НӘТИЖЕНІҢ АДАМЫ

Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры,  ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы, тарих ғылымының докторы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық инженерлік академияның, Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының және халықаралық Жоғары мектеп академиясының академигі, техника ғылымының докторы, профессор, менің досым Әбдімүтәліп Әбжаппаров 70 жасқа толып отыр. Жас күнімізде, тіпті бертінде де 70-ке келгендерге қарап: «Әй, осы жаста өмірдің шегі көрініп қалар» дейтінбіз. Жоқ, онымыз бекер екен. Жетпіске келгендерге, әсіресе Әбдімүтәліп Әбжаппарұлына қарап, оның бойындағы энергияны сезіп, «өмірдің сарабдал кезеңі енді бастала ма?..» деген ойдың аясында жүрмін. Айтса айтқандай-ақ, тұтас білім қауымдастығы қадірлейтін Әбекең қашан көрсең тың бастамалар көтеріп, біліктілік пен тәжірибесін жүзеге асыруға уақыт таппайды.

Мұның сыры неде? Әрине, ең бірінші, тегінен. Тектінің ұрпағы. Содан кейін ата-анасы мен мұғалімдері берген тәрбиеден. Мен балдәурен шағын қазбалап, ежікте­мей-ақ қояйын, ол жағын жақсы білетіндер толғайтын шығар. Алайда, қазақта «қа­сиет» деген ұғым бар. Ұлтымыз сонысымен мықты. Әбекең – сол қадір-қасиеттің бәрін бойына сіңіре білген бірегей азамат.

Тағы бір ерекшелігі, қазір «Болашақ» дейміз, сол бағдарламаның негізі кешегі Кеңес Одағы кезінде де болды. Бізді анау шет аймақ деп, одақтас республикалар деп, квота беріп шетелге шығармайтын: студенттерді де, ізденушілерді де. Оның өзінде бірен-саран болмаса. Шындығында, шет елге білім алу үшін көбіне Ресейдің орталық қалаларынан кетіп жататын. Сондай бақытқа ие болған қазақтың бірі – біздің Әбекең.

Ол министрлікте қызмет істеп жүргенде Германияға ғылыми-зерттеу бағытында тәлім­герлікке, ізденушілікке ілігеді. Одақ­тық конкурстан өтеді. Сол жерде жүріп диссертациясын қорғайды. Неміс тілін терең меңгеріп, елге Еуропадан қорғаған ғалым болып қайтады. Ол тәжірибесінің барлығын, сол кездегі еліміздің Ғылым және білім министрлігінде жақсы пайдаланды: департамент басқарды, жаңалықтар енгізді.

Жаңалықтар демекші, мен Әбекеңнің өмірдегі қызметін екіге бөлемін: біреуі – жаңағы министрліктер мен әкімшіліктегі, екіншісі – ректорлық қызметі.

Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы – көрнекті ғалым, қазақстандық қазіргі заманғы жоға­ры білім беру мен ғылымды ұйым­дастырудың негізін салу мен дамытудың көрнекті өкілі ретінде танымал. Тәуелсізді­гімізді алған алғашқы жылдары егеменді еліміздің білім беру жүйесінде болып жатқан тың ізденістер, түбегейлі өзгерістерді шығармашылықпен қарсы алып, жетілді­руге жол ашып, жаңартуға бар күші мен біліктілігін арнаған жан. ҚР Білім және ғылым министрлігінде жүргенде үлкен реформалар жасалды. Оның еңбек жолы сондай сәттерге сәйкес келді. Біріншісі сонау 90-жылдардың басында егеменді­гімізді алғаннан кейін өзіміздің қазақстан­дық білім беру жүйесін құру кезінде үлкен жауапты қызметтер атқарды. Алғашқы Білім туралы заң қабылдау осы Әбекеңнің тұсында шықты. ҚР Ғылым және білім министрлігінде Шайсұлтан Шаяхметов министр болып тұрғанда сол командада бірге қызмет етті. Сыйлы, жақсы қарым-қаты­наста араласты. Шындығына келген­де, біздің бүгінгі білім беру мен ғылым жүйесінің негізі сол кездері қабылданған заңдарда қаланды.

Өкінішке қарай, кейін реформалар көбейіп, оның үстіне министрлер де жиі-жиі ауыса бастады. Берекесі кетті, бірақ сонда да 2000 жылдары министрлікке Әбекең қайта келіп, қазіргі пайдаланып отырған ҰБТ-ны қолға алды. Бұл жүйені білім саласына тікелей енгізген осы Әбді­мүт­әліп Әбжаппарұлы. Бұл үлкен жауап­кершілікті, жүректілікті, табандылықты, принциптілікті, біліктілікті қажет ететін шаруа. Соны ың-шыңсыз атқарды. Қазір қанша жыл болды, сол Ұлттық бірыңғай тест күні бүгінге дейін сәтімен жүріп жатыр.

Ал енді аппаратта қызмет істеген кезін менен де жақсы білетін азаматтар бар деп ойлаймын, ол жағын сол кісілердің енші­сіне қалдырайын. Менің көбірек аралас­қаным, Өскеменде ректор болып тұрған­дағы кез. Өйткені, мен ол жерде Шәкәрім университетін басқардым, ал Әбекең С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болды. Бір аймақ, бір облыс. Сонда тамаша әріптес ретінде қоян-қолтық жұмыс істедік, ағалы-інілі араластық. Соның нәтижесі де болды. Шығыстағы ЖОО ең ұйымшыл, ең іскер, ең нәтижелі оқу орындарының біріне айналды.

Әбекеңнің белсенділігіне келсек, ол жағынан қамшы салдырмайды. Қоғамдық, қоғамдық-саяси жұмыстарға бірден ара­ласып кетеді. Отыра алмайды, бұғып қалу деген онда атымен жоқ. Керек жерінде бетіне де айтады. Жәй айтып, ұсыныс беріп қана қоймайды, сол дүниеге бар жан-тәнімен кірісіп кетеді. Бір ауыз сөзбен айт­қанда, қолға алған істі соңына дейін жеткізбейінше тынбайды.

Негізі, қарап отырсаңыз, айтатын және ұсыныс беретін адамдар болады. Олар бір бөлек те, ал оны атқаратын жандар бір басқа. Ал екеуін бір адамның басына үйіп-төгіп бере салу – ол екінің біріне бұйыра бермейді, өте сирек кездеседі. Әбекең сондай – өзі айтқанын өзі істейтін адам.

Шығыс Қазақстанда бірнеше мәрте облыстық мәслихаттың депутаты болды. Қанша мәселелерді көтеріп қана қоймай, соны іске асыра білді. Басқасын сөз етпей-ақ қояйын, нақты шешілуін күтіп тұрған мәселелерді бірінен кейін бірін нығыздап айтқанда, әр сөзінің соңында жаңа баста­ма, тың идея тұратын. Жасыратыны жоқ, кезінде облыстық мәслихаттың жұмысы барлық жерде қожыраңқырап, жаңашыл­дықты қажет етіп тұрды. Әбдімүтәліптей депутаттардың белсенділігі арқасында бойына қан жүгірді десек те болады! Себебі, бірсарынды, жылда қайталанатын күн тәртібіндегі мәселелер жаңа бағыттағы жан-жақтылық, өзекті мәселелерден бастап, республикалық деңгейдегі үлкен іс-шараларға дейін қамтылып жататын.

Одан кейін ректорлық қызметі бар. Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы еліміздегі төрт мемлекеттік жоғары оқу орындарын басқарды. Өзінің жеке басының беделі арқасында қашан, қай жерде болсын, ортаға сыйлы жүрді. Мәселен, С.Аманжо­лов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекет­тік университетінде ректор болып тұрған жылдарында әр білім алушының жағдайын біліп отырды. Студент-жастармен жиі-жиі кездесіп, олардың ойларымен санасып, шешілмеген сұрақтары болса, дер кезінде шешіп отырды. Оқуда озат, қоғамдық жұмыстарда белсенді студенттерге атаулы стипендиялар тағайындалды. Тіпті, керек десеңіз, облыс әкімі санасып, пікірлесіп, керек кезінде кеңесетін. Неге? Өйткені, ойы өтімді, іскер, қоғамдық, саяси, мәдени спорттық шараларда ұйымдастырушылық беделі жоғары, табанды да талапшыл адам болды. Осы қырларын жетпіске келген мерейлі жасында сөз етпегенде қашан айтамыз?! Жасыратыны жоқ, кейде облыс әкімі орынбасарларының сөзі өтпей, не жұ­мыс жүрмей жатқан кезде біздің Әбекеңді салып жіберетін. Тасты жарғандай жарып шығады. Бір сөзбен айтқанда, Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы нәтиженің адамы!

Талай ауқымды және іргелі істердің ұйытқысы Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы жаңа жаһандық үрдістерді бойына сіңіре отыра күш-қайратын, терең телегей білімін, даналығы мен саналы ғұмырын білім мен ғылымның өсіп-өркендеу жолына арнаған өнегелі өмір иесі. Бұл саладағы қай баста­масы болсын қиыннан қиыстырып, жарас­тыра алатын құдіретімен маңызды. Ізгі істерінің барлығында өзін білікті маман, нағыз ұйымдастырушы ретінде таныта білді. Басқарған оқу орындары халықаралық дең­гейдегі шетелдік университеттермен тығыз байланыс орнатып, өзі әлемнің маң­дайалды университеттерінде, ал шет елдер­ден келген белгілі ғалымдар келісім-шарт­тар негізінде Әбекең басқарған универ­си­теттерде білім алушыларға дәрістер оқыды. Мен оның жаңашылдыққа жаны құмар жан екенін Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің отырысында да талай мәрте байқадым.

«Білім қайда болса – биіктік сонда, парасат қайда болса – ұлылық сонда» дейді дана халқымыз. Атақ-абыройға ілігіп, ие болып, дүйім жұрттың шексіз құрметіне, сүйіспеншілігіне бөленудің өзі үлкен мәртебе. Әбдімүтәліп Әбжаппарұлының еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі телегей-теңіз. Ол еңбектері де бағаланбай қалған жоқ. Кеудесінде жарқыраған «Құрмет», «Парасат» ордендері мен мемлекеттік наградалары, мерейтойлық медальдары – ерен еңбегінің айғағы.

Біз отбасымен араластық. Өмірлік серігі – мәдениеті мен білігі зиялылыққа ұласқан Алтынай Бекмырзақызы. Өзінен өмірінің қай кезеңі жарқын әрі есте қаларлық екенін сұрай қалсаңыз, сөз жоқ, Шығыс Қазақ­стан облысындағы күндерін айтары анық. Өйткені, мағыналы, мәнді, қызыққа толы бұл кезең – бір-бірімізді жақындастырды, толықтырды, өсірді.

Сондықтан өз ісінің кәсіби шебері, ғалым, биік шыңдарды бағындырған дара тұлғаның мерейлі жасында өзіне, отбасына, ағайын-туыстарына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, еңбекте тың табыстар мен өмірдің асқақ абыройын тілеймін.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *