Сақтансаң, сақтайды

Нұржамал  БАЙСАҚАЛ

 

Мамыр айының соңғы күндері Алматы тұрғындарын жайсыз жағдайлармен алаңдатқаны белгілі.  Менингококк жұқпасы шығып, онымен сырқаттанып, соның салдарынан өлім-жітімнің орын алуы  да алматылықтарды өз денсаулықтарына жауапты болуға  жұмылдырған  сыңайлы.

Оған   көшеде бетперде тағып жүрген адамдардың санының арта түсуі мысал бола алады.  Ал енді қазіргі жағдайға тоқталсақ, Алматы қалалық қоғамдық  денсаулық сақтау департаменті маман­дарының айтуынша,  менингококк жұқпа­сы  эпидемиялық жағдайдан аулақ, ауру таралу ошағы  әлеуметтік желілерде ай­тыл­ғандай өршіп тұрған жағдай жоқ.  Дейтұрғанмен, Алматы қалалық  Денсау­лық сақтау басқармасы мен қоғамдық Денсаулық сақтау департаменті сырқат­тың алдын алуға қажетті барлық іс-шара­ларды қатаң түрде қолға алып,  қала тұрғындары арасында сақтық шараларына байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алды.

– Ең бастысы, әр адам өз денсаулы­ғына өте сақтықпен қарағандары жөн. Аяқасты дене қызуларыңыз көтеріліп, мұрын бітіп,  тыныс жолдары  бітеліп, жөтел пайда болып,  жүрек айну, құсу, денеде, ала­қанда  ұсақ бөртпелер пайда болған жағдайда жедел дәрігерлік көмекке жүгіну қажет. Өз бетінше ем  қабылдауға болмайды.  Осы аурудың белгілері бойынша қайтыс болғандардың барлығы да дәрігерге дер кезінде келмеген және олар аурудың белгілерін суық тию, тыныс жолдарының қабынуы аурулары­мен шатастырып, өз бетінше ем қабылдау­ларының салдарынан қайғылы оқиғаға тап болды, – дейді мамандар. Алматы қалалық  Қоғамдық денсаулық департа­менті мамандарының айтуынша, менингококк жұқпасының белгілері білінбейтін көрінеді. Ал тамағы ауырып, мұрны бітіп, тыныс алуы қиындаған белгілерді көп адам суық тиюмен, фарингит  секілді аурумен шатастырып алады екен. Сол себепті, мұндай белгі­лерге бей-жай қарамай, дер кезінде жедел жәрдем шақыртып, ауруды анықтап алу  керектігін ескертеді. Бұл ауру үш жасқа дейінгі балаларды көбірек иектей­тіндіктен,  жұқпаның беті қайтқанша   адамдар көп жиналатын ортадан, қоғам­дық орындардан аулақ жүруге  және көшеде, қоғамдық орындарда бетперде киіп алуға, әсіресе балаларға абай болуға кеңес береді.

Ал С.Ж.Асфендияров атындағы  Қазақ  ұлттық  медицина  университетінің «Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының профессоры, Тұрғындарды иммундау жөнінде консультативтік комиссия төр­ағасының орынбасары  Ләззат Ерәлиева  бұл аурудың қауіпті  әрі адамның өмірі мен денсаулығына тигізер зардабы  орасан зор   сырқаттардың бірі  екендігін, соңғы он жылда елімізде бұл дертке шалдығу­шылар санының жоғары болып тұрған­дығын айтады.

– Қазіргі жағдай бойынша аурудың көбірек белең алып тұрған жері Алматы мен Астана. Оған бұл қалаларда адам­дардың тығыз орналасуы  көбірек себеп болып отыр. Егер жұқпалы ауру­дың көбеюі мен жиі  таралуы байқалса, мін­детті түрде вакци­налау шараларын қолға алу керек. Әзірге ондай қажеттілік туын­дай қоймаған­дықтан, өзін немесе отбасын қауіпті дерттен қорғауға ниет білдіргендер өз бетінше екпе алуға құқылы.  Екпе алу жеке клиникаларда 20–22 мың теңгені құрайды, – дейді про­фессор Ләззат Тасболатқызы.

«Сақтансаң, сақтаймын» деген ғой, күн жылынып, қаладағы жұқпаның беті ары қарағанша   өз денсаулығымызға жауап­кершілікпен қарауға тырысайық, ағайын!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *