ӘРБІР ТІЛ ҰЛТТЫҚ ДІЛІНЕН ХАБАР БЕРЕДІ

2017 жылы қыркүйек айында Мәжілістегі парламенттік тыңдау­да латын әліпбиінің бірінші нұсқа­сы ұсынылғанда қоғам ду етіп көтеріліп, әлеуметтік желіде ол қызу талқылан­ғаны есімізде. Содан бері латын әліпбиіне қа­тыс­ты кез-келген жаңалық қоғам назарынан тыс қалған емес. Біреу­леріміз латынша жазылған мей­рам­хана ашып жіберсек, енді біреу­леріміз өз нұсқамызды ұсынып, бел­сен­­ділік таныттық. Дегенмен, бұл істің де өз маман­дары бар. Біз бүгін Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталы­ғының ди­ректоры Ербол Тіле­шов­пен әңгіме­лескен едік.

–       Ербол Ердембекұлы, қазақ әліпбиін реформалау, ең алдыме, қазақ халқы үшін несімен маңызды?   

–       Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиіне көшу мәселесі қоғамда үлкен резонанс тудырғандығына куәміз. Бұл реформаның мемлекетімізді нығайтудағы аса маңызды қадам екендігі сөзсіз. Ол дегеніміз – әліппедегі таңба­ларды ауыстыру ғана емес, қазақ әліпбиін қазақ тіліне тән заңдылықтарды сақтай отырып реформалау. Кирилл негізді әліпбидің халқымыздың рухани, экономи­ка­лық және саяси өміріндегі алған орны ерекше. Бірнеше ұрпақ легі осы әліп­бимен хат танып, қарым-қатынас жасап келеді. Дегенмен, халықаралық тәжірибе заман көшіне сәйкес әлем мемлекеттерінің өз жазба мәдениетін көркейту мақсатында тілдік, әдеби, жазу реформаларын енгіз­гендігін көрсетуде. Жаңа ұлттық әліпби қазақ тілінің емле-ережесін бір пысықтап алуға, тіліміздің төл табиғатына қайшы келетін тұстарын түзеп, ұлттық термино­логиялық қорымызды бірізден­діруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өз қандастарымыз бен өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге деген қажет­тілігін арттыра түсетініне сенімім мол. Әсіресе, ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамай­тын ата-аналар өз балаларын қазақ мектептеріне береді деген ойдамыз. Бала мек­теп табалдырығынан латын графика­сына негізделген жаңа әліпбимен сауатын ашып, көздағдысын, қолдағдысын қалып­тас­тырып, оқу жылдамдығын арттырады. Бұл кейін оның ресми іс-қағаздарын оңай жүргізуіне де септігін тигізбек. Тағдыр тал­қысымен жат жерге тұрақтаған қандастарымыз кирилл әліпбиін емес, латын әліпбиіне етене жақын. Сол себепті, ол тарыдай шашылған халқымызды біріктірмек.

–       Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін құруда қандай принцип болу керек?

–       Осы сұраққа Ахмет Байтұрсын­ұлының «Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалар жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арналған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақ» деген тұжырымын айтқым келіп отыр. Әліпби – жазудың айнасы, сол ұлттың сауаттылық деңгейінің көрсеткіші. Тіл – тірі құбылыс. Әрбір тіл – сөйлеуші халқының ұлттық ділінен үлкен мағлұмат береді. Осы орайда, нақты ұлтқа тән тілдік ерекшеліктер әліпбиді түзу барысында қатаң ескерілгені жөн. Бұл, әсіресе, төл дыбыстарды таңбалау барысында ескері­луі қажет. Елбасы Н.Назарбаев «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақала­сында: «Латыншаға көшудің терең логи­касы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдың ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп жасалып отырған реформаның саяси-әлеуметтік мәні бар үлкен қадам екендігін айтқан болатын. Жаңа ұлттық әліпбиге көшу – мемлекетіміздің барлық саласы үшін аса қажетті пәрменді қадам. Осы ретте әліпбидің үйретуге жеңілдігіне баса мән берген жөн. Әліпби таңбалары неғұрлым баспаға ыңғайлы, қолданысқа қолайлы болса, соғұрлым өміршең болмақ.

–       Елбасының 2018 жылғы 19 ақпан­дағы Жарлығымен бекітілген қазақ әліпбиі­нің латын графикасындағы жаңа нұсқа­сының қандай артықшылықтары  бар?

–       Соңғы нұсқа алдыңғы нұсқаға қарағанда біраз жетілдіріліп, бір дыбыс – бір таңба принципі орындалған. Бастапқы нұсқадағы апостроф көпшіліктің арасында резонанс тудырса, тілшілер арасында «акут» деп аталған белгісі бар әріптерді жұртшылық жылы қабылдады. Әрине, басында көздағды тарапынан бірқатар қиыншылықтар туатыны белгілі. Уақыт өте қазіргі үйреніскен көзшалым тұрғысы­нан туындаған қиындықтардың жойыла­тыны сөзсіз. Соңғы нұсқада қазақ тілінің төл дыбыстары сәтті таңбаланған. Сондай-ақ, кирилл негізді әліпбиімізде біте қайнап, бұл күнде ол әріптерсіз «елестету мүмкін болмай отырған», шындығында тіліміздің тазалығын бұзуға себепшілердің бірі   – «ю, я, ъ, ь, щ» сияқты басы артық таңбалар алынып тасталды. Бұл да болсын қазақ тілінің төл табиғатын сақтауға, бұрынғы жазуымыздағы олқылықтарды жойып, сауатты жазуға ерекше ықпалын тигізеді деген ойдамын. Жалғамалы тілдер тобына жататын қазақ тіліне флективті тілдерде кең қолданылып жүрген sh, ch диграф­тарын қолдануда кедергілер туындауы мүмкін. Осы ретте бұл мәселенің жаңа әліп­биге сәйкес даярланып жатқан емле ережелерін апробациялау барысында пысықталады. Қазақ орфографиясы ережелерінің тұжырымдамасы – латын негізді қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазу ережелерінің ғылыми негіздерін айқындай­тын лингвис­тикалық нормативті құжат даярланды. Емле концепциясында тұжы­рымдалған қағидалар қазақ жазуының емле ереже­лерін, орфографиялық сөздік, орфо­графия­лық анықтағыш, басқа да ортоло­гиялық құралдар жасауда негізге алынады. Кон­цеп­цияда жазу мәдениеті жақсару үшін  қазақ тілінің табиғатын сақтауға мүм­кіндік беретін басты принциптер айқын­далған.

–       Ұсынылған соңғы нұсқаға байла­нысты тіл мамандары қандай пікірде? Өзі­ңіздің азаматтық көзқарасыңыз қандай?

–       Жаңа әліпбиге көшу барысы қазақ халқының жазу тарихындағы аса күрделі белес болып тұр. Латын графикасына көшудің тиімді тұстарын нақты ұғынған­дықтан да зиялы қауым бей-жай қарап қалған жоқ. Тіл мамандары бұл кезеңнің маңыздылығын түсініп, қоғамдық сананы жаңғыртудағы қозғаушы күштердің біре­гейі ретінде қабылдап отыр. Олар әліпби алмастыру жазу реформасына ұласуы керек деген пікірді де баспасөз беттерінде жиі көтеріп келеді.

Осы тұста латын негізді жаңа әліп­бидің бірқатар оңтайлы тұстарын атап өткім келеді. Ең алдымен, ол қазіргі жазуы­мыздан мейлінше жетілдірілген, ыңғайлы әліпби болмақ. Бұл жерде кирилл негізді әліпбиге қатысты құрылған жазу емлесінде жіберілген қателіктерді жөнге келтіретіні­мізді және қазақ тіліне тән емес дыбыс­тардан құтылатынымызды естен шығар­мауымыз керек. Жаңа әліпби компью­тердің түйметақтайшаларына орналасу барысында қолайлы болады деп күтілуде. Әріптер көз бен қолға ыңғайлы тұсқа орналасқандықтан терудің тиімділігі артады. Кез-келген елде жүріп-ақ интер­нетке кіріп, қажетті құжатты өңдеп, қайта жіберу мүмкіндігіне ие боламыз, уақыт та үнемделеді.

– «Тіл-Қазына» орталығының осы латын әліпбиіне көшуге қатысты қандай жұмыстар атқарып жатқанын айтып өтсеңіз.

–       2017 жылғы қараша айында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Оның негізгі міндеттерінің бірі – қазақ тілі орфографиясын, орфоэпиясын және басқа да тілдік ереже-қағидаттарын реттеу және жетілдіру. Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтары жоспарға сай қызмет етуде. Осы жұмыс топтарының атқаратын қызмет­терін үйлестіру және латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиіне көшу міндетін жүйелі әрі сапалы жүзеге асыру мақсатымен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы Үкімет қаулысы негізінде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практи­калық орталығы болып қайта құрылды. Орталықтың алдына латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфогра­фиялық ережесін дайындау, оларды апро­бациядан өткізу, жаңа әліпби бойынша үйрету, түсіндіру жұмыстарын ұйымдас­тыру және мемлекеттік қызметшілер мен жеке тұлғаларға мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытуды ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету, филология ғылымындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізу сияқты мақсат-міндеттер қойылды. Орталық Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және техникалық-ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының қызметін үйлестіруді бастады. Сонымен қатар, көпшілікті жаңа әліпбиге көшу барысымен таныстыру және ақпараттандыру  мақса­тында  саланың жетекші мамандары мен жұмыс тобы мүшелерін тарта отырып, түсіндіру-насихаттау жұмыстары жүргі­зілуде. Кезекті отырыстар мен семинар­лардан бөлек, жақында орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтарының бір апталық семинары ұйымдастырылды. Оған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары, Орталық мамандары және жұмыс топтарының мүшелері тартылып, жаңа әліпби емле-ережелерінің жобасын сараптамадан өткізді. Бір жерге жұмылдырылып, үздік­сіз әрі қарқынды атқарған жұмыстардың нәтижесінде қолымызға емле-ережесінің нобайын алдық. Осыған сәйкес апроба­циялау жұмыстары басталмақшы. Апро­бацияны мектепке дейінгі ұйымдар, мек­тептер, орта арнаулы білім беру меке­мелері, ЖОО, мемлекеттік қызметшілер, ересектер аудиториясы арасында өткізу жоспарланып отыр.

–       Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *