СӘРСЕНБЕКТІҢ АҚЫНДЫҚ ӘЛЕМІ

Қарымды қаламгер 70 жаста

Қазіргі қазақ поэзиясы классикалық әдеби үдеріс аясындағы дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығын дамыта жалғастыруда. Талантты ақындарымыз оқырмандардың жан ділі әлемін баураған лирикалық және эпикалық шығармаларымен ойшылдық пен сыршылдықты, ұлттық және жалпыадамзаттық гуманизм көзқарастарын, көркемдік-эстетикалық дүниетаным ұлағатын ұрпақтарға ұғындыру қызметін атқарып отыр. Бұл орайда, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, белгілі ақын Сәрсенбек Бекмұратұлының поэзиясы да оқырмандар ықыласын иеленген сипатымен ерекшеленеді.

Сәрсенбек Бекмұратұлы – қазақ поэзия­сы мен журналистикасы салаларындағы шығар­машылық еңбек нәтижелерімен оқырмандарға танымал қаламгер. Алғашқы өлеңдері «Жалын» баспасынан жарық көрген (1975, 1982, 1985 ж.ж.) жас ақындардың топтама жинақтарында («Балауса», «Дария жыры», «Қарлығаш») жарияланды. «Жан жұпары» («Жалын» баспасы, 1991 ж.) тұңғыш жыр жинағы, одан кейін «Мұхаммедтің мөрі» («Айкос» баспасы, 2001 ж.), «Мизамшуақ» («ARNA-b» баспасы, 2012 ж.) кітаптарындағы шығармалары оның қазіргі қазақ поэзиясын­дағы өзіндік ақындық тұғырнамасын танытқан­дығын айтамыз. Деректі повестері («Малды ауылдың өрендері» («Қайнар» баспасы, 1986 ж.), прозалық туындылары топтастырылған «Ел перзенттері» атты екі кітабы («2005, 2006 ж.ж.) да оның қарымды қаламгерлік әлеуетін оқырмандарға танытты.

Сәрсенбек Бекмұратұлы поэзиясындағы ұлттық-отаншылдық рухты сарындар жетекші сипатымен байқалады. Азаматтық-отаншыл­дық рухты өлеңдерінде («Ақын боп жаратыл­ған­дықтан», «Әніңмен әлдиледің (Анам Дариғаға)», «Жан жұпары», «Ұлылық дәнін сепкен жерде өстім», «Бақ болып қоншы, жылым», «Төсінде төлі өрген Еңбекшінің», «Кет­педім қызық қуып», «Бабалар мекені», «Қа­зыналы кең өлкем», «Елдің жүгін көтер­ген», «Төгілтем сәулелі өлең», «Қара қылды қақ жарып», «Аршын кеудем», «Нанның иісі», «Қайда қаңғып барады осы қазақ?! (Абай рухымен сырласу), «Қазағымның тарихы тым әріде», «Оқып жүрмін дұғамды», «Ниет болсын, болсын және ынтымақ!», «О, туған жер», «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз… (Бейімбет Майлин рухымен сырласу), «Ер баба», «Мың жасаған Алматы», т.б.) Ұлы Дала иесі қазақ халқының асыл дәстүрлерін, ата-бабалардың қаһармандық-жауынгерлік ұлағатын, туған жерді атамекенді, ата мен әжені, әке мен ананы, т.б. ардақтаған саналы ақыл-ой иелерінің-ұрпақтардың жан ділі тебіреністері жырланған.

Өлеңдердегі лирикалық қаһарманның көркемдік ойлау дүниетанымы аясында қазақтың халықтық-ұлттық қасиетті ұстаным­дарының, киелі дәстүрлерінің ұрпақтарға жалғасқан ұлағатының, отаншылдық-аза­маттық рухты қуатын танытатын поэтикалық бейнелі өрілімді өрнектерімен жырланған. Ақын өлеңдеріндегі көркем мағыналы бейнелі өрнектерден қазақтың ұлттық көркемдік-эстетикалық дүниетанымы романтикалық-реалистік сарынды сипатымен оқырман көңілін баурайды. Ақын өлеңдерінің көркемдік арқауы – Қазақ Елі. Отаншылдық-азаматтық мақтанышпен тебіренген лирикалық қаһар­манның жан сыры – миллиондаған қазақ ұрпақтардың жүрек сөзіндей әсерге бөлейді:

Қазақ елім,

Қазыналы кең өлкем!

Сенің арқаң мен бақытқа кенелсем.

Сен арқылы қолым жетіп жұлдызға,

Сен арқылы көркейемін мен ертең.

Ен байлығы ақтарылған төсінен

Құшағыңда арман ойлап өсіп ем…

Мәпелейтін, аялайтын елім бар,

Бақытты ойлап алаңдаймын несімен?!

Нұрға тұнып, жаз гүліндей жайнаған,

Ертеңіңді аңсамайды қай балаң?!

Сенің арқаң бұлбұлың боп сайрасам,

Шұғылалы күйге толып айналам… («Қазыналы кең өлкем» өлеңінен).

Сәрсенбек – ойшыл-сыршыл ақын. Фило­софиялық сарынды өлеңдеріндегі («Қыран», «Өмір заңы», «Шар», «Жалынын таратып…», «Жүзіп шықты жұлдыздар», «Жетпейді бәрі де», «Бақыт не?», «Ей, сәби, не білесің?», «Беу, баянсыз жастық-ай», «Қол бұлғап қалған…») лирикалық кейіпкер толғаныстарымен тірші­лік қозғалыстарының үздіксіздігі, жақсылық пен жамандық қасиеттер қақты­ғысы, фәни мен бақи дүние заңдылықтары өміртану-тірші­ліктану көзқарастарымен салыстырыла бейне­ленген. Ақынның төртта­ғандары да ойлы-сырлы поэтикалық мағыналы сипатымен адамдарға ортақ дүниетаным тұжырымдарын танытады. Адамзат ұрпақ­тарының ғарыштық-ғаламдық кеңістіктегі адамгершілік-имандылық ұстанымымен сұлу өмір сүру мұратын ұғындыратын ойлы шумақ­тар ата-бабалық қасиетті дәстүр жолының ұлағатын сезіндіреді:

 

«Бар ғаламға қан тамырдай таралған,

Ана – өмір, ана – бақыт, ана – арман.

Ана – бүкіл тіршіліктің тірегі,

Бәрі анадан қуат алған, нәр алған.

 

************************

Өткен күннің белгісі жоқ демегін.

Табы қалар уытынан кененің.

Шайырдан – сөз, қазыдан – тез, елден – салт,

Жатыр қалып көзіндей боп көненің.

 

************************

…Садақа деп берген асың залымға,

Затпен бірдей лақтырған ағынға.

Қайыр қылсаң, зерделіге қайыр қыл,

Қайтпаса да сақтап жүрер жадында.

************************

…Өмір-өзен ағып жатқан үздіксіз,

Бірде қашып,

Бірде тасып кемерден.

Бұл жалғаннан өтпес үшін із-түссіз,

Өршелене өрге жүзіп келем мен.

************************

…Аңғарсаң өмір деген базар екен,

Жаймалап әркім барын салады екен.

Құр қалып ұяң адам сыбағадан,

Ұялмаған екі үлес алады екен.

Қиянатты, зорлықты көре-көре,

Адам-пенде там-тұмдап азады екен.

Адам-ақын ашынып жазады екен.

(Бекмұратұлы С. Мизамшуақ: Өлеңдер, балладалар, толғаулар және поэмалар. – Алматы: Arna-b, 2012. – 328 б.; 130-136-б.б.).

Сәрсенбек поэзиясындағы табиғат лири­касын құрайтын өлеңдерінде («Болмаса көктем сендей», «Табиғатты түлетті», «Жалын ба, өрт пе лебі…», т.б.) жыл мезгілдерінің адам жан ділін әлдилейтін, әсерге бөлейтін құбылыс­тарын пейзаждық суреттеулермен жырланған. Табиғат құбылыстарынан эстетикалық қуат алып, қалыптасатын қазақ ұрпақтарына ортақ отаншылдық сезім болмысы ақынның туған жерге арналған азаматтық лирикасына да поэтикалық арқау болғанын оқимыз. Мысалы, «Ұлылық дәнін сепкен жерде өстім» өлеңіндегі лирикалық кейіпкер тебіренісінен табиғатпен сырласқан, қуаттанған Ұлы Дала ұрпақтарына ортақ романтикалық өршіл ой биіктігін аңғарамыз:

Жинап алған сияқты кіл таң шығын,

Бұлағыңдай –

мөлдір әрі бал шырын.

Әр тамшысын,

бойымдағы қанымның,

Сенен алғам,

о туған жер, бар шыным!

Сенің атың – менің алғаш ұққаным,

Сенің ауаң – менің алғаш жұтқаным.

Сенің мақпал топырағың құшқаным,

Сен ұлысың,

О, туған жер, құштарым!

Табиғаттың пейзаждық суреттері – Ұлы Дала ұрпақтарының тіршілік қозғалысындағы барлық іс-әрекеттерінің жүзеге асуына рухани күш-жігер қуатын беретін эстетикалық-танымдық ықпал қайнары. Әсіресе, көркем­өнер туындыларын жасаушы тұлғалардың (ақын-жазушы, суретші, композитор) туған жер келбетінен алған көркемдік таным аясында шабыттанатыны мәлім. Сәрсенбектің туған жерге арналған толғаныстарындағы көркем кестелі өрілімдерден табиғаттан шығармашы­лық шабыт қуатын алатын өнер иелеріне ортақ психологиялық хал-ахуал айқын байқалады:

Көрінген туған жердің құмды аймағы,

Жыр болып ақ қағазды шимайлады.

Шарқ ұрып ақын-көңіл шабыттанып,

Кеудемде алуан-асыр жыр қайнады.

 

Көз тартып гүл-бәйшешек, қызғалдағы,

Ырғалар майса шалғын қырлардағы.

Көк шүйгін,

Жұпар жусан,

Жасыл жайлау,

Ағады бұлақ қарғып құздардағы.

 

…(Ұлылық бауырында бар екенін,

Жаңа ұқтым, қасиетті бал мекенім.

Мен саған сағынышпен барған сайын,

Иіскеп топырағыңды, тәу етемін» (Бекмұратұлы С. Мизамшуақ… 19-бет).

Сәрсенбек поэзиясындағы махаббат лири­касын құрайтын өлеңдері («Сенен таптым…» (Мархабаға), «Күлімдеп тұрып жанарың», «Алты-ақ қадам», «Сағындым сол бір көктемді», «Жазба маған», «Алыс кеттің», «Сен өкпелесең», «Жүректі өртеп кеттің», «Жанарда сыр барады», «Бақта туған ой», «Келемін жолыңа елеңдеп», «Безбүйрек емеспін», «Сенің дертің қинаған», «Айдыныңнан адаспа», «Іздей­ді», «Қалай сезбедің», «Ұлы күш», «Автобуста», «Қаракөз», «Жадымдасың», «Суретпен сырласу», т.б.) де классикалық дәстүрді өзіндік өрнектерімен жалғастырған сипатымен ерекшеленеді.

Әлемдік поэзияда ғасырлар бойы жырла­нып келе жатқан махаббат лирикасының арқауындағы ғашықтық сезім сарындары (қауышу, аңсау, сағыну, құмарлану, елестету, өкіну, т.б.) Сәрсенбектің аталған өлеңдерінің поэтикалық-психологиялық болмысын таны­тады. Адамзат тарихындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қыз бен жігіттің алғаш­қы ұнату сезімдерінің есейген кездеріндегі мәңгілік сағынышпен өмір сүретіні, сүйген жармен өтіп келе жатқан бақытты ғұмыр әсері, т.б. – бәрі де өмір философиясы заңдылық­тарымен жырланған. Сұлу сезім әсеріне бөленген ғашықтарға ортақ психологиялық хал-ахуал оқырманның да үндес тағдырлы жағдайындай әсерімен баурайды:

Күлші, сәулем,

Қарашы маған күлімдеп,

Күлкіңді аңсап көз ілмей өткен түнім көп.

Жарқылдап күлші ақ жүзің

толып шаттыққа,

Тыншысын жүрек,

Құлаққа әсем үнің кеп.

Тербеген жанды күлкіңнен сенің, жамалым,

Табамын ләззат,

Сезімге кәусар аламын.

Күлкіңде сенің –

Сыңғыры жатыр бұлақтың,

Күлкіңде сенің –

Күллі үні жатыр даланың.

Тұнжырай қалса бір сәтке сенің қабағың,

Жапырақтай күзгі дәрменсіз күйде қаламын.

Шуағын үзбе,

Жүрекке жылы нұр құйып,

Әмәнда күн боп күлімдеп тұрсын жанарың!

(«Күлімдеп тұрсын жанарың». Мизам­шуақ… 55-бет).

Ақынның ата-бабалық, азаматтық-халық­тық киелі дәстүрлі тағылымын танытқан тари­хи тұлғаларға арналған арнау-толғау­ларында («Шуақты күнге сусаған» (майдангер Әнтай Әбдікәрімұлына), «Жыр-ошақтың отын үрлеп» (Мұқағали Мақатаевқа), «Ер Ана» (Ұлбала Алтайбаеваға), «Жалын едің (ұстаз-ақын Сәрсенбек Жұмабековке), «Сағи жыры» (Сағи Жиенбаевқа), «Сұраншы мен Саурық­тай» (Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбе­ковке), «Намысшыл отты, жігерлі», «Тілейміз жарты ғасырды», (Қали Сәрсен­байға), т.б.) халық­қа арналған жанқиярлық еңбектерімен мәңгілік құрмет тұғырын иеленген өнегелі адамдардың көркем бейнесін даралай жырлаған. Мысалы, ақиық ақын Мұқағалиға арналған арнау-толғауындағы («Нар едің сен шалдығып шөкпейтіндей, асқар едің созса қол жетпей­тіндей. Алдаспандай алғыр да берік едің, Шап­қаныңды тынбайтын көктей тілмей…») мил­лиондаған оқырмандарға ортақ жүрек баға­лауын көркем тіркестермен бейнелей жырлаған:

… Қасіретті шақтардан безінгенде,

Қасиетті тіліңнен безінбедің.

Шыңдармен де сырластың, даламен де,

Данамен де мұңдассың, баламен де.

Атақ пенен даңқтың барлығын да,

Теңгермедің қазақы қара өлеңге.

«Қара өлеңге қара бұлт төнбесін!» – деп,

«Қарлы ызғардан жыр гүлі сембесін!» – деп

Жыр-ошақтың өттің сен отын үрлеп,

«Қара өлеңі қазақтың сөнбесін!» – деп.

(Бекмұратұлы С. Мизамшуақ… 50-бет).

Сәрсенбек – мұңшыл, сыншыл ақын. Оның азаматтық-сыншылдық сарында жырланған налысты-сөгісті өлеңдерінен («Қасірет», «Балалығын іздеген бала», «Атеис­тің ақырғы сөзі», «Екі әйел, екі мұң», «Бұрып айтады», «Танымай», «Композитор қарға», «Кекшіл кесіртке»), пародияларынан («Далбаса», «Қайран қалам…», «Құмай көрген түлкідей») қоғамдық-әлеуметтік ортадағы зардапты құбылыстарға (экологиялық азып-тозу, панасыз балалар, дінсіздіктің зардабы, жезөкшелік, өсекшілік, модашыл жігіттің сиқы, дүмбілез композиторсымақ, әділетсіз сот, поэзиядағы жиендік, актерлік өнердегі тұрлаусыздық, т.б.) тұрмыстық-әлеуметтік ортадағы зардапты құбылыстар әшкерелене-айыптала жырланған.

Сәрсенбектің лиро-эпикалық сарынды балладалары («Тағдырлар тартысы», «Жесір жыры», «Ерлік», «Балдақ сыры», «Нала», «Өкініш», «Бойжеткен, төбет және төрт жігіт», «Қолқа», «Талантты мойындау», «Адал құлға екі дүние ақ дейді», «Жұбан ақын қос қолын көтерген сазгер», «Тұмар», «Тәнті қылған билігімен көшелі», «Ақ түс», «Уәж», «Нартай», «Төбет», «Әмір ата», «Алданған арман», «Жапа­лақ», «Бір ауыз сөз», «Жаза», «Ақша құнды – адалдықпен табылса», «Қасиет») әлем поэзиясында қалыптасқан классикалық жанрды өзіндік өрнектерімен жырлаған елеулі туындылар. Ақын балладаларында тіршілік иелерінің бәріне де ортақ адамгершілік-имандылық асыл қасиеттер мен қатыгездік-қаталдық қайшылықтары (перзенттерін аялаған аналық махаббат, қыршын кеткен азаматының отын мәңгі сөндірмеген асыл жар-ару, ауыр операцияны тәуекелмен сәтті жасаған дәрігер ерлігі, майдангер әке ерлігін ұлықтаған ұрпақ, қарттар үйіне тасталған әке, есірткінің құлы болған күйеуінен еріксіз ажырасуға мәжбүр болған келіншек байлыққа мастанғандардың ана тілін аяққа таптауы, т.б.) лирикалық сыршылдық пен эпикалық толғаныстар тұтастығымен өрнектелген. Ақынның өлеңдерінде де, балладаларында да («Адал құлға екі дүние ақ дейді», «Бұл өмірде сұрауы жоқ бір іс жоқ», «Әрбір істің күткен абзал ақырын», «Бала ғалым», «Меккенің әкімі», «Шарапат» (Құл Қожа Ахмет Яссауи хақында»), Жаратушы Алланың құдіретін, Мұхаммед пайғамбарымыздың, сахабалардың, әулиелердің, ғұламалардың діни-исламдық ұстанымдары мен адамзатқа тәлімгерлік-тәрбиешілік ұлағаты түсіндірілген.

Сәрсенбектің поэмалары («Пұшайман бикеш», «Бала-балық», «Балғын», «Өң мен түс», «Аманат») да өмір шындығын көркем шындық поэтикасының бейнелеу, суреттеу, баяндау тұтастығы заңдылығына сай жыр­лауы­мен ерекшеленеді. Эпикалық туындылар­дағы өзекті мәселелердің (Қазақтың ұрпақ өрбітудегі қан тазалығын сақтауы, атом қаруын сынау жарылыстарының ұрпақты құбыжық етіп тудыратын сұмдығы, жесірлік пен жетімдікті тудырған соғыс зардабы, ғұлама ұстаз ұлағатын жалғастыратын шәкірттер келбеті, саяси қуғын-сүргін құрбандарының қазақ тарихына мәңгілік қайта оралуы, т.б.) жырлануы да адамгершілік пен зұлымдық жағаласқан тіршілік қайшылықтарын жаңа буын ұрпақтардың түсінуіне арналған. Ақынның Сәкен, Ілияс, Бейімбет рухына арналған «Аманат» атты поэмасының соңындағы шумақтары – жаңа буын ұрпақтар санасын сәулелендірер сарынымен баурайды:

Тарих бейне алып шың,

Өресі жетпес шабыттың.

Ертеңі нұрлы болмайды,

Өткені құнсыз халықтың.

Тарих беті алағат,

Таптаған жылдар жаралап…

Тарих келер ұрпаққа –

Бабадан қалған аманат.

(Бекмұратұлы С. Мизамшуақ… 322-бет).

Сәрсенбек Бекмұратұлы – қазіргі қазақ әдебиетінің дамуы үдерісіне поэзиялық және деректі прозалық шығармаларымен лайықты үлес қосып келе жатқан ақын, қарымды қаламгер. Шығармаларында халық тіліндегі мағы­налы сөздерді, сөз тіркестерін поэтикалық үйлесіммен, ойшылдық-суреткерлікпен қол­дан­ған Сәрсенбектің ақындық, жазушылық бол­мысынан сөз өнерінің киесін ұлықтаған даналықты танимыз. Ол барлық шығармала­рында да тіршілік қозғалысындағы жақсылық атаулының ұлағатын көркемдік-эстетикалық, ойшыл, сыршыл таныммен бейнелеп, ұлттық және жалпыадамзаттық гуманизм биіктігін сөз өнері арқылы танытумен келеді. Еңбек жолы белестеріндегі көркем туындыларымен ұрпақ­тар жан ділін баураған замандасымыз-құрда­сымыз Сәрсенбек Бекмұратұлы – біздің мақта­нышымыз. Рухани жаңғырудағы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында да шығар­машылық шабыт жемістерінің мол боларына кәміл сенеміз.

 

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close