СҮГІР КҮЙШІНІҢ қара сөздегі сыңары

Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде қазақтың көрнекті жазушысы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш болып өтті.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛ

Жиынға қаламгердің шығармашы­лығын құрметтеп, қара сөздің құдіретін түсінетін жұртшылық өкілдері мен әріптес іні-қарындастары, жазушының отбасы мүшелері  қатысты. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынба­сары Бауыржан Жақып Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының жазу­шыны ғасырлық мерекесімен Құттықтау хатын оқып беріп, қазақ қаламгерлері атынан Тәкен Әлімқұловтың жары Есімкүл Болысбайқызының иығына қамзол жапты. Дарабоз суреткердің артына қалдырған баға жетпес мұрасы жайлы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Абай институтының дирек­торы, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев баяндама жасады. Шығармашылық кешке жазушы­ның туып-өскен жері Созақ ауданынан арнайы келген аудан әкімі Салыхан Пола­тов Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың Құттықтау хатын оқып берді. Созақ ауданының әкімі бір топ ауыл өнерпаздарын да ертіп келіп, салтанатты жиынды ән-күймен тартымды етті. Тәкен Әлімқұловтың сүйіп тыңдайтын Сүгір күйшінің шертпе күйлері мен Теріскей өңірінің шарықтаған әндерін әнші Мархабат Бейсенова мен Саян Ақмолда, өзге де еліміздің белгілі өнер шеберлері орын­дады. Аудан орталығындағы Т.Әлімқұлов атындағы лицей-интернаттың директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Берік Тұрғанбаев сөз сөйлеп, жазушының өмірі мен шығармашылық қызметін кеңінен қамтитын «Тәкеннің асыл мұрасы» атты көрмені салтанатты кешке арнайы алып келгенін, жазушының туған жерінде жыл сайын дәстүрлі түрде Т.Әлімқұлов оқулары өтіп отыратынын атап өтті. Ғ.Мүсірепов атындағы  Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының актері Ұлан Болат­бек жазушының Махамбет Өтеміс­ұлы­ның өмірінің ақтық сәтін психоло­гия­лық тұрғыда шынайы және шебер бейне­леген «Қараой» әңгімесінен үзінді оқыды.

Салтанатты жиында Тәкен Әлімқұ­ловтың қаламдас шәкірттері Сейфолла Оспанов, Рафаэль Ниязбеков, Елен Әлімжанов, Аян Нысаналин, Аманхан Әлім, Өтеш Қырғызбаев ғұлама ұстаздары туралы естелік әңгімелерімен бөлісті. Жиын соңында жазушының жары Есімкүл Болысбайқызы Тәкен Әлімқұловтың жазба мұрасын ел арасында насихаттауға атсалы­сып жүрген ақын-жазушылар мен әде­биетшілерге баспадан жарық көрген кітаптарын сыйға тартып, алғыс сезімін білдірді.

Жазушы Тәкен Әлімқұловтың шығар­ма­шылығын жоғары белеске көтеріп, даралайтын тақырыптардың бірі – дәстүрлі күй өнері мен қазақтың ұлы күйшілері Қор­қыт, Сүгір, Ықылас жайлы қалам тербеп,  әр кездері жазылған   «Сейтек сарыны», «Сарыжайлау», «Кертолғау», «Сары сыбызғы», «Қаралы қобыз» сынды еңбектері қазақ әдебиетінің баға жетпес мұрасы болып табылады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *