НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫН САҒЫНДЫРҒАН

аула сыпырушылар шын мәнiнде құрметтi кәсiп иелерi едi

Қали СӘРСЕНБАЙ

Есiктiң алды көк мұз едi. Күн жылып, Наурыз келгелi көк мұз көлшiкке айналып, үйге айналып кiретiн болып жүрмiз. Жас адамға ештеңе емес, кәрi-құртаңға қиын.

Ал ендi бұл тiрлiкке кiнәлiнi бас салып iздемей-ақ қояйық. Айта берсе, оның себеп-салдары көп. Қала Әкiмiнiң сынына жиi ұшырайтын ПИК-тердiң жұмысының нақты көрiнiсi бұл. Мәселе сол ПИК-терде болып тұр.

Менiң бiр байқағаным, осы салада көбiне зейнетке шыққан адамдар iстейдi. Жастарды көрмейсiң. Былайша айтқанда, бiреудiң әкесiндей, бiреудiң шешесiндей адамдар. Бұл кiсiлер дәл қазiр немересiне қарап, соның қызығын көруге тиiстi жастағы базардан қайтқан адамдар. Жоқ, олай емес, олар таңертең қызметке бара жатқандармен жағаласып есiк алдындағы қоқысты ғана жинап жүредi. Ал, қыс бойы қанша мәрте қар жауды, соның бәрi күрелмей, сiресiп, жиналып қала бередi. Уақытында жиналмай бiрнеше қабат болып қалған қарды қолына лом алып оюға қурай сындыратын қауқары жоқ зейнеттегi адамның әл-дәрменi жете ме?

Мәселен, бiздiң ауланы егде жастағы әйел адам жинайды. Қанша дегенмен, кеңестiң көзiн көрген кiсi ғой, жұмысына ыждағатпен қарайды. Бiр күнi әлгi кiсi көк мұздың үстiне топырақ сеуiп, «ойпырмай-ай, топырақтың өзiн өлшеп бередi бұлар» деп сөйлеп жүр екен. Кiрiп-шыққан адамның бәрiне «байқаңдар, айналайын, көзiңе қара, көкем» дейдi. Осы қамқор сөз қанша жүрек жылытқанымен, әлгi қауқарсыз жанды көргенде, осы бiздiң тепсе темiр үзетiн жастар қайда жүр дейсiң?!

Қазiр кәсiп таңдайтын, намыстанатын заман ба? Оның үстiне бұл кәсiпке қуат-күшi тасыған жас адам керек. Әрине, болмашы ғана жалақы үшiн кiм жанын азапқа салсын деген сауалдың сiздiң көкейiңiзде бүлкiлдеп тұрғанын сеземiн. Бұл ретте бiздiң әлгi жиi сынға ұшырайтын ПИК-тер ойланатын мәселе аз емес. Өз iсiне жауапсыз қараудың салдарынан қаншама проблема туындап жатыр. Көк мұзға адамдар тайып жығылып, жарақат алып жатыр. Оған, әрине, ешкiм жауап бермейдi. Оның шешiмi бiреу-ақ. Дұрыс жалақы қою керек те, жұмысты талап ету керек.

«Алматы Ақшамында» «Сана тазармай, қала тазармайды» деген рубрика бар. Осы рубрика аясында газет бетiнде елiмiзге белгiлi тұлғаларға дейiн сөйлеп жатыр. Қала әкiмшiлiгiнiң арнайы бағдарламасы бар, атқарылатын шаралардың бәрi нақты көрсетiлген. Бiрақ, бiздiң ПИК-тердiң серпiлуi қиын. Бұл ретте тұрғындарды да көп кiнәлайды. Ол рас, шынында өз пәтерiңiзге кiрiңiзшi, жайнап тұр. Ал, есiгiңiздiң алды кiр-қоқысқа толып тұр, сiз соны күнде өзiңiз аттап өтесiз, не басып өтесiз. Ол сiздiң, ия сiздiң балаңыздың, ия сiзге келген қонақтың, көршiңiздiң тастаған қалдықтары. Бұл ештеңе емес, тiптi «аула сыпырушы не iстейдi, жинамағанда» деп жоғарғы қабаттан шелек-шелек қоқыс лақтырғанды да көргенбiз. Демек, бұл мәселенiң асқынғаны сонша, бүкiл қоғамдық құрылымдардың тетiгi iске қосылмаса, жағдай өте күрделi.

Демек, ойымыз айтады, мәселе жалғыз аула сыпырушыға қарап тұрған жоқ. Бұл iспен бәрiмiз айналысуымыз керек. Ленин жарықтық кезiнде «келешекте үш-ақ мамандық – инженер, мұғалiм, дәрiгер қалады» деген екен. Бәлкiм, аула сыпырушы деген кәсiптi жою керек шығар, бұған тұрғындардың өзiн жегiп көрсек қайтедi? Сонда бәлкiм, iс басқаша сипат алар.

Кезiнде Мәскеуде, Ленинградта оқыған қазақтың қазiргi белгiлi зиялыларының кейбiрi аула сыпырушы болған. Тiптi, АҚШ-тың президентi Клинтонның өзi де бiрде аула сыпырушы болғанын айтып салғаны бар.

Ойды ой түртедi.

Ленинград демекшi, таяуда Нобель сыйлығының лауреаты, атақты академик Жорес Алфёров «Аргументы и факты» газетiне берген сұхбатының бiр жерiнде былай дептi: «Соғыстан кейiнгi жылдары Ленинградта жақсы аула сыпырушылар болды. Ленинградтың аула сыпырушылары – шын мәнiндегi сирек кездесетiн қауым едi. Егер сен түн ауа үйге келсең, аула сыпырушы саған есiк ашатын. Ал қазiр қайда солар?».

Шынында да қайда солар? Алматының да аула сыпырушылары қандай едi? Олар қазiргiдей сен қызметке кетiп бара жатқанда сенiмен ұрысып-керiсiп, жағаласып жұмыс iстемейтiн. Сен тұрғанда ауланы айнадай етiп жарқыратып қоятын. Тiптi басуға ұялатынсың. Осынау мұнтаздай тазалықты көрiп көңiлi өсiп тұрған адамның өзiнен көңiл-күйiн сұрайтын.

Нобель сыйлығының лауреаты, бәлкiм, аула сыпырушы бойындағы сол мәдениеттi сағынып отырған болар. Аула сыпырушылар ол кезде неге құрметтелдi? Бiздiң бүгiнгi ПИК-терге алдымен осыны зерттеу керек шығар.

Үмiтсiз емеспiз ғой, ол күнге де жетермiз деп ойлаймын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *