Нағыз бақыт қайырымды қоғамда орнайды

Бүгінде арамызда көпбалалы  отбасылар мен  аз қамтамасыз етілген  адамдар қатары  баршылық.  Оларға  үкіметтік  тұрғыда жаңа форматта жан-жақты  көмектер көрсетілуде.  Осы орайда бар жауапкершілікті бір ғана үкіметке артып тастау да  дұрыс нәрсе  емес. Оларға  көпшілік болып қолдау  көрсеткеніміз абзал.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Халқымызда:  «Жан  қысылғанда  жақы­нын табады»   деген сөз бар. Бұл – қоғамға тасталған бүгінгі  ұран. Қайы­рымдылық жасау үшін адамда екі нәрсе болуы керек. Бірінші,  жүрегіңізде қайырымдылыққа деген жақсы ұғым, сезім. Екінші, қаражат.

Жалпы, қайырымдылық жасау – әр азаматтың жеке шаруасы. Ол үшін біреуді сынауға болмайды. Жасап жатқан шаруаларымызды көрген кәсіпкерлер біздерден үлгі, өнеге алып жатса, осының өзі имани  шара. Қайырымдылық ұғымын терең зерттеген ғұлама әл-Фараби: «Адам­дары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ» депті. Осы ретте қайырымдылықты сырттан іздемей, өзімізден бастаған жөн іспетті.

Батыс зерттеушілері «Қайырымдылық жарысы» әлеуметтік жобасын ұйымдас­тырып, онда  біздің  еліміздің 96-орынға орналасқанын айқындапты. Әлеумет­танушы мамандар жүргізген зерттеу ны­саны ретінде 146 ел таңдап алынған. Нақ­ты деректерге сүйенсек, жалпы әлеу­меттанушылар ұсынған сауалнамаға 150 мыңнан астам адам жауап берген. Зерттеу қорытындысы бойынша, әрбір бесінші адам өмірінде бір рет болса да қайы­рымдылық жасап, еріктілер қата­рында болған. Сауалнамаға қатыс­қан­дардың жартысынан көбі өздері таны­майтын жандарға қолұшын беруді әдетке айнал­дырған. Сондай-ақ, олардың 30 пайызы қайырымдылық ретінде коммер­циялық емес ұйымдарға ақша аударған.

Бізде осы мақсатта «25 ізгі іс», «Үлкен ел – үлкен отбасы», «Қоржын», «Жүрек­тен жүрекке», «Анаң – сенің жұмағың» сынды түрлі үлкенді-кішілі жобалар қолға алынған. Солардың жалғасы іспетті «Харекет», «Ықылас» қайырымдылық қорлары жұмыс істеп келеді екен. 2016 жылы құрылған «Харекет» қайырымдылық қоры «1000 теңгеге баспана» акциясы арқылы 80-нен астам отбасыға қуаныш сыйлап, баспаналы болуға себеп болған. «Ықылас» қоры да өткен жылы әлеуметтік жағдайы аз қамтылған 1500 балаға «Мектепке жол» акциясының аясында көмек қолын созған. Соңғы  кезде мұндай  қайы­рымдылық  шаралары еліміздің  барлық аймақтарында  жаппай  жүргізілуде. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға үй сыйлауда  жетісулық кәсіпкерлер  белсенділік  танытуда. Олардың көпшілігі  мұндай шарада  өздерін  атамауды құп  көріпті. Алайда, біз оны қарапайымдылықтың бір мәдениеті деп білсек те, қоғам оларды білуі тиіс  деген ұй­ғарымды ұстануға басымдық беріп отырмыз.  Ел ара­сында «қайырымды адам» атанып кеткен меценат Қайрат Құдайберген жуырда «Бақытты отбасы» челенджін бастады. Тұрмыс-жағдайы төмен отбасыларға 7 млн. теңге көлемінде материалдық көмек көрсеткен кәсіпкер игі іс жалғасын табатынына сенеді. Осы орайда тарихшы және философ Томас Карлейланың «моральдықтан басқа реформалар пайдасыз» деп айтқан сөзін айта кеткенді жөн көрдік.

Қоғамдық сананы жаңғырту арқылы теңдессіз нәтижеге қол жеткізген мысалдар тарихта жетерлік. Мәселен, орта ғасырдағы Еуропадағы қайта жаңару дәуірі, XX ғасырдың екінші жартысындағы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы экономикалық жолбарыстар, заманауи Қытай феномені, талайды тамсандырған Сингапур экономикасының тиімділігі қоғамдық сананың рефор­малар мен дамуға қаншалықты әсер ететінін көрсетеді.

Жалпы, қайырымдылық  жасауда қай елді, қай ха­лықты  үлгі  тұтуға болады деген сұрақ төңірегінде ізденіп көрейік.

– Тарихта меценаттар көп болған. Солардың көшін бастап тұрған Медичи жанұясы екен. ХІІ–XVІІІ ғасыр аралығында Флоренцияны басқарған Медичилер әулеті әлемде теңдессіз деп бағаланған сәулет туындыларының құрылысына демеушілік жасап отырған. Әлемге әйгілі болған меценаттар қатарында Ротшильдтер есімі де алғашқылардың бірі болып аталады. Еуропалық банкирлер әулеті XІX ғасырдың екінші жартысынан бастап, мәдениетті дамытуға қаржы  құя бастаған.  Бертін келе қайырымдылық ұғымының аясында «меценат» атауы пайда болған. Меценат деп білім мен өнердің  дамуына материалдық көмек көрсеткен  тұлғалар  танылады.

Бүгінде қайырымдылық жасаудың көш басында Малайзия, Индонезия, Австралия, Жаңа Зеландия, АҚШ және Ирландия тұр. Ал Қазақстан халқының 28 пайызы қайырымдылық жасауды дағдыға айналдырған.

«Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады», – деген екен данышпан халқымыз. Мейірімді болу – қоршаған  ортаңа қамқор болу.  Мейірімді адам  деп әрқашан басқаларға көмекке келіп, әркез жақсылық  жасаған  адамды айтады.  Соңғы кездері елімізде  мұқтаж жандарға көмек көрсеткен азаматтар арасында «Қайырымдылық керуені»  байқау шарасы өткізіліп келеді.  Бүгінде шараның  алғашқы жеңім­паздары да анықталды. Мәселен, «Асар» аталымында қарағандылық Сымбат Елікбаева жеңімпаз деп танылды. Ол балаларға ұлттық бұйымдар жасаудан шеберлік сағаттарын өткізіп, қаншама шәкірттер тәрбиелеп  жүр.  Сондай-ақ, «Туған жер» номинациясы бойынша 10 мың ағаш еккен Атырау облысының тумасы Арман Хайруллин жеңімпаз атанды. Ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға қаржыларын сарп  етіп жүрген Жақсылық Үшкемпіров, Бауыржан Оспановтар осы күнгі меценаттар көшін бастап келеді. Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров спорттық ғимараттар салдырып, халықты салауатты өмір салтын ұстануға үндесе, меценат Бауыржан Оспанов жыл сайын балалар әдебиетінің дамуына үлес қосып, «Дарабоз» жүлдесін тағайындап келеді. Бұл қос азаматтың  мақсаты – қазақ даласында жұмақ орнату.

2007 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан «Алтын жүрек» қоғамдық сыйлығы талай меценаттың рух-танымын оятты. Алғашқы  «жыл меценаты» атанған Ұзақбай Айтжанов еліміздің бірқатар өңірінде медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді тегін үлестірумен ел есінде қалды.  Меценат Балалар үйі мен соғыс және еңбек ардагерлеріне, Сырдария су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсетті. Талантты суретші Алпысбай Қазығұловқа шеберхана  сыйлады. Игі бастама өз жалғасын тауып жатса, ол ұлт болып  ұйысуымызға игі әсерін тигізетіні  анық. Осыны мақсат еткен Жақсылық Үшкемпіров Елбасымен бір кездесуінде  өз ұсынысын айтып, елімізде өзі сияқты 5 мың жігіт табылса,   5 мың ауылды жабылып көтеріп жіберетінін білдірген еді. Әрине, ол оны өз басынан  алып отыр. Қайраткер азамат Қарасай ауданы, Мыңбаев ауылын өркендетуге бар ықыласын салып, шаруашылығын дөңгелетіп келеді. Халқының саны небәрі 2000-ға жететін ауылды  қазір 5000 тұрғыны бар ірі елді-мекенге айналдырды. Ауылға көгілдір отын тартып, жолын жөндеді. Өз қаражатымен спорт кешенін салып берді. Қазір онда 200 бала спорттың тоғыз түрімен айналысады. Салауаттық өмір салтын ұстанушылар үшін  фитнес-клуб ашылып, 100 орынды балабақша салынған. Міне,  бұлардың  бәрі  бір адамның  атқарған  жұмысы. Елімізде мұндай  абзалдық пен имандылықты ту еткен   азаматтар баршылық. Бір адам  бір ауылдың көшін жөндеп, түтінін  қайта маздатты  деген осы болар.

Осыдан біраз жыл бұрын Бауыржан Оспанов та туған ауылында физика-математика бағытында тереңдетіп білім беретін мектеп-интернат салып берді.  Оқу орнына білімді мұғалімдерді тартып, жұмысқа шақырды. Оларды үй-жай, жалақымен қамтамасыз етті. Оларға  үздік шәкірт тәр­биелеуді мақсат етіп  қойды. Меценаттың талабы қазір өзін-өзі ақтап отыр. Бүгінде дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта төрт жүзге жуық бала білім алуда. Қайы­рымды  азамат  қазір  өзі негізін қалаған мектепті 500 орынды етіп ұлғайтуды көздеп отыр.  Оқу орнының түлектері Мәскеу мемлекеттік университетіне шақырту алуда. Бар бақытын бала тәрбиесіне арнап отырған Бауыржан Оспанов Лепсі ауылынан жас спортшыларға арнап тағы бір мектеп ашқан. Жасөспірімдерді спорттың олимпиадалық түрлеріне баулитын интернатта қазір еліміздің жер-жерінен жиналған болашақ саңлақтар тәрбиеленіп жатыр. 750 балаға арналған мектепте барлық жағдай жасалған.

«Қайырымдылық жасасаң, өзің де сондай қайы­рымдылық көресің» деген.  Әр адам туған жерін, туған қаласын жоғарыда аты аталған азаматтарымыздай жақсы көріп, тұрақты көмектесіп, кәсібінің нәсібін ел пайдасына жаратып, жақсылық жасаса сауаптың төресі осы емес пе?  Мұндай шараға жүрегі жомарт, туған елін, жерін  сүйетін, құрметтейтін «алтын жүректі» адамдар ғана бара алмақ.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *