Парасатты қадам

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Рухани жаңғыру» ғылыми-инновациялық

орталығының жетекшісі

 

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында қазақстандықтардың алдында үлкен 10 міндет тұрғанына назар аударды. Ол ел болашағына қатысты әртүрлі тақырыптарды терең қозғап, жетінші міндетте адами капиталды жаңғыруымыздың негізгі кілтіне балайды. Елбасы өз сөзінде әлеуметтік саясат азаматтарды толыққанды экономикалық өмірге тарту арқылы жүзеге асырылатынын айтты.

Жолдау арқылы Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың оңалуына оңай жол көрсетіп берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала береді. Қажетті бағдарламалардың барлығы бар» деді.

Одан әрі «Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік» деген Президенттің бес әлеуметтік бастамасы да халық арасында зор қолдауға ие болды. Бұл бастамаларды тәуелсіздік жылдары жүйелі жүзеге асырыла бастаған экономикалық, саяси, әлеуметтік рефор­малардың нәтижелі жалғасы деп білемін.

Бұл – Елбасының Қазақстанның өзіндік дамуындағы саяси маңызды, пара­сатты қадамы. Еліміздегі демокра­тиялық процестің дамуын көрсете келе, реформа­лардың халықтық талқыға салынуы, негізінен, биліктің ашықтық принципін, әрбір бастаманы халықпен бірлесіп талқылауға дайындығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Әлеуметтік бес бастамадағы білім алудың қолжетімділігін көтеру, сту­дент­терді жатақханамен қамтамасыз ету бастамасын қалалық мәслихат депутаты ретінде де, жоғары оқу орнындағы ұстаз ретінде де қуана қолдаймын.

Студенттер қаласы – Алматыда оқып жүрген жастарға жатақханалар әлі де жеткіліксіз. Осындай міндеттерді шешу үшін алдағы уақытта жоғары оқу орын­дары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде жатақханалар сала бастайды. Президент 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орынды жаңа жатақхана салуды тапсырды.

Алматы – тынысы кең, мәртебесі биік іргелі мегаполис. Іргетасы талай жылдар бұрын қаланған ірі-ірі тарихи жоғары оқу орындары да осында шоғырланған. Сондық­тан еліміздің түкпір-түкпірінен арман қуып келетін жастарды Алматы ешқашан жатырқаған емес. Олар – біздің ертеңіміз.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орында­рын­да 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олар­дың 30 пайызға жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда. Жо­ғары білім алудың қолжетімділігі мен сапа­сын арттыру үшін Елбасы жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосым­ша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлуді тапсырды. Оның 11 мыңы тех­ника­лық мамандықтар бойынша бака­лаврлық білім беруге тиесілі болмақ.

Тегін білім алу гранттарын көбейту – шалғайдан келген жастарды білім алуға ынталандыру мақсатындағы жаса­лып отырған игі іс-шара. Бұл өз тарапы­нан әлемдік деңгейдегі білім сапасымен тең болуға қолайлы жағдай туғызады.

Сонымен қатар, Үндеуде  баспана,  жалақыны көтеру, тұрмысы төмен отбасы­ларға салық көлемін азайту және мұқтаж жандардың өмір сүру жағдайын жақсарту сияқты халықтың негізгі сұраныстарын қанағаттандыруға баса назар аударылған.

– Елімізде соңғы жылдары қазақ­стан­дықтардың баспана алу мүмкін­діктерін кеңейту үшін көп нәрсеге қол жеткізілді. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңы­зы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқы­лы табуға барлық жағдай жасау керек.  Жұмыс істейтін әрбір адам несие­ге пәтер сатып алып, оны отбасы­лық бюд­жетінің мүмкін­діктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет, – деген Н.На­зарбаев бірінші баста­масында «7–20–25» деген бағдарламасын ұсынуы аса өзекті мәселенің шешуі болып табыла­ды.

Бұл бағдарлама миллиондаған қазақстандықтың баспаналы болуына үлкен мүмкіндік туғызады деген үміт және сенім бар. Мәселен, несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14—16 емес, жылына 7 пайыздан аспай­тын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспа­на құнының 30 пайызына дейін, кейде тіпті 50 пайызын салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 пайыздан аспауға тиіс.  Несие алушы­ның ай сайын­ғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10—15 емес, 25 жылға дейін бола­ды.  Міне, мемлекет алдағы жақын күндері осындай түбегейлі әрі нақты шараларды қолға алып, халықтың мұқ­тажына нақты жәрдем қолын созатын болады.

Мұның бәрі сайып келгенде, санда­ған отбасындағы ата-ананың да, бала­ның да лайықты өмір сүруіне, бақытты ғұмырына қызмет етпек.

Мемлекет басшысының бес әлеу­меттік бастамасына қатысты шетелдік ғалымдар мен сарапшылар да пікір білдіруде. Олар мұны Қазақстан халқы­ның тұрмыс-тіршілігін, елдің бірлігі мен ынтымағын арттыруға бағытталған теңдессіз бастамаға балайды.

Елбасы айтқандай, біз елдегі береке-бірлігіміз бен мемлекеттің сындарлы саясаттың арқасында барлық сынақтан абыроймен өттік. Бірақ қазір қол жеткен табыстарға тоқмейілсіп қарап отыратын уақыт емес. Тәуелсіз Қазақ­стан әлем мойын­даған қуатты елге айна­луы керек! Ол үшін халықтың әл-ауқа­ты жоғары болуы тиіс. Осы мақсатты көздеген барша әлеу­меттің игілігіне арнал­ған ұтымды жоба­ларды қолдап қана қоймай, жұрт болып жұмыла жүзе­ге асыруға шақырамын.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *