Қоғамның ажырамас бөлшегі

Азаматтық қоғамды қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын  орган – Үкіметтік емес ұйымдар. Олардың міндеттеріне қоғамды ізгілендіру, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жобалары жатады.

«Азаматтық бюждет» туралы бастамада да олардың үлестері бар. Азаматтық бюджет дегеніміз – баршаға түсінікті бюджет. Себебі, қарапайым адамдардың көзімен қарасақ, бюджет деген қаптаған сан мен цифрлардан тұрады. Кез-келген азамат бюджеттің қайда жұмсалып жатқанын білуге құқылы. Соңғы кездері қоғамдағы халық үшін жасалып жатқан кез-келген шара ашық өткізілуде. Мұның өзі халықтың мемлекетке деген сенімін арттыруда.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Соңғы жылдары «Ашық экономика» бастамасы аясында әйелдердің экономикадағы үлес салмағын арттыру мәселесіне де айрықша назар аударылып отыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жұмыс істейтін 90-нан астам ерекше қажеттіліктері бар балалардың аналары «Мама про» ұйымы арқылы қордың қолдауымен біліктілігін арттырып, табыс көзін табуға мүмкіндік беретін іскерлікті игерген. Аталған жобаның ерекшелігі – оған қатысушы аналар сырттан көмек күтпей, өз­де­рінің бизнес бастамасын жүзеге асырып, кәсібін ашып, сон­дай-ақ қиын жағдайдағы басқа да аналарға қолдау көрсете алады.

Бастама аясында үстіміздегі жылы 8 қарашада Алматыда екінші рет «Ашық экономика» форумы болып өтті. «Ашық экономика» форумы – экономикалық саясаттың өзекті және өткір мәселелері талқыланатын тәуелсіз алаң. Оған қатысуда үшінші сектор болып саналатын үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы және экономикадағы рөлін айшықтап отыр. Оның форматы да ашық. Олар арқылы берілетін білім гранттары мен әлеуметтік қолдауларды, түрлі жеңілдіктерді ашық көруге болады. Мысал ретінде «Сорос-Қазақстан» қоры елімізде өткен ширек ғасыр ішінде түрлі бағытқа 90 миллион АҚШ долларынан асатын грант бөліпті. Бұл қомақты қолдау ЖИТС сынды ғасыр дертіне ұшыраған түрлі сырқаттардың алдын алуға, шет елде оқуға арналған стипендиялық бағдарламалар мен сыни тұрғыдан ойлау бойынша білім беру жобаларын жетілдіруге, сондай-ақ мәдениет пен өнерді қолдауға бағытталған кең ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруға жұмсалған. Қазақстандағы қызметінің алғашқы жылдарында қор үкіметке денсаулық және білім беру салаларындағы негізгі қызмет жүйесін жеке тұлғалардың қажеттіліктерін қанағаттандыру бағытына өзгертуге қолғабыс еткен. Соның нәтижесінде Ашық қоғам стипендиялары жүздеген студентке Еуропа мен АҚШ университеттерінде тегін білім алып, елге тың тәжірибемен оралуға мүмкіндік жасаған.

Бүгінде қоғамдық ортада құқықтық негізде талас-тартыс көп. Әсіресе, ювеналды әділет жобасы – кәмелетке толмаған құқықбұзушыларға арналған әділет жүйесі. Ересектер мен балалардың психологиялық ойлау деңгейінің кемшіндігінен шешілмеген мәселелер көп. Сондықтан оларға арналған әділет жүйесінде өзіндік ерекшеліктер болуы тиістігі сұралып келді. Осыған байланысты 1998 жылдары әділет жөнінде ашық дискуссиялар өткізу қолға алына бастады. Бастапқыда қанатқақты жоба ретінде қолға алынған бұл бастама уақыт өте келе өз жемісін бере бастады. Нәтижесінде ел Үкіметі ювеналды сот құру туралы шешім қабылдады. Кейіннен ювеналдық әділеттен бастау алған соттарды мамандандыру үдерісі кең қанат жайып, әкімшілік-экономикалық соттар, басқа да мамандан­дырылған әдет алаңдары құрылған. Қоғамды рухани сауық­тыруда да үлгі етер тың жаңалықтар бар. Айталық, 1998 жылы қор қолдауымен негізі қаланған «Сорос-Алматы заманауи өнер орталығы» Қазақстан суретшілерінің қолтаңбасын шет мемлекеттерге танытып, сан саладағы өнер қайраткерлерін бір арнаға тоғыстырған мәдени алаңға айналды. Нәтижесінде дарынымен дараланған қылқалам шеберлерінің сурет көрмелері әлем жұртшылығының назарына ұсынылды. Осы тақырып аясында АӨСШК-ге мүше елдердің «Азиядағы сенім мен ынтымақтастықтың ұлттық көрінісі» атты сурет көрмесі ұйымдастырылды.

Форум аясында «Қоғамдық келісімді нығайтудағы азаматтық қоғамның рөлі. АӨСШК елдерінің тәжірибесі» атты пленарлық отырысы, «Азаматтық қоғамды дамытудың келешегі» және «Жастар және азаматтық қоғамдағы байланыс механизмдері» панельді секциялары, Азаматтық қоғам дамуының концепциясы жобасының таныстырылымы болып өтті.

Бүгінгі таңда АӨСШК құрамында 27 мемлекет, 8 бақылаушы ел және 5 халықаралық ұйым бар. Кеңес жұмыс істеген жылдары Азия құрлығында сенім мен ынтымақтастықты алға тасымалдаудың негізгі қанаты екенін айқындап отыр.

Азия құрлығы бүгінде сенімге ұмтылудың айрықша үлгісін көрсетуде. Атқарушы билік пен халықтың ортақ мүдде орайында ықпалдасуында қоғамдағы азаматтық белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде, белгілі ұйымдар аясында бірлескен іс-қимылының маңызы жоғары. Өйткені, бұл ортақ әрекеттер кезегінде елдегі азаматтық қоғамның дамуына жол ашады.

ҮЕҰ-дың белсенділігін арттырудың бір жолы – еңбек, табиғат инспекциясы, әлеуметтік қызмет, білім бағалау, мүгедектермен жұмыс және басқа да салалардағы мемлекеттік қызмет функциясын үкіметтік емес ұйымдарға аутсорсинг шарттары негізінде беру мәселесін айтуға болады.

Бүгін біз үшін қоғамдық даму моделін жаңадан сараптайтын уақыт келіп отыр. Алдымыздағы сын-тәуекелдерді еңсеру үшін мемлекеттің күші жеткіліксіз. Оған барлық азаматтар тартылуы қажет. Қоғамдық даму министрлігінің құрылуы – осы саланы қайта жандандыру, жаңғырту үшін билік тарапынан жасалған нақты қадам десе де болады.

Ішкі саясат сыртқы саяси жетістіктермен үнемі ұштасып, астасып отыруы тиіс. Осы көзқарас тұрғысынан алғанда, соңғы VІІІ азаматтық форумның аясында мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы соңғы он бес жылда болмаған ең жоғары деңгейдегі пайдалы диалог орныққанын көре аламыз.

2000 жылы Елбасы «Еркін де еңселі әрі қауіпсіз қоғамға» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке үкіметтік емес ұйымдарды құру туралы алғашқы тапсырмалар берген болатын. Міне, сол уақыттан бастап, өсіп-өніп, жетілген, мол тәжірибе жинақтаған ұйымдар бүгінде әбден кемелденген кезге келді.

Бүгінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жетілдіру қажеттігі туындап отыр. Оның мемлекеттік сатып алудың тендерлік қағидаттарына негізделуі үкіметтік емес сектор құрылымының әлсіреуіне алып келді. Осының салдарынан ҮЕҰ-ның мемлекеттің қолына қарап отыратын, салық төлеушілердің ақшасына өмір сүретін және бір күндік тұтас конгломерат пайда болды.

Елді саяси жаңғырту процесіндегі жаңалық – енді вери­фикацияланған ҮЕҰ электронды тізілімін қалыптастыру ерікті негізде жүргізіп келеді. Қазіргі реформалар – егемен ел болғаннан бері жүзеге асқан іргелі істердің заңды жалғасы. Мемлекет пен қоғам дамуының келесі жарқын кезеңіне өту алдында қарқынымызға қарқын қосатын, Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енгізер нақты шаралар кешені. Мұндай келелі шараларды азаматтық қоғамның атсалысуынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Елбасы «демократиялық қоғамның ажырамас бөлшегі» деп атаған азаматтық қоғам институттарына   «Баршаға ортақ қазіргі заманғы мемлекет», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Тұрақты экономика», «Болашағы біртұтас ұлт», «Транспаренттік және есепті мемлекет» сияқты бес институттық реформаны жүргізу бойынша ауқымды міндеттер қойылып отыр.

Бүгінде осыған қатысты жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп келеді. Қолға алынған жобалардың тақырыптары да әралуан. Балалар мен жастардың құқықтарын қорғау, патриоттық тәрбие, ҮЕҰ-ның әлеуеті мен олардың өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесіне талдау жасау, радикалды идеологиядан зардап шеккен азаматтарды оңалтуға бағытталған іс-шаралар сияқты өзекті де өткір жобалар қамтылған. Үкіметтік емес ұйымдар  бұл бағытта қоғамның ажырамас бөлшегі ретінде дамып келеді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *