Өндіріс экологияға бас ию керек

Нұрлан СҮЙІН

8«Алматы электр стансалары» АҚ ЖЭО-2 кәсіпорнында өткен қоғамдық тыңдау жиналысы шаһар экологиясына арналды

ЖЭО-2 – шаһардың жылу қазандығы, энергия көзі

«Алматы электр стансалары» АҚ-на қарасты екінші Жылу-энергетикалық орталығы (ЖЭО-2) – Алматы қаласы мен облысының бірқатар қонысын электр қуаты, жылу, ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын. Алып шаһардың жартысына жуық аумағы осы Жылу-электр орталығының өнімін пайдаланады.

Бұған дейін нысанның орналасуына қарай облыс әкімшілігі басқаруына қараған ЖЭО-2 2013 жылдан Алматы қаласына өткен болатын. Негізгі өнімін мегаполис тұрғындары мен мекемелері пайдаланатын өндірістің Алматы қаласына берілуі дұрыс шешім.

Шаһар қарауына өткен ЖЭО-2 өзге де өнеркәсіптер сияқты өз өнімдерімен қатар өндірістік, экономикалық проблемаларымен кірігіп отыр. Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімовтің тапсырмасымен жасалған Алматының экологиялық ахуалын түзеуге бағытталған бағдарлама жұмыс жасайды. Аталмыш бағдарламаға сәйкес ең ірі мегаполисте орналасқан өндіріс орындарынан, көліктен қала экологиясына кері әсер келтіретін жағдайларды болдырмау қолға алынған. Әкімдіктің «Алматы қаласының экологиялық ахуалын жақсартудың 2011 – 2015 жылдарға арналған жоспарына» сай атқарылып жатқан жұмыстар қала әкімінің бақылауында. Алматы қаласының әкімшілік қарамағына кірген АлЭС ЖЭО-2 өндіріс мекемесі осы бағдарламаларға сай экологиялық мәселелермен айналысып отыр.

Алматының 40-45 пайыз аумағын ыстық су, жылумен қамтамасыз етуші ЖЭО-2 өндіріске көмір қолданады. Экологиялық таза отын, газға көшу алдағы күндердің жоспарында.

Ербол САСЫҚОВ, АлЭС ЖЭО-2 Бас инженері:

– Алматы қалалық әкімшілігінің бағдарламасына сәйкес шаһар орталығында ЖЭО-1 2014 жылға толықтай газ отынына көшеді. Ал ЖЭО-2 болса, 1980 жылы салынып, отыз жылдан астам уақыт халықты электр қуатымен, ыстық су, жылумен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі таңда өндірісті толықтай экологиялық таза көгілдір отынға көшіруге техникалық, экономикалық мүмкіндіктер болмай тұр. Алдағы уақытта Алматының экологиялық бағдарламасына сәйкес АлЭС және Алматы басшылығы бірлесіп бұл мәселені де шешетін шығар.

 Өндірістің экологияға әсері талқыланды

АлЭС АҚ ЖЭО-2 кәсіпорнында «Өндірістік құрғақ қалдықтардың (күл, зол, шлак) орналастырудың нормативтік жобасы» тақырыбында қоғамдық тыңдау жиналысы өтті. Жиында өндіріс қалдықтарының қоршаған ортаға, адам ағзасына, экологияға әсері де сөз болды.

Өндірістің экологиямен байланысын талқылаған жиынға АлЭС акционерлік қоғамынан, Алматы облыстық экологиялық басқармасынан мамандар, Алатау ауданы тұрғындары атынан, қалалық басылымнан өкілдер шақырылыпты.

Қоғамдық тыңдау жүргізген АлЭС ЖЭО-2 Бас инженері Ербол Сасықов қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, жиналыс төрағалығына Алматы облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор Ромэн Суджиковты, хатшылыққа ЖЭО-2 инженер-экологы Әлия Ахметованы ұсынды. Тақырыпқа байланысты баяндаманы ЖЭО-2 ЦН иПД (Наладка және табиғат қорғау қызметі цехы) басшысы А.П. Яковлев жасады.

Тақырыпқа орай жан-жақты ақпарат берген баяндамашы сөз соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Жиналысқа қатысқан әр сала өкілдері өз пікірлерін білдірді. Жылу өндірісі қалдықтарының қоршаған ортаға, тұрғындар денсаулығына әсері сөз болды. Экологиялық әсерін азайтуда атқарылып жатқан жұмыстар айтылды.

Ербол САСЫҚОВ, АлЭС ЖЭО-2 Бас инженері:

— Бүгінгі қоғамдық тыңдау ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің 2007 жылдың 7 мамырдағы бұйрығы негізінде қоғамдық тыңдауларды өткізу ережелері мен экологиялық кодекстерге сәйкес өткізіліп отыр.

ЖЭО-2 аймақтағы ең ірі жылу стансасы 1976 жылы құрылысы басталып, 1980 жылы іске қосылған жылу стансасында бүгінде 7 қазандық, 6 бу турбинасы жұмыс істеп тұр. ЖЭО-2 жылына 2 млн. тоннадан астам көмір жағады. Өндірістен жыл сайын 1 млн. тоннадай қалдық (шлак, күл) қалады. Өндірістік қалдықтар арнайы дайындалған жерге (золоотвал) тасылып, залалсыздандыру жұмыстары жасалады. Бүгінгі таңда өндірісте пайдаланатын Екібастұз көмірінен қалатын зиянды қалдықтардың (шлак, күл, зола) мөлшері 38-40 пайыз болып тұр. Бұл, әрине, өте көп. Халықаралық нормативтерде бұл көрсеткіш 5-8 пайыздан аспайды. Бірақ, бұл өндіріс болғандықтан, бар көрсеткіштерден асып кете алмаймыз. Өндірістік қалдықтардың қоршаған ортаға зиянды әсерін мейлінше азайту мақсатында күнделікті жасалатын жұмыстар жолға қойылған. Күл шығару, тасымалдау желілері тазаланып, күл жинау орындары (золоотвал) бақылауда болады.

Жылу және электр қуатын өндіретін біздің орталықтың қуаты 510 меговатт. Бұл қуат Алматы қаласы мен жақын орналасқан облыстық жерлердің 40-45 пайызын қамтамасыз етуге жарап тұр.

ЖЭО-2 биылдан бастап ҚР экологиялық заңнамаларына қоса, Алматы қаласының экологиялық бағдарламасына сәйкес жұмыс істейтін болады.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ:

А.П.ЯКОВЛЕВ, цех басшысы:

– Өндірістегі экологиялық мәселелерді шешу стансадағы техникалық, технологиялық нормативтерге сәйкес жүргізіледі. Биылға дейін біздің ЖЭО-2 облыстың қарамағында болып келсе, Президент Жарлығына сәйкес Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты болдық. Яғни біздің өндіріс орны барлық мәселелерге байланысты Алматы қаласының басшылығымен жұмыс істейді.

Бүгінгі көтеріліп отырған тақырыпқа келер болсақ, біздің еліміздің ішкі экономикалық талаптарына сәйкес өндіріске өзімізде өндірілетін отынды пайдалануымыз керек. Яғни, біздің жағатын көміріміз Екібастұзда өндіріледі. Осыдан бір апта бұрын біздің стансада Жапония елінің мамандары болып кетті. Жапонияның энергия-жылу саласында өндірістік қалдық 5 пайыз екен. Ал бізде 8 есе көп болып тұр.

Осыған орай өндірістің қоршаған ортаға зиянын азайту мақсатында біз қазандықтарымыз бен турбиналарымызға техникалық жабдықтау жасадық. Зиянды газ бен түтінді ауаға жібермейтін эмульгаторлар орнаттық. Басқа да техникалық жұмыстар атқардық. Нәтижесінде экологиялық нормативтерден ауытқымай отырмыз. Өндірістегі тағы бір мәселе – маман жетіспеушілігі. Энергетиктер дайындайтын оқу орындары осы салада жұмыс істейтін экологмамандарды әзірлемейді. Сол себепті өз инженерлеріміз қосымша мамандықты игеруге мәжбүр. Осы бағытта барынша еңбек етіп жүрген цех бастығының орынбасары Жанғазы Қитуев, инженер-экологтар Әлия Досқожаева, Әлия Ахметоваларды атап кету керек.

Ромэн СУДЖИКОВ, Алматы облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор:

— АлЭС ЖЭО-2 – стратегиялық нысан, экологиялық кодекс бойынша І-санатқа жатады. Алматы облыстық экология департаменті бірнеше жылдар бойы ЖЭО-2 мекемесімен байланыста. ЖЭО-2 ай сайын өндірістің экологиялық жағдайы туралы ақпарат беріп, түрлі тексерулер өткізіп тұрады. Кеше ғана облыстық экология департаментінде мәжіліс болып, ЖЭО-2 барлық экологиялық нормативтерді сақтап отырғаны айтылды.

Салтанат ЖАНАХМЕТОВА, АлЭС АҚ өкілі:

— ЖЭО-2 өнеркәсібі өндірістік қалдықтарды сақтау және залалсыздандыру жұмыстарын АлЭС АҚ-да жасалған жоспарлы нормативтерге сәйкес атқарып келеді. Бүгінге дейін барлық талаптар сақталып, ереже бұзу оқиғалары болған жоқ. Бүгінге дейін ЖЭО-2 экологиялық заңнамаларыға, техникалық нормативтерге сай жұмыс істеп келеді. Алматыдай алып шаһардың жартысын электр қуаты, жылу, ыстық сумен қамтып отырған ЖЭО-2 мекемесінде өндірістік жұмыспен қатар қоршаған ортаға зиян келтірмеу жағы да қарастырылған. Бұл Алматы қаласының әкімі А.Есімовтің шаһар экологиясын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес келеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *