МАҒАН АДАЛ ДОС КЕРЕК!

304Жанарбек ӘШІМЖАН

1976 жылы 1 сәуірде Алматы облысы Райымбек ауданы (бұрынғы Кеген ауданы) Жалаңаш ауылында туған.

1995 — 1999 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алды.

«Алматы ақшамы», «Қазақстан» журналы, «Жас Алаш», «Жас қазақ» газеттерінде жұмыс істеген. 2008 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз», «Простор», «Сын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін біріктірген «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры болып қызмет етеді.  2009 жылы ҚР Үкіметінің арнайы жарлығымен мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанды.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» және «Тәуелсіздікке — 20 жыл» медалімен, сондай-ақ, «Қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Өлеңдері мен эсселері республикалық басылымдарда жарық көрген. Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы «Жас қаламгерлер» кеңесінің төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқарады.

2012 жылғы Қаламгерлер құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды.

Қырқында қамал алған әріптесіміздің өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

АНА

Аяздарда жабырқап, жасымаған,

Аптаптардан ап өткен көшін аман,

Тар кезеңде тағдырдан шошымаған.

Бар кезеңде арнадан тасымаған.

Шаңырағын басына тік көтеріп,

Суарылған семсердей сертке берік,

Аяңдай басып келеді, асыл АНАМ!

Асыл анам, жайнаған жасыл бағым,

Қасарысқан тағдырға бас ұрмадың,

Орта жолда опат боп асыл жарың,

Бізге мәлім қамығып, ашынғаның,

Он баланың жалауын тіктеймін деп,

Ошағыңның жылуын қашырмадың.

 

Шыр айналған шиеттей бала-шаға,

Ұрындырмай қаңтар мен қарашаға,

Мойын бұрмай думанға, тамашаға,

Формуласын шешті анам тағдырының,

Ауық-ауық жылап ап оңашада.

Намысымды таптатпай жат біреуге,

Өміріміз бұл күнде сап түзеуде.

Аналарға дейтұғын ұлы сезім,

Сағат сайын кеудемді тепкілеуде.

 

Жол

Есей ЖЕҢІСҰЛЫНА

Бақи менен фәни жалған арасы,

Жанарымнан ағып тұр ма, қарашы?

Жан сырымды саған айтқым келеді,

Көлбастаудың көл тауысар баласы.

 

Жалаңаштан неге кеттік екенбіз?

Алматыға неге біздер бөтенбіз?

Құлындарын шығарып сап тұрғанда ел,

Бетті сипап жүріп кеттік екеуміз.

 

Әкеміздің басқан жері тақ білем,

Басымыздан неше айналды бақ күрең.

Екеумізді жолға салып жіберді,

Қара шалды орап кеткен ақ кілем.

 

Қарайлаймыз өткенге де, кеткенге,

Не жетеді әке иісін өпкенге?

Жеті жаста жігіт болдық екеуміз,

Әкемізді беткейге алып кеткенде.

 

Сапар шектік бейбағыттау түзге енді,

Қалдырып сән бал-балалық іздерді.

Алматыға лақтырып кеп жіберді,

Жүргізуші әкесі жоқ біздерді.

 

Көктем еді, қапелімде күз келді,

Жан анамыз Жалаңаштан жүз келді.

Тағамызды қағып берді тал түсте,

«АНА» дейтін үш-ақ әріп біздердің.

 

Шалымыз жоқ, жоқ және де таяғы,

Бұл сапардың қалай болады аяғы?

Екеумізге жалғыз ғана медетші,

Паспорттағы жалғыз сурет баяғы.

 

Туған өлке қалды сонау қыратта.

Сүріндік те, алдық неше құлап та.

«Әкесіз» деп мүсіркеді неше адам,

«Жетесіз» деп айтқызбадық бірақ та.

 

Жалған тағдыр жаралады жанымды,

Қайқы өмір сіміреді қанымды.

Жылап-сықтап барамыз біз дөң жаққа,

Ал құлпытас жаза ала ма тәнімді.

 

Жүрегімді өртеп жатыр мұң-күйік,

Сол күйіктен жүрем кейде сыр түйіп.

Әкесі жоқ адамдардың тағдыры,

Әкесі бар адамдардан тым биік.

 

Жалаңаш

Ықтасынын қоршап жатқан тал, ағаш,

Қырқасының қызығы бір тарамас.

«Кесіріңнен сақтай гөр» деп Жаратқан,

Бесігімнен шешіп алған, Жалаңаш!

 

Сәби шақта жалау болған құт-мекен,

Топырағың әруақты екен, құтты екен.

Қалбалақтап қай қиырда жүрсем де,

Таңдайымда дәмің қалған сүт-мекен!

 

Көмейіме бүлкілдетіп ән берген,

Келген жанға кілкілдетіп дәм берген.

Жағың семіп қалмасын деп тіл берген,

Жолаушысын төрге оздырып, хан көрген.

 

Аруына мүсін берген, сән берген,

Баласына бармақпенен бал берген.

Шақалаққа бесік етіп талды өрген,

Азаматқа мыңды айдатып, мал берген.

 

Көк аттыны басынбаған Жалаңаш,

Басынан сөз асырмаған Жалаңаш.

Жылқайдаров Мұқатайдай мұңданып,

Аралдайын ашылмаған Жалаңаш.

 

Тартсаң дағы тағдырдың сан ауырын,

Тәкаппар ғып өсірдің сен тау ұлын.

Мына сені сүйер мендей жан бар ма,

Жалаңашым – бірге туған бауырым

 

Самғағын деп қанат бердің, ат бердің,

Сағат сайын аламанға сап келдің.

Көмбеңді мен сан шаң қылдым,

Көңілін,

Табу үшін Жалаңаштай бапкердің!

 

Жалау алсам батыр болдым, бас болдым,

Қажет кезде үйілген бір тас болдым.

Қасқа туған қасқасулық досыма,

Ауылымды айта-айта мас болдым.

 

Тезге түскен кезін көріп текті ұлдың,

Таспен емес, достарменен шеп құрдым.

Қазығұрттың төбесіне шыққанда,

Жалаңашым көріне ме деп тұрдым.

 

Топырағын сатқандардан безіндім,

Атырабым, өзіңді ойлап көз ілдім.

О, туған ел, сені сүю арқылы,

Бар қазақтың қасиетін сезіндім.

 

Айтпа маған бүгінгі ауыл дерегін,

Естіледі бөлек дауыс, бөлек үн.

…Жұдырықтай жүрегімді қолға алып,

Жұмыр жерден жұртымды іздеп келемін.

 

Қылбұрау

(Қайыршы үндістің монологы)

«1996 жылы АҚШ-та Қаһарлы Қызыл Бұлт есімді кісі қайтыс болды. Ол — жергілікті үндістердің сиу тайпасының соңғы өкілі екен. Көз жұмар алдында байғұс Смитсон университетінің өнертанушыларына өз тілінің ерекшеліктерін, ғұрыптық әндерін жаздырып кетіпті».

Сәкен Сыбанбайдың мақаласынан.

 

Ұқсап бір кетті-ау «Ағажайыма»,

Зарлы әнің зарпы жазған-ау!

Амстердамның әуежайына,

Қай жақтан келдің, қарғам-ау!

 

Сарқыншағы  ма ең сұрапылдардың,

Қылыштай бейне қияғы.

Қапыда сені жылатып алдым,

Тарихтың соңғы тұяғы.

 

Қайыршы үндістің қарлыққан даусы,

Құлақ түбімде тұр әлі.

Кәрі құрлықта қаңғырған басын,

Тоқпақтап сонда жылады:

 

«Даланың тарлан тағысы едім ғой,

Тайпамның аты – ұраным!

Өркениетім – тау іші еді ғой,

Жақпар тас, лашық – тұрағым.

 

Шірене тартқан адырнам қайда,

Жебесі желмен жарысқан.

Қауырсын таққан қабырғам қайда,

Жайратқан жауын алысқан!

 

Мұңсыз жанарын мұхит тербеткен,

Қыздарым қайда қылықты?

Арғымақтардың жалын терлеткен,

Ұлдарым қайда құрықты?

 

Қайысқан қалың қолдарым қайда?

Жаужүрек бата алмайтұғын.

Жондарға түскен жолдарым қайда?

Ешқайда апармайтұғын.

 

Аспаным шайдай ашық еді ғой,

Иесі күннің мен едім.

Найзаға ілінгені – асым еді ғой,

Еркін бір соққан жел едім.

 

Отырушы едім сыйдырып көзге,

Ғаламның шетін, шегін де.

Ел болғаны ма бізден де өзге,

Осынау жердің бетінде!

 

Бау-бағы абат, өзені мөлдір,

Тауымды неге шақтыңдар?

Қай жақтан келді келмеске кеткір,

Қайығы суға батқырлар!

 

Алтын һәм күміс тиындарыңды,

Танымаушы едік тегінде.

Шарап ұсынған бұйымдарыңның,

Түбінде кеткен кегім бе?..

 

Миссисипидің арнасындағы,

Сұрапыл едім тулаған!

Қылқанды орманның қалқасындағы,

Қаңқа болдым ба қураған?..

 

Қабіріме менің қала салдыңдар,

Тілімді турап тастадың.

Діліме өшпес жара салдыңдар,

Тарихтан кеттім қас-қағым.

 

Еуропада жаңғырып қалсын,

Қауашағыма сыйған сөз.

Ұрпағың мәңгі қаңғырып қалсын,

Атаңа нәлет жиһангез!»

 

Санамда сонау ғапыл ғасырдың,

Сұңқыл қағады байғызы.

Ұйқымды менің неге қашырдың,

Қайыршы үндістің қайғысы.

 

Көмілген қоса бейітіңе кегің.

Қызылтәнділер қырдағы,

Түскім келмейді кейпіңе сенің,

Ункастың сорлы ұрпағы!

 

Шекарамды жауға шендестірмеймін,

Түскенше жерге келте иек,

Даламды саған теңдестірмеймін.

Молада тұрған өркениет!

 

Байтақ далам-ай, далиып жатқан,

Кірмеге толы құшағы.

…Қабағына сол қан ұйып қалған,

Үндістен зәрем ұшады…

 

***

Адалдығы – пәк сәбидей, баладай,

дархандығы – далиған кең даладай,

ақ көңілі – анам жайған өредей,

тектілігі – төрде отырған төредей,

бағбандығы – бал жинаған арадай,

маған адал дос керек!

 

Күн туғанда ту түбінен ту алар,

арғымағын жер шетінен суарар,

Арал болсаң – ары бірге қуарар,

тек жеңістен тұрмайды ғой бұл жорық,

сәтсіздікте сабырына жұбанар,

маған асқан бауыр керек!

 

Адырнасын ту сыртымнан атпайтын,

алдаспанын тек жорыққа сақтайтын,

есерлігін ерлігімен ақтайтын,

шибөріше ши түбінде жатпайтын,

жекпе-жектің кіргізетін шырайын,

қан майданда қас жауын да сатпайтын,

маған текті жау керек!

 

Жасын ұрса жар таба алмай тығылар,

жүргендердің көздерінің сұғы бар,

уысымда жүргендердің уы бар,

туған елдің тұмасының суы – бал,

жарым көңіл жалшының да бақыты –

босағадан еркін еніп жығылар,

таңбасы бар, картасы бар, Туы бар,

маған бүтін Отан керек!

 

Кешіріңдер…

О, арулар, мен сендерге асыққам,

Тағдыр келіп ін қазғанда іргеден,

Сұлулардың жанын сонда қажытқам,

Тағдыр жайлы жырлар оқып мінбеден.

 

Екі иіннен дем ала алмай тұрдым мен,

Сұм жалғанды суреттеуге тіл жетпей.

Сүйретіліп келді қанша құр сүлдем,

Босағаңа басты сүйеп бірбеткей.

 

Ана жайлы, ару жайлы жыр жазбай,

Аламаннан аты озған ба ақынның?

Білте шамның жарығымен сыр қозғай,

Көкжиектен талай таңды атырдым.

 

Сонда мені құтқарған сол сұлулар,

Сұлулардың жанарында жылу бар.

Мәті дәурен, сәл аялдап тұрыңдар,

Аруларға ақтармаған сырым бар.

 

Сәтті өлеңге қайырма боп құралсам,

Тәтті әуеннің ырғағында барсыңдар.

Анам менен жарыма арнап гүл алсам,

Қауыз жарған сендерсіңдер, Аршындар!

 

«Мен өмірге ғашықпын» деу – жалғандық,

Сұлуларға ғашық болу – дұрысы.

Өмір, саған, біз қаншама алдандық,

…Қызды алдаған арамзалар құрысын.

 

Пандур, шонгур, сырнай, шаған, сыбызғы,

Сан аруға сызылтып ән баптадым.

Қымсынып қап ұсынатын қымызды,

Өз ұлтымның аруларын мақтадым.

 

Шығарайық аруларды төрге еппен,

Теңеу таппай теңселейік жер-көктен:

Есіктегі кебінге кеп енгенше,

Бесіктегі босап шығып жөргектен.

 

***

 

Балалықтың артта қалып өткелі,

Торайғырдың топ шеңгелі, бөктері.

Ұзатып сап қалған еді, беу достар,

Есіңде ме, 93-тің көктемі!

 

Әлсіз ғана сермеп қойып құлашты,

Құрдастарым белден асты, қыр асты.

Жалаңаштан алып шыққан соқпақ жол,

«Өмір» атты ұлы даңғылға ұласты.

 

Ер жігіттер ай мүсінді қыздарын,

Жүруші еді көрші ауылдан қызғанып…

Әп-әдемі, ақ бантикті арудың,

Әр қиырдан бұйыртыпты тұз-дәмін.

 

Ер жігіттер бірге құрған жоспарды,

Бағындырды сан белесті, асқарды.

Қолтығында бір бәйбіше бұл күні,

Жортуылға бірге шыққан достардың.

 

Бүп-бүтін боп кеттік солай ауылдан,

Аман өттік десек те сан дауылдан.

Өкіндіріп кеткен кездер болды рас,

Көз жазып қап бірге өскен бауырдан.

 

Замандастар, асыл достар, сырластар,

Жиырма жыл өзінше өткен бір дастан.

Өткен күнге «қанағат» деп қанеки,

Туған жерге ту тігейік, құрдастар!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close