіз үй ішіндегі көріністерді сипаттаса да, аржағында бір саңлау арқылы енген сәуле шексіздік барын байқатады. Соған шақырады. Өте қою, қараңғы дерліктей бояу арасынан жетелеп шығатын жіптей бір толқынды немесе тік сызық соңынан ерте жөнеледі. Ол сәукеленің шашағы да, құрым үйдің тесігінен түскен жарық та болуы мүмкін. Қалай де­генде де қараңғыда, қапаста қалмайтын үміт тұрады.

Бір картинасында осы заманғы автокөлік мінген мен салт атты тоқайласып тұр. Ал жол кімдікі болуы керек? Оны өзіңіз пайым­даңыз. Екеуінің арғы жағындағы сары жа­пырақты ағаш па, әлде құйын үйірген ақша ма – мұны да табу керек. Санамен салмақтап ұзақ тұрып қаласыз.

Немесе оның аңшы бейнеленген суретін көріңіз. Қолдағы бүркітті айтпағанда, бас­тағы бөріктің өзі оның тек қазақ екенін аң­ғартады. Осы атамекенде ме, не Моңғолияда ма, әлде Қытайда қалған қайран жердің тұрғыны ма, оны байқататын еш элемент жоқ. Қазақ. Бітті! Ал ары қарай зер салсаңыз, сол қазақ жермен шауып келе ме, әлде кешкі күннің шапағымен қызарған бұлтты аспанда қалық­тап келе ме? Екеуі де мүмкін. Қалай ойлап, қаншалықты деңгейде қабылдай­тынды­ғыңызға байланысты нәрсе. Сурет­шінің қарапайым көріністен күрделі ой ту­дыратын құдіреті осындай.

«Үйірде» атты картинасында суретші қырдағы жылқы арқылы қоғамдағы адам­дардың түрлі қарым-қатынасын ашып көр­сетудіфилософиялық мақсат етіп алғанын аңғарамыз. Алуан түсті жылқының өзінде мінез болғанда, қырық құраулы біздің ортада өмір сүру қандай қиын деген ойда қаласыз. Бұл әдебиетте Шыңғыс Айтматов ұстанған тәсіл екенін «Боранды бекет» немесе «Жан­пида» романдарын оқыған әрбір адам тү­сінеді. Сөйтіп, картинадағы үйірді қоғамның символы ретінде қабылдайды. Жалпы астарлап ой айтуға келгенде Алпысбай та­мыр­ды дәл таба білген. Сондықтан портрет­тегі кескіннен гөрі қатпар-қатпар қыртысты сюрреализм соқпағын таңдады. Ауыр, бірақ мақсатқа жеткізер бағыт деп білді.

Тағы бір мысал, «Бұлақ басында» карти­насында судың шымырлаған шағын тол­қынымен-ақ әлемнің мың құбылған сәтін дәл ұстап қалған. Импрессионизм бағытына қазақ суретшісінің батыл барғаны таңдай қақтырады. Басқа емес, өзіне тән мәнермен жазылған бұл туындының техникалық орын­далуы да, сюжеті де көркемсурет саласындағы ежелгі классикалық қисындарға көнбейді. Оның ережелерінен тысқары түрде, оларға бағынбау арқылы жазылуымен көрушіні баурап алады. Жәй баурап қоймай, қиялдай білуге, мына ортадан өзге әлем барына се­нуге үндейді. Дәл осы шығармадан кеңістікке деген жаңаша көзқарасты, сонымен қатар композициялық шешімдер мен техникалық жаңа әдістерді анық көруге болады.

Осы ізденгіш қасиеттерімен Алпысбай Қазығұлов өз елінің де, өзге елдің де құр­ме­тіне бөленді. Мемлекет астанасы мен Алма­тыдан бастап бірнеше қалада жеке көрмесі өтті. Оның тақырыптық, әрі бірнеше сурет­шінің басын қосатын көрмеге алғаш қа­тыс­қаны сонау 1978 жылы еді. Содан бері рес­­­публикалық және халықаралық деңгейдегі бейнелеу өнері кәсіби шеберлерінің көр­мелері онсыз өткен емес деуге болады. Ресей, Жапония, Нидерланды, Бельгия, Кытай, Түркия, Ұлыбритания және басқа елдердегі осындай айтулы шараларда туындыларына лайықты баға берілді. Оны журналистер баспасөзде тамсанып, мақтап жазды, теле­визияда көрсетілді. Журналдар суреттерін түрлі-түсті форматта жариялаудан жалық­пады. Соның бірінде 2003 жылы Прагада әлемдік өнерге қосқан үлкен үлесі үшін Еуропалық өнер одағының Масарик атын­дағы құрметті сыйлығымен марапатталды. Сонымен бір уақытта 208 беттік, жүзге жуық картинасы бар «Алпысбай Қазығұлов. Кескіндеме» атты альбомы Түркия Респуб­ликасында жарық көрген. Оның жасында мұндай құрметке ие болған суретші сирек шығар. 2100 дана альбомның пышақ үстінде тарап кеткені соның және бір дәлелі.

Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық көркемөнер музейі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Нұр-Сұлтан қалалық қазіргі заманғы өнер музейі, Президент мәдениет орталығы сияқты айтулы өнер ордалары ондаған картинасын алды. Мұның сыртында отандық һәм шетелдік жеке коллекционерлер Қа­зығұлов суреттерін өздерінің көркемдік топ­тамасына қосқанды мақтан етеді. Мойындау, бағалау, құрметтеу деген – осы.

Оның шығармашылық еңбектері мемлекет тарапынан да ескерусіз қалмаған. Алпысбай Қазығұлов өнер саласына сіңірген көп жылғы сүбелі үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» және «Парасат» ордені сияқты мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұл орайда өзінің салғаны ғана емес, өзінен кейінгі буынға ұстаздық етіп, баулығаны ескерілді. Иә, жас сурет­шілерге жетекшілік етудегі өнегесі ерекше.

Өзгегеұқсамайтын, ұлттықөнергеөзін­дікмәнерменнақышберіптұрғансуретшілерордасыныңқаққанқазығындайҚазығұовтыңреспубликаныңМемлекеттіксыйлығынаұсынылуыоныңәрбіркартинасынынтығақарайтынкөпшіліктіңкөңіліненшықты. Ендісолсыйлықтыалса, суретшініңқырықжыл­ғыөнержолыкезектібиіктібағындырдыдередік. Ол биікке Алпысбай да, ол биік Алпыс­байға да лайық!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *