Ұрпаққа ұлағаттың дәнін еккен

Медеу ауданының әкімі Е.Жылқыбаевтың «Ұрпақтар сабақтастығы» бастамасымен №163 мектеп-лицейінде «Көз көрген, ұрпаққа ұлағат­тың дәнін еккен» деп аталатын кездесу кеші өтті.

Мектеп ұжымы мен оқушылар қауымы батыр Бауыржан Момыш­ұлы­ның келіні, жазушы Зейнеп Ахметова­мен кездесті. Кездесуді мектеп дирек­торы Айымгүл Иманғалиева:  «Көңіл аудар даналардың сөзіне, адал жанды өнеге тұт өзіңе», – деп  Жүсіп Баласағұн айтқандай, біздің үлгі тұтарымыз – алдыңғы буын аталар, аналар, әкелер мен ағаларымыз. Оларды сыйлау, айтқан аталы сөзін тыңдау, өсиет еткен  аманат­ты орындау бабаларымыздан мирас болып келе жатқан дәстүрлеріміздің  бірі. Сол  дәстүрімізді  ұрпақтан-ұрпаққа жет­кізу мақсатында  бүгінгі  оқырман­дар  конференциясын өткізгелі  отыр­мыз» дей келе, келген  қонақтармен таныстырды. Алдымен мектеп оқушы­лары жазушы апаларының кітабынан  үзінділер оқып, өздерінің өмірлеріне арқау болған тұстарына тоқталды. Осыдан-ақ, «Кітап оқымай­тын ұрпақ өсіп келе жатыр» деген пікірдің теріс екені байқалды. Оқушылар жазушы апаларының әңгімесін тырп етпей, бар зейіндерімен тыңдады.

– Бұл мектепке қуана келісім берген себебім, менің балалық шағым «Таулы қыратта» өтті. Қара шаңырағымыз әлі бар. Туған-туыстарымыз да осы жерде тұрып жатыр. Өзімнің балалық шағым, өткен өмірім бәрі есіме түсіп, бір түрлі сағынышты кезеңді кешіп отырмын. Көбі менен «ата сізге соғыстағы көрген-біл­генін айтып берген шығар», — деп сұрайды. Бірақ ата соғыс туралы ешқа­шан маған айтқан емес. Қайта қазақ­тың салт-дәстүрі, ұлттың жақсы нақыш­тары туралы айтып отыратын. «Бүгін мен саған айтсам, сен ертең балаңа айтасың. Сосын ол өз баласына, солай жалғасып кете береді» деп айтушы еді. Ол кісінің мына сөзі менің өміріме ұстаным болды. Ата «Жақсының жақсылығын айт, бірақ жағымпазданба, жаманның жаманды­ғын айт, бірақ жала жаппа» деуші еді. Ата-анам өмірге 9 ұл, 1 қыз әкелген еді. Соған қарамастан мені тым ерке етпей, ақыл айтып, барлық салт-дәстүрді ұста­натындай етіп тәрбиеледі. Бұл тұрғыда атаның бір сөзі бар, «тек деген сөзді естімеген тексіз болады» дейтін. Анам: «Әкең келе жатыр. Ұят болады. Үлкенге жол бер, жолды кеспе» деуші еді. Әйтеуір ибалы адамға не қажет, сол қажетті үйретіп, сол қасиетті үйрете білді.

Сондықтан жүрген жерімде аналарға да, енелерге де өмірден көргенімді, түй­генімді айтып жүремін. Соңғы шыққан «Күретамыр» атты шығармам жастар оқыса екен, көкейлеріне түйіп алса екен деген ойдан туындаған дүние. Кітапқа сұраныс өте жоғары екен. Қазірдің өзінде тираждың аз бөлігі қалды.

Осыдан соң оқушылар өздерінің сауалдарын қойып, жазушы апаларымен естелік суретке түсті.

Кездесу  барысында  оқушылар  «Шуақ­ты күндер», «Бабалар аманаты»   атты  кітаптары  негізінде  оқып-білген­дерін, түйген ойларын  ортаға  салды. Толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алды.

Зейнеп апа ата-бабаларымыздан қал­ған ұлттық таным-наным, қазақы үлгі-өнеге туралы кеңінен әңгіме қозғап, балаларды руха­ни-адамгершілік нәрімен сусын­датты. Мектеп ұжымы  ұрпаққа  ұлағат­тың  дәнін еккен  Зейнеп  апамыз­ға  зор  ризашылығын білдірді.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *