ПОЛИЦЕЙЛЕР ТАРТУЫ

Алматы қалалық Полиция департаменті Тұңғыш Президент күнімен алда келе жатқан Тәуелсіздік күніне орай «Он алтыншы Желтоқсанға он алты қайырымды іс» атты бастама көтеріп, өздерінің күнделікті қарбалас тіршіліктеріне қайырымды іс-шаралар жоспарын қосқан еді. Шындап келгенде, тәулік бойы ұйықтамай қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын күзететін бұл саланың қызметін қайырымдылыққа жатқызуға болады.

Нұржамал Тегінбайқызы

Бір адамды құтқарып, бір адамға қол­ұшын берудің өзі үлкен сауапты іс десек, полицейлер күнделікті қаншама адамды қауіп-қатерден құтқарады десеңізші. Қайырымдылық демекші, қазан айында жол-патрульдік полициясының екі қызметкері аяқасты толғағы қысқан жас келіншекті шұғыл перзентханаға жеткізіп, нәрестелердің аман-сау өмірге келуіне дәнекер болғандары бар. Балалар мен қарттарды өрттен, жол апатынан, ұры-қарыдан құтқаруда да полицейлердің еңбегі зор. Сондықтан полиция қызметкерлерінің сауапты істеріне көз жұмбауымыз керек.

Желтоқсан айындағы айтулы қос мереке қарсаңында «Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күніне орай қан тапсырсақ» деп едік деп Алматы қалалық Қан орталығына хабарласқандардың қата­рында Алматы-1 стансасындағы желілік полиция басқармасының басшылары болды. Көлік полицейлерінің бұл баста­масын қайырымды іс десе, жүрегі жылып сала беретін Алматы қалалық Қан орта­лығының директоры Жандос Қуанышбек­ұлы Нәдіров те қуана қолдау білдіріп, дереу донорларды жинақтау бөлімінің аға мейірбикесі К.Насрединоваға  жылжы­малы қан жинақтау бригадасын жинау жөнінде тапсырма берді. Орталықтың терапевт дәрігері Гүлшат Маханбетова жетекшілік ететін құрамында зертхана­шылар мен медициналық тіркеуші, трансфу­зиолог мейірбикелер Г.Құджы­баева, К.Смақова, А.Жаппарова, Г.Мұха­мед­жанова, Н.Құр­ма­нова, Д.Рақымжанов  бар бригада Алма­ты-1 стансасында орна­ласқан желілік полиция басқармасына бет алған еді.

Орталық қызметкерлерін әуежайдағы желілік полицияның кадрлық саясат жөніндегі аға инспекторы, полиция под­пол­ковнигі Ә.Якупов, Алматы-1 станса­сындағы желілік полиция басқарма бас­шы­сының орынбасары Д.Дәрібаев қарсы алып, дәрігерлерге 60 полиция қызметкері­нің қан тапсыруға дайын екен­дігі жөнінде рапорт берді. Қан тапсыруға басқарма бас­шысы өзі бірінші болып келді. Нәтижесінде 60 полиция қызметкері қан тапсырып, Тұңғыш Президент күні мен алда келе жатқан Тәуелсіздік күніне сауапты істерден тарту жасады.

Біз күнделікті қауіп-қатерлердің ара­сында көп жүретіндіктен, жарақат алған адамдарға, қаламыздағы емдеу мекемеле­рінде жатқан қанға зәру науқастар мен перзентханалардағы босану кезінде көп қан жоғалтқан әйелдерге қанның қаншалықты қажеттілігін жақсы түсінеміз. Сол үшін біз қан тапсыруды жөн көрдік, дейді басқарма басшысының орынбасары Әбілғазы Жүсіпов. Алматы-1 стансасындағы поли­цей­лер сол күні ауданда тұратын бір топ көпбалалы отбасыларында болып, оларға да көмек көрсетті. Азық-түлік себетін алған аналардың қуанышында шек болған жоқ, дейді Әбілғазы Жеткербайұлы. Мұндайда халықтың қауіпсіздігімен қатар қайырым­дылық пен жақсылық жасауды қатар алып жүрген полицейлерге бәрекелді дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *