МОНТЕССОРИДЫҢ СІҢЛІСІ

Білім беру ісінің үздігі, доцент Зәуре Еденбаеваны әріптестері осылай атайды

Бала тәрбиесі отбасынан басталады дегенмен, заманауи, әлемдік педагоги­калық ғылымға негізделген әдіс-тәсілмен берілетін тәлім-тәрбие балабақшадан баста­лып, мектепте жалғасын тауып жатқаны жақсы нәтижелерді бере бастады. Шындығында, балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етеді, ғұмырлық тағылым береді. Осы ретте әлемдік тәрбие тағылымдарды ұлттық халықтық педагоги­камен байланыстырып, жемісті еңбек етіп жүрген ұстаздар қатарының жылдан-жылға көбейе түсуі саналы, сапалы ұрпақ тәрбиесінің жақсара түскендігінің кепілі екендігін байқаймыз. Сондай ұстаздардың бірі – Зәуре Дөненбайқызы Еденбаева. Ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арт­тыру ұлттық орталығының» Алматы қаласы бойынша филиалы «Білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық жетекші­лік ету» кафедрасының доценті, Мария Монтессори кабинетінің меңгерушісі.

Баланың табиғатында білуге құмар, тумысынан-ақ өсуге, жетілуге ұмтылысы басым болатыны айқын. Сондықтан да жедел дамып бара жатқан мына заманда балабақшадағы педагогтардың ұлттық болмысты, ұлттық мінезді, салт-дәстүрлер­ді сақтай отырып, бала тәрбиелеу әдістерін тынбай ізденіп, жиі жаңартып отыруы заңдылық. Ал М.Монтессори әдісі бала­ларға жауапкершілікті сезінуге, өздігінен шешім қабылдауына, топта да, жеке де жұмыс істей алуына, таңдау жасай алуы­на, өз уақытын ұйымдастыра білуіне, өзіне сеніммен қарауына мүмкіндіктер береді, қолайлы жағдай туғызады. Бұл әдістің мақсаты – балалардың табиғат жаратқан мінезін, қабілетін, тәрбиешінің қалауымен емес, өз еркімен тәуелсіздік рухында тәрбиелеу.

Алматы қаласы бойынша 14 балабақ­ша Мария Монтессори жүйесімен жұмыс істейді. Сол балабақшалардың тәрбиеші­леріне методикалық ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін жүргізетін Зәуре Дөненбай­қызы Франция, Германия, Польша, Чехия сияқты мемлекеттер әдіскерлерімен тәжі­рибе алмаса отырып, дәрістер, шеберлік сыныптарын өткізеді. Осындай әлемдік деңгейдегі тәжірибе алмасу өз нәтижелерін беруде. Мысалы, Зәуре Дөненбайқызы «Мария Монтессори педагогикалық жүйесінің халықтық педагогикадағы рөлі» деген тақырыпта өткізген шеберлік сыны­бында ағашпен жұмыс істеудің бала тәрбие­сінде ортақ қасиет екендігіне назар аударған. Өйткені, Мария Монтессори тәсілінде тек ағаш өнімдерімен жұмыс істесе, қазақтың халықтық педагогика­сын­да да ағашпен жұмыс істеуге аса мән беріл­ген. Елдегі мектепке дейінгі стандарт – ден­саулық, қатынас, таным, шығарма­шылық, әлеумет сияқты 5 білім беру саласы осы Мария Монтессори жүйесімен өте байла­нысып тұр. Жалпы 90-нан аса бағдарла­малар, технологиялар айналымға енген, солардың 15-тен астамы Қазақ­стан­да қолда­нылып отыр. Әдіскер – бала­бақшаның жүрегі. Әдіскердің тілі мұқал­май, ойы көмескіленбей, ашық, айқын болып тұрса, оның тәрбиеленушісінің де солай болып өсетіні анық. Әдіскердің сыртқы келбетінің табиғи болуына да көңіл бөлінуі қажет. Бүлдіршіндердің жасына сай қажетті бағдарламалар дайындай отырып, монтесорриші әдіскер осыған да назар аударып, неғұрлым табиғи түр-сипаттың да маңызды рөл атқаратынын да айта жүреді.

Зәуре Дөненбайқызы италиялық дәрігер Мария Монтессори жүйесін үйрену үшін Италияға барған сапарында сол халықтың біздің халықпен бала тәрбиесінде үңдестік барын байқаған. Сол сияқты, Жапония мемлекетінде де ортақ белгілердің бары, жал­пы әлемде ұрпақ тәрбиелеудің, бола­шақты жалғастырар өрендер тәрбие­сіне ортақ қасиеттердің бар екендігін, адами мақсаттың ортақтығына зер салған.

– «Отыздай мемлекеттің жерін бастым. Қай халық болмасын өз ұрпағын тәрбиелеу жолында озық үлгілерге сүйенетінін байқа­дым. Бізде де сол жолды дамыту бағытында әлемдік педагогиканың жетістіктерін қолдану көзделіп отыр. Мақсатымыз — осы италиялық педагог-дәрігердің әдістемесін зерттей оты­рып, олардың озық тәжірибесін өзіміздің ұлттық педагогикамен байланыс­тыра жүр­гізу», – дейді әңгіме арасында тәрбие ісінің шебері Зәуре Еденбаева.

Зәуре Дөненбайқызы білім беру жүйесінде 35 жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Ол –  өз мамандығына шын беріл­ген, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен білім берудің қыры-сырын толық меңгерген, тәрбиелеудің тиімді әдіс-тәсілдерін зерт­теген, баланың шығармашылық қызығу­шылығын арттыру мақсатында ізденістер жүргізіп жүрген білімді де білікті маман. Сондай-ақ, З.Еденбаева жаңашыл педагогтардың алдыңғы қатарлы әдістерін өзінің тәжіри­бесінде шебер пайдалана біледі. Өзі де бірталай оқулықтар мен әдістемелік құрал­дардың авторы. Оның жазған оқу-әдісте­мелік құралдары мен бағдарламаларын республика көлемінде мектепке дейінгі тәрбие мекемелері пайдалануда. Халық­аралық конференция­ларда оқылған баян­да­малары аталған әдістемеліктерде жарық көрді. 2007 жылы өткізілген қалалық педагогикалық оқуда «Тіл – халық қазы­насы» атты баяндамасы жүлделі орынға ие болған. Заманауи тақырыптардағы «Жаңа технологияны енгізу мақсатында бүлдір­шіндерді жеке тұлға ретінде дамыту» мәселелері бойынша да дәрістер оқиды.

«Халықтық педагогика – бала­бақша­да» деген тақырыппен XXV республикалық педагогикалық оқуда ол жүлделі орынды иемденіп, «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, қала көлемінде өткізілетін педагогикалық оқуларға жетекшілік етеді. Педагогикалық оқуларға жетекшілік етіп қана қоймай, педагогикалық оқулардың материалда­рын «Білім ағартудан – жаңа педагогика­лық теория мен практикаға дейін» деген атпен жинақ дайындап, жарыққа шығарды.

Зәуре Дөненбайқызы өз білімін көте­румен үнемі айналысып отырады. Қазақ­стан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Білім беру саласының үздігі» құрметті атағымен марапатталды.

Зәуре Дөненбайқызының ата-анасы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылының жергілікті тұрғындары еді. Әкесі Дөненбай қолынан өнер тамған ағаш шебері, анасы Әселдің әншілік қасиеті болды. Осылардың өнерлі қасиеттерін тал бойына сіңіріп өскен Зәуренің ұстаз болуға деген бейімі жас кезінен қалыптасқан. 33 жылғы тәжірибе­сінде тек қана мектепке дейінгі бүлдір­шіндер тәрбиесімен айналысқан Зәуре шетелдік тәжірибені ұлттық педагогикамен ұштастыру жолында 24 оқу құралының, 5 бағдарлама, тәлім мен тәрбие төңірегінде жазылған 150-ге тарта мақаланың авторы атанды. Дана Абай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», – десе, француздық Жан Жак Руссо: «Бала туған­да ақ қағаздай болып туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбие­ленеді»,– деген. Демек, бұл тәмсілдер адам­зат адамзат болғалы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан түйіндер.

Мектепке дейінгі бала тәрбиесімен айналысатын тәрбиешінің жұмысы күрделі де, қызықты да. Балаларды өз туған тілінде әдемі сөйлеуге машықтандыру, оларды ой-сезімдерін анық, еркін, көркем жеткізе алуға баулу, танымдық қабілеттерін дамыту – тәрбиешінің негізгі міндеті болмақ. Тәрбиеші – қасиетті де қадірлі мамандық. Болашақтың адамын тәрбие­леу, табиғат құбылыстарынан мәлімет беру, баланы өмір сүруге үйрету – оңай іс емес. Оны «Бір рет он бес-жиырма баламен ұйымдастырылған оқу іс әрекетін өткізіп көрген адам ғана түсінеді. Тәрбиеші күн сайын ерлікке пара-пар жұмыс жасай­ды»,– дейді Зәуре Дөненбайқызы өз әріптестері туралы.

«…Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын»,– деп Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде болашақ­қа нық қадамның жолын ашып берген болатын. Яғни осы жолдағы бүлдіршіндер тәрбиесі ісінің дамуына атсалысып жүрген әдісшіл әдіскер Зәуре Дөненбайқызы Еденбаеваның үлесі мол екендігі анық.

 

Клара ҚАБЫЛҒАЗИНА,

журналист.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *