САҒАТ 16.00-ГЕ САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ ДАУЫС БЕРУГЕ КЕЛУІ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне жүгінсек, республика бойынша ең белсенді өңір — Ақтөбе облысы. Бұқараның 79,7 %-ы дауыс берген. Одан кейін Алматы облысы 78,9 % және Ақмола облысы 75,1%. Жамбыл облысы тұрғындары әзірге үштікті қорытындылап тұр. Айта кетейік, сайлауға қатысуға нақты 11 миллион 947 мың 995 азаматтың құқығы бар.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссияларының ұсынған мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылғы 9 маусым сағат 16.00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 65,9 % сайлау бюллетеньдерін алды.

Олардың ішінде:

Ақмола облысы бойынша – 75,1 %
Ақтөбе облысы бойынша – 79,7 %
Алматы облысы бойынша – 78,9 %
Атырау облысы бойынша – 64,9 %
Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 69,8 %
Жамбыл облысы бойынша – 71,8 %
Батыс Қазақстан облысы бойынша – 59,8 %
Қарағанды облысы бойынша – 63,1 %
Қызылорда облысы бойынша – 64,5 %
Қостанай облысы бойынша – 69,7 %
Маңғыстау облысы бойынша – 60,3 %
Павлодар облысы бойынша – 67,9 %
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 68,3 %
Түркістан облысы бойынша – 70,0 %
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 49,6 %
Алматы қаласы бойынша – 45,7 %
Шымкент қаласы бойынша – 55,6 %

Жанна АСАНОВА,
Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы:
«САЙЛАУ БАРЫНША АШЫҚ ӘРІ ӘДІЛ ӨТІП ЖАТЫР»
Дауыс беріп шыққан студенттер жатақханаға барып, киімдерін ауыстырып, сайлауға қайта қатысты деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова осылай деді. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде пайда болған мұндай пікірлер негізсіз, кезектен тыс Президент сайлауы барынша ашық әрі әділ өтіп жатыр.
Төрайым сайлаудың әділдігі мен ашықтығын бақылаушылар қатаң бақылауда ұстап отырғанын айта келіп: «Ондай фактілер бізде жоқ. Шағым түскен жоқ» деді. Сонымен қатар, аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы «студенттерді түске дейін дауыс беруге мәжбүрледі» деген ақпаратты да жоққа шығарды. Оның айтуынша, әр студент өз таңдауын жасағаннан кейін сайлау учаскесіне қайта бармаған. Сондықтан заңбұзушылықтар тіркелген жоқ –деп мәлімдеді Жанна Асанова. Айта кету керек саяси науқан барысын «Аманат» азаматтық платформасының бақылаушылары қатаң қадағалап отыр.

Ислам БАЙРАМУКОВ,
Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері:

«ЕЛДЕГІ ТАТУЛЫҚТЫ ТАҢДАҒАН ӘРБІР АДАМ
ӨЗ ДАУЫСЫН БАҒАЛАУЫ ТИІС»
Елімізде өте маңызды іс-шара өтіп жатыр. Ол өте жақсы нәрсе. Қоғамда татулықты таңдаған әрбір адам өз дауысын бағалауы тиіс. Кезектен тыс президент сайлауында дауыс берген палуан Ислам Байрамуков осылай деді. Айтулы додаларда ел намысын қорғайтын споршылардың мықты болуы мемлекеттегі татулыққа тікелей байланысты деп санайды ол.
— Мен дауысымды еліміздің болашағы үшін, балаларымның жарқын келешегі үшін бердім. Еліміздің одан әрі гүлденгенін,мемлекетіміздің алпауыт мемлекеттермен терезесінің тең болғанын қалаймын. Республикамызда 120-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз осыны бағалауға тиіспіз ,-деді И.Байрамуков.

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
ӘРБІР ЕЛ АЗАМАТЫНЫҢ АБЫРОЙЛЫ БОРЫШЫ
Қазақтың бұлбұлы атанып кеткен Бибігүл Төлегенова өз үйінде көшпелі дауыс беру жәшігі арқылы таңдауын жасады. Әнші бұл сайлаудың ел үшін маңызы ерекше екендігін атап өтті. «Мемлекет тұлғаларымен және сол тұлғаларды қалыптастыратын халқымен абыройлы. Ал, халық мемлекетімен айбарлы. Бүгінгі сайлау соның айқын дәлелі. Біз еліміздің болашағы үшін таңдау жасап жатырмыз. Бұл біздің мемлекетіміздің әрбір азаматының перзенттік парызы, абзал борышы дер едім. Бәрімізге сәттілік тілеймін!» деді Б.Төлегенова.

САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІНДЕ
ӨРЕСКЕЛ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАР ЖОҚ
Бұл туралы бас прокуратура өкілдері мәлімдеді. Алайда, әлеуметтік желілерде бірқатар құқықбұзушылық тіркелген. Бас прокуратура мамандарының айтуынша, сайлау учаскелеріндегі жағдай қалыпты. Өрескел заңбұзушылықтар жоқ. Десе де, жеке кандидаттарға үгіт насихат жасаған бірнеше факт тіркелген. Белгілі кандидатқа дауыс беріп, бюллетенді әлеуметтік желілерге жүктеуге болмайды. Бұған заңмен тыйым салынған. Бұл үшін әкімшілік жаза мен айыппұл қарастырылған, дейді құқыққорғаушылар.
ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев айтқандай, дауыс беріп, бюллетендерін суретке түсіріп, интернет желілеріне жүктеген азаматтар бар. Бұл да үгіт насихат саналады. Сондай-ақ комиссия отырыстарын да түсіріп, әлеуметтік желілерге салған жағдайлар да кездесіп жатыр. Комиссия қатысушылары мен бақылаушыларға берілген қаулыны да БАҚ-қа жариялауға тыйым салынған.
Ал еліміздің ішкі істер министрлігі сайлау учаскілерінде бір-екі құқықбұзушылық орын алғанын айтады. Мәселен, Қызылорда облысы Арал қаласында 42-ші сайлау учаскесінде бір ер азамат мас күйінде келіп, сайлау жәшігін аяғымен теуіп сындырған. Қазіргі уақытта ол медициналық мекемеге жеткізілген. Әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Алайда, алаңдауға еш негіз жоқ. Ішкі істер министрлігі Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында провокациялық іс шара орын алғанын айтты. Заңды бұзғандар ұсталған.
ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Алматы мен Нұрсұлтан қалаларында митинг ұйымдастыруға қатысқан бірнеше жүз адам жөнінде айтты. “Олардың нақты санын кейін айтамыз. Журналистерді ұстау фактілері болса, жедел түрде өзінің міндеттерін жалғастырғандай шаралар қолданамыз»,- деді ол.
Айта кету керек, 7-12 маусым аралығында ІІМ күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Қоғамдық орындарда қауіпсіздікті 10 мың полицей мен ұлттық ұлан сарбаздары қадағалауда. Ал, сайлау учаскелерінде кезекшілікте 20 мың тәртіп сақшысы жұмыс істеуде.
Салтанат НЫСАНБЕК.
Almaty.tv тілшісі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *