«ОРАЗ-МҰХАММЕД МӘСКЕУ ПАТШАЛЫҒЫ ТАҒЫНА ДА ОТЫРАР МА ЕДІ…»

Ресейде Қасым хандығының ханы, қазақ даласының сұлтаны Ораз-Мұхаммедке Құран бағышталып, құлпытас қойылды

Қасым хандығының ханы, қазақ даласының сұлтаны Ораз-Мұхам¬мед қазақ даласынан 16 жасында тұтқында кетіп, Мәскеу патшалығында құрметті аманатта өткізген 22 жылының 10 жылын жарты патшалықтың әміршісі ретінде ел билеуге арнаған тұлға.«Ораз-Мұхаммед Онданұлы, 1573–1610. Қазақ сұлтаны, Қасым патшалығының ханы», деп жазыл­ған Ресей Федерациясының Рязань облы­сына қарасты Қасымов ауданында қойыл­ған құлпытаста. Қасымов қаласының оңтүстігіндегі Уланова Гора ауылының жанында Яблоневый сад деп аталатын алаңқайдағы ескі Татар зиратына қойыл­ған мемориалды тақтаны жасау үшін табиғи қоңыр түсті гранит пайдаланылған. Ескерткіштің биіктігі үш метр. Төбесіне доғал күмбез орнатылған.

«Егемен Қазақстан» газетінде жазыл­ғандай, мемориал-тақтаның ашылуында Қазақ­стан Республикасының Ресей Феде­рациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйледі.

–       Қадірменді халайық, осынау қа­сиет­­ті Қасымов жерінде қасиетті баба­мыз Ораз-Мұхаммед Онданұлына қойылған тақтаны ашып тұрмыз. Әруағы қабыл етсін. Сөз жоқ, бір тұлғаға ғана емес, тұтас бір дәуірге, сонау аласапыран дәуірдегі қазақ сұлтандығының Ресейдегі тарихи ізіне ғана емес, екі халықтың арасындағы достық пен ынты¬мақтың, бірлік пен тірліктің өзіне қойылған ескерткіш деп білемін. Сол себепті, Ораз-Мұхаммедтің есімі бүгінгі ұрпақ санасында орыс-қазақ достығының символы әрі екі ел арасындағы диплома­тиялық алыс-берістің қарлығашы ретінде мәңгі сақталады, – деген елші бастамаға қолдау көрсеткен Рязань облысы әкімдігіне және көршілес елдің дипломатиялық өкілдігіне алғыс білдірді.

Әйгілі «Шежірелер жинағы» еңбегін қалдырған Қарашы бек Қадырғали Жалайыр би де (Ораз-Мұхаммедтің тәлім­гері һәм қайынатасы) осы топырақта жантәсілім еткен. Қасымов қаласының іргесіндегі ескі Татар зиратында, Ораз-Мұхам­медке арналған құлпытастан әрі 100 метр қашықтықта Қадырғали Жалайырға ұрпақтары 2005 жылы ескерткіш тас орнатқан.

Мәскеуде Қазақстан мен Ресейдің тарихшыларын жинап өткізген халық­аралық ғылыми конференцияда И.Тасма­ғам­бетов қазақ халқымен Ораз-Мұхаммед сұлтанды араға үш жарым ғасыр салып қайта қауыштырған жазушы Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романы екенін еске салды: «Барша Алаш жұрты үшін байрақты бабамыздың жат елде жарты патшалық құруы аңызға бергісіз ақиқат! Ал оның ел мен елді табыстырған қызметі – мәртебелі абырой. Өйткені, Ораз-Мұхаммед орыс жеріне жеке-дара келген жоқ. Ол бүкіл ел аманатын, ұлы даланың дос пейілі мен бейбіт ықыласын ала келді. Содан болар, табиғи тәкаппарлығы мен батылдығының, зеректігі мен әділдігінің арқасында үлкен беделге ие болды. Осы елдің тағдыршешті сын сағатына араласты. Атқа қонып, еңселі ертеңі үшін күресті. Әрбір тарихи дәуір әлемге ұлы адамдар мен әділ билеушілерге, ел мақтан тұтатын тұлғаларға ие болары сөзсіз. Сонымен қатар, адамдар тарихи процестерді ұғып, логикасын түсінуге тырысып қана қоймай­ды, батыр бабалары жөнінде шындықты білгісі келеді. Ораз-Мұхаммед сұлтандай ерекше тұлғаны терең зерттеп, оған қоса өмірбаяндық материалдар мен оқиғаларын алғашқылардың қатарында өзінің «Аласа­пыран» атты романына енгізген қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауин болды. Ораз-Мұхаммедтің Ресей кеңістігін­дегі даңқты істері қазақ жерінде ғана емес, сонымен қатар оның шегінен тыс аймақ­тарда да танымал болды. Бүгін де оның халық жадында даңқты патшалар мен ұлы хандардың есімдерімен қатар аталуы кездейсоқ емес. Мұның бәрі біздің халықтарымыздың біртұтас рухани жады мен мәдениетін құрайды», – деді елші конференцияның ашылуында.

Ораз-Мұхаммед – қазақты билеген Шың­ғыс ұрпағынан шыққан, Ондан сұлтанның үлкен ұлы және генеология бойынша барлық қазақ хандарының атасы ретінде есептелетін Шығай ханның немересі. Ол 1587 (88) жылы Сібір ханы Көшімге қарсы соғысып жүрген Чулков жасағына тұтқынға түсіп, орыс патшасы Феодор Иоанновичтің сарайына жіберілді. Қазақ сұлтандары боз қасқаның қанына бармақ батырып, ант бере қабылдаған Тәуекелдің тақ мұрагері болатын. Бұл деректі еске салып, тіпті «Ораз-Мұхаммед Мәскеу патшалығы тағына да отырар ма еді» деген болжамын Халықаралық бизнес университетінің әлеуметтік ғылымдар және гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессоры Мұрат Әбдіров айтты.

Тарихшылар Ораз-Мұхаммед ханзада­ның 1590–1595 жылдардағы орыс-швед соғысына белсене қатысқанын, 1598 жылғы Қырым татарларына қарсы жорық­қа шыққанын ескере отырып, патша алдын­дағы беделі туралы әлі күнге дейін дауласады (жоғары лауазымды әскери тұтқын, аманат, патшаға жақын тұлға). 1600 жылы Феодор Иоанновичтің орнын басқан патша Борис Годунов өзінің жаңа егемендігі үшін шайқаста көрсеткен жауынгерлік еңбегін ескере отырып, Ораз-Мұхаммедті Мәскеуге тәуелді, бірақ 200 жылға жуық ресми дербестігін сақтаған Қасым хандығының тағына отырғызды. Хандық Алтын Орда қалдықтары мен Ресейдің саяси ықпалдасу механизмі, Батыс пен Шығыстың мәдени, экономи­калық, өркениеттік жол­дарын жақындас­тыруға бағыт­талған парасатты мемлекеттік саясаттың үлгісі болды.

«Тегі түркі үш билеушінің: Сібір ханы Көшім, қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммед және Петр Урусов атымен тарих­та қалған ноғай ханзадасы Орақ­тың – кейіннен үлкен еуразиялық державаға айналған сол тұстағы Мәскеу патшалығы кезеңінде тағдырлары тәлкекке түсті. Ораз-Мұхаммед сұлтан қазақтың ханы болуы мүмкін еді. Ол Шығай ханның өмірден ерте озған үлкен ұлы Онданның баласы ретінде мүмкін қазақ хандығының тағы­на отырар ма еді? Тіпті, Борис Годунов патшаның ең сенімді серіктерінің бірі болған Шыңғыс тұқымы Ораз-Мұхаммед өмірінің соңғы беттері құпияға толы. Ол мезгілсіз ажал құшпағанда орыс боярлары Мәскеу патшалығы тағына алып баруы да ғажап емес еді», – деді профессор елшілікте өткен конференцияда.

 

«Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың

жай ғана бастаушысы емес, екі елдің ықпалдасуына әсер еткен тұлға»

 

XV ғасырдың ортасында Мәс­кеудің көреген княздері құрған Қасым хандығы өзінің екі жүз жылдық тарихында тек Ресей мемлекетінің нығаюында ғана емес, сонымен бірге Мәскеу дипломатиясы мен өз заманының дипломатиялық кадрларының ұясы болудағы маңызды рөлін мойындайды. Тарихи орыс-қазақ мемлекеттерінің бір-біріне деген белсенді қызығушылығының ояну кезеңіндегі келіссөздерінде Ораз-Мұхаммед ханның бітімгер рөлі басым болды. XVІІІ ғасырда қазақ хандарының Ресей бодан­дығын мойындаумен аяқталған Ресей мен қазақ даласы арасын­дағы қатынастардың катализа­торы рөлін әсіресе Ораз-Мұхаммед басқарған кезеңдегі Қасым хан­дығы атқарды деп айтуға болады.

Мәскеудегі ғылыми конфе­ренцияда Ресей Ғылым академия­сының Орыс тарихы институ­тының аға ғылыми қызметкері Андрей Беляков «Мүмкін, Ораз-Мұхаммед Қазақстанның Ресей­дегі тұңғыш елшісі, ізгі ниетті дипломаты болған шығар. Ораз-Мұхаммед екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың жай ғана бастаушысы емес, екі елдің ықпалдасуына әсер еткен тұлға», деп атап өтуі тегін емес. Ал Ресей Ғылым академиясының Әлеуметтік ғылымдар туралы ғылыми ақпарат институтының Өркениеттерді салыстырмалы зерттеу орталығының жетекшісі Илья Зайцев белсенді мемлекет қайраткерлерінің бірі болған қазақ сұлтанының ғылымдағы тарихи орны ғана емес, саяси қызметі турасында да жалғасты зерттеудің қажеттілігін айтады.

Осылайша тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, жаңа буынның өткен замандардағы мемлекет қайраткерлерінің сіңірген еңбегін мойындауы Қазақстан–Ресей қатынастарының қазіргі кезеңінің жарқын бейнесі бола алады. Олардың терең және ажырамас байланысының көрсеткіші ретінде өткен күндердің бір тамырлылығы, сонымен бірге, бір-бірінің мемле­кеттілігін иелену мен сақтауда шешуші рөл атқарған халықтар­дың генетикалық жады, әлі де біртұтас еуразиялық кеңістіктегі басқа ел және халықтардың істерінде шешуші әсерге ие. Ресей тарихында алар орны орасан зор, бірақ әлі де өз бағасын таппаған қазақ халқының ұлы перзентінің қабірін қалпына келтіру – тарихи сабақтастықты қалпына келтіру­дің және ата-бабаларымыздың қабірлеріне тағзымның үлгісі, өткен кезең батырларының іс-әрекеттері мен жетістіктеріне ерекше көңіл қоюдың белгісі.

Ораз-Мұхаммед ханның бүгінгі тарих беттерінен көрініс берген батылдық, адалдық және даналық сабақтары азаматтардың жаңа буынын қалыптастырудың, жастарға құнды бағдар көрсету­дің, адал қызмет пен мемлекеттік идеяға шынайылықтың, жер мен халықты біріктіре білу мен сол тарихи қауымдастықтың аса маңызды үлгісі.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

(«Егемен Қазақстан» газетінің 2019 жылғы 18 қарашадағы санында жарияланған мақаладан).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *