Мектеп бітіру кешін неге тойға айналдырып жібереміз?

Соңғы кездері мектеп бітіру кеші төңірегінде түрлі пікірлер айтылып жүр. Көбі сыни мағынада. Ең алдымен, орынсыз қаржы шашылып, мектеп бітіру кештерінің тойға айналып кетуі. Шынында Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан гөрі мектеп бітіру кешін қайда, қалай өткіземіз деген мәселе үлкен қоғамдық пікірге айналып кеткендей. Жуырда Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова осы мәселеге нүкте қойғандай болды.

«Ас та төк дастархан ешкімге керек емес. Соншама қымбат көйлек кигеніңіз де ешкімге керек емес. Бітіру кеші тек мектепте оқушылар мен мұғалімдердің бір-біріне жылы лебіз білдіруімен шектелуі керек. Мектептен қоштасу дегеніңіз сол» деген еді. Шындығында, бұрын солай болушы еді ғой. Тек соңғы жылдары ғана осындай бір бәсекені өзіміз ойлап тауып алдық. Сонымен, мектеппен қоштасу деген ұлан-асыр той жасаумен ерекшеленуі керек пе, әлде салтанатты жағдайда мектеп бітіргені туралы аттестатты табыс етіп, көңілді бағдарламамен тараған дұрыс па?

Жалпы, министрдің айтып отырған мектеппен қоштасудың бұрынғы кезден қалыптасқан дәстүрі де құлаққа енеді. Дегенмен, ата-аналар бұл пікірмен келісе қояр ма екен? Мектеппен қоштасқаннан соң ерік өзімізде дегенге саятын да сияқты. Қысқасы, мектеп бітіру кеші заңдық тұрғыда бір жүйеге түспегендіктен, бұл мәселе жылда қайталана беретін болады.

 

 

Раушан ЕСЕНТАЙҚЫЗЫ, ата-ана:

– Кезінде біз де мектеп бітірдік. Спорт залда мектеп директоры аты­мызды атап, құжатымызды тапсырды. Үлкен өмірге басқан қадамымыздың сәтті болуына тілектестігін білдірді. Біз де қимастықпен көзімізге жас алдық. Бір-бірімізді құшақтап тұрып, «Аттан­дық сапарға, көңілде мол арман, аттан­дық сапарға тосады жол алдан» деп ән шырқадық. Қазір қарап отырсам, бұл ән мектеп бітірушілердің емес, студент­тердің қоштасу әні екен ғой. Содан кейін әркім өз үйіне тарады. Жаз бойы тамыздың келуін күтіп, Алматыға баруға асықтық.

Бізді ешкім оқуға дайындаған жоқ. Қосымша деген атымен болмайтын. Бар ойымыз жақсы оқып, студент атану еді. Таңды қарсы алу деген де болған емес. Ата-аналарымыз бізді үйден ұзатпай­тын. Оған бола ренжімейтінбіз де. Солай болу керек сияқты көрінетін. Қазір мектеп бітіру кеші десе, маған сол кездер елестейді. Санамда сол жылдар жаңғырады. Содан бері қаншама жыл өтті. Өзіміз де ата-ана болдық. Үлкен ұлым мектеп бітіргенде, қатты қуандық. Ол кезде мектепте атап өттік. Ұлым: «мама, сіз қайта беріңіз, өзім бала­лар­мен бірге қайтамын ғой» дейді. «Жоқ, бірге келдік, бірге қайтамыз» дедім.

Сол күні таң атқанша мектепте кірпік қақпай отырдық. Дастарханымыз да молынан болды. Балалар да көңілді, біз де бір-бірімізбен танысып, жақсы отырдық. Кеш тарқар тұста бүкіл бала «таңды қарсы аламыз» деп сыртқа беттеді. Біз де қосыла шықтық. Рауандап атып келе жатқан таңды бірінші рет көруім екен. Осылайша керемет кеші­мізді аппақ ақ таңмен аяқтап, үй-үйі­мізге тарадық. Тәртіп бұзушылық бол­ған жоқ. Бәрі өз орнымен өтті. Ал араға біраз жыл салып, екінші ұлым мектеп бітіргенде, алғашқы мерекенің бірі де болмады. Өзімнің тәжірибем бар екендігін білдіріп, жөн айтпақ болғаным бекер болып шықты. «Мектепте қазір ешкім дастархан жаймайды. Оны кім жинайды. Балалар да, өзіміз де дема­луымыз керек», – деп жас ата-аналар мейрамханаға жасайтынымызды жет­кізді. Қысқасы, барлық іс-шараның жоспарын өздері жасады. Менің «өткен ғасырдағы» мектеп бітіру кешім ешкімді қызықтырған да жоқ.

 

Гүлнәр ТАҒЫБАЙ, психолог:

– Менің немерем былтыр 11-сынып бітірді. Қаламыздағы мықты мектеп­тердің бірінде оқыды. Сабағы да, тәрбиесі де өте жақсы болды. Сон­дық­тан «мектеп бітіріп, бізді қуантып жат­қанда, неге аянып қалуымыз керек» деп біз де атасы екеуміз қаржыдан еш аянып қалмадық. Қыз балалардың көйлегі көбіне қымбат болады ғой. Екі түрлі көйлек алдық. Кешкі балдық көйлекті қаланың сәнді орындарын ара­лағанда киді. Мейрамханадағы салта­натты кешке екінші көйлегімен жүрді.

Ресми бөлімнен кейін жастар би биледі, ойын ойнады. Сол кезде басқа жеңіл киімін ауыстырып киді. Көктө­беге бардық. Таңды қарсы алдық. Мұнда тұрған еш оғаш нәрсе жоқ сияқты. Айтпақшы, мейрамханадағы кеш анау-мынау тойдан әрман болды. Дастарханда не жоқ. Үстел үсті қайысып тұрды. Қасық қоятын жер болмады. Байдың баласының тойы дерсің. Жұлдыздар­дың бәрі келіп ән салды. Цирк әртіс­терінің өнері өз алдына. Әзілкештер де осы тойда жүрді.

Сұраусыз дүние суша ақты. Әлгі мол дастархан сол қалпы қалды. Әрбір отбасынан кем дегенде, үш адам келді. Әрқайсысы 100-150 мың теңге төледі. Бұл, әрине, ысырап, бекершілік. Ата-аналардың бәрінің жағдайы бірдей емес. Араларында айлығы шайлығына жетпей отырғандары да бар. Сондықтан асыра сілтемеу керек дегім келеді. Әрбір шығынның өз сұрауы болады.

 

Марат МӘДИҰЛЫ, дәрігер:

– Меніңше, ең алдымен, балалардың қалауы білуі керек. Қазіргі балалардың өз таным-дүниесі бар, талғамдары бас­қаша. Біз сырттай жобалап шешке­німізбен, олар көне қояр ма екен? Менің отбасымда 4 балам бар. Әрқай­сысының мінезі де, түсініктері де әр түрлі. Жаңаша ойлайды, көзқарастары мүлдем бөлек. Міне, енді осындай бала­ларға өз ойыңызды айта қалсаңыз, «қазір жаңа ғасыр, елден ұят» немесе «ылғи ақша жоқ дейсіздер» деп ренжіп шыға келеді. Сосын қазіргі балалардың жүйкесі жұқа ма бірдеңе ғой. Бірдеңеге арандап қалмасын деп айтқанындарына көне береміз.

Сәтін салса, қазірден бастап дайын­дыққа кірісіп кеткен сыңайлы. Көп жағдайда балалар аналарымен ақылда­сады. Мектеп бітіру кешін атап өтеміз деген де сыбыс бар. Бірақ аттестат алған соң ата-аналардың қатысуымен ғана. Бір отбасынан екі-үш адамнан барады. Кей оқушылардың ата-әжелері де бірге тойлауға ықыласты екен.

 

Фариза ҚАСЫМБЕКОВА, Бектемірдің анасы:

– Иә, қазіргі уақыттың талғамына ілесу оңай емес. Мен өзім жалғызбасты анамын. Жолдасым көлік апатынан көз жұмып, тағдыр тауқыметін өзім тартып келемін. Биыл ұлым мектеп бітіретін болған соң, аянып қалмай жатқан жәйім бар. Тірнектеп жиған аз-кем тиын-тебенді түрлі қосымша сабақтарға төле­дік. Алдағы ҰБТ-да әйтеуір бір көмегі болар деп қосымша дайындайтын орта­лық­тарға жазылған едік. Ондағы баға­ның өзі шарықтап тұр. Арнайы кітап­тарын, қосымшаға қажетті  әдістеме­лерін алдық. Бәрі ақша тұрады. Сон­дықтан егер мек­теппен қоштасу кешін, түлектер тойын жасаймыз деп жатса, оған қатысуға менің мүмкіндігім жоқ. Ал баламды жеке жібере алмаймын. Өйткені, ержетуге асығып тұрған қызба бозбалалар ара­сында болып жатқан түрлі оқиғаларды оқып та, көріп те жатырмыз.

 

Анаргүл СӘТИЕВА, мұғалім:

– Жыл сайын осы мәселенің күн тәртібінде тұратыны рас. Бірақ бұған мектептің еш қатысы жоқ. Әрбір мектеп түлектің қолына құжатын беріп, ата-анасына баласын тапсырады. Міне, осы сәттен кейін ата-аналар мен балала­рының бастамасымен түрлі ойын-сауық кештерінің өткенін естіп жатамыз. Мектепті бітіріп болған соң олар оқу­шы емес. Бозбала мен бойжеткен. Ерте­ңіне асыққан жас түлек. Сондықтан бұл арадағы басы ашық мәселе – ата-ана­ларға байланысты. Мейрамханада өтетін түрлі салтанатты кештердің соңы дау-жанжалға ұласып жататын да кездер болды. Сонда балалардың қауіпсіздігіне кім жауап береді? Осыдан екі-үш жыл бұрын түлектердің қатысуымен жол көлік оқиғасы орын алды. Абырой бол­ғанда, адам шығыны болмады. Жалын­дап тұрған жастардың кейде сөзге тоқ­тамай кететіндері де бар. «Оқушы мек­тепті бітіріп кетті ғой» дегенмен, бала­лар оқуға түсіп, студент атанып кет­кенше мектеп ұжымына да оңай емес.

 

Қатира ЖЕКСЕНБАЕВА, 11-сыныптың ата-анасы:

– Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинованың айтқан ұсынысын қызу қолдаймыз. Биылғы жылы менің қызым мектеп бітіргелі отырғанда бұл да бізге үлкен көмек болып отыр. Мек­теп директоры барлық ата-аналармен кездесу өткізіп, тіпті тойламаймыз деген қол да қойғызып алды. Жыл бойы қызым қосымшаға қатысты. Әрбір сынақ болатын пәннің мұғалімдері тегін дайындады. Ешқандай орталық іздеп, артық ақша шығарған жоқпыз. Әзірге ҰБТ алдындағы сынақ емтихандарының барлығынан қызым жақсы көрсеткіш көрсетіп жатыр. 11 жыл оқыған мек­тепке ұстаздарға деген алғысымызды білдірсек деп жатырмыз. Естелікке үлкен гүл ме, әлде мектепке қажетті бір бұйым әперсек пе дейміз. Оны енді ата-аналар кеңесіп шешеміз.

 

Кенжегүл АСҚАРҚЫЗЫ, ата-ана:

– Меніңше, мектеп бітіру кешіне аса көп ақша кетпейтін сияқты. Қызыма көйлек тіктіргелі отырмыз. Матасын әлі таңдамадық. Туысымыз сыйлық ретінде тегін тігіп беретін болды. Ал қызымның шашын бұйралату үшін 6 мың теңге кетеді екен. Енді аяқ киім аламыз. Со­сын күндізгі макияжға 3 мың, кешкі ма­кияжға 6 мың төлеуіміз керек. Барлық кететін шығынның есебі осы. Сондық­тан көп шығын кетеді дегенге мен де таңқалып отырмын. Мектептегі салта­натты кештен соң мейрамханаға бара­тын болдық. Бір адамға 14 мың теңгеден. Біз үшеумізге 42 мың теңгені өткізіп те қойдық.

 

Руфинат БЕКДАЙЫРҚЫЗЫ, Жетісу ауданы, №108 мектеп директоры:

– Біздің мектептің түлектері был­тырдан бастап бітіру кештерін мейрам­ханаларда атап өтуден бас тартқан еді. Есесіне сол жиналған қаражатты қала­мыздағы онкологиялық ауруханада емде­ліп жатқан балалардың қажеттілі­гіне жұмсаған едік. Сол үрдіс биыл да жал­ғасын тауып, биылғы мектеп бітір­гелі отырған 26 түлек жиналған қара­жатқа ауданымызда тұратын 6 баланың анасы Райхан Серікбаеваның отбасына түрлі-түсті үлкен теледидар алып бердік.

Қазір қоғамда түрлі жағдайды кешіп отырған әр санаттағы отбасылар бар. Қан­дай жағдайда болса да көзбен көрмей, жүрекпен сезбейсіз ғой. Міне, мектеп бітіруші түлектер артық шығын жасамай, одан да бір отбасына қуаныш сыйлайық деп осындай шешімге келіп отыр. Біздің Жетісу ауданындағы 16 мек­тептің бітіруші түлектері осы бас­таманы өздерінің қолдайтын­дықтарын білдірді.

Сауалнаманы жүргізген –

Рая ЕСКЕНДІР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *