Мұстай КӘРІМ: ҚАЗАҚ, БАШҚҰРТ ТАРИХ АТТЫ АНАНЫҢ КӨЗДЕН ТАМҒАН ЕКІ ЖАСЫ СЕКІЛДІ

Жыр тағдырын ел тағдырына байланыстырған абыз ақын есімі ұлықталды

Балнұр АХМЕТ

 Достық үйінде башқұрт ақыны, жазушы, драматург Мұстай Кәрімнің мерейлі мерейтойына арналған «Мұстай Кәрім – 100 жыл» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақстандық және ресейлік әдебиеттанушылар мен тарихшылардың қатысуымен өткен іс-шара барысында көрнекті тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Башқұртстан Республикасынан келген бір топ делегат жиынның құрметті қонағы болды.

Халықаралық жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет жүргізді.

 

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше  және өкілетті елшісі

ТҰЛҒАНЫҢ  МЕРЕЙІ КҮЛЛІ ТҮРКІНІҢ АСПАНЫНДА ЖАСАЙ БЕРМЕК

Мұстай Кәрімнің Алаш руханиятындағы орны айтпаса да түсінікті. Бұл ретте Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың: «Мұстай Кәрім тек өз Ота­нында ғана емес, бүкіл түркі әлемінде ерекше сүйіс­­пеншілікке ие ақын» деген қанатты сөзі оның биік тұлғалық мәртебесі мен мәдени тұғы­рын көрсетеді. Сондықтан тұлғаның мерейлі мерейтойы Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан Республикасы Мә­дениет және спорт министрлігінің ұйытқы бо­луымен лайықты деңгейде аталып өтіп жатыр.

Өмірін күллі түркі халқына ортақ әдебиет пен мәдениетке арнап, ел мен елді жақындас­тырған тұлғаға Алматы қаласынан бір көшенің атауы беріліп, құрмет көрсетіліп жатыр. Осындай игі істердің көзін тауып, көзделген мақсат­тардың үдесінен шығып жүрген барша азаматтарға алғысым мол. Біле білгенге бұл бір ердің айналасындағы шаруа ғана емес, тұтас елге қатысты рухани бірлі­гіміз бен әдеби тірлігімізді танытатын тағы­лымды шаруа. Ақынның өмірдегі досы, әдебиеттегі жан серігі Әбу Сәрсенбаев: «Ол әрқашан да жыр тағдырын ел тағдырына байланыстыратын еді. Кемелденген сайын бұл көзқарас та айқындала түсті. Жырдың өмірбаяны елдің өмірбаянымен қабысқанда ғана ұлы көшке айналатындығын дәлелдеді» деген. Сондықтан Мұстай Кәрімнің мерейі бір ғана башқұрт жұртының ғана емес, күллі түркінің аспанында жасай бермек.

 

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР Мәдениет және спорт министрі

АҚЫН РУХЫ АСҚАҚТАЙ БЕРЕДІ

Ақынның жырлары ХХ ғасырдағы тұтас бір ақындық дәуір болатын. Ол өз елінің терең поэзия әлемі­не зор ықпал жасады. Оның өлеңдерінде Отан бейнесі асқақтады. Ол шынайы халықтық ақын ретінде қалып­тасып өсті. Өз ел-жұртының келбетіне бейма­залықпен, құштар үмітпен, аяулы аңсармен аялай үңіле қараған ақын болатын. Ол туған ел-жұртының халықтық эпи­калық ошағын қастерлеп сақтады. Ол өз халқының және бүкіл адамзат баласының мұң-шерімен өмір сүрді. Мұстай Кәрімнің әрбір өлеңі біз үшін асқақ ой-сезім әлеміне айқара ашылған терезе секілді еді. Оның өлең ырғақ­тары бізді еліктірді, тамсандыра тербеді, ойға қал­дырды. Ақындық философиялық ой толғам­дарына қуанасың, өлең өрнектеріне, ойларына зер салып, ойға қаласың. Нағыз азаматты тағдыр тауқыметі мойыта алмақ емес. Ұлы Отан соғысының ардагері Мұстай Кәрім майданда жүріп, от кешіп, үш кітабын жазыпты. Отан қор­ғаушы жерлес башқұрт жігіттерінің бейне­лері жыр-дастандарында толықтай сомдалған. Мұстай Кәрімнің пьесаларының сюжеттері алуан түрлі. Олардағы көріністер әр түрлі бағыт­тарда болады. Мұстай Кәрімнің дра­матургиялық түпкі ойларында оның шығар­ма­шылық көк­жиегінің ауқымдылығы сезіліп тұрады. Отан­сүйгіштік, халқына жан-тәнімен берілу сурет­шінің драматургиясында орталық орында тұр.

Мұстай Кәрімнің шығармалары әр алуан. Ол өз халқының әдебиетінің шығыс поэзия­сының хош иісін, байсалды даналығын, батыс поэзия­сының ащы өмір шындығын, революциялық үнін, белсенді санасын қабыл­да­ғанын қалайды. Мұстай Кәрімнің лири­касы жылы лебіз туғызады. Жомарт жүректі асыл жан адамдарға қуаныш сыйлауға ұмтылған. Оның әлемі өмірді сүю мен адалдықтың планетасы болып қала береді. Мұстай Кәрімнің теңеулері мен бейнелі ой-пікірлері жанды баурайды. Ол өзінің ғажайып дарынын ұлы түркі поэзиясына сый қылып тартып кеткен еді. Өлеңдері тау бұла­ғының өміршең тасқынындай бізді тазалыққа баурады. Ол кең ойлайтын, шалқар сезімге жан-тәнін салатын. Ол барлық адамдарға, барлық әлем халықтарына дос болатын. Мұстай Кәрім толғанатын, тебіре­нетін, ерекше әсерлі сөзге бой ұратын. Үздік әлем ақындарын терең бағалап, содан да оларды туған бауырларындай сүйетін. Ол қазақтың ұлы ақыны һәм данасы Абай туралы ұмытылмас сөз айтқан еді. «Егер орыстар үшін Пушкин, ағылшындар үшін Шекспир ғаламат ұлы құбылыс болса, Абай қазақтар үшін теңдессіз құбылыс болып табылады» деген сөзін қалай ұмытарсыз? Ақынның жер бетіндегі жолы өкінішке орай 2005 жылы аяқталды, басқа жол басталды. Ал ақын рухының жолы бүгінгі таңда да таусылмайды, қазіргі кезде де жалғаса береді. Біз ақынның салиқалы сөздерін, шығармаларын ойымызға түйіп, жүрегімізге сақтаймыз, үлгі қылып ұстанамыз.

 

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры

АЛЫПТАРЫМЫЗДЫ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ТҰТҚАН

Мұстай Кәрім Кеңестік Одақтың  жарық жұлды­зы, иісі түркі жұртының мақтанышы  болды. Ұлт әдебиетінің туын көтеріп, кеңес халқының құрметіне бөленген Мұхтар Әуезов, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов тәрізді біртуарлар шоғырында жарқырай көрінген Мұстай Кәрім шығармалары әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылды. Өз халқының рухани уызынан сусын­дап, жастайынан әлем әдебиетін бойына сіңіріп, жадында тоқып өскен бала Мұстайдың сөз өнерінде, әдебиетте орда бұзбауы мүмкін емес еді. 30-жылдардың орта тұсында алғашқы шығармала­рымен көрінген Мұстай өмірінің соңына дейін шын­дықты, адамгершілік асыл қасиеттерді, ізгілікті жырлап өтті. Қай кезде де ұлтының мүддесін биік қойған қаламгер башқұрт халқының алдында да, жалпы адамзат өркениетінде де перзенттік парызын адал атқарды. Мұстай Кәрім әдебиеттің қай жанрында болмасын жемісті еңбек еткен қаламгер. Поэзия, проза, драматургия саласының қай-қайсысында болма­сын оның өзіндік үні, ешкімді қайталамайтын қаламгерлік қолтаңбасы айқын аңғарылып тұрады. Мұстай Кәрім поэзиясы өзіндік сыршылдығымен, нәзіктігімен, кемел ойымен оқырманын үйіріп әкетеді. Оның басты таңдаған жанры – поэзия, тұғыры  – лирика. Лирикалық қаһарманның бүтін бітімі, кісілік келбеті, оның азаматтық роман­тикалық сарындағы өлеңдерінен айшық танылады. Оның қаламынан туған шығармалары тек башқұрт әдебиетін жоғары биікке көтеріп қана қойған жоқ, тұтас кеңес халқының, күллі дүние жүзінің эстетикалық мәдени игілігіне айналып үлгерді. Оның поэзиясын оқыған адам домбыраның қос ішегіндей үйлескен екі түрлі сарынды анық бай­қайды. Бірі – мұң мен шер, күйзеліс пен қиын­дыққа толы лирика болса, екіншісі сол қайғы-қасіретке қарсы тұратын арман, мақсат, махаббат пен өршілдік сынды романтикалық сарындағы қайсар әуендер. Қазақ секілді табиғатпен етене күн кешкен башқұрт халқының ұлы перзенті өзінің жан сырын табиғатпен үндестіре жырлайды. Қадыр Мырзалиев аударған «Көктем» өлеңіндегі жыр шумақтарынан Нұрғиса мен Тұманбайдың әйгілі «Құстар әнімен» үндестік табамыз.

Мұстай Кәрім проза жанрында да тамаша туын­дылар жазды. Оның шығармалары қазақ тіліне өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап-ақ аударыла бастады. Оның прозалық шығармалары жылы қабылданып, өте кең тарады. Себебі, жазу­шының қазақ оқырманына ежел­ден таныс, қара­пайым башқұрт жұртының тұрмыс-тіршілігінің көркем картинасын шебер кестелеуінен болуы керек. Мұстай Кәрім драматургия жанрында да табысты, өнімді еңбек етті. Оның қай пьесасы болмасын халықтың күнделікті тірлігін, қоғамның әлеуметтік ахуалын қозғады.

Қазақ, башқұрт тілдері түркі тілдерінің ішінде қыпшақ тілдері тобына жататыны мәлім. Тіліміз де, дініміз де, дәстүріміз де тонның ішкі бауындай жақын, тарихымыз тұтас, тағдырымыз ұқсас. Мұстай Кәрім­нің қазақ еліне жүрегі елжіреп, қашан да бауырына тартып тұратыны содан болса керек. Заңғар жазушы­ның қазақ достарымен достық қарым-қатынасы өзінше бір кітапқа жүк боларлық әңгіме. Қазақстанға жиі келетін қаламгер қазақ халқына өте ілтипатты болған. Мәскеуде лауазымды қызметтерді атқарып жүргенде де қазақ қаламгерлерінің кітаптарын орыс тілінде бастыруға қолұшын созып, таланттардың биіктерден көрінуіне жанын салған. Ол Әбу Сәрсен­баев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қалтай Мұхамеджанов, Жұбан Молдағалиев, Әбіш Кекілбаев, Сырбай Мәуленов тәрізді қазақтың көрнекті қаламгер­лерімен етене дос болып араласты. Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза­лиев, Сағи Жиенбаев секілді ақындарымыздың шығармашылығын жоғары бағалап өтті. Оның шығармаларын аударған қазақтың қай қаламгері болмасын автор туралы тек жылы лебіз, жағымды естеліктер айтады. Мұстай Кәрім Абай, Мұхтар Әуезовтей алыптарымызды өзіне ұлағатты ұстаз тұтқан. 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына Мұстай Кәрім башқұрт делегациясын басқарып келді. Сол кезде ардақты ағаның жанында жүріп, әңгімелескен едім. Оның болмыс-бітімі, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, сөйлеген сөзі біз үшін үлкен өнеге болған. Сол сапарда абыз ағамыздың өз қолымен жазып берген кітабын әлі күнге дейін кітапханамда бойтұмардай сақтап жүрмін. Қазақ пен башқұрт халқының достығы мен татулығы мәңгілік болғай, ардақты ағайын!

 

Сәбит ДОСАНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ МЕН МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ҚҰБЫЛЫС

Мұстай Кәрім шығармаларының шыңы – драма­тур­гиясы. «Тастама отты, Прометей», «Ай тұтылған түн», «Салават» атты үш драма – Шек­спир шығар­маларымен иықтасып тұрған, драма жанрын жаңа түр, соны ойлармен байытқан, жаңа әлемдік деңгейге көтерген, адамзатпен бірге жасай беретін жауһарлар.

Мұстай Кәрім – әлем әдебиеті мен мәдение­тіндегі құбылыс. Ол – ойшыл, философ. Оның шығарма­ларын оқығаннан кейін адамның рухы өсіп, жан дүние жасаулары гүлденіп, жаңғырып, жасарып шыға келеді.

Даланың дана шалдары қатты риза болғанда: «Дүние тұрғанша тұр» деп бата беруші еді. Оқығаны аз болса да өмірде көргені, көңілге түйгені көп қазақтың қайран қара, дана шалдары-ай, білгесін айтады да. Кәрі тарихпен бірге жасасып, дүние тұрғанша тұратын кемел ойлы кемеңгерлердің де бар екеніне өмірдің өзі куә. Олар алмастай асыл, алтындай аз. Мұстай Кәрім тарих төрінен ойып тұрып өз орнын алған сондай тот баспайтын сары алтын, сом тұлға.

 

Темірболат КАРИМОВ, Мұстай Кәрім атындағы қордың құрылтайшысы

ҚАЗАҚ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ ОНЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ ЕРЕКШЕ ОРЫН АЛАТЫН

Ең алдымен, бізді құшақ жая қуана қарсы алған қонақжай қазақ халқына асқар таудай алғысы­мызды білдіреміз. Қазақ халқына қашан да құрметпен қараған Мұстай Кәрімнің құрметіне орай бүгінгі таңда қазақ жерінде атқарылып жатқан ауқымды ізгі шаралар жан-жүрегімізді жылытты. Мұстай Кәрім бірнеше рет Алматыға келіп, халықаралық конференцияларға қатысқан. Әлем әдебиетінің алтын қорын рухани мұра­ларымен байытқан Абай Құнанбайұлының мерейлі мерейтойларына арнайы келген. Қазақстан­дағы іргелі іс-шараларға қатысқан кезде оқырман­дарымен кездескен. Башқұртстанда қазақ мәдение­тінің күндері өткен. Мұстай Кәрім қазақ жеріне әрқашан ыстық ықыласпен, ерекше ілтипатпен келген. Озық ойлы қазақ кемеңгерлерінің арасында Мұстай Кәрім­нің жүрегінде ерекше орын алатын, жанына жақын доста­ры көп болған еді. Екі елдің жүрегін жақын­датуды ниет қылған міне осындай тұлғала­рымыз ұйытқы болған мәдени, рухани байланысымыз болашақта да жалғаса береді деген үміттеміз. Қазақ пен башқұрт халық­тарының арасындағы алтын көпірге айналған мәдени байланысымыз, достық қарым-қатына­сымыз берік беки беруіне әрқашан да тілектеспіз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *