Мұсылман – мұсылманның айнасы

Әсел ДАҒЖАН

 

Оразаның үшінші күні!

Құдды бір ерекше «режимге» кіріп кеткендейміз.

Уақыттағы берекені айтсаңызшы.

Бекерде алды-артына қарамай зымырайтын уақыт «тәртіпті ме», әлде ораза бізді тәртіпке салып қойды ма, әйтеуір жоспарлаған ісіңнің бәріне үлгересің. Уақытты басқару, тайм-менеджмент туралы жазылған том-том кітаптарды оқығанша, әдетте тұсау салдырмайтын уақытты оразамен құрықтау керек сияқты ма деген ойлар келіп жүр.

«Екі нығмет бар, адамдардың көпшілігі бұл екеуінің қадір-қасиетін білмей, опық жеп қор болады. Біріншісі – денсаулық, ал екіншісі – бос уақыт»  деген хадисті білеміз. Бірақ байыбына бара бермейтін сияқтымыз. Оразаның өткен үш күніне есеп берсек, әдетте көпшілігіміз тамақ ішуге, бос әңгіме айтуға, өзгелерді ғайбаттап, ғаламторды мақсатсыз қарауға, ватсаппен смс жіберу, теледидар қарау, өзгелердің өмірін бақылау деген сияқты мағынасыз тірліктерге ысырап ететін сияқтымыз да, өзімізге, жан-дүниемізге үңілуге уақыт жетпей қалады. Бірақ «судың да сұрауы бар» дегендей, ертең бұл істердің жауабын қалай береміз? Қазақылап айтқанда, ақыреттегі емтиханды қалай тапсырамыз? Басқа күндері ойламасақ та, Рамазан айында бір рет ақырет жайлы, өз өмірімізді қалай сүріп жатырмыз дегенді ойлауға болатын шығар. Абайдың өзі «есті адамдардың қатарында болғың келсе, кем дегенде жылына бір рет өз-өзіңе есеп бер» деді. Сондықтан ораза бізге, он екі мүшесі сау әрбір мұсылманға берілген мүмкіндік. Оразаны пайдаланып ақыретке инвестиция құйып алмасақ, ертең емтихан тапсырған оқушының тым болмаса шпаргалкамен кіретініндей де мүмкіндігі болмай қалса, қайтеміз?! Егер осы айда қолымыздан келгенше өзге адамдарға пайдамызды тигізіп, жүз теңге болса да, құрма, не бір бөлке нанмен болса да садақа берсек, олардың сауабы еселеніп жазылып, дұға-тілегіміздің қабыл болуына себепші екен. Жағдайыңыз келмей жатса, өз-өзіңізді жаман әдеттен тыйып, әдеттегі күндерде уақытыңызды қалай өткізетіндігіңізге өз-өзіңізге есеп беріп, кешегі күніңізден бүгін жақсы болуға әрекет етсеңіз де, сауапты іс жасаған болар едіңіз. Өйткені, сіз жақсы жаққа өзгере бастасаңыз, айналаңыздағы адамдар да сізге қарап бой түзейді. Сондықтан «мұсылман – мұсылманның айнасы» деп бекер айтылмаса керек.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *