НОСТАЛЬГИЯ

Жанболат АУПБАЕВ

Ойлап қарасаң, өткеннің бәрі сағыныш. Өткеннің бәрі қызық.  Сол өткеннің бәрі енді қайта оралмас арман…  Мұның бәрін бой өсіп, ой ержеткен кезде емес, одан кейін… иә, көп кейін барып сезесің. Міне, сонда көз алдыңа, ең алдымен, өзіңнің өмір жолыңда кездескен жақсы адамдар келеді. Сол кезде оларды жүрегің шымырлап, жанарың жасаурап тұрып еске аласың. Өзіңе жылы сөз айтқан, жанашыр болған мұндай жандар туралы мына тірлікте қалай болғанда да әйтеуір бір лебіз айтып қалуың керек сияқты. Өйткені, өмір мәңгі болғанмен, ғұмыр қысқа ғой…

БІЗДІҢ БІЛЕТІНІМІЗ: Алпысыншы жылдардың орта тұсы. Ол уақытта алағай да бұлағай қимылға толы теңбіл доп тәңірісі Пеленің есімі ауыздан-ауызға түспей тұрған кез. Әлемдегі №1 футболшының бір матчта қанша рет шабуылға түрткі болғаны, тіпті қарсыластары оны неше мәрте қылтадан қаққаны сияқты жайларды жадуалдай жатқа соғатын алыстағы ауыл капитаны – қара баланың әңгімесін естігенде, оның сөзі өзіңді ағаш атқа теріс отырғызып жіберетінін сезбей да қалатынсыз. Себебі, оның «Қайраттағы» ағасы «қара маржан» қатысқан ойынды көрген, білген. Біздің капитанымыз сол ағасынан естігендерін айтатын сияқты. Мұндайда: «Дат тақсыр»! деп уәж айтуға шама қайда, тек сілекей шұбыртумен шектелетінбіз. Өстіп жүргенде, «Лениншіл жас» газеті беттерінен Англиядағы VІІІ әлемдік чемпионат туралы «Футбол кіндігін кескен елде» атты жолжазба жарқ етіп шыға келмесі бар ма? Шекесінде «С.Бердіқұлов» деген фамилия жазылған сол мақалалар сериясын «Ұшқыр» деген нарынқолдық көше командасының мүшелері, біздер, жата-жастана оқыдық. Оқыдық та, нағыз шындыққа көз жеткіздік. Ол біз естіген футбол патшасының үш аяғы емес, екі аяғы бар екендігі, ең бастысы, оның да біз сияқты жұмыр басты пенде болғандығы еді. Ал жолжазба авторының «Қазақстан пионері» газетінің дырдай редакторы екені миымызға кіріп те шыққан жоқ. Ол кездері біз оны журналист, жазушы деп қарамай, Пеленің ет жақын інісі немесе футболдың майын езіп ішкен білгірі деп ойладық.

Арада арбаның дөңгелегіндей айналып жылдар өтті. Бой өсіп, ой ержеткен шақта көңіл шіркін басқа жайларға алаңдайтын болды. Бұл енді: «Біздің Қазақстанның қалам иелерінің арасында еңістен салса төске озатын Генрих Боровик, Игорь Фесуненко сияқты ақ мылтық журналистер неге жоқ? Осылар сияқты біздің ағаларымыз неге әлемнің отты нүктелеріне барып, дүниені дүбірлетпейді?» деген сияқты жаның ауыратын, көңілің елегізетін азаматтық сезімнің оянуы еді. Белсенді өмірлік бағдарды қалыптастырар осындай кәмелеттік кезеңде өзімізге таныс «С.Бердіқұлов» есімі баспасөз арқылы тағы да ұшырасқаны бар. Жер шарының арғы бетіндегі ел – Мексикаға барып, «Жұмыр жерде теңбіл доп» атты буырқанып-бұрсанған репортаждар сериясын жазған кім? Сол. Атам қазақ аттап баспаған Австралияға аттанып, «Сеңгір-сеңгір таулардан, айдын шалқар көлдерден» деген жолжазбаны оқырмандарға жеткізген кім? Сол. Аяғын апыл-тапыл басқан Африка құрлығына сапар шегіп, «Анголаның елең-алаңы» хикаясын қазақ оқырмандарына ұсынған кім? Тағы да сол. Тоқ етерін айтқанда, өзі құралпы әріптестері атжалман, жұлымыр журналист деп айтатын Сейдахмет Бердіқұловтың әлемдегі алты құрлықтың – Азия, Америка, Австралия, Африка және Еуропа сияқты бесеуіне табаны тиген Әнуар Әлімжановтан кейінгі қазақ қаламгері екенін қазір осы бәріміз түгел дерлік біле береміз бе? Әй, қайдам…

…Тағдыр мені осы адаммен 1973 жылдың желтоқсан айында «Лениншіл жас» газеті бас редакторының бөлмесінде жолықтырды.

Енді басталайын деп тұрған өмір жолымның ең алғаш­қы белгісі – еңбек кітапшама: «Комсомол тұрмысы» бө­ліміне кіші әдеби қызметкер болып жұмысқа алынды», – деп солақай қолымен сойдақтата қол қойған да міне, осы кісі. Содан бастап ол – ұстаз, біз – шәкірт болып арман­шыл жастардың ақ отауы «Лениншіл жаста» он үш жыл бірге жұмыс істедік. Он үш жыл. Бұл бір қаламгердің мінез-құлқын, қабілетін, адамгершілігі мен азаматтық болмысын жақсы танып-білумен қатар, оның бүкіл шығармашылығын да бүге-шігесіне дейін қалдырмай жете зерттеу үшін аз уақыт емес екені белгілі. Сол мерзім аралығында жазушымен әлденеше рет сырласып, оның әр кітабының өмірге келуі жөнінде өзінің, әріптестерінің айтқан талай тың, тосын әңгімелеріне қаныққанымыз бар. Солардың ішінде, әсіресе, Сейдахмет ағаның спорт тақырыбына байланысты деректі туындыларына қатысты ой-пікірлер ерекшелігін атап айтар едік.

КЕЙІПКЕРДІҢ АЙТҚАНЫ: «Сейдахмет аға жайлы лебізімді Рим Олимпиадасының күміс жүлдегері, тамаша азамат Ғұсман Қосановтың маған сыр қып айтқан мына бір жүрекжарды сөзінен бастағым келіп отыр, – деген еді бірде атақты футболшы Тимур Сегізбаев. – 1959 жыл. Мәскеудегі Лужники стадионында КСРО халықтарының жазғы ІІ спартакиадасының жеңіл атлеттер бәсекесі өтіп жатқан болатын. Ең қысқа қашықтықта жүгіретін жігіттер ширек финалдық сынның сөресіне қарай желдей ұштық. Мен алғашқылардың бірі болып сөредегі сымдай тартылған жіңішке сызықты қиып өтіп, ойқастай кері бұрылғанымда, сонау төрде тұрған электртаблодан: «Қосанов – Қазақстан», – деген жазу жалт етіп жанды да, іле жалп етіп өшіп қалды. Содан кейін дереу: «Қосанов – Молдавия» деп қайтадан жарқ ете түсті. Сол сол-ақ екен, бір қазақ жігіті иін тіресіп отырған қарақұрым жанкүйерлердің арасынан сыналай өтіп, алаңға жүгіріп шыққанын көзім шалып қалды. Жеңімпаздар тұғырына қарай қаумалай алып бара жатқан маған жете алмасын білген болу керек, ол енді елімізге әйгілі бапкер Токаревтің етегінен ұстады да: «Өлтірмесеңіз айтыңызшы. Анау Қосанов деген жүйріктің Қазақстанға қандай қатысы бар?» деп ентіге сұрақ қойып жатты. Репортердің сол сәттегі көңіл-күйін түсінген тренер оған: «Қосановтың сенің республикаңа қатысы бар, айналайын! Ол Молдавиядағы әскери борышын өтеп жүрген қазақ жігіті», – деп бүкпесіз жауап берді. Ал ертеңіне… иә, ертеңіне стадиондағы жарыс жолында бой қыздырып жүр едім, аңдаусызда ту сыртымнан келіп біреудің мені бас салып құшақтай алғаны. Аң-таң қалып, бетіне қарадым. Кешегі алаңға алақайлап жүгіріп шыққан жігіт… Жылап тұр. Қуаныштан жылағанын түсіндім. Менің жеңімпаз болғанымда көзіндегі мөлдіреген жасты жасырмаған журналист Сейдахмет аға болатын. Сол кездесуден кейін-ақ республика газеттерінде менің есімімді атап, алғаш сүйінші сұраған да сол кісі. Сейдахмет Бердіқұлов кейін мен Рим Олимпиадасынан күміс жүлдегер болып оралғанымда «Желаяқ» атты көлемді мақала да жазды. Жазушы ағаның азаматтығы мен намысқойлығын өз басым ешуақытта да ұмытпаймын».

Түсінесің бе, інішек? Бұл – Сейдахмет Бердіқұловтың бір ғана мөлтек суреттемесіне кейіпкер болған тамаша қазақ спортшысы Ғұсман Қосановтың көп ешкімге айтпаған жан сыры, жүрекжарды сөзі. Ал жазушының мұндай кейіпкерлері кезінде қаншама еді десеңші!.. Көп, тіптен көп. Егер Сейдахмет Бердіқұлов туралы біреу дәл өзің сияқты пікір сұрап, сыр суыртпақтай қалса, онда волейболшы Заңғар Жәркешев те, велошабандоз Олег Түсімханов та, боксшы Серік Қонақбаев пен балуан Жақсылық Үшкемпіров те, бәрі-бәрі жоғарыдағыдай жылы және бірі екіншісінің ойын қайталамайтын тың да соны лебіздер айтатынына менің титтей де күмәнім жоқ. Ал аяқдоп ойынының пақыры мына маған келсек, Сәкеңнің қай спорттық тақырыпқа қалам тартса да зерттеп, біліп барып жазатынын, содан кейін оны спорттың жанкүйері ғана емес, қажет болса, соның белгілі бір саласының ұстазы деу де керек екендігін атап айтқым келеді. Бірінші пікіріме келтірер дәлелім мынау: футболшы мен де, газетші сен де бәріміз оның жазғандарын оқығанда спорт атты күрделі, қиын әлемнің бар қалтарысын ұғынамыз, қызығына қанамыз, өзіміз білмеген тылсым сырына терең бойлай еніп, табиғи түрде түсінеміз. Тоқетерін айтқанда, Сәкең оқырмандарына футболға – аяқ, боксқа – жұдырық емес, ақыл керек екенін шегелеп түсіндіретін жазушы. Ал ұстаз дейтін себебім, кезінде Қайратқа жетекшілік еткен футбол өнерінің аса терең, ойлы мамандарының бірі А.Севидов мықты деген адамдарды да менсіне бермейтін жан еді. Міне, сол бапкердің өзі осы Сейдахмет ағамен үнемі ақылдасып, пікірлесіп отыратын. Сонда Сәкең «Қайраттың» жаттығу базасына келіп, Англия, Мехико чемпионаттарына қатысқан кезіндегі көңіліне түйген жаңа үрдістерді бақайшағына шейін шағып айтқанда соларды аға бапкерден де артық түсіндіретін. Қане, ойланайықшы, сонда бұл ұстаздық қасиет емей немене?».

 

* * *

БІЗДІҢ БІЛЕТІНІМІЗ: Жазушы Сейдахмет Бердіқұлов шығармашылығының соқталы бөлегі негізінен спорт тақырыбы екені анық. Десек те, оның қайратты қалам қарпуының сүбелі екінші бір саласы оқиғалары кездейсоқ басталып, кездейсоқ аяқталатын, әрбір штрих, деталы жанды қимыл-қозғалыспен ойнап тұратын, тілі еркін де шұрайлы көркем туындылары екенін айтпай кетпеуге болмайды. Соның ішіне, әсіресе, қаламгердің Ұлы Отан соғысының ызғары соғып өткен тылдағы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін «Ол орамал жоғалмайды», «Нар тәуекел», «Егеулі найза» повестерін атап айтар едік. Басқаны қайдам, оқырман ретінде маған, әсіресе, соңғы шығарма ерекше қымбат. Себебі…

1985 жыл. Республикалық жастар газетінде үлкен бір даңқты датаға қызу әзірлік жүріп жатты. Ол – Жеңістің 40 жылдық мерекесі еді. Сол жылдың мамыр айында бүкіл ел болып атап өтер бұл оқиғаны газет бетінде жаңаша тұрғыда қалай, қайтіп көрсету керек? Бізді қинаған осы сауалға байланысты редакциядағы жиілеп кеткен жиналыстардың соңы ақыры: «Әркім Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтарға қатысты бұған дейін жазылмай келген бір-бір тақырыпты тауып, соның жалына жармассын да, оны аяғына дейін індете қазып жазып шықсын», – деген ұйғарыммен аяқталды. Жанталасқан тынымсыз идеялар ізденісіне толы сондай күндердің бірінде менің есіме Сейдахмет ағаның алпысыншы жылдардың аяқ кезінде жазылған «Егеулі найза» повесінің сап ете түспесі бар ма? Аталмыш туындыда оның басты кейіпкері журналист жігіт редакцияға келген оқырман хатындағы төрт жол хабарға ден қояды да, қиян түкпірдегі Ақбілем ауылына аттанады. Әрине, сол жолғы сапарында ол іздеген жоғын, яғни Отан соғысына Ыбырайым қарттың кіндігінен тарайтын 32 азаматтың қатысқанын таба алмайды. Бірақ есесіне бастапқы тақырыбын он орап аларлық талай-талай боздақтардың, олардың тылдағы ата-аналары мен асыл жарларының тағдырын біліп қайтады. Повесть осындай басқаша шешім табуымен қымбат еді.

Алпысыншы жылдардың аяғында, студент кезімізде оқыған әлгі туынды еске түскен сәтте: «Жазушының сондағы баяндағаны бұл өмірде болуы да, болмауы да мүмкін көркем шығарма кейіпкерлері еді ғой. Қаламгер қиялындағы сол ізгі ниетті енді нақты өмірден іздеп көрсек қайтеді?» деген ойға келіп, тәуекел түбі – желқайыққа мінгенім әлі есімде. Сонда алыстағы ауылдарда нендей жайттарға тап болдым дейсіз ғой. Тура «Егеулі найза» повесіндегі оқиғалар тізбегі мен дәл сондай шырышы бұзылмай тұрған тылдағы тақырыптар қазынасына. Бұл жерде біз солардың біреуіне… иә, тек біреуіне ғана тоқталайықшы. Повестегі: «Шешей шойырылып барып көтерілді. Аяғының астына бәкене орындықты қойып, пештің ар жағындағы қараңғы қуыстағы тақтай сөреден сыртына шаң тұрған үлкен қара қобдишаны алып ортамызға қойды. Толған хат… Майданнан жазылған жауынгер ұлының хаты», – деген сөйлем жолдары сізге де таныс шығар құрметті оқырман. Міне, дәл сондай сәлемхаттарды мен жазушының көркем шығармасының ой ұшқындарына негіз болған нақты өмірден көрдім.

«…Біздің түтіннен аттанған төрт азаматтың соғыстан тек жарымжан болып біреуі.., кенже ұлым ғана келді. Ал қалған үшеуі.., олар оралмайды енді…». Талдықорған облысының Ақсу ауданына барғанымда сағыныш сазы жүрегін шымырлатып, жанарына жас ұялаған қарт ана осы бір сөздерді өзегі өртене отырып күбірлей айтқаны есімде.

«Әке! Майданға кетерде менің маңдайымнан сүйіп тұрып: «Мә, құлыным, жоғалтпа, – деп бір тал шашыңды жұлып беріп едің ғой. – Жоғалтпа, тығып қой. Мені сағынғанда осы шашты тұтатқайсың. Сонда мен Ертөстіктің Шалқұйрық аты құсап жетіп келемін, – деп едің. 43-жылдың қысында өзіңді қатты сағынып, үй сыртындағы төбеге барып шақпақ шақтым. Бір тал шашың лып етіп жанып кетті. Бірақ сен уәдеңде тұрмадың. Келмедің… Сөйтіп, сенің өзіңнен де, көзіңнен де айырылдым, әке. Ендігі көңілге медет етіп келе жатқаным майданнан жазған хаттарың ғана, иә хаттарың». Алматы облысының Нарынқол ауданын аралағанымда соғыс жылдарының жетімегі, бүгіндері жігіт ағасы болған бөлімше механигі жоғарыдағы сөздерді егіле отырып айтып, еңкілдей жылағаны әлі көз алдымда.

«Сауатсыздық сорлатты ғой мені, арысым. Әйтпесе, ауылдағы бар жаңалықты, соның ішіндегі ең үлкен жаңалық – сен кеткенде іште қалған алты айлық Тұяқтың 41-дің қысында қалай өмірге келгендігін айтып, өзіңді қуантпас па едім. Қолымнан келгені – көрші үйдегі Күлпән қыздан күнде кешкісін сабақ алып, жеті айда жеті қаріп таныдым. Сөйттім де, 42-нің аптапты жазында қолымдағы бір парақ қағаздың сау жерін қалдырмай: «Бошантай, Бошантай, Бошантай» деген бір ғана сөзді жазып, хатты көз жасыма шылап, өзіңе жөнелттім. Оны алдың ба, алмадың ба, білмеймін». Жамбыл облысының Луговой ауданына сапар шеккенімде 41-жылғы келіншек, содан кейінгі қалған ғұмырын қара жолға қараумен өткізген кейуана ананың осылай деп жүрегінен жалын ата күрсінгені де жадымда.

Осындай жандардың сыртына дала поштасының белгілері айқыш-ұйқыш соғылған ыстық сәлемге толы үшбұрышты үшбу хаттарды өзіңе оқуға бергенде тебіренбей тұра алмайсың. Неге дейсіз ғой? Бір жапырақ қағазға немесе жауынгерлік үндеу парақшасының ашық жерін қуалап асығыс жазылған сөйлемдерге сыз окоптың сарғыш іздерінің табы түскен. Хаттардың сырты, конверттердің аузы көкаяз нанның күйігімен, сабынның алқынды қалдығымен желімделген. Ал ішінде… иә, ішінде елге, жерге деген сағыныш, жүрек тебірентерлік аманат сөздер атой салып тұр.

Менің мұндағы айтайын дегенім, жазушы ағаның «Егеулі найза» туындысы бір оқырманға қысқа да нұсқа тақырыбымен, екінші оқырманға тартымды оқиға желісімен, үшіншісіне шұрайлы тілімен қызықты болып көрінетіні анық. Ал маған бұл шығарма тамаша тақырып тауып беруге бірден-бір себепкер болуымен құнды дер едім. Оны нақтылап айтсам, осы бір ғана идея менің журналистік шығармашылығымда сәтті бір іске кең жол ашқанын, кейін ол өркен жая келіп Ұлы Отан соғысындағы қазақ ұландарының сирек әрі таңғажайып тағдырын баяндауға күш салған «Оққа тосылған отжүрек» атты кітабымның өмірге келуіне мұрындық болғанын қазір ешкімнен жасырғым келмейді. Егер әр аға буын жазушының әр шығармасы өзінен кейінгі жас қалам иелеріне нақ осылай ой салып, тың да соны ізденістерге жетелеп отырса, қандай ғанибет десеңізші, шіркін! Әсілі ұрпақтар арасындағы рухани байланыс сабақтастығының желісі, олардың алғашқысының кейінгісіне ықпал етіп, үйретер шеберлік мектебі дегеніміздің өзі осы болар, сірә.

ӘДЕБИЕТ АҚСАҚАЛЫНЫҢ АЙТҚАНЫ: «Мен оның  бұрынырақта жазылған бірнеше повестерін білемін, – деген еді біз сөз етіп отырған қаламгер жайлы ақын Әбділда Тәжібаев. – Бұлардың бәрі адамның жастық шағындағы іс-әрекетін, нанымын сенімді суреттеген. Адам өмірінің ең қымбат кезі – балалық шағы. Ол алыстаған сайын ыстығырақ, сүйкімдірек. Осы балалық шақтың түрлі қызығын алдыңа жайған, ішіңді жылытып, сезіміңді қозғайтын сәттерді Сейдахметтің повестерінен көбірек жолықтырдым. «Ол орамал жоғалмайды» повесінен мынадай жолдарға кезігесің: «Медальдардың сыртынан «За отвагу», «За оборону Москвы» дегенді молырақ оқитын едік. «За взятие Будапешта» тәрізділері де келе бастады». Қысқасы, соғыс бітуге әне-міне деген күндер қалды. Соғысты көрмесе де, оның ауыр зардабын көріп өскен, әр күн сайын сумаң қағып, босаға-босағаны сығалап жүрген қайғы-қасіретті жанымен сезген балалық шақ осы. Мұнда автор соғыстың батысқа жылжып бара жатқанын шебер жеткізеді. Тікелей баяндамайды, медальдардың атының өзгере бастағаны арқылы астарлы мағынамен айтып тұр. Адам есінен шықпайтын осындай шымыр, әдемі, тосын әрекеттер Сейдахметтің кейінгі «Жүрек ұйықтауды білмейді», «Нар тәуекел», «Егеулі найза» повестеріне де, бүкіл шығармашылығына да тән. Өз туындыларының қай-қайсысында да болмасын ол адам мінезін айқара ашатын, жеріне жеткізе танытатын бояуларды ұтымды қолданады. Бұл бояулар баттасып жатпайды, өз орнымен, өз ретімен пайдаға асып, әр түрі бір-бірін толықтырып, құлпырған кең әлемге алып шығады.

Менің түсінік-танымым мен ұғымымдағы автордың есте қалатын бір ерекшелігі оның жазушылық мәдениеті. Кейіпкер характерін суреттеуде болсын, олардың диалогын беруде болсын жазушы көркем тілді емін-еркін пайдаланады, образды теңеулерді, бейнелі сөздерді сәтті таңдайды. Көркемсөз – ол үшін ой қиялының қанаты. Ұшарға қанаты, қонарға құйрығы жоқ құстың не сәні болмақ? Шырқау биікке көтеріле алмаған, дауылға қарсы самғай алмаған қыранның қайраттылығы, жігерлілігі қайсы? Шынар басындағы бұлбұл сан түрлі үнмен сайрамаса, несі бұлбұл! Сол сияқты, көркем тілмен өрілмеген проза да қанатсыз қыран, сайрамаған бұлбұл секілді. Осы орайда Сейдахмет сөздің нәзік нақышына, тілдің шұрайына ерекше назар аударады. Автор баяндауларында әдемі теңеу, метафора, эпикалық екпін, емін-еркін көсілу, ұзаққа, кең әлемге құлаш ұру бар. Бұл оның жазушылық өнеріндегі ерекше өрнек, үлкен белгі.

Кейінгі кезде мен оның көптеген жақсы шығармаларын оқыдым. Соның ішінде Сейдахметтің «Арбаған мені бір сиқыр» атты дүниесі ерекше ұнады. Жазушы бұл кітабында философиялық астар мен психологиялық талдауларға барған. Адам жанын шымырлатып, іштей ойлантар, іштей толғантар тұстар бұл туындыда аз емес. Кітаптағы «Электрик», «Бір тарының қауызы», «Ескере жүрер наз деп біл» деген әңгімелерінің орны бөлек. Жазушының ұлы Жамбыл жайындағы сырына үңілейікші: «Оның ой-санасы өз халқының эпосымен тұтас үйлесім тапты. Жинақтап келіп, бейнелеп айтқанда эпос дегеніміз – Жамбыл, Жамбыл дегеніміз – эпос», – десе Сейдахмет, біз бұл пікірді бар ықыласымызбен қуаттаймыз.

Ойымызды түйіп айтар болсақ, Сейдахметтің шығармашылығы  сан салалы, мәуелі шығармашылық. Замандас сыры мен жасөспірімдер тіршілігі, спорт әлемі мен майдан кезіндегі тыл өмірі, аға ұрпақ ерлігі мен жастық романтикасы  оның шығармаларының өзекті желілері. Жазушы қаламы қай тақырыпқа салса да, жүрдек, сезімтал, қайрат пен жігерге толы.

 

* * *

БІЗДІҢ БІЛЕТІНІМІЗ: Жоғарыда біз жазушы Сейдахмет Бердіқұлов шығармашылығының ұрымтал тұстарын өзіміздің түсініп, түйсінген ойларымызбен, сондай-ақ оның кейіпкерлері мен қаламдастарының пікір-лебіздерімен үзік-үзік сыр етіп баяндап өттік. Енді оның журналистік тапқырлығы және азаматтық табандылығы жөнінде бір-екі ауыз сөз айтқымыз келеді.

Қаламгер аға өмірінің соңғы кезінде «Балауса» баспасының директоры болды. Оның алдындағы он алты жыл бойына «Лениншіл жас» газетінде бас редакторлық қызмет атқарды. Міне, сонда ол газеттің әр нөміріндегі әңгіме, өлең, мақалалардың мазмұнды да мәнді болып шығуына, олардың тақырыптарының тартымды да тапқырлықпен қойылуына қаншалықты күш-жігер жұмсады десеңізші. Газетте істеген жігіттер жақсы біледі, әдетте басылымның макеті баспаханаға жіберілмес бұрын оны міндетті түрде бас редактор мұқият қарап шығуы керек. Сонда ол кісі беттердегі әлжуаздау, шипая тақырыптарды көрсе, оған қырғидай тиіп, етпеттеп жатқан олардың еңсесін көтеріп жіберетін. Бірде кезекті нөмірдің макеті әкелінгенде бас редактор тұнжырай ойланып біраз отырды да, қаламын қағаз бетіне найзағайша ойнатып ала жөнелді. Сонда не болды дейсіз ғой. Бірінші беттегі «Жалындаған жас қайрат» деген жаттанды, таптаурынды айдар «Жастықтың жанартаулары» атты экспрессиясы басым екпінді сөз тіркестерімен алмасты да, екінші беттегі «Қыран қазасы» деп өкпеден қойып қалғандай қарадүрсін қойылған тақырып «Жұлдыздар із тастап ағады» деген әрі ойлы, әрі мәдениетті сөйлеммен өзгертілді. Сондай-ақ, төртінші беттегі «Бұлар Қазақстан спортының мақтаныш­тары болған» атты шұбалаңқы айдар да қара сиямен белінен бір-ақ тартылып, оның орнына «Сол саңлақтар қайда екен?» деген сөз тіркесімен жұтынып шыға келді де одан сәл төмендеу тұрған, мазмұны Совет Исамбаев, Әмин Тұяқов сияқты жүйрік, жеңіл атлеттер қатарының кейінгі кезде азайып кеткендігін проблема етіп көтерген мақала «Желаяқтар желмен ығып кеткен бе?» атты нақты да жинақы атауға ие болып шыға келді. Бұл – Сәкеңнің газеттің бір ғана нөміріндегі айдарлар мен тақырыптарға жасаған өзгертулері. Ал ол «Лениншіл жастың» он алты жыл бойына шыққан 4 мыңға жуық санын осындай қаншама ойлы да ойнақы сөз тіркестерімен өрнектеуге күш салды десеңізші. Соның бәрі де бас редактордың газет қайтсе жақсы шығады, қайтсе оқырмандардың жүрегіне жол табады деген ішкі жан-дүниесінің бұлқынысы болатын. Мұны кезінде біреулер түсінді, ал біреулер түсініп тұрса да түсінгісі келмеді. Ол – шындық.

Ойды ой қозғайды ғой. Қазіргі нарық атты мынау өзара бәсеке заманындағы кейбір пысықай журналистер арасында «Идея айтылмайды, сатылады» деген мәтел шықты. Сонда бұл не? Шығармашылық иелері, біздер, бір-бірімізбен бүкпесіз әңгімелесіп, ашық сырласудан немесе емен-жарқын ой бөлісіп, тақырып ұсынудан, идея жарыстырудан қалғанымыз ба? Мұны айтып отырған себебім, «Лениншіл жасқа» жетекшілік еткен жылдарында Сейдахмет аға бөлме-бөлмені аралай әңгіме айтып жүріп-ақ әрқайсымызға бір-бір тың тақырыпты ұстатып кете баратын. Ал содан кейін ізденбей, жазбай көр. Егер өзі айтқан сол идея ойдағыдай орындалса, сол күні ол кісінің қуанышында шек болмайтын, тура өзінің мақаласы жарық көргендей көңілденіп, редакцияға сыймай кететін.

Әлі есімде, бірде біздің насихат бөліміне Сейдахмет аға бас сұқты да, сол жерде бәріміз ананы-мынаны айтып, біраз әңгіменің басына су құйдық. Бөлмеден шығарында бас редактор: «Жаңа біз ғасыр пырағы Абсент туралы сөз қозғадық қой. Ал оның әкесі Араб-Қазбек айғырының Мәскеудегі 1945 жылғы Жеңіс парадына маршал Жуков мініп шыққаннан кейін Жамбылдағы Луговой жылқы заводына әкелінгенін білесің бе? Осы тақырыпты індете қазып көрсең қайтеді?», – деді. Мұндай тосын деректі естігенде жан қала ма? Құлан өңірі қайдасың деп ертеңгісінде-ақ жолға шықтым. Соның нәтижесінде «Маршал мінген ақбоз ат» очеркі жазылып, ол көп ұзамай газет бетінде жарық көрді. Бұл Сәкең тарапынан маған айтылған бір ғана идея. Ал ондай тақырыптардың қаншасы Өтеген Оралбаев пен Қуаныш Жиенбаевтың, қаншасы Жарылқап Бейсенбаевтың қанжығасына байланғанын олардың өздері де айтатын шығар деп ойлаймын.

Мынадай оқиға да есімде. 1984 жылдың желтоқсан айында бас редактор еңбек демалысына шығатын болды да, ол кісі бір айға дейін редакцияға келмейтінін, сондықтан қызметкерлердің жазған мақалаларын өзіне оқытып алуын өтінді. Жігіттердің бәрі материалдарын кезекпен алып кіріп, қайтып шығып жатты. Мен апарған өзімнің үш очеркімнің тақырыптарының көңілдегідей болмағанын, сәтсіздеу қойылғанын ол кісінің қас-қабағынан аңғардым да, баспаханаға жібермей тартпама салып қойдым. Арада он-он бес күндей уақыт өтті. Терезе сыртындағы қылаулай жауған қар ұшқындарына қарап ойланып отырғанымда телефон шырылдады. Трубканы көтердім. Редактордың даусы. «Таудағы Алма-Арасан санаторийіндемін. Телефон байланысы жоқ болған соң етекке түсіп, орманшының будкасынан хабарласып тұрмын, – деді. Сөйтті де: – Ал әнеукүнгі очерктеріңе дұрыстау тақырыптар тапқан сияқ­тымын. Жазып ал», – демесі бар ма? Тыңдап қарай­мын, біріншісіне «Әлемді шарлаған сурет», екіншісіне «Кешігіп жеткен даңқ», үшіншісіне «Дүние шыр айналды жанарым­нан» деген тақы­рыптар қойыпты. Сонда бұл кісінің демалыста жүріп те газет, тек қана га­зетті ойлайтынына таңғалдым. Сөйттім де, Сәкеңнің: «Ре­дак­тор – идеялар­дың қайнар көзі болуы керек», – деп қайталап айта бе­ретін сөзіне шындап сендім.

ӘРІПТЕСТІҢ АЙТ­ҚАНЫ: «Сей­дахмет Берді­құлов­пен мен «Ленинская смена» газетінде жұмыс істеп жүр­генімде жақсы та­ныс-біліс болдым, – дейтін журналист Юрий Шапорев. – Кейін «Литера­турная газетаның» Қазақстан­дағы меншікті тілшісі қызметін атқар­ғанымда да онымен арадағы байла­ны­сымды үзгенім жоқ. Содан соң тағы да «Ленинская сменаға» жауапты хатшы болып келіп, ол кісі басшылық еткен «Лениншіл жаспен» тығыз қарым-қатынаста болдым. Сонда байқағаным – оның өз халқы­ның намысы дегенде жүрегін жұлып беретін азамат екендігі. Сәкеңнің бойындағы бұл қасиетті мен тоқырау жылдары деп аталатын әміршілдіктің дәуірі жүріп тұрған кездегі, содан кейінгі Қазақстандағы кіші 37-жыл болуға сәл-ақ қалған 1986-ның бұрқасыны тұсындағы сын сәттерде анық танып, білдім. Дәлел керек пе, айтайын.

1979 жылғы наурыз айында Орталық Комитеттің насихат және үгіт бөліміне газет-журнал редакторлары мен орынбасарлары шұғыл түрде шақырылдық. Мәжілістің соңында бөлім меңгерушісі Шестаков сәл қипақтап тұрды да, елеусіздеу етіп газеттердің академик Сәтбаевтың 80 жылдығына арнап бет ұйымдастырып жатқанынан хабардар екенін, бұл датаны дабырайтып көрсетудің керегі жоқтығын, тек партиялық екі газет қана ғалым туралы бір-екі материалмен шықса соның өзі жеткілікті болатынын ескертіп өтті. Сол сәтте менің жанымда отырған Сейдахмет Бердіқұлов: «Мұны кімнің бұйрығы, кімнің нұсқауы деп білеміз?» – деді. Күтпеген жерден қойылған бұл сұраққа не деп жауап берерін білмеген Шестаков бір қызарып, бір бозарып тұрды да: «Бас идеологтың», – деді сес көрсеткен сыңаймен. «Лениншіл жастың» редакторы оған ыққан жоқ. Қайта: «Қазір бет қатталуға жақын. Енді барып ондағы материалдарды алмастырсам, редакция қызметкерлері не дейді? Ертең сонда мақала жаздырып алған авторларға не бетімді айтам?» – деп одан әрмен қадала түсті. Бірақ өкінішке қарай, әділетті сауалға әділетсіздік көрсетілді. Сұрақ жауапсыз қалды. Кейін оның осы сөзі өзіне оңай тимегенін естіп-білдім.

Тағы бір мысал. 1986 жылғы желтоқсан бұрқасынынан кейін республикадағы оқиғаға баға беруге М.Соломенцевтің келгені мәлім. Ол өзінің қасына Г.Колбин, М.Меңдібаев сияқты жандайшаптарын ертіп Ғылым академиясында, Жазушылар одағында, жоғары оқу орындары мен қалалық партия комитетінде ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдерімен кездесулер өткізді. Осындай жиналыстардың бірінде Сейдахмет Бердіқұловтың мәскеулік эмиссарға: «Сіздер бізді ұлтшыл деп жатырсыздар. Жекелеген адамдар емес, бүкіл бір халықты осылай деп атауға қандай хақыларыңыз бар? Астана көшелеріндегі қарттарымызды, мектептен қайтқан балаларымызды басқа ұлттың өкілдері неше түрлі сөздермен ғайбаттап, автобустардан желкелеп, итеріп түсіруде. Ауыз ашайық десек: «Міне, көрдіңдер ме, бұлар әлі де қарсыласуларын қояр емес», – деп көзге шұқиды. Сонда мұндай бассыздыққа кім тыйым салмақ? Моральдық тұрғыдан жәбір-жапа шеккен менің қандастарыма кім демеу болмақ?» – деп ашына сұрақ қойды. Мына сөзді естігенде қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Шуликоның зәресі ұшып кетті. Ол президиумдағы орнынан атып тұрды да, залда тұрған жазушыға: «Отыр, үндеме!» дегендей сұқ саусағын кезеп орындықты нұсқады. Сол мезетте Сәкең: «Партия мен халықты бөліп тұрған, бірін екіншісінен алыстатып тұрған міне, осындай әміршіл-әкімшіл саусақтар», – деді де, ел лық толып отырған залдан шығып жүре берді. Ол кезде мұндай сөз айту екінің бірінің қолынан келді деп ойлайсың ба? Жоқ. Ал Сәкеңнің ондай батылдыққа барғанына мен куәмін».

 

* * *

Сәкең қазір арамызда жоқ. Оны өмірдің қатал ағысы тіршілік жағалауынан жұлып алып кеткелі қашан… Осыны ойлағанда көңілің құлазып, кеудеңді өкініш сезімі билейді. Олай дейтініміз…

«Метревели 2000 жылдың ойыншысы еді, – дегені бар ол кісі 1981 жылы бір әңгімелескенімізде. – Сондықтан да оның жаңаша ойлау машығын ешкім түсінбеді. Уақытынан бұрын туған ғажап футболшы тобықтан тебу мен тірсектен қағудың, ол аз десеңіз ашықтан-ашық аяқтан шалудың нысанасына айналды. Сөйтті де, адымын аштырмаған кедергілердің кесірінен ол аренадан мезгілінен бұрын кетіп тынды».

Сәкеңнің тағдыры да өзінің айтқан осы әңгімесінің кейіпкеріне ұқсастау болды десем, қателеспеймін ғой деп ойлаймын. Бір мінезі үнемі боран мен бұрқасын іздеп жүретін Че Гевараға, екінші қыры өн бойы булығу мен шамырқанудан ғана тұратын Владимир Высоцкийге ұқсайтын дүлей рухты дию – төл журналистикамыздың Демоны ол ұлттық намысқойлығымен, ойын ірікпей ашық айтатын бірбеткей мінезімен бишігештерге жақпады. Өз ортасында «неудобный» адам атанды. Сондықтан да Мемлекеттік сыйлықтан «ұшып кетті». (Қазіргідей бәйгелерге қосылса, қара үзіп келеді екен-ау!). Он алты жыл бойына өсірмей де өшірмей, бір орнынан ешқайда қозғалтпай «отырғызып қойды». (Футболдағы құдды № 13 ойыншының тағдыры). Депутаттыққа «өте алмады».

…Өмір ғой, қазірде де бәсекелер көп. Сол дүбірлі жарыстар мен додаларда кейде бір ұпайымыз кем болып, бармақ шайнап жатамыз. Сондай кезде сесі мен сұсы мол сізді іздейміз, аға! Ойлаймыз. Көз алдыға елестетеміз. Сағынамыз. Еске аламыз. Ал сізді сағыну да біздер үшін бір бақыт, Сәке!

 

2003 жыл.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *