МАҚСАТЫМЫЗ АЙҚЫН, ЖОЛЫМЫЗ АШЫҚ

Жаңа сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті

Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты іс-ша­раға Тұңғыш Президент – Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев қа­тысты. Жаңа сайланған Мемле­кет басшысын ұлықтау рәсімін Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми бастады. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне Конституцияның 42-бабына сәйкес Қазақстан халқына Ант бергеннен кейін кірісетінін хабарлады.

Ант беру рәсімі Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ, басқа да мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен салтанатты жағдайда өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Конституцияға қолын қойып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, жүктелген мәртебелі міндетті адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!», – деп Қазақстан халқына Ант берді. «Қазақстан азаматының әрқайсының құқықтарын қорғауға, елімізді қауіпсіздікпен қамтамасыз етіп, бірлікке шақыруға ант беремін. Әрқашан және әр жерде қазақстандықтардың мүддесін қорғаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Содан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалып, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Мемлекет басшысына Президент куәлігін табыстады.

Жаңа сайланған Қазақстан Респуб­­ли­касының Президенті осы сәттен бастап Президент қызметіне ресми кіріскен болып саналады. Ант беру рәсімінен кейін Тәуелсіздік сарайы алдындағы алаң­да Қазақстан­ның Қарулы Күште­рінің салтанатты шарасы өтті. Прези­дентті ұлықтау рәсіміне орай Қазақ елі алаңында зеңбірек атылды.

– Маған қолдау көрсеткен қазақ­стандықтарға алғысымды білдіремін. Сайлау барлық саяси күш қатысқан әділ дода болды, демократиялы түрде әділ өтті. Бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі. Біз бір ел болып, халық болып Қазақ­станның даму жолын бірге айқындадық. 9 маусымда Қа­зақстанның жарқын бола­шағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі маңызды. Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің парызым. Ашық және әділ жұмыс істеймін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Халқымыздың болашағы үшін бәрі­міз бірге еңбек етеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Прези­дентін ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде. Ол биліктің халық алдын­дағы жауапкершілігін арттыру қажет­тігіне тоқталды. Халықты лайықты жалақымен қамту, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жастарға бағыттау қажеттігін және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жайлы, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығай­та­тынын айтты. Мемлекеттік бюд­жет­тің қаражатын жаңа жұмыс орын­да­рын ашуға бөлу қажет екенін мәлім­­деді. Ол қазақстандықтарға үнемі есеп беруге, тек уәде бермей, оны іс жүзінде жүзеге асыруға уәде берді.

Жалпы, салтанатты шарада Қа­сым-Жомарт Тоқаев қоғамды алаң­датып отыр­­ған негізгі өзекті мәселелерді тар­қатты. «Сайлау алды үгіт-насихат жұмы­сы барысында еліміздің түкпір-түкпі­рінде болдым. Қазақстанның барлық аймақтарынан түрлі ұсыныс­тар жиналды. Белсен­ділік танытқан барша азаматқа алғыс білдіремін. 5000-нан көп ұсыныс түсті. Нақты айтатын болсақ, азаматтар әділдікті қалайды. Халықты толған­дырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы. Теңгенің деваль­вациясы халықты алаңдатады. Халық­аралық қаржы нарық­тарының тұрақсыздығы, теңгенің деваль­вациясы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азама­ты­мыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтар­дың арасындағы алшақ­тық – қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине, мұндай құбы­лыс­тар бүкіл әлемде бар. Дегенмен, тоқ­мейіл­сіп отыра беруге болмайды. Сондықтан дәл осы өткір әлеу­меттік, экономикалық және саяси мәсе­лені шешу, ортақ мерзімді кешенді шара­лар қабылдау қажет», – деген Мем­лекет басшысы алғашқы кезекте қолға алынуы тиіс бағдарлардың атын атап, түсін түстеп, оларды шешу қажеттілігін қадап айтты. ОЛАР:

  • «Тұрғындардың өмір сапасын жақ­сарту, жол мәселесін, ауызсу мәсе­лесін реттеу. Әрбір үйде ауызсу болуы керек».

 «Сыбайлас жемқорлықпен күрес. Жемқорлық мемлекеттің дамуын тежей­тін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіп­сіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы жұмысты жалғасты­рамыз. Тұрақты және қарқынды эконо­микалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен өсім бізге не үшін қажет? Терең түсінуіміз қажет. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін экономи­калық өсім болуы тиіс. Бірінші қыр­күйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмен­детуге бағытталған реформалар топта­масы дайындалады. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз».

  • «Шешілуі маңызды басты мәселе­лердің бірі – тұрғын үйді қолже­тімді ету. Түрлі санаттағы азаматтардың қолже­тімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын. Біздің алды­мызда бірыңғай тұрғын үй саяса­тын жасақ­тау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабыл­дайды».

 «Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Сот жүйесіне өзгеріс енгізу. Халық сот жүйесіне сенуі керек. Сот заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғарғы кәсіби және адамгершілік талап­тарына сай болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді баға­лау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу».

 «Әділетті әлеуметтік саясат. Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғасты­рамыз. Бұл бағытта ең алды­мен не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау, барлық тұрғынға сапалы меди­­циналық қызмет көрсету. Бұл мәселе­лер бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар. Мұғалімдер мен дәрі­гер­лер­дің мәртебесін көтере­тін заң қабылдаймыз».

 «Халық болашағы жастардың қолын­да. Сондықтан жастарымызға көп мән берілуі керек. Президенттің кадрлар резерві құрылады. «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағыт-бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс, мұның барлығы біздің халқы­мыздың бойын­дағы асыл қасиеттер. Бұл қасиет­тер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаз­дығын нығайтады. Бәсеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды бола­шаққа бастайтын жастар. Сондық­тан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет».

 «Қазақстанда Қоғамдық сенім ұлт­тық кеңесі құрылады. Кеңестің алғашқы отырысы тамызда өтеді».

  • «Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Елі­мізге бірыңғай экологиялық саясат қажет».

 «Өңірлерді дамытудың жаңа бағыт­тары. Қуатты аймақтар – қуатты Қа­зақстан. Азаматтары­мызды толғандыр­ған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қорда­ланған мәселелерді шешуде халық белсене араласатын болады».

 «Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту. Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі бұл стратегиялық маңызы бар дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет».

 «АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *