«Отырар сазы» маусымашар концерке шақырады

1982 жылы 2 қазанда құрылған Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрі қазақтың ұлттық музыка аспаптарының аса бай жинағымен танысуға мол мүмкіндік береді. Баға жетпес мәдени мұра болып есептелетін қазақтың музыкалық аспаптары біздерге ғасырлар қойнауынан жетіп отыр.

«Отырар сазы» оркестрінде байырғы қазақ аспаптары – домбыра мен қобыздан басқа да жетіген, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай мен сазсырнай, сыбызғы, сондай-ақ ұрмалы аспаптар – асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, қайрақ үн қатады. Осындай дыбыстардың алуан түрлілігі оркестрге ұлттық фольклордың бай төлтума үлгілерін кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді.

Оркестрдің алғашқы бас дирижері – Халық Қаhарманы, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев еді. Қазақтың біртуар ұлы, аса дарынды күй өнерінің шебері, музыка өнерінде қайталанбас із қалдырған Нұрғиса Тілендиев ұжым алдына биік мақсаттар қойып, оркестрді ірі драмалық ойларды жеткізе алатын, мүмкіндігі кең ұжым қатарына көтеріп кетті.

Бүгінде ұрпақтар сабақтастығын паш етіп, оркестрге Н.Тілендиевтің қызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Динара Тілендиева жетекшілік етеді. Дирижерлары – ҚР еңбек сінірген қайраткері Мүсілім Әмзе, ҚР еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегендіков. Оркестр Қазақстан қалаларында ғана емес, алыс-жақын шет елдерде – Ирак, Марокко, Вьетнам, Солтүстік Корея, Германия, Испания, Түркия, Сауд Арабиясы, Иордания, Франция  және басқа да көптеген елдерде концерттер берді.

Қазан айының соңында оркестр Рим қаласына гастрольдік сапармен аттанғалы отыр.

                                                                             «АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *