ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ

2246Директорлар кеңесінің күн тәртібіндегі өзекті мәселе осы болды

Түрксіб ауданында қоныстанған өндірістік мекемелердің директорлар кеңесінің кезекті басқосуына қатысқан өндіріс басшылары отандық өндірістің қаржылай қолдауға зәру екендігін аудан басшылары мен қалалық мәслихат депутаттарына жеткізді.

 Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Түрксіб – қаламыздағы тоғыз жолдың торабында, Алматының кіреберіс қақпасында орналасқан, сырттан келген қонақтарға бірінші болып Алматы жайлы ақпарат жеткізетін аудан.

Аудан өндіріс орындарымен де мақтана алады. Түрксіб ауданының ғана емес, қаламыздың бюджет қаржысының молаюына үлкен үлес қосып отырған аудан аумағында орналасқан өндіріс орындарының тыныс-тіршілігі, өндірістік ахуалы, өнімдеріне деген сұраныс қалалық мәслихат депутаттары, Түрксіб ауда­нындағы «Алматы көпір құрылымдары» зауытының директорлар кеңесінің төрағасы, А.Чардинов, «Алтын диірмен» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ә.Маралов, Алматы «Халықаралық әуе жайы» АҚ президенті А.Бекмұханбетов пен аудан әкімі В.Устюговтың қатысуымен өткен бұл жиында дәрі-дәрмек және медицина мен денсаулық сақтау ісіне қажетті құрал-жабдықтар, бұйымдар шығаратын өндіріс орындары басшыларының есебі тыңдалып, өндірілген кейбір жаңа өнімдерінің тұсауы кесілді.

Кеңесте «Бируни фарм» ЖШС-нің директоры М.Қожакеев, «Аврора холдинг» ЖШС-нің директоры Л.Қасымханова, «Медоп­тика» ЖШС-нің директоры Е.Ахметов, «Жұл­дыз Кенан» ЖШС-нің директоры Б.Баққұлова, «Vіva фарм» басшылары сөз алып, өндіріс орындары шығарып отырған өнімдері олардың нарықтағы сұранысы жөнінде баяндап берді. Фармацевтикалық өнімдер өндірудегі 17 пайыз­да өзіндік үлестері бар аталған өндіріс орын­дарының өнімдері бүгінде тек Қазақстан­ның ғана емес, өзге елдің де назарына ілігіп үлгеріпті.

Мәселен, «Медоптика» ЖШС шығаратын көз ауруларына арналған тамшыларға, антисептикалық және зарарсыздандыруға арналған өнімдер мен «Бета глюкан» деп аталатын биологиялық қоспаларына деген сұраныс көп көрінеді. ТМД елдерінің бірқатары «Медоптиканың» өнімдеріне қызығушылық танытса, дәрі-дәрмектің отаны саналатын Польша, АҚШ, Германия секілді азулы мемлекеттердің де фармацевтикалық өндірісінің өкілдері де қызығушылық танытып жатқан жәйі бар көрінеді. «Жұлдыз кенанның» полимерден жасалған жаңа туылған нәрестелердің кіндігін байлауға арналған қысқыштар, хирургияға арналған түтік сүңгілерге (катетер) көршіле­рімізден сұраныс көп болғанмен, өзіміздің емдеу мекемелеріміз көп қызығушылық таныта қоймай­тын секілді. Бұған өндіріс басшылары емдеу мекемелерінің басшыларын емес, мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілетін тендерді кінәлады.

Өнімдерді сатып алу мен қызмет көрсету сапасы бойынша өткізілетін тендерлерді бір жүйеге келтірмейінше, қазіргі ашық электронды түрде өткізілетін тендер жергілікті жерлердегі өндіріс орындарының тасын өрге домалата қоймайтынын жанайқаймен жеткізді. Өндіріс басшылары мемлекеттік сатып алу заңдарына өзгеріс ендіру қажет-ау деген ұсыныстарын да жеткізуге тырысты.

Әр қаладағы өндіріс орындары бірінші кезекте жергілікті жерлердегі кәсіпорындар мен мекемелердің сұранысы өтелуіне мән берілсе деген де пікірлерін директорлар кеңес мүшелеріне, мәслихат депутаттарына құлаққағыс етті. «Қазақстанда жасалған» деген даңқы болмаса, өнім шығаруға қажетті шикізаттар мен басқа да заттарды, құрал-жабдықтарды сырттан арбалап, өз күндерін өзі көріп жүрген фармацевтикалық өндіріс орындарының басшылары отандық өндіріске қолдау білдіру қажет, мемлекет тарапынан шынайы қолдау мен көмек болмайынша, отандық өндіріс өркендей қоймайды деген ойларын да түйіндеп, аудан әкіміне, әкімдіктің өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту бөлімі және кеңеске қатысқан мәслихат депутат­тарының назарына ұсынды.

Өз кезегінде сөз алған мәслихат депутаттары А.Чардинов пен Ә.Маралов өндіріс басшылары­ның бұл ұсынысын қала бюджетін бекіту кезінде ескеретіндерін айтты. Ал аудан әкімі В.Устюгов өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің қызметкерлеріне өткізіліп отырған кеңесте айтылған ұсыныс-пікірлерді назарға ала отырып, аудандағы өндіріс, мекеме басшыларының қатысуымен жиналыс өткізуді, онда мемлекеттік сатып алу, жаңа технологияларды ендіру және өндірістің өнім шығару мүмкіндігін арттыруға қажетті қосымша тапсырыстар төңірегіндегі күрделі мәселелерді қарастыратын жиын өткізуді тапсырды.

– Біз ауданымызда салынып жатқан құрылыс және басқа да атқарылып жатқан шаруа­ларымызға қажетті материалдарды алдымен өз ауданымыздағы өндіріс орындарынан іздестіруіміз керек. Сол секілді аудандағы денсаулық сақтау мекемелері де емдеу мекемелеріне керекті құрал-жабдықтарды, дәрі-дәрмек, залалсыздан­дыруға қажетті заттарды Түрксіб ауданындағы фарма­цевтикалық медициналық өндіріс орындарынан алуды дәстүрге айналдыру керек деген В.Устюгов өз сөзін «жақсылықты алдымен өзіңе жаса, одан артылса өзгеге жаса» деген халық мәтелімен қорытындылады. Солай болса қанеки, бірақ, біз алдымен өзгені, одан соң барып өз жайымызды ойлаудан арыла алмай отырған жәйіміз бар. Ал «Қазақстанда жасалған» деген бойтұмарды таққысы келетін өндіріс орындары болса, керегін алыстан арбалап, табысының тең жарымын шетелден тасымалданатын шикізатына жұмсап, былай жүрсе өгізі өліп, былай жүрейін десе арбасы сынатынының керін киіп жүргені.

Түрксібтің өндіріс басшылары көп кәсіпкердің көкейінде жүрген ойды ашық айтты. Шындығында, мемлекеттен қолдау көрмеген өндірістің оты қайдан маздасын?!

«Қазақстанда жасалған» деген бойтұмарды таққысы келетін өндіріс орындары болса, керегін алыстан арбалап, табысының тең жарымын шетелден тасымалданатын шикізатына жұмсап, былай жүрсе өгізі өліп, былай жүрейін десе арбасы сынатынының керін киіп жүргені.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *