(РАҚЫМЖАН ТОҚАТАЕВ)

Кеңес Одағының батыры Рақымжан Тоқатайұлы Тоқатаев дүниеден өттi. Ол Алматы облысы, Еңбекшiқазақ ауданы, Қаракемер ауылына қарасты, Киров колхозында 1923 жылы қаңтардың 5-i күнi дүниеге келген. Бұл ауылдан аттанған көп азаматтардың iшiнен екi Кеңес Одағының Батыры шыққан. Бiрi Рақымжан Тоқатаев болса, екiншi – Кеңес Одағының Батыры Қашаған Жаманғараев.Ол Батыр атағынан бөлек, осы марапатқа тең дәрежедегi «Ерлiгi үшiн» медалiнiң, сондай-ақ, 3дәрежелi Даңқ орденiнiң және 1-дәрежелi Отан соғысы орденiнiң иегерi. «Ер есiмi, ел есiнде» демекшi, бүгiнде Қаракемер ауылындағы мектеп Рақымжан Тоқатаев атында. Ол мектеп жыл сайын мамыр айында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерiнен жарыс өткiзудi дәстүрге айналдырып келедi. Батыр соғыстан кейiн осы үйiрмелерде жетекшiлiк еткен.

Екi рет «Халық ағарту iсiнiң үздiгi» белгiсiмен және Жоғарғы Кеңестiң құрмет грамоталарымен марапатталған. Бiрнеше рет ауылдық Кеңестiң депутаттығына сайланған, сонымен қатар, бiрнеше жыл қатарынан аудандық партия комитетiнiң мүшесi болған. Oте қарапайым, бiлiмдi ақсақал бүгiнде 87 жасқа жетiп, құрметтi зейнеткерлiк демалыста едi. Оның ерлiгiн аға буын азаматтар бiлгенмен, кейiнгi ұрпақ бiле бермейдi. Кең даламызды жауға таптатпаған батырларымыздың ерен ерлiгiн кейiнгi ұрпаққа үлгi етiп жеткiзу – бiздiң азаматтық, адамдық борышымыз.

Рақымжан Тоқатайұлы еңбек жолын Есiк қаласында ұстаз болып бастады. 1942 жылы Кеңес әскерiнiң қатарына алынып, отанды қорғауға барды. Украина майданы құрамында Курск, Киев, Житомир бағытындағы шайқастарға қатысып, Чехословакия жұртшылығын жаудан азат еттi. Старшина дәрежесiнде танкке қарсы зеңбiректiң жетекшiсi болды.

1945 жылдың көктемiнде Карпат жотасында болған ұрыста 13 немiс танкiн атып жойды. Сол шайқаста көрсеткен ерлiгi үшiн «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болып, III дәрежелi «Даңқ орденiмен» марапатталды.

«Сталинское знамя» атты майдан газетi бұл оқиға туралы 1945 жылы былай жазған: «Н… елдi мекенi маңайында болған оқиға бiздiң бөлiмге, тiптi, бүкiл әскери құрамға танымал болды. Сержант, 76 мм. зеңбiректiң жетекшiсi, Рақымжан Тоқатаев танкке қарсы жауынгерлiк ерлiк көрсетiп, бiр ұрыста 13 немiс танкiсiн атып жойды.

Түн. Кеңес жауынгерлерi автомат, мылтық, пулемет арқылы немiстерге қарсы атыс жүргiздi. Артеллерия атысқа қосылмады – оқты бұдан маңызды шайқасқа сақтады. Тез арада танк шабуылы басталуы мүмкiн. Қарымта шабуыл сағат 14:00-де басталды. Жау, түтiн бүркеуiн пайдалана отырып, 18 бронебiрлiгiн шайқасқа шығарды. Сол кезде сақтаған артиллерия оқтары iске жарады. Зеңбiректiң жетекшiсi Тоқатаев Рақымжан бұл ұрыста 13 немiс танкiсiн атып-жойды. Әдiсшiл және ержүрек жауынгер бұл күшi тең емес ұрыста жеңiп шықты».

1941 жылы тамызда әскерге алынып, Алматының Малая станицасындағы бекiнiсте болған Р.Тоқатаевты артиллерия училищесiне алмай, жасақталған атты әскер полкiне жiбередi. Кейiн Тастақта бөлiмше командирлерi курсына оқуға барған. Одан Ташкент маңындағы Шыршық қаласында артиллерия училищесiнде көздеушi мамандығын оқыды. Сол жерден 1943 жылы мамыр айында соғысқа аттанды. 4-Украина майданының Қызыл тулы Станиславск, кейiн 4-Украина майданының Қызыл тулы Станиславск артиллериялық 1672 атқыштар полкында көздеушi болды. Алғашқы ұрыс Днепрде, I-Украин майданында басталды. Одан кейiн Киев, сосын Житомир, Фастово, Винницк, Бердичев және тағы да басқа қалаларды азат етуге қатысты. Бұдан басқа 4-Украин майданының құрамында Батыс Украинаны, Иваново-Франково, Мукачев, Ужгород жерлерiн жаудан босатуға атсалысты. Одан әрi қарай, Венгрия мен Чехословакияны фашист басқыншыларынан азат ету жорықтарына қатысты. Прага қаласын азат етуде Жеңiске жеткендiгiмiз туралы хабарды естiген Рақымжанның қуанышында шек болмаған едi. «Бiрiмiздi-бiрiмiз танысақ те танымасақ та құттықтап жаттық. Бұл соғыс мәңгiлiк болып кеткендей көрiнiп едi. Мен Жеңiс күнiн сол 1945 жылы мамырдың 9-ында Чехословакияның Оламауц қаласында қарсы алдым. Ол жерден менi мұғалiм болғандығымнан елге қайтарды», – дейдi Р.Тоқатаев бiр сөзiнде.

Соғыстан кейiн Рақымжан Абай атындағы пединститутының физика-математикалық факультетiн бiтiрiп, бiлiм беру жүйесiнде дәрiс берiп, еңбек жолымен ұстаздықтан мектеп директорына дейiн өттi. Есiк қаласында Тоқатаев Рақымжан директор болып қызмет жасаған мектепке Р. Тоқатаев аты берiлдi.

Жерлеу рәсiмi 6-желтоқсан күнi Есiк қаласында,

Әуезов көшесi, 88, сағат 10:00-де өтедi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close