МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН БҰЗУҒА ЕШКІМНІҢ ҚҰҚЫ ЖОҚ

Қазақстан халқы үшін 9 маусым – тәуелсіз ел тарихындағы тарихи күннің бірі болып қалды. Билік транзитінің бастауы болып табылатын бүгінгі күннен бастап қазіргі билік пен оппозиция өкілдері бас қосып, келешекте ауқымды саяси реформалар жасауы, оның қоғам талқысы арқылы сүзгіден өтуі заң жүзінде жүзеге асырылуы тиіс.

 Мен 7 маусым күні өзімнің Facebook парақшамда сайлауға қатысты жариялаған ой-түйіндерімде сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев мырза 60–70 пайыз шамасында дауыс алады деп болжағанмын. Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытын­дыларының мәліметіне сәйкес, 70,76 пайыз, яғни 6 504 054 адамның даусын жинағанын мәлімдеп отыр. Яғни бұдан біз халықтың көп бөлігі елдегі тыныштықты, билік транзитінің ешбір залалсыз өтуін, яғни билік сабақтастығын қалағанын көреміз. Қ-Ж.Тоқаев мырзаның бағдарламасында билік сабақтастығына аса көңіл бөлінді және оның саяси биліктегі мол тәжірибесі бар екені, халықаралық ұйымдармен қызметтескені, ҚР Үкіметін басқарғаны және елдегі олигарх топтарынан тыс болғандығы да халықтың қолдауына әсер етті. Сонымен қатар, Қ-Ж.Тоқаевтан халықтың, әсіресе, ауылдық жерлердегі халықтың күтіп отырған үлкен үміті бар. Біршама өзгеріс­тердің болатынына, оның ішінде, қазіргі тұрақтылықты сақтай отырып, жаңа ағым­дар мен үрдістерді дүниеге алып келетініне деген халықтың сенімі зор. Оған соңғы уақыттары еліміздегі әлеуметтік жағдайлар­дың көпбалалы аналар мәселесін дер кезінде қолға алып, негізгі түйіндерін шеше бастауы да билік сабақтастығын сақтаған­ның өзінде, бұрынғы президенттік басқа­рушылық стиліне қарағанда ерекшеле­нетінін көрсетті.

Додада екінші орынға ие болған және өзімді де қатты қуандырған Әміржан Қосанов мырза халықтың 1,5 млн. бөлігінің даусына ие болып, 16,02 пайызды көрсетті. Өз болжамымда, Ә.Қосановтың жалпы дауыстан алар пайыздық үлесі 8–10 шамасында болады деп айтқанмын. Оның себептеріне келсек, Ә.Қосановты сайлау­шылар көптеген жылдар бойы оппозиция қатарында жүріп, ел алдында көптеген проб­лемаларды көтерген және көп жер­лерде өз ойларын халыққа еркін жеткізген азамат ретінде біледі. Ә.Қосанов өзінің саяси өткір мақалаларымен, әлеуметтік желілерде жариялаған ой-пікірлерімен, көзқарастарын ашық айтуымен, журналист ретінде халықпен жеңіл тіл табыса алуымен ерекшеленеді. Ол өз кезінде мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін пайдалана отырып, өзінің айтқан сындарында жай ғана жеке адамның басын сынамай, қоғамдағы жібе­рілген кемшіліктерді нақты айтқанының ықпалы деп ойлаймын. Сонымен бірге, Әміржан Қосановтың әлеуметтік желілерді жақсы пайдаланып, халыққа өз бағдарла­масын таныстыруы да оның күшті тұсын көрсетті. Және де осы заманауи техноло­гияның жетістіктерін ұтымды пайдалануы өз нәтижесі мен тиімділігін берді. Сонымен бірге, Президенттікке үміткер өзінің нағыз батылдығын, халықпен қызмет жасай ала­тынын дәлелді. Менің ойымша, 1,5 млн. астам дауыс, яғни халықтың 16 пайыз қол­дауына ие болған ол келешекте белсенді саяси жұмыстар атқарып, саяси партия құ­рып, Парламент  сайлауына қатысып, өзінің белсенді жұмыстарымен 16 пайызды 30-ға дейін жеткізуге мүмкіншілігі бар. Сөйтіп, белсенділігін тоқтатпай, Парла­мент­ке келіп, фракция құрып, маңызды саяси тұлғаға айналуға толық мүмкіндігі бар.

Саяси сайыста үшінші орын алып таңдандырған биылғы сайлаудың ерекше­ліктерінің бірі – әйел баласының да жақсы жетістікке жетуі. «Ақ жол» партиясынан түскен Д.Еспаева сайлаушылардың жарты миллионға жуық дауысын алып, жалпы пайыздан 5,2 пайызды көрсетті. Өзімнің болжамымда Д.Еспаеваға жалпы үлестен үміт етер үлесін 3-4 пайыз шамасында белгілеген едім. Бұл да еліміздегі әйелдер қауымының белсенділігі мен қаржы саласындағы мамандар мен азаматтардың өздерінің алға қояр мақсаттары мен мәселелердің бар екендігін айғақтады.

Сайлауда мен күтпеген әрі жақсы нәтиже көрсеткен «Ауыл» партиясынан додаға түскен  Т.Рахымбековтің 3,2 пайыз­бен 300 мыңға жуық адамның даусын жинап, ел азаматтарының ауыл мәселесіне аса көңіл аударғандарын аңғартады. Өз болжамымда бұл кандидатқа 0,5-1 пайыз шамасында сайлаушылардың дауысын алуы мүмкін деген ой айтқан болатынмын. Бұл көрсеткіш бір жағынан, елдің ауыл шаруашылық секторына аса қажетті рефор­малар мен жаңа серпін беретін бағдарла­малардың одан әрі дамытылуын меңзейді.

Ал сайлаушылардың 2,07 пайызын, яғни 200 мыңға жуық дауысын жинаған ҚР Кәсіподақтар федерациясынан шыққан А.Таспиховқа берген болжамым сәйкес келді, яғни республикамыздағы кәсіподақ­тардың мүшелері қолдауына ие болды деп санаймын.

Ж.Ахметбековке келер болсам, оны ұсынып отырған Қазақстан Коммунистік Халық партиясының күші болғанымен, 2011 жылы өткен президенттік сайлауда ол өзінің әлеуетін көрсетті. Сол кездегі көрсет­кіштен жоғарыламаса, одан төмен алуы мүмкін емес деген пікір айтқан едім, ал оның осы сайлауда көрсеткен үлесі 1,82 пайыз және оның алдындағы додаға қара­ғанда пайыздық жағынан аз да болса ілгері­леу бар. Дегенмен, партия мен оның жақ­тастары тарапынан жүргізілетін жұмыс­тардың әлі де болса бар екендігін көрсетті.

Додада 0,92 пайыздық үлесті алған С.Түгел мырзаны да 100 мыңға жуық сай­лаушылары мен жақтастары бар екендігі­мен құттықтауға болады. Себебі, С.Түгелді бірқатар журналистер қауымы білгенмен, қарапайым халыққа белгісіз тұлға бол­ғандықтан, 0,5-1 пайыз шамасында алар деп болжаған едім. Дегенмен, бұл ешқан­дайда да жеңіліс емес, себебі батылдық танытып, халық алдына шығып, еліміздің ең жоғары лауазымына таласу кез-келгеннің қолынан келе бермейді.

Ал енді сайлау барысында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өткен наразы­лықтарға тоқталып өтсем, бұны біздің қоғамымызда ешбір жақсылыққа әкелмей­тін «бұзықтық» деп айтар едім. Яғни бұл әрекеттер қазіргі жүйе мен оның реформа­ларына қарсы жұмыс емес, бұл өзгерістерге жол ашпайды. Мұндай жолдарды менің өз басым қабылдамаймын да қолдамаймын. Мұндай наразылықтар болса, өркениетті даму ғасырындағы адамдар секілді адам­гер­шілік қасиеттерімізді сақтай отыра, мәде­ниетті түрде көрсетуіміз керек. Сайлауға бойкот жариялағандардың өз ниеттері де бар шығар, алайда, жоғарыда айтып өткендей, бір-бірімізге шашпа-төкпе сөздер айтып, кінәлар тағып, ар-намысқа тиетін сөздерді жаудырып, саяси мәдениет­тілікке жатпайтын жолдарды таңдасақ, бұдан еш нәтиже шықпайды. Шын мәнін­де, халықтың қамын жеген азамат болсаң, халық алдында өз ұстанымыңды түсінді­руге болар еді. Әрине, ол міндетті түрде мемлекеттік арналарда емес, қазіргі заман – байланыс құралдарының дамыған кезеңі, халыққа шығудың түрлі жолдары бар, соларды тиімді пайдаланып, мәдениетті әрі саналы түрде жұртшылыққа жеткізсең де, белгілі саяси процестер мен реформаларға тигізген кішкентай үлесің болар еді. Ә.Қоса­нов пен Д.Еспаеваның осы додада ойдағыдай көрсеткіштерге ие болуына да әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланға­нынан деп білемін.

Жалпы, қорыта келгенде, тұрақты­лық­қа бағытталған істерді қолдауымыз, дамы­туымыз керек. Біз саяси билікті жақтыр­мауымыз мүмкін, алайда мемлекеттің тұрақтылығын бұзуға ешкімнің құқы жоқ.

 

Есенжол АЛИЯРОВ,

саяси ғылымының докторы, профессор,

Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *