Құран оқу жарысы мәреге жетті

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында Қазақстан Мұсыл­мандары діни бас­қармасы ұйымдас­тырған VІІ республи­калық Құран жарысы­ның қорытынды рухани кеші өтті. 

Дін жанашырлары мен демеушілерінің қаржылай қолдауымен өткен жүлде қоры 17 млн. теңгені құраған сайысқа респуб­лика бойынша 500-ден астам жас қарилар қатысты. Олар төрт бағыт бойынша, яғни Құранның 10 парасын жатқа оқу, Құранды мәнерлеп оқу, 20 пара Құранды жатқа айту және қасиетті кітапты толық (30 пара) жатқа оқудан сайысқа түсті.

Игі іс-шарада сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы:

–       Құран оқылған, оған амал етілген үйде, жерде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Бұдан түйетін ой – Құрансыз өмірдің мәні де, сәні де жоқ. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиыншылықта болады. Яғни ондай үйде тыныштық болмайды», – деген. Қарайған жүректерге нұр беруші – Құран ғана», – деп жиналған жамағатты жақсы­лыққа, ізгілікке шақырып, әділқазы мүшелеріне алғысын жеткізді.

Кеште сөз алған белгілі жазушы Сма­ғұл Елубай мен Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахет жарысқа қатыс­қан қариларды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, рухани ән-күй шырқалып, Құранның хикметтері жайлы бейнеролик халық назарына ұсынылды.

Құран жарысының жеңімпаздары қомақты қаржылай сыйлықпен марапат­талып, әрбір өңірлерден келіп қатысқан жүлделі орындарға ие бола алмаған қариларға арнайы Алғыс хат пен 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталды. Ал бас жүлдені жеңіп алған маңғыстаулық Нағим Нағманов автокө­лікті қанжығасына байлады.

 

 «АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *