Неке куәлігі біз үшін құнды құжат

өйткені онда есімі елге танымал, Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның қолтаңбасы бар

Отбасы – асыл құндылықтардың алтын бесігі. Әр адамның қасиетті қара шаңырағы. Ұрпағы өсіп-өнер алтын тамырлы өріс.  Осыдан алты жыл бұрын елімізде жаңа бір мереке –  «Отбасы күні» белгіленді. Бұл күннің ең басты мақсаты – арамызда жүрген көпке  үлгі болар, берер ұлағатты тәрбиесі,  ұсынар өнегелі тағдырлары бар отбасыларын  жастарға үлгі ету, солар арқылы еліміздегі отбасы институтын нығайту.  Сол Отба­­сы деген  шағын мемлекеттің  діңгегін нықтау болатын.   Бүгінде  жастар арасында кең етек алып бара жатқан қазаққа тән емес   ажырасу деген қасіреттің алдын алу  еді. Ел  арасындағы үлгілі отбасы­лардың жанұялық бақыт карталарын  жұртшылыққа кеңінен наси­хаттау үшін  «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын ұйымдастыру қолға алынды.

Биыл алтыншы рет өткізіліп отырған  сол «Мерейлі отбасы»  бай­қауы­ның қалалық  кезеңінде  Алматы қаласы   Наурызбай ауданы, «Қара­ғайлы» ықшамауданында тұратын Тілеужан Әбдіхалықов пен Айгүл  Төсекбаеваның отбасы  жеңімпаз атанды. Олар  қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық  байқауына  жолдама алды.

Осы қуанышты күннің сәтінде  «Алматы ақшамы» газеті де бір миллионнан астам тұрғыны бар  қала жұртына үлгі болған «Мерейлі отбасымен» жақынырақ танысуды жөн көріп, Алатау бөктеріндегі таби­ғаты мен саф ауасы тынысыңды ашар  «Қара­ғайлы» ауылында тұратын мерейлі отбасының   қақпасын қаққан едік.

 

Ата-ананың  ықыласын алған баланың бағы жанады

Бүгінде жетпіс деген биік асудың сегізінші белесіне бет алған Тілеужан  әкей мен  осы жастың бесінші асуына қадам басқан Айгүл шешей «біз не көрмедік? деп терең күрсіне қоймағанмен, соғыстан кейінгі  ел басына түскен  ауыртпалықтарды  бір кісідей-ақ көрген жандар. Жан жарын соғыс жұтқан ананың қасіретін,  отбасының бар бейнеті мойнына жүктелген ананың  басынан өткерген қиындықты, әке орнына  әкедей  қамқор бола білген әпке мен ағаның  қадірін біліп ержетті. Осы асыл жандардың өзіне деген сенімін ақтауға,  майдангер әкенің атына кір келтірмей ержетуді мақсат етті.  Анасы мен әпке,  аға­ның өзіне артқан үлкен үмітін  ақтауға ұмтылды.   Әкесі майданға аттанған 1942 жылы Тілеужан  әкейге небәрі жеті ай ғана болған екен. Анасы Айтқан,  қызы Жұмагүл, ұлдары  Семетай мен кен­жесі  Тілеу­жанмен жарларын соғыс деген сұм ажал жұтқан ауылдағы көп жесірдің бірі болып қала берді.

Ананың ендігі бар асыл тілегі – үш қарғасын қатарынан қалдырмай жеткізу ғана болатын.   Айтқан ананың осы тілегіне орай ұл-қыздары да үлгілі, ұлағатты болып ержетті. Тұңғышы Жұмагүл мектеп бітіре салысымен тұрмыс құрып кетті.  Ал ағасы Семетай  малдә­рігерлік оқуды бітіріп, Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сүмбе ауылы, Абай   атындағы колхоздың  мал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосса,  Әбдіхалық әуле­тінің кенжесі Тілеу­жан да ауыл шаруашы­лығын дамытуға бір кісідей үлесін қосқан, өзі жас кезінде «инженер болсам, ауылдағы бүкіл техника мен трактористер мен шоферлардың қожайыны болам» дейтін арманына жетіп, инженер-механик деген маман­дықты игерді.

Талғардағы ауыл шаруашылығын механи­каландыру техникумын, одан кейін Алматы ауыл шаруашылығы институтының  Ауыл шаруашылығын механикаландыру  факульте­тін ойдағыдай бітіріп,  еңбек жолын  Нарын­қол ауданындағы  Абай атын­дағы колхоздың бөлімше механигі болудан  бас­тап, осы  кол­хоз­дың бас инженері, одан 1978 жылдан бастап бүгінде өзі  тұрақты тұрғыны, құрметті азама­тына айналған отбасының  мерейін арттырған  Қара­сай ауданына қарасты   «Қарағайлы», бұрынғы  Чапаев атындағы жеміс-жидек совхо­зының дамып-өркендеуіне зор үлесін қосты. Бұл совхозға 1978 жы­лы Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының жолдама­сымен келген болатын.

1990 жылға дейін бас инженер, 1990 жылдан 1991 жылдар аралығында  совхоз басшысы болып қыз­мет атқарды. Ал  еліміздің өміріне  енген экономи­калық өзгеріс, колхоз-совхоз тарап, оңтайландыру деген нарықтық  қатынас қалыптаса бастаған  тоқсанын­шы жылдың бастапқы 1992 жылы  «Тұлпар» атты мерді­герлік ұйым құрып, соған жетекшілік етті.

Жеміс-жидек өндірумен айналысқан бұл шаруашылықтың сол жылдары тасы өрге домалаған еді.  Сол кездегі алманың да, құлпы­найдың да  дәмі  бөлек, иісі бір керемет еді. «Құлпынай алқабына келсем, рахат бір күй кешуші едім. Иісі танауыңды жаратын.  Құлпы­най алқабын мен  жасыл көрпесін  қымтана жауып, беті алаулап жатқан   аруға ұқсату­шы едім. Ал апорттың иісі, түрі, салмағы қандай еді.  Чапайдың апортына жететін апорт алмасы жоқ еді ғой, шіркін», — деп тамсанды  сонау бір жылдары шалқып тасып жатқан шаруашылықтағы  тынымсыз тіршіліктерін еске алған  еңбек ардагері.

– Өмір шіркін осылай өте  шығады екен.  Сол  жеміс-жидектен баурайы қайысқан  алқап қазір тұрғын үйлер  «алқабына» айналса, біз  сексен деген алып тауға бет алып барамыз. Шүкір, елдің құрметіне бөлендік. Өстік, өндік. Ұл-қыз өсірдік. Олардың ұрпағының маңдайы­нан иіскеп,  ұрпақ жалғастығы деген әдемі арқаудың жібін  үзбей  бала-шағаның, елдің тілеуін тілейтін ақсақалдық жасқа  жеттік, – дейді өткен өміріне тәубашылық жасап отыратын Тілеужан қария мен алтын құрсақты ана Айгүл Төсекбаева.

Адам баласының Алладан кейінгі тәу етер  пайғамбары – ата-анасы. Оның ықыласын алмай, баланың бағы жана қоймас.  Ана мен әкенің рухын қастерлеп өткен ұл-қызды өркенді болады деген еді, Тілеужан әкейден  жақсы адам болудың қағидасы жайында сұрағанымызда. Әке рухы демекші, Ұлы Жеңіс­тің 70 жылдық мерекесі қарсаңында  Тілеужан аға үлкен ұлы Әділет пен тұңғыш немересін алып   Ресейдің Серпухов қаласында жатқан әке зиратына барып, рухымен қауышып қайтқан болатын. Соғыстан   оралмаған әке көрмеген бала-шаға қызы­ғын  Айтқан ана көрді. Тілеужан қария  күні бүгінге дейін анасының балаларының бақытын көріп кеткеніне риза болады.

 

Дүниенің үйлесімі — кешірімде

– дейді Әбдіхалықовтар әулетінің алтын құрсақты анасы Айгүл Төсекбаева

Тілеужан қария өзінің осы бір бақытты ғұмыры үшін  Құдай  қосқан қосағы Айгүл шешейге дән риза. Анасы Айтқанның ақ бата­сын алған Айгүл шешей бүгінде  өз балала­рының ғана емес, өзінің келіндері мен күйеу балаларының  да сүйікті  анасы атанып отыр.  Айгүл мен Тілеужан қария  жетпісінші жыл­дар­дың басындағы Төлеген, Тұманбай,  Мұқа­ғали ақындар  жырына  қосқан ғашықтардың  хикая­сын бастарынан өткерген жастар.  Тілеужан қария бірде өзімен бірге оқитын  Жанболат Байболатов екеуі Жанболаттың жер­лесі Мейрамханды іздеп, болашақ мейір­бикелер тұратын жатақханаға келеді. Бір бөлме­де төрт қыз тұрады екен. Барлығы да  ес біліп қалған, ересек қыздар көрінеді. Арала­рындағы ең жасы, ақсарының сүйкімдісі әрі мінезі ерке, тартымды бойжеткен   жас жігіттің жүрегін бірден баурап алса керек.  Бір көр­геннен ғашық болған жігіт енді бұл жатақханаға Жанболатсыз келіп жүріп, Айгүлге өзінің  жүрегінің әмірін жеткізген. Айгүл де қарсылық білдірмейді.

Бірақ олар танысқан соң бес жылдан кейін  отау құрыпты.  Ол кезде оқу бітірген жас маман міндетті түрде арнайы жолдамамен үш жыл еңбек етуі тиісті болатын. Медучилищені бітірген Айгүл жолдамамен Алматы облы­сының Гвардия ауданындағы  Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева басқаратын  Шанханай ауылына жұмыс істеуге жіберілсе, Тілеужан Әбдіха­лықов туған ауылы Сүмбеге  жіберіледі.

Кеңес дәуірінің бұл қатаң қағидасы екі жасты тіптен жақындастыра түскен еді. Хат алысады. Ой  шіркін, ол кездегі хаттардың  мазмұнын айтсаңыз­шы,  почтальонды көрсек, қуана алдынан шығатын едік қой, – дейді жастық шағы есіне түскен Айгүл шешей мен  Тілеужан қария.

Олар екі арада  хат алысып, хат жазысып жүріп, арада бес жылдың  қалай өте шыққанын  білмей де  қалады.

– Өміріміздегі ең бақытты сәт — қолы­мызға ерлі-зайыпты деген заңды құжатымыз  неке куәлігін алған күніміз болды. Ол  құжаттың біз үшін құнды болатын тағы бір тұсы – куәлігімізде есімі елге танымал, Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның қолтаңбасы бар, – дейді өмірлерінің жарқын сәттерін күні бүгінге дейін жүректеріне сақтап келген  жұбайлар.

Содан бері  елу екі жыл өтіпті. Бір шаңы­рақ астында тату-тәтті бақытты өмір сүріп келе жатыр.  Бес баласы өмірге келіпті.   Енесі­мен он сегіз жыл бірге тұрған Айгүл апай күні бүгінге дейін өз анасымен қатар, енесі Айтқан шешейді сағына еске алады. Өте адал, жаны да, ісі де таза кісі еді. Сол кісінің арқасында отба­сының қиындығын да, жұмыстың да қиын­дығын сезінбеппін.  Ол кезде босанған әйел­дерге елу алты күн ғана  декреттік демалыс беретін. Балаң екі айға тола салысымен жұмысқа   шығуың керек.

Ал қазіргі аналар бақытты  ғой,  үш жыл демалыс береді, жәрдемақы төлейді, жұмыс орның сақталады.  Үй тірлігінің барлығын тех­ника атқарады. Қолмен кір жумайды, еңкейіп үй  сыпырмайды.  Сонда да кейбір әйелдердің өмірлеріне көңілдері толмайды. Ажырасу көбейіп барады. Соның барлығы   екі адамның арасындағы сүйіспеншілік пен түсіністіктің жоқтығынан.

Біз тұрмысқа шыққан кезде аналарымыз  барған жеріңе тастай батып, судай сің дейтін. Тіпті, кейде төркін жаққа жалғыз бара қалсаң,   «күйеуің қайда, неге жалғыз келдің?» деп бір түнетпестен қайтарып жіберетін. Үй болған соң әлденеге  ренжи қалғанымызды аңғара қалса, марқұм енем: «балам, дүниенің үйлесімі кешірімде, кешіре сал, ер адамның ашуы тез болғанмен, қайтымы тез, кішірейе сал, одан жаман болмайсың, – деп басу айтып отыра­тын. Бірақ біздің шаңырағымызда бір-біріміз­ден кешірім  сұрай­тындай жағдайлар  болған емес.  Тілеужаннан екі-үш жас кіші болған­дықтан ба, оған үлкен құрметпен қарадым. Ренжітпеуге, жағасын кірлетпеуге тырыстым.

Сол сыйластықтың арқасы елу екі  жыл бірге өмір сүріп, отбасы деген Отанымыздың береке-бірлігінің тұтқасы болып отырмыз десе, Тілеужан аға бар бақытым­ның бастауы, шаңырағымның шуақ шашқан күні  осы Айгүлімнің, соның кеңпейілділігінің арқасы, – дейді сыры да сыны да  таймай, әдемі қартайып келе жатқан  жарына сүйсіне қарап.

Қазіргі күні де Тілеужан аттан түскен емес. Жеке шар­уасының  дөңгелегін өрге тартып, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласады. Аудандық Ардагерлер кеңесінің мүшесі, осы кеңестегі  респуб­ликаға еңбегі сіңген адамдарды мәңгі есте қалдыру жөніндегі комиссияның төрағасы.  Айгүл Төсекбаеваны да бұл ауыл тұрғындары ерекше құрмет тұтады. Қарағайлыдағы медициналық пункттің меңгерушісі болып қызмет атқарған  А.Төсек­бае­ваның  шипалы қолы талай жанның сырқатынан сауығып кетуіне себеп болса, осындағы талай баланың кіндік ше­шесі атанған  Қарағайлы ауылының  ғана емес, Наурызбай ауда­нындағы  қадірлі аналардың бірі. Көрші­мен тату, құда-жекжатпен сыйлас. Жеке кәсіппен айналысатын жұбайы­ның ақылшысы, керек кезінде бағыт берер кеңесшісі.

 

Балалары — бақыты, немерелері — балбұлағы

Алматы қаласының мерейлі отбасылары­ның мәртебесін арттырып, қалалық байқауда бас жүлдеге ие болған  Тілеужан әкей мен Айгүл шешей  өмірге бес  бала  әкеліп, оларға жоғары білім беріп, тек қоғамға  ғана керек маман ретінде ғана емес, халыққа  қызмет етер азамат етіп тәрбиелеген аяулы ата-ана. Бүгінде Әбдіхалықовтар әулеті тамырын тереңге жайған алып бәйтерекке айналған. Бес баласынан  он үш немере сүйіп, «балаларым – бақытым,  немерелерім – балбұлағым» деп отырған  ақ тілеулі, батагөй  ата-әже.

Тілеужан  әкей мен Айгүл шешейдің тұңғыштары  Гүлзира  Абай атындағы Қазақ  педагогикалық универ­ситетінің түлегі. Қазіргі кезде  жұбайы  Мұхаметқазым Төртбаев екеуі жеке кәсіппен айналысады. Тұңғыштары  Ғалым­бек Түркиядағы  Кастоману универси­тетінің студенті. Ата жолын қуған Әділет  жаңа заманның, яғни компьютер инженері мамандығы бойынша білім алуда. Қыздары   Әмина мектеп оқушысы. Одан кейінгі   ұлы Әділет құрылыс саласының маманы. Алматы қалалық әкімдігінің қала  тұрғын үй құрылысы бөлімінде қызмет  атқарған. Қазір  қала әкімі­нің осы құрылыс саласы бойын­ша   орынба­сары.  Жұбайы Аида екеуі  Жандос, Аружан, Алуа есімді үш баланың ата-анасы.  Немересі Жандос әке жолымен құрылыс саласын таңдаған.  Алматы сәулет құрылыс академия­сының студенті. Саматы мен келіні Гүлнар да бақытты отбасы. Өздерінің кәсібі бар. Бұл шаңырақта  да ата-әжелерінің ерке немерелері Әсел, Меруерт, Айдос атты  Тілеужан қария­ның атын жалғап келе жатқан  ізін жалғар, атын өшірмес ұрпақтары   өсіп  келеді.  Саматтың тұңғышы Әсел Халықаралық бизнес акаде­миясын бітірген. Алматыдағы үлкен бір компа­нияда қызмет атқарады. Оның жолдасы Шыңғыс  Жанықұлов та экономика саласының маманы. Келісім-шарт  бойынша Америкада қызмет етеді. Ортаншы қызы Дана мен күйеу­баласы Бауыржан Қуандықовтың отбасында  Әсем, Қадыржан, Асылжан, Кәусар есімді жиен немерелері ержетіп келеді.  Кенже қызы Лаура  жоғары санатты есеп маманы. Алматы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында бас есепші.  Лаураның шаңырағында Жәңгір есімді   Тілеужан атасының еркесі  өсіп келеді.

Тілеужан қария мен Айгүл шешейдің бар бақыты осы балалары. Байлық жимаған, төңіректеріне тек жақсы адамдар мен жақсы дос, жекжат жинаған Тілеужан  қария мен Айгүл шешей шын мәнінде бақытты жандар. Олар өз  ата-аналарын қалай қадірлеп, құрмет­тесе, оларды бүгінде  өз балалары  дәл солай құрметтеп қадірлейді.   Қамқорлап, аялайды. Ал Айгүл  апайдың келіндері  Аида мен Гүл­нары десе жаны бөлек. Келіндері де енелерінің алдын қия өткен емес.   «Ата-анаңа  не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген емес пе, бала-шағаның бұл құрметін қос қария ата-аналарына  жасаған жақсылықтары мен қамқорлықта­рының жемісі деп біледі.  Аудан әкімі Санжар Тоғайұлы оларға   «Мерейлі отбасы» байқа­уына қатысу жөнінде ұсыныс  айтқанда, «Құдай-ау, бізден де  жоғары  ұлағатты отбасы көп қой, солардың алдын кесіп кетпейміз бе?», – деп қатты сасқандары бар. Бірақ аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Каркенов  пен аудан басшысы: «Есесіне, елге сіңірген еңбегіңіз жоғары,   қырық  екі жылдан бері  Қарағайлы ауылында тұрып келесіз, ел-жұртыңыз жақсы таниды, отбасыңыздың жарты ғасырлық тарихы бар, сіздер жастарға өнеге айтпағанда, кім айтпақ, қатысып, бақ сынап көріңіздер   деген соң нар тәуекел дескен болатын. Көп тілегі қабыл болып, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы бойынша құрылған қалалық комиссия шешімімен Тілеужан   әкей  мен Айгүл шешей «Мерей­лі отбасы» байқа­уының жеңімпазы деген алтын  белгімен марапатталды. Бұл мәртебеге Әбді­ха­лықовтар отбасы әбден лайықты еді. Олардың жастарға айтары да, ұсынар өнегелері мен ұлағаттары да мол. Жақсыға жаттықтары жоқ, жаманды жандарына жолатпаған адал жандар.

«Қарағайлы» ауылының Құрметті   аза­маты, Алматы қаласының «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары Тілеужан әкей мен Айгүл шешейден «Отбасының бақыт кілті неде?» деп сұрағанымызда, екеуі бір-бірімен жарыса «бақыт кілті ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген махаббаты мен сенімі, түсініс­тігінде»  деп жауап берді.  Бақытты отбасы болу үшін де еңбек ету керек. Еңбексіз ба­қытты болу мүмкін емес дегенді де  тілге тиек  етті.

Ендігі жерде  елінің амандығын,  ұрпа­ғының иманды, ынсапты, адамгершілік қасиет­тері зор болуын тілеп отыр Тілеужан қария.  Алда бұл отба­сын  тағы бір үлкен сын  – қыр­күйек айын­да  Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Мерей­лі отбасы» байқауының республика­лық бай­қауы күтіп тұр. Олар бұл сында Алматы қала­сында тұратын отбасы­ларының  мерейін арт­тырмақ.  Бүгінгі жастарға  осы тәмсіл жұғысты болса екен деп тіледік. Қос қария жиі қайта­лаған «Дүниенің үйлесімі – кешірімде, бақытты отбасы болу үшін де еңбек ету керек деген»  Әбдіхалықовтар отбасының тәмсілін күнде­лігімізге жазып алдық.  Бақыт­ты отба­сылармыз көп, үлгі алатын алдыңғы толқын  аға ұрпақ аман болғай.

 

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *