«Музей түні-2018»

18 мамыр – Халықаралық музейлер күні мерекесі. 1977 жылы Германиядан бастау алған бұл мәдени шара бүгінгі таңда дүние жүзіндегі 150-ден астам елде өткізіліп келеді. Жылына бір рет әлемнің әйгілі мұражайлары бір мезгілде түнгі уақытта келушілер үшін есіктерін айқара ашады. Халықаралық музей күніне орай Алматы қаласының мұра­жай­ларында жыл сайын «Музей түні» атты мәдени мереке өткізу әдемі дәс­түрге айналған. Мегаполис мұражай­ларында тұрғындар үшін биыл да бұл түні қайталанбас қызыққа толы мере­келік іс-шаралар ұйымдастырылады. «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» кел­ген қонақтарды әр түрлі қызықты бағдарламамен қуантатын болады. Атап айтсақ, Алматы музейі, Дінмұхамед Қонаев музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды мұражайы, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені «Музей түнінде» есігін алматылықтарға айқара ашып, ғылыми-танымдық және ойын-сауықтық бағдарламалар арқылы алматылықтарға таңғажайыптарға толы музей түнін тарту етпек.

Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды мұражайында 18 мамырда өтетін «Му­зей түнінде» Алматы тұрғындары мен қонақтарын қазақ музыкасының клас­сикасы мен заманауи үлгісі үйлесімді көрініс табатын керемет кеш күтіп тұр. Сағат 20.00-ден 01.00-ге дейін өтетін ізгі шара­ның мақсаты – ел есінде, халық жүрегінде мәңгі сақталған әндері мен күйлері арқылы Н.Тілендиев заманына саяхат жасау, әйгілі композитордың мол музыкалық мұрасын жас ұрпақ жадында жаңғырту болып табылады. Мұражай алдындағы безендірілген шағын аллеяда Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің студенттері келген қонақтарға қазақ музыкасының классикасына айналған композиторлар­дың әйгілі әндерін тарту етіп, мерекелік көңіл-күй сыйлайтын болады. Т.Жүрге­нов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері көрермен­дер үшін «Куә бол» әнінің шығу тарихы жайлы қойылымды сахналайды. Келген қонақтарға мұражай ішінде интерак­тивті экскурсия жүргізіледі. Қонақтар ашық аспан астында, караокеде, табиғи дауыста Н.Тілендиевтің әндерін әуелет­се, студенттерден құралған музыкалық ансамбль композитордың күйлерін күм­бірлететін болады. Мұражай аллея­сында «Сымбат» дизайн және техно­логия академиясы мен  О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің студенттері бейнелеу өнері, қолөнер, майлы бояу, зергерлік, дизайн бойынша шеберлік сабақтар өткізеді. Сондай-ақ, қазақ  ұлттық қол­өнер бұйымдарынан шеберлік сабақтар ұйымдастырылып, «Менің атым Қожа» фильмінен үзінді қойылып, қызықты квест ойындары өткізіледі.

Қазақстан Республикасы Мемлекет­тік Орталық мұражайы 18 мамырда сағат 17.00-ден 24.00-ге дейін Халықара­лық музейлер күні мерекесіне арналған «Музей түнінде» алматылықтар үшін қызықты бағдарламалар әзірлеп қойған. Бұл жолы алматылықтар мен қала қонақтарына жаңа бағдарлама, музей­дің қор коллекциясы негізінде құрыл­ған көрмелер мен Қазақстан суретшіле­рінің авторлық жұмыстары қойылған көрмелер ұсынылады. Мысалы, «Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық қала­лар: қыш ыдыстағы ою-өрнектер», «Жаң­ғырған мұра», «Адам. Дәуір. Байланыс», «Руханият ескерткіштері», «Сағым. Пленэр. Ханшайымдар ойыны» көрмелері көрермен назарына ұсыны­лады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы­ның бөлігі – бестомдық іргелі «Қазақ­тың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» ғылыми-этнографиялық энци­клопедиясының толықтырылған екінші басылымының тұсаукесері кештің көркін келтірері хақ. Сондай-ақ, бұл күні қонақтар үшін «Ән атасы – Әміре» әдеби-музыкалық музейлік сабағы, «Әжем­нің сандығындағы заттардың тарихы» саяхат-ойыны, «Ортағасырлық керамикадағы бейнелі өрнектер: қазіргі көзқарастар» интерактивті ойыны, «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» мәдени-танымдық бағдарламасы өткізіледі. Мереке күні келушілер І, ІІ, ІІІ, ІV залдар – «Палентология және археология», «Тарихи этнография», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қа­зақстан және Диаспоралар мәдениеті», «Тәуелсіз Қазақстан» залдарына тегін кіріп, тамашалай алады. Өнерсүйер қауым үшін әсем әнмен, мың бұралған бимен өрнектелген мерекелік концерт қойылады.

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекет­тік өнер мұражайы 18 мамырда сағат 18.00-ден 02.00-ге дейін жыл сайынғы «Музей түні» жобасын ұсынады. Іс-шараның биылғы жылғы ұраны халық­аралық музейлер кеңесінің (ІCOM) тұжырымдамасына сәйкес «Гиперком­муникация кезеңіндегі музейлер: жаңа көзқарастар» деп аталады. «Қастеевтегі музей түні» мерекелік көркемдік-мәдени акциясының басты мақсаты – сан алуан өнер түрлерін дәріптеу және қала тұрғындарының музей бағдарлама­ларына деген назарын аудару болып табылады. Бұл мерекелік түні қонақ­тарға арналған мерекелік сазды бағдар­ла­мада «Па Кампасам» рок-тобы, «OZON» жобасы, танымал DJ тобы, «TrіblePro», «Империя танца» би ұжым­дары өнер көрсетеді. «Фото-Кептіру» тұжырымдамалық көрмесі, жанды мүсін, интерактивті перформанстар, тақырыптық фотоаймақтар жұртшы­лық­тың қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. «Lumіere» би ұжымы ұсынған табиғат құбылыстарының шоуы мен отшашулар шоуы көрермендер көңілін­де ерекше әсер қалдыратыны күмәнсіз. Сондай-ақ, мұражай қорынан «Верный көшелерінен Алматы даңғылдарына» атты арнайы әзірленген көрме жұртшы­лықты мыңжылдық тағылымды тарихы бар шырайлы шаһарымыздың тарихы­мен таныстырады. Шара шеңберінде өнертанушы Е.Малиновская «Алма­ты қаласының сәулет өнері» тақыры­бында дәріс өткізеді. Мүсін саябағында Шоқан Төлештің «Ана мен бала» монументі мүсінінің тұсаукесері бола­ды. Т.Жүрге­нов атындағы ҚазҰӨА кол­леджі Қа­зақстан бейнелеу өнері экспо­зициясы бойынша «Жанданған туынды­лар» перформанстарын көрермен наза­рына ұсынады. Мерекеге орай, түні бойы музейге кіру тегін.

 

Дайындаған – Балнұр АХМЕТ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *